Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 9329 0 пікір 2 Маусым, 2014 сағат 12:16

Жақсыбай САМРАТ. ҚазҰПУ ҚАШАН ҚҰРЫЛҒАН?

Алаш арыстарына қатысты болғаны себепті кеңестік тарихнамада бұрмаланған тарихымыздың кейбір беттері, өкінішке орай, әлі күнге түзетілмей келеді. Соның бірі қазақтың айтулы оқу орындарының бірі, ең алғашқы ЖОО, бүгінгі Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің (бір кездегі ҚазПИ, одан АлМУ) туған жылын әлі күнге дұрыс көрсете алмауы болып отыр. 

Патшалық Ресейдің отарлауынан арылып, большевиктер өкімет басына келген тұстағы қазақ қоғамының саяси аренадағы белсенді іс-әрекеті негізінен Тәшкент пен Омбы қалаларында, артынан Орынборда өткені мәлім. Қазір бұл қалалардың бәрі де біздің еліміздің шекарасынан тыс, көрші елдерде қалды. Өкініштісі сол, олардың архивтеріндегі бай мұрағаттар толығымен зерттелген жоқ. Еліміз біртұтас одақтың қоластында болғанда там-тұмдап жазылғанымен, ХХ ғасырдың басындағы қазақ өмірінен сыр шертетін мұралар көбінесе шаң басқан күйінде қалып жатыр. Оның басты себебі – халқымызды іргелі ел қыламыз деп шу дегеннен атқа мінген Алаш арыстарының бәрін де Кеңес өкіметінің жау көріп, көп ұзатпай құбыжық қылып, халықтан аластап шығарғандығы. Ал ол кездегі тарихтың бәрі солардың есімдерімен тығыз байланысты еді. Сөйтіп, олардың басын жойып, істеген әрекеттерінің бәрін де халыққа жеткізбей, жасырып тастаған. Сондықтан Алаш арыстарының есімдері араласқан тарихты қозғауға ешкім де бата алмайтын. Ал горбачевтік жылымық болып, Алаш арыстары ақталған тұста балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен алмағайып заман болды, артынан олардың бәрі шет елдің архивтерінде қалды.  Сайып келгенде арыстардың еңбектерін көрші елдердің архивтерінен іздеген адамдар көп бола қойған жоқ.

   Біздің ғалымдарымыздың сол олқылықтарын жақын шет елдерде тұратын кейбір ізденгіш ағайындарымыз толтырып жатқанға ұқсайды. Соның ішінде қазақы қаймағы бұзылмай отырған тәшкенттік қазақ ғалымдарының еңбегі зор. Осыдан біраз жыл бұрын Өзбекстан Республикасына барған сапарымызда бізге солардың бірі, қазақ тарихы үшін жанкешті еңбек етіп жүрген ағамыз, тарих ғылымының докторы, 30 жыл бойы Тәшкенттің Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих факультетінің деканы болған, профессор Сейдуәлі Тілеуқұлов ақсақалмен ұзақ әңгімелесудің сәті түсті. Менің Қазақстанға қоныс аударуыма «кедергі» болып жүрген осы қаланың бай архиві деді ол екеуара әңгімеміз шу деп басталған сәттен. Жасым 80-ге таяп қалса да мұрағат материалдарына батып кеткенде жас жігіттей сергіп қаламын. Менің тарихқа деген құштарлығым сондай, шырағым, деді  қарт тарихшы.

   Міне, осы кісі бас болып құрастырған орыс тіліндегі «Первый казахский институт в Ташкенте» деген жинақта Қазақтың алғашқы жоғары оқу орны 1918 жылы Тәшкентте ашылып, 1928-ші жылы ол Алматыға көшірілгендігі архивтік құжаттармен тайға таңба басқандай етіп дәлелденген. Бұл қазіргі айтулы оқу орнымыз – Абай атындағы Қазақтың Ұлттық педагогикалық университеті. Оны ашып, жоғары білімді алғашқы қазақ педагог кадрларын дайындаған алашордашы ағаларымыз еді.  

   Бірақ, жоғарыда айтылғандай, алашордашылардың өздерінен де, істерінен де қашып, оқу орыны өзінің құрылған жылын әлі де 1928 жыл деп көрсетуде. ҚазҰПУ-дің Тәшкент педагогикалық институтының негізінде құрылғаны Қазақ энциклопедиясында да аталып өткен. (ҚСЭ., 6 том., 247 б, А-ты, 1975 ж.). Бірақ кейінгі, «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында белгісіз себеппен оқу орнының алғаш рет Тәшкентте құрылғаны айтылмаған. («Қазақстан» ҰЭ, 1 том, 286 б., А-ты, 1998 ж). 

 Бұл оқу орыны өзінің 75 жылдық, одан 2008 жылы 80 жылдық мерейтойларын да 1928 жылы туғандығымен санап, өткізді. Осының өзі тарихқа қиянат. Біреулер қазақтың ЖОО өзбек астанасы Тәшкентте құрылғанына намыстанатын да шығар. Бірақ ол кезде Тәшкент шаһары өзбектен гөрі қазаққа жақын болғандығын, ал оқу орынын қазақтың алашшыл аймаңдай азаматтары ашқанын ұмытуға қақымыз жоқ.  

*                  *                 *

 

1917 жылғы төңкерісшілер (ағы да қызылы да) қарапайым халықты қайтсе де өз жағына шығару мақсатымен шу дегеннен олардың ең зәру деген мәселелерін шешіп беруді қолға алды. Мәселен, орыс шаруаларына жер, жұмысшыларына фабрик-зауытты тегін береміз деп жар салды. Ал қазақтың ең бірінші кезектегі зәру мәселесі - оқу еді. Сондықтан да төңкерістен кейін қазақ даласының жер-жерлерінде оқу орындары ашылды. Мәселен, Омбыда 1918 жылы Колчак өкіметі Алашорданың өтінішімен мұғалімдік курс ашты. Оның алғашқы директоры ақын Мағжан Жұмабаев болды. Жазушы Сәбит Мұқановтың сол курста оқығаны белгілі. Артынан бұл оқу орыны Қызылжарға көшірілді. Қазіргі М.Жұмабаев атындағы педагогикалық колледждің сүйегі сол оқу орнынан.

   Сол секілді Тәшкентте де қызылдар 1918 жылдың 5 желтоқсанында қазақ балалары үшін өлкелік педагогикалық курстар ашыпты. Оның меңгерушісі  И.Тоқтыбаев,  мұғалімдері Х.Болғанбаев, С.Қожанов, Қ.Ходжиков, Ф.Құлтасов және Е.Табынбаев болған. Осы ағаларымыздың бәрі де артынан «алашордашылар» аталып, Қызыл империяның қанды қасаптарына ұшырады. Қазіргі оқырмандар біле бермейтін кейбіреулерін ғана атап кетер болсақ, курстың меңгерушісі қызылордалық Иса Тоқтыбаев 1933 жылы Мәскеудегі әскери академияда мұғалімдік қызмет атқарып жүрген жерінде ұсталған. Алаш зиялыларын зерттеп жүрген Мәмбет Қойгелдінің айтуына қарағанда көп жыл қуғын көрсе де осы кісі әйтеуір ажалдан аман қалыпты. (М.Қойгелді, «Айқын» газ, 31.05.2013 ж).

Ақмолалық Хайретдин Болғанбаев та екі рет репрессияға ұшырап, соның 1937-ші жылы болған екіншісінде атылған. («Baq.kz», «Болғанбаев кім болған?», 26.09.2012 ж., авт. Д.Асауов).

Ал басқа ағаларымыз туралы көп жазылғандықтан олардың жарқын есімдерін оқырмандар жақсы біледі ғой деп ойлаймыз. Жоғарыда аталған, тәшкенттік қазақ зиялылары құрастырған жинақтың 15 бетінде келтірілген құжатқа қарағанда осы курс алдымен училищеге, артынан институтқа айналған екен. Құжатты толығырақ келтірсек:

«1. Постановлением Мусульманского комитета от 7-15 октября 1918 года, утвержденным Советом Народного Образования 20 октября 1918 года № 34, п.1-й, при русском Педагогическом училище открыто Киргизское педагогическое отделение.

2. С 1-го июля 1919 года педагогическое отделение выделено в самостоятельное педагогическое училище, которое с 1-го октября 1920 года реорганизовано в Краевой Киргизский (казахский Ж.С.) Институт Просвещения с 4-мя основными, 3-мя подготовительными классами и Образцовой школой при нем. (ЦГА РУз, ф.372, оп.1, д.60, л.5)».

   Тағы бір құжатта онда кімдердің сабақ бергеніне дейін көрсетілген. Құжаттың атауы: «Краткие сведения о возникновении Казинпроса в Ташкенте».  «В нем преподавали: М.Тынышпаев, Х.Досмухамедов, С.Ходжанов, И.Тохтыбаев, М.Жумабаев, К.Жаленов, Х.Болганбаев, К.Ходжиков, Ф.Култасов, Е.Табынбаев, С.Утегенов, А.Байтурсынов, Ж.Аймауытов, Д.Адилов, Д.Сарсенов и др». (Аталмыш кітаптың 18 беті).

   Көріп отырғанымыздай Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовтан басқа Алаштың арыстары төрт көзі түгел осы институтқа сабақ берген екен. Әрине, бір кезде «алашордашы» ағаларымыздың аттарын атаудың өзі айыпқа бұйырылып тұрған замандарда ҚазПИ-дің өз тарихын олардың ашып, сабақ берген институтынан бастауы мүмкін де емес еді. Сондықтан, бұл үшін, ҚазПИ-дің тарихын 1928-ші жылдан бастаған ағаларымызға кінә да таға алмаймыз.

Бірақ қазір заман басқа, заң басқа ғой. Құдайға шүкір, өз қолымыз өз аузымызға жеткен тәуелсіз елміз. Сондықтан тарихи әділеттікті орнатып, оқу орнының 1918 жылдан ашылғанын айтатын болсақ, оның қандай айыбы бар? Әзірге, ҚазҰПУ-дің жасаған «әділеттігі», оқу орнының тарихы туралы анықтамаға алғашқы ұстаздардың қатарына А.Байтұрсыновтың есімін қосыпты. Ал қалған арыстар қайда сонда? Олардың қандай жазығы бар? 

*        *         *

 

 Біз үшін соны деректер тұнып тұрған жоғарыда аталған «Первый казахский институт в Ташкенте» атты жинаққа орала бергің келеді. Оның 25 бетінде келтірілген құжатта сол кездегі студенттер мен оқытушылардың санына дейін көрсетіліпті: «Занятия начались с 1 октября 1920 г. (Бұл институт болған уақыты Ж.С.)  Количество учащихся к началу 1920 учебного  года –224, к концу 1920 учебного года –202. К началу 1921 учебного года –221, К концу учебного 1921 года –178. Общее количество преподавательского состава 1920 г –33, 1921г.–33».

   Жинақтың 48 бетінде институт мұғалімдерінің қазақ тілінде жазған ғылыми еңбектері мен авторларының тізімі берілген. Соның ішінде А.Байтұрсыновтың қазақ әліппесін, екі бөлімнен тұратын қазақ тілінің грамматикасын, М.Дулатовтың қазақ хрестоматиясын (Жақаң да осында жеткен екен), М.Жұмабаевтың қазақ тілі сөздігі теориясын және т.б. жазғаны туралы құжат келтірілген. Мағжанның «Педагогика» атты оқушылар мен мұғалімдерге арналған атақты еңбегі де осында қызмет еткен жылдары жарық көрген. Алаш ардақтылардың соцреализмнің құрсауынсыз, ұлттық болмысты ескере отырып, кең тыныспен жазылған сол еңбектеріне күні бүгінге дейін баға жетпейді. Сол еңбектерді тереңдетіп оқыған, зерттеген адамның әлі күнге көзқарасы да кеңейіп, тынысы да ашылып қалады емес пе?     

Жинақтың 53 бетінде оқытушылар мен қызметшілердің толық тізімі және алған еңбекақылары да көрсетілген. Ал 55 бетте 1923 жылғы 1 қазандағы нөмірі бірінші бұйрықпен Мағжан Жұмабаевтың Мәскеуге оқуға кетуіне байланысты қызметтен босатылғаны туралы да дерек тұр.

   1925 жылғы 20 мамырдағы бұйрықпен КазИнПрос-тың сол кездегі директоры Сегізбай Айұзынов қызметінен босатылады да оның орнына Дәлел Сәрсенов тағайындалады. 1925 жылдан Қазақ үкіметі жаңадан қазақ ЖОО ашу мәселесін қолға алады. Оны әуелде политтехникалық институт қыламыз деп білікті адамдарға хаттар жазылған екен (оның мәтіні де осында жүр), бірақ артынан педагогикалық институт қылуға тоқтаған секілді. 79 бетте осы педагогикалық институт туралы уақытша, ал 83 бетте түпкілікті ереже жарияланған. 1926 жылғы 2 мамырда ҚАКСР Халық комиссарлар кеңесінің отырысында Тәшкентттегі Казинпросты Педагогикалық жоғарғы оқу орнына айналдыру туралы мәселе қаралады: «Бывший Казинпрос в г.Ташкенте считать преобразованным в ПедВУЗ под названием «Казахский Педагогический Институт» деген қаулы алынады. Және осы қаулыда оның барлық мүлкі жаңа институтқа көшетіні айтылған. 1926 жылғы 13 шілдеде бұрынғы ректор Дәлел Сәрсенов қызметінен босатылып, оның орнына Темірбек Жүргенов тағайындалады.

Сөйтіп, қазақ жастары арасынан алты жыл бойы мұғалімдер дайындап келген алғашқы ағартушы институт енді педагогикалық оқу орнына айналады. 1926 жылғы 29 қазанда, институттың ашылу салтанатында Қазақстанның Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов ұзақ сөз сөйлеген екен. Бұл құжатты алғаш рет «Смағұл Сәдуақасов» атты қос томдық жинақ құрастырған профессор Дихан Қамзабеков жариялаған еді. Смағұл Сәдуақасов сондағы сөзінің бір жерінде: «Я убежден, что будущий историк Казахстана, безусловно посвятит особую главу в своей книге – открытию первого казахского ВУЗ-а» депті. Өкінішке қарай олай болмай шықты. Сол ЖОО Қазақстанның жаңа астанасы болған Алматыға 1928 жылы көшірілгенде Тәшкенттегі барлық кезеңі ұмытылып, дәлірек айтсақ ұмыттырылып, «будущий историктердің» бәрі оны ауызға да алмайтын болды. Туған жылын да 1928 деп көрсетіп, Алаш арыстары қызмет еткен 10 жыл жадымыздан өшірілді. Өкінішті-ақ...

Міне, ҚазПИ-дің, қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің туу тарихы осындай. Оны Тәшкент архивін ақтарып жүрген өзбекстандық қазақ ғалымдары жарыққа шығарып отыр. Енді, тәуелсіз елде, Алаш арыстары ақталған заманда өмір сүріп отырған Абай атындағы ҚазҰПУ өзінің шын туған күнін көрсететін уақыт жетті.

Әрине, бұл деректі жалғыз біз ғана біліп отырған жоқпыз. Талай тарихшылардың да хабары барына кәмілміз. Тәшкенттік ғалымдардың жоғарыда аталған жинағын да талайлар білетін болуы керек. Тіпті, өзіміз де дәл осы деректі алғаш рет «Егеменге» 2007 жылы жариялаған едік. («Қазақтың тұңғыш ЖОО» «ЕҚ»., 29.08.2007 ж.). Бірақ қымс етіп қолдаған, дұрыс екен деп белсеніп шыққан бір адам болған жоқ. Бәрі де сол салғырт, жабулы қазан жабулы күйінде қалғанын қалайтын сияқты. Тіпті, «онда тұрған не бар, 5-10 жылдың әрісі не, берісі не» дейтін баяғы қазақы енжарлық пен бойкүйездікке салатындар да бар екені сезіліп тұр. Ау, сонда ардақты ағаларымыздың рухын сыйлағанымыз кәне? Олардың еңбегіне обал жасап отыр емеспіз бе? Барынша қиын кезеңде олар басқа жұртпен таласып жүріп, өздерінің күнкөрісі үшін ЖОО ашқан жоқ, қазақтың баласы оқысыншы, көзі ашылсыншы деп жатпай-тұрмай еңбек етті емес пе? Тіпті сол үшін бастарын да бәйгеге тігіп, табандарынан тозып, қайтсем қазақты көзі ашық ел қыламын деді емес пе? Ендеше, олардың еңбегін қалай ұмытамыз? Тек бүгінгіні мақтап, бүгінгіге мәз болып отыра берсек, біз Мәңгілік ел бола алмаймыз.

Осы, ЖОО-ның жасын 10 жылға ұзарту тіпті қиын да шаруа емес, оған қазіргі ректор Серік Пірәлиевтің-ақ құзыреті жетеді. Негіз болатын құжаттар да жеткілікті. Сонда, бес жылдан кейін қазақ халқы өзінің алғашқы жоғары оқу орнының 100 жылдық мерейтойын да атап өтер еді. Ең бастысы бұл ЖОО біздің ардақты ағаларымыздың, ұлттық рухты бойларына сіңіріп өскен және оның озық үлгілерін жастардың жанына егуге тырысқан асыл Арыстарымыздың бастаған ісі екенін бүгінгі ұрпақ білер еді. Бірақ, бірнеше рет жазылса да соны қолдауға ешкімнің баспай жүргені мені шошынтады.

АСТАНА

Abai.kz        

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322