КӨКМОЙНАҚТЫҢ ҮЙІРІ
(мақаладан үзінді)
2003 жылы «Қазақ Әдебиеті» газетінде марқұм Қажытай Ілиясов ағамыз Әнуар Бимағамбеттің бір өлеңін сынап: «Көкмойнақ жылқыда кездеспейтін түс. Итке қойылатын атау…» деді. Сол сөздің түрткісінен жазылған жайт еді. Жылқы жылы ғой. Тақырыпқа қызығушылық танытқандар мәселенің анық-қанығымен мына сілтемелерден таныса алады («Қазақ әдебиеті». 27-шілде, 2003; «Қазақ әдебиеті». 31-қазан, 2003; «Қазақ Әдебиеті». №2, 2004).
...Жүйрік жылқы туралы қай-қайсымыздың болса да білетініміз бір тоғыз болса, білмейтініміз тоқсан тоғыз... Оның үстіне бір елдің абырой-арына баланған жылқы нәсіліне күмән келтіре сөйлеу... Енді, міне амалдың жоқтығынан, білмегендердің біліп жүруі үшін әңгіменің өзегін әріден төркіндетуге тура келді.
«Көкмойнақтың үйірі» бопса аңыз емес. Ақын Есенғали Раушанов халық арасында ауызша таралған аталмыш шығарманы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялап, көпшілікті көзайым еткен еді (Қазақ әдебиеті. Көкмойнақтың үйірі. 23-наурыз, 1990). Жырдың сосынғы тағдыры халықтың көз алдында. Бүгінде жыршы Елдос Еміл орындап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып жүргендігіне қоса үнтаспасының да жарық көрген-ді (Аманат. – Алматы: Мәлике, 1999)...
Есенғали әлгі жырға жазған алғы сөзінде: «Қанша уақыттан бері іздестіріп, сұрастырып келсем де мұның авторы кім екенін айғақтай алмағаным…» дейді. Десе де, уақытында: «өзі жазған жоқ па екен?» деген қазақы күңкіл-күдіктің де құлағы көрініп қалғаны рас. Меніңше, маңғыстаулық Светқали Нұржановтың бұл жыр авторын Ізбан ақын деуі шындықтың ауылынан шет емес. Есағаң «Көкмойнақ» туралы ізгі ойын сабақтай келе: «Бір ақиқат – аталмыш тұқым қазір аз қалған» дегенімен, ақын сөзі дегдар жануардың нәсілі түгел құрып кетпегенін анық аңғартады.
Қазақта жүйрік атқа арналған қаншама ән болса, соншалық көкдауыл күй де бар. Әйел сұлулығының өлшемі де жүйрік ат болуы көп жұртта кездесе бермейтін ерекшелік. Түркі-монғол халықтары эпикалық жырларындағы орталық бейне – қас батыр мен оның жан серігі, тағы да сол жүйрік ат образы екенін және білеміз (Липец Р.С. Образ батыра и его коня в тюрко-монгольском эпосе. – Москва, 1984).
Ғалымдардың дәлелді сөздеріне иек артсақ, малшылық – егіншіліктен ескі кәсіп болып саналады. Алғашқы жүйрік жылқылар бүгінгі жыл санауымыздан 6-7 мың жыл бұрын Азия, Африка, Европада қолға үйретіле бастапты. Ғылыми айналымға түскен жылқының 12-13 тұқымы белгілі. Соның бірі – Адай жылқысы деп аталатын тұқым. Қазақ Совет Энциклопедиясының 1-томының 3-бетінде бұл тұқым туралы: «Ұзақ жүріске төзімді, жүйрік, қағылез, безбүйрек. Онда түрікпен жылқысының қаны бар. Басы етсіз, көзі кішкентай, жанары мол, мойны қысқа, шоқтығы биік, арқасы түзу, сауыры ұзын әрі салыңқы, аяғы жуан, бірақ етсіз, тұяғы берік болады» десе, Ш.Жанәбіловтың «Қазақша мал атаулары» кітабында бұл тұқымға: «Салт мініске қолайлы, басы жіңішкелеу, шоқтығы шығыңқы, сауыры етсіздеу, итарқалау, аяқтары жіңішке, сіңірлі келеді. Ауа-райына төзімді» – деп сипаттама берілген.
Хатқа түсіп, жазылып, ғылыми айналым қорын толтырып үлгерген тек биенің ғана дене бітіміне, құлындауына, күй-жайына, жасына, сауылуына, желін бітісіне, сүтіне, мінезіне, жал-құйрығына, т.б. байланысты – 127; айғыр мен саяқ, құлынның жайына қатысты – 41; одан да басқа, жылқының жалпы – 45 ортақ атауы кездеседі. Жылқы малының мінезіне, тісіне, құлындайтын уақытына, құлындайтын биеге айтылатын – 47; үні мен әрекетіне, жатып-тұруына, түсіне, түгіне байланысты тағы – 45 атау бар екен… Жылқыда болатын аурулардың ғана ұзын-ырға саны – жиырма бір. Осыдан кейін, жүйрік жылқының бабын, түсін, тегін бір адамдай «білемін» дейтіндердің жауабының жайы қалай болар екен? Қашан да асығыс байлам, үстірт ой – абыройсыздыққа бастайтын даңғыл жол! Олай болса, сөздің мәнсіз болып сетілуінен сақтасын!
Ал, енді осыншама байтақ үлгіден бүгінде қолымызға ұстап қалғанымыз қайсы? Баба қазақтан мирас сейіс деген тауып айтылған сарабдал сөз бар-тын. Бүгін «атбегі» деген қарпусыз сөзді шығарып алып, жерден жеті қоян тапқандай атой салып жүргендер көп. Баба қазақтың нәрлі тілінде «бапкер» деген ұғым – палуанның сейісіне, «құсбегі» сөзі – қыран құсты баптайтын адамға қатысты қолданылмаушы ма еді? Амал қанша, бұл сөздер де «Әй», дейтін Ажаның» (Әженің емес. – Б.Ж.) болмағандығынан күнделікті тілімізге телініп кетіп барады.
Саятшының серігі болған, аңызда Итала қаздың жұмыртқасынан жүз жылда бір шығады деп дәріптелетін құмай тазы санының бұл күндегі қазақ даласына шаққандағы бар-жоғы екі мыңға жетер-жетпес қана екен. Енді үш-төрт ұрпақ ауысқаннан кейін-ақ құмай туралы біреуге айтып сендірудің өзі де қиын болып қалуы да кәдік. Атадан қалған сейістік, құсбегілік өнердің үзіліп, жалғаспай қалуына өкініш білдірудің орнына, кейбіреулердің басымыздағы барымызға шүбә келтіре бастауы өкінішті, әрине!..
Көкмойнақ – анатомиялық атау. Солай болғандықтан әуелден барша аң-құс пен жан-жануар атаулыға ортақ. Қазақта иттің де, жүйрік аттың да, адамның да бір атауға телінуі жаңалық емес, керісінше – заңдылық. Қанапия, Күнжан, Айтжан, т.б. тәрізді есімдерді нашар бала мен ер азаматқа қақ жарып қоятын бабаларымыз осы екі ортаны ажырата алмағаннан дей алмаймыз. Құлындайтын биеге де, толғатқан әйелге де «толғақ, шарана» сөзін қатар қолданатын қазақ табиғаттың тамырын басқан халық. Жылқының үніне баламаланған «ықылықтау, шыңғыру, ойнақтау» сөздерін бауырындағы баласына да айтады. Жылқыда болатын қарақаптал, маңқа ауруларының атын қазекең қарғыс пен кемсіту орнына да пайдаланады. Көбіне жылқы малына байланысты айтылатын Қарақұлақ, Көкбақа, Қоңторғай да жалпы анатомиялық телі атаулар. Сондықтан ит пен атқа қойылатын деген дербес ұғым, дара атау біздің жұртта жоқ.
Көкмойнақ – топонимикалық атау. Бірақ топонимикалық жер-су атауына кейіннен ауысқан ұғым. Қазақ екі төбенің арасын қосып тұратын ұзынша қысаң жерді, екі теңіз арасын қосып тұратын жылғаны «мойнақ» (перешейка) деген. Бұл Сіз ойлағандай, «Бірінен екіншісі биіктеп, болмаса аласара беретін кезеңнің ұсақ-түйек қалпы» да емес...
Ал, енді қазақтағы қазанаттардың тұқымын қалыптастырудың өзіндік жоралғысына келейік. Ғылым бұл ерекше түрге байланысты «жабайы жылқы тұқымы ма, әлде тағыланып кеткен кәдуілгі жылқы ма?» деген сауалға нүкте қоймай, басын ашық қалдырған. Ал, қазекем мұның шешімін тағы да аңызға байлайды.
Түздің құландары бөлек-салақ жүрген биені бөліп алып үйіріне қосып алатын немесе жылқышылар әдейі қуып жіберіп, бие бауырына құлын байлағанда ғана қайтаратын кездері болады екен. Дала тарпаңдарының қанынан қазанаттар осылайша қайнап шығыпты. Сондай жолмен алынған будан – Сауран атты жылқы тұқымы туралы (Сауран сойы. – Б.Ж.) Ә.Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында жазады. Оңтүстіктегі атақты қала аты жылқы тұқымының осы түріне қойылса керек. Әрине, мұнымыз нақты байлам емес, әзірге көп жорамалдың бірі ғана.
Сауранның түсі тышқан түстес, сұр келеді. Ендеше, Үстірттегі Көкмойнақ тұқымы да жылқының түсіне орай аталатындығына бұдан былай күмән-күдігімізді сейілткеніміз жөн. Демек, Көкмойнақ деген атау жылқының түсін (масть) білдіруі де әбден мүмкін. Бұл жорамалды жоққа шығару үшін бұлтартпас дәлел-дәйек керек...
Үстірттегі Адай әулеті ежелден Түркімендермен қоңсы отырған. Тіршілігін сырт жаулармен кескілесіп, ат үстінде өткізген жауынгер елдің серігі қашан да жүйрік ат. Бұл өңірде түркіменнің Аламойнақ аты деген жылқы тұқымы және бар.
Халық арасындағы қария сөз түркіменнің Теке мен Жаумыт тайпасынан шыққан екі азулы ел құдандалы болып, жылқыларын бір бағып, атақты «Текежәуміт» тегін жасағандығы туралы айтады. Ахалтеке атанған Ахал мен Теке тарихы да соны баян етеді. «Ахалтеке» ең ескі тұқым, араб жылқысынан да бұрын шыққан тек болып саналады. Далалықтардың ауызша тарихында сол Ақалтеке мен қазанаттың арасынан шыққан буданды аты аңызға арқау болған Көкмойнақтың үйірі деседі. Көптің уәлі сөзі болғандықтан бұны да қаперге тұту баршамызға міндет.
Үстірт өңіріндегі тағы бір есті сөз, судан шығатын Суын айғырға байланысты. Бұл әлем халықтарының фольклорлық мұралары – ертегі, аңыз-әфсаналарға ортақ мотив болып сіңген кәдуілгі Су айғыры болса керек. Жергілікті лексиконға байланған Суын деген сөзді ұғымға сәйкес суытылған, тың айғыр деп те пайымдауға болатын тәрізді. Мифологиялық ұғымдармен астасып жатқан бұл аңыздың ерекшелігі бізге нақты тарихи тұлғалармен байланысты болып жетуінде. Бұл жерде мифтің қайта жаңғырып, фольклорлық заңдылықтарға сүйене отырып персонификацияланғанын, яғни қайта құбылғанын көреміз. Ендеше, халықтың фольклорланған ерекше тарихнамасына құлақ түрелік.
Жазушы Әбіш Кекілбаевтың арғы аталары Қожаназар деген жылқылы бай болыпты. Суын айғырдың судан шығып, биеге шабатын мезгілін түркімендер де, сол Қожаназардың жылқышылары да біледі екен. Бірде жылқы күзетінде тұрып ұйықтап кеткен жылқышылар екі жақтың биелерін шатастырып алып, түркімен биесі Қожаназар жылқыларының үйірінде жүргендіктен ақыр аяғы көп жылға созылған дауға айналыпты. Дау қазақ жағында болуы себепті, даулаушы Түркімен елі Қожаназардың баласы Қошанды Көксуын айғырдан туған сүліктей қара атқа мінгізіп, Қараман-ата әулиенің басында антқа ұстайды. «Біз кінәлі болсақ бізді ат, қара кінәлі болса қараны ат» дегенде ердің басына орнатылған кәдуілгі біз қақ айырылып, қара ат мертігіп, үстіндегі бала аман қалыпты», – дейді аңыздың асыл нобайы.
Көнекөздердің айтуынша, осы антқа Бекет әулиенің өзі қатысқан. Ақыры дау қазақтардың пайдасына шешіліп, Көксуын айғырдың тұқымы Көкмойнақ Үстіртте – Адай жұртында қалыпты-мыс. Мұндағы Көксуын айғырды батырлық, ерліктің тұрақты бір компоненті ретінде де қарастыруға болады. Халық ұғымындағы бес қару мен алты асыл (арғымақ, ақ сауыт, алмас қылыш, түзу мылтық, құмай тазы, мұзбалақ) тұтастай алғанда да, жеке-дара қарастырғанда да аталмыш ұғымды толықтыра бермек.
Есітуімізше Көкмойнақ жылқы үйірінің ізі бүгінгі Ақтау өңірінде әлі де сақталған. Түркімен Адайлары арасында Ақмоншақ деген жүйрік ат 1990 жылдарға дейін болған. Ақмоншақ аттың есімі халық ауыз әдебиетінің көркем үлгісі «Қобыланды батыр» жырында, Сыр өңірінен шыққан күйші Құрақтың Досжанының шығармасында да кездеседі. Хабиболла ақсақалдың айтуынша, Маңғыстауда күні кешеге дейін Көкмойнақтың тұқымынан бір көк ат болыпты. Бірақ ешкім бәйгеге қосып, жануардың бағын бір сынамапты. Асыл жылқының тегіне бұдан артық құрмет болар ма? Бүгінгідей өлермен заманда кім болса да тұлпардан қалған тұяққа бір тер үктіріп қалса керек еді. Көкмойнақ туралы ақиқатқа бергісіз аңыздың халық санасынан орын тепкені соншалық, Үстіртте оны ат орнына міну де қиянат саналады екен.
Жоғарыда сөз болған «Көкмойнақтың үйірі» поэмасына байланысты ойдың да шетін түйіндей кеткен жөн. Жыр арқауы 1932 жылғы ашаршылық зобалаңын суреттейді. Бір жас жігіт бабасынан қалған Көкмойнақтың үйірін «үкіметі бар» жерден жасырып бағып жүреді екен. Ақыры қолға түсіп, айдалып бара жатқан жігіт Көкмойнақтың арба тартып, арса-арса болып бара жатқанын көріп жүрегі қан жылайды. Поэма – айтар ойы мен идеясы тұрғысынан Ілиястың «Құлагерімен» өзегі егіз өрілген. Қас таланттардың қай кезде де мәреге жете алмай жығылатындығын жыр образға бөлеп береді. Ал, жабылардың тұлпарларды қашан да қыршынынан қиюға даяр тұратындығы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Жіліншігі жіптіктей,
Жіптік те болса болаттай,
Болат оңай сынар ма?
Доңыз мойын қара емес,
Басы жеңіл бұрарға.
Одан артық көлік жоқ,
Кезенген жауға тап болып,
Кескілесе шығарда.
Майға бөгіп қалмайды,
Бір атасы бұлан ба?
Бұл «Көкмойнақтың үйірі» атты халық жырындағы Көкмойнақ тұлпардың суреті. Қай кезде де текті тұлпарды сақтаудың жолы – жасырып ұстау. Поэма әлгі жылқының тұқымын ғана емес, жақсыны сақтаудың да жолын нұсқайды. Жыр оқиғасының асыл арқауы осындай жайттарды паш етеді.
Бір шеті мен екінші қиырына ұшқан құстың қанаты талып жететін біздің далада қашан да күмән мен күдіктің ақырын тосқан абзал. Онсыз тырнақтап жиған абыройды уыстап шашып шығудан басқа жол жоқ.
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы.
Abai.kz