УКРАИНА ПУТИНДІ БАЛАҒАТТАП ҰРАН САЛЫП ЖАТЫР
«Әр елдің өзіне тән өте дөрекі, анайы, шектен шыққан балағат сөздері болады. Оны естігенде бейәдеп сөзге жақын адамдардың өзі қызарып кетуі мүмкін. Құрылысшылар мен саудагерлер үшін таң емес сондай сөздің енді үлкен-кіші, кәрі-жас, әйел-еркек, бала-шаға түгел айтатын сөзге айналғанын елестетіп көріңізші», - осылай деп басталған «Азаттық радиосындағы» мақалада Украина тұрғындарының Путинді балағаттап ұран салғаны жазылған.
Дағдарысқа түскен Украинада Ресей президенті Владимир Путинді ер адамның мүшесіне теңеген дөрекі сөз «Yes We Can» («Шамамыз жетеді») немесе «Vive La Revolution» («Революция жасасын») деген әйгілі тіркестер тәрізді ұранға айналып кеткен. Басқа да мағыналары бар бұл сөз баннерлер мен үйлердің қабырғаларына жазылып, Ресейдің әрекетіне наразы мыңдаған украиналық ауыздарынан тастамай айтып жүрген көрінеді.
«Путин – ...» деген тіркес әнге айналып, оны Тәуелсіздік алаңына келгендер шырқап, тіпті Жапония мен Калифорниядағы Украинаға ниеттес адамдар да соны қайталаған. Украина тұрғындарының бұлай «өрекпуіне» елдің сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Андрей Дещицаның Путинге қарата айтқан оғаш сөзі тіпті де әсер еткен. Естеріңізде болса Дещица маусымның 14-і күні Киевтегі Ресей елшілігінің алдына жиналған ашулы халықты тыныштандыру мақсатында Путинді балағаттап жіберген еді. Алайда Дещица бұл сөзді айтқан кезінде азаматтық киімде болған және «жұмыс уақытынан тыс» мезгілде айтқан.
Абай-ақпарат