ЖЕЛТОҚСАН. ҮРЕЙМЕН ӨТКЕН ҮШ ЖЫЛ
КЕЙІПКЕРДІҢ ЖЕКЕ ІС ПАРАҒЫНАН:
Үсіпхан Сейтімбетов. 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Игілік ауылында туған. Мектеп бітіргесін ауылдағы мәдениет үйінде жұмыс істейді. Кейін Алматыдағы Эстрада және цирк студиясын оқып бітірген. Алматы облыстық филармониясында қызметін жалғастырып, артынан Театр және көркем сурет институтына түседі. Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 3 жылға сотталып, соның 2 жылын өтеген.
Бүгін де экранның еркесі, сахнаның серкесіне айналып, жұрт көңілін жадыратқан Үсіпхан Сейтімбетов шуағын көпке сыйлағанымен тағдырының бір беті өткен өмірінің көлеңкесінде қалды.
Оның әншілігін, сазгерлігін, актерлігі мен домбырашылығын білген көпшілік тарихтың шеріне булығып, жан дүниесінің тұңғиық түбінде қалып қойған зілді тағдырын біле бермеуі де мүмкін. Пленумның 16 минутымен дүниені дүр сілкіндірген 16 желтоқсанда олар диплом жұмысына арналған М.Әуезовтың «Қаракөз» спектаклін дайындап жатқан еді. Түс ауа көркемдік жетекшілері, КСРО Халық артисі – Шолпан Жандарбекова аудиторияға көңілсіз күйде кірген екен.
– Апай, не болды, денсаулығыңыз жақсы ма? – дегенде, «Ой, құрып кетсін! Д.Қонаев аталарыңды алып тастап, орнына қазақтың дәстүрін, салт-санасын білмейтін айдаладағы біреуді алып келді», – деп өзінің наразылығын айтады. Сол күні бәрінің көңіл-күйі болмағандықтан репетициялары да ойдағыдай өтпеген.
Жаңадан шаңырақ құрған Гүлнар Сейтімбетова екеуі жатақханада шай ішіп, болған жайды әңгімелеп отырғанда курстасы Құрманғазы деген жігіт алып-ұшып кіріп келіп: «ойбай, қырылдық, жойылдық, қазақ болудан да қалдық» деп, берген шайға да қарамай Үсіпханды ертіп кетеді. Гүлнар жалғыз қалады. Олар барған жатақханалардың бәрінде де көңіл-күй бәсең. «Онсыз да намысымыз тапталып жүрген қазақ едік» дегендей олардың жүздеріндегі ашу-ызаны байқағасын, ертеңгі сағат тоғызда алаңға баруға ұсыныс жасайды. Олар келіседі. Жатаққа қайта келгесін, абыр-сабыр жұрт ішінен музыкалық комедияда оқитын 3-курс студенті Аманбай Қанетов пен Бақтыбек Иманғожаев деген достарын кездестіреді. Сосын төртеулеп жатақхананы араламақ. Ақыры шыққаннан кейін шеруге «құр қол шықпайық» деп плакаттар жазуға кіріседі. Партия оқулықтарынан тапқан «Әр ұлттың өз көсемі болады» деген сөзді ақжайманы жыртып, суретшілерге жаздырады. Жатақханадағы оқу залында ілулі тұратын Лениннің портретін де жұлып алып, ұстауға ыңғайлы болу үшін оған ағаш қағады. «Пионер, комсомол, октябрят болып көргесін Ленин ол кезде біздің көсеміміз сияқты еді ғой» дейді ол сөз арасында.
Ертеңгісін студенттер бірін-бірі оятып, бет жуа салысымен апыл-ғұпыл жиналып, сағат тоғызда алаңға А.Байтұрсынов көшесімен шығады. Қ.Сәтпаев көшесінде көлік жүрісі тоқтаған. Мир көшесіне жақындаған кезде қойындарындағы ұрандарын шығарып, сол маңнан тосқауылдап тұрған екі полицияның машинасын көреді. Іштей қолдаған олардың ішінен «Жігіттер, өте беріңдер! Қазақтың намысын бермеңдер!» деп бір майор Үсіпханның құлағына сыбырлайды. Өзі намысты жігіт екен. «Намысты қолдан бермеңдер, алға!» дегесін қарап тұрмай, олар да «Алғалап!» алға қарай жүгіре беріпті. Алаңға бара жатқанда жол бойындағылардың бәріне «Алаңға, бейбіт шеруге бара жатырмыз!» деп жар салған екен. Олардың қатары көбейе бастағанда, қыздар келіп: «Ойбай, Жеңісті алып кетті, Не істейміз?» деп шырылдай жөнеледі. Бір-бірін бермеу үшін қол ұстасып, сақтана жылжыған олар Жеңісті қамаған «уазиктің» есігін жұлып ашады да, оны шығарып алады. Шерушілер көп болғасын бәлендей қарсылық та болмайды. Алаңға келгесін «Менің Қазақстаным» әнін айтып, ұрандарын қайталай бастайды. Онда «басты ұйымдастырушы» деген жоқ. Әркім өз ойындағысын айта береді екен. Сосын студенттер мен жастарды жинап, қатарды бұдан да көбейту үшін Сәтпаев көшесімен Достық көшесіне қарай бет алады. Ол кезде ел жиналып қалған еді. Әртүрлі әндер айтып, ұрандатуды тоқтатпастан олар Советская көшесіне дейін түседі. Өз институттарының тұсында біраз айқайлап, сосын Абай атындағы ҚазПИ-дегілерге ұсыныс жасап көреді. Ондағы жетекшілері қарсылық көрсеткенмен, «Біз де шығамыз!» деп студенттері шуылдай түсіпті. Бірақ, есіктерін жауып алғасын Гоголь көшесімен ҚызПИ-дан көтеріліп, сосын Байтұрсынов көшесімен қайтадан алаңға тартады. Көше бойындағы суретке, киноға түсіріп жүргендерге өздері барып, әртістерше мәз болып, әртүрлі вариантта суретке түсе бастайды. Өйткені, олар бұл жүрістерін қылмыс емес, бейбіт шеру деп есептеген. Қайта жатақханаға келгесін мұғалімдер есікті жауып алып, сыртқа ешкімді шығармапты.
Бұдан кейін Үсіпхан алаңда болмаған. Ұрыстың қызған шақтарынан тек сырттай ғана хабардар болған екен. Гүлнар топ жетекшісі болатын. Студенттердің қолқалауымен болған жайдың қыр-сырын анығырақ білу үшін ол Асқар Тоқпановқа телефон соғады. Ол кісі: «Ертең сабақтарың бар, бұл сендердің араласатын шаруаларың емес» деп трубканы қоя салыпты.
Көп ұзамай саяси тәрбие жұмыстары да басталады. Тергеу жүргізетін қазақтарға сенімсіздік танытып, тергеушілердің көбін Ресей, Украинадан алдырған екен. Екі-үш күннен кейін Қауіпсіздік комитетінің адамдары фотоальбомдар әкеліп, жатақханадағылардан, декан, мұғалімдерден суреттегі студенттерді анықтап беруді сұрай бастапты. Оның құжатын алып алған тергеуші біресе жатақханаға, біресе институтқа іздеп келе беруін тоқтатпайды. Сабақ жайына қалып, студенттер Қауіпсіздік комитеті тергеушілеріне жауап берумен болады.
Бүкіл Қазақстанды шарпыған бұл көтерілістің барлық республикаларға бастама болып, таңдандырғанын Үсіпхан былай деп әңгімелейді:
– Жылда тәжірибе алмасу үшін Мәскеу мен Ленинградтың театрларын аралайтынбыз. Бізге «Қазақ ұлтшылдары» деген таңба басылғасын олар да қабылдамайтын болды. Өйткені, қазақ ұлтшылдары – нашақор, бұзақы, ішкіш екен деген түсінік қалыптасты. Сол кезде саясат сондай болды ма? Әйтеуір Тбилиси ғана қабылдайтын болып, жолда Бакуге қондық. Аэропорттан түскенде әзірбайжандар «батыр ғардаштар келді» деп қолдарын шапалақтап, жақсы қарсы алды. Сосын кешкісін Тбилисиге келіп, пойыздан түскен бетте олар да «Батыр қазақтар келді» деп аяғынан тік тұрып қошамет көрсетті. Қысқасы, көтерілістен бәрі де құлағдар екен, – дейді.
Бір күні қазақтарды жақсы көрмейтін Алексей деген Қауіпсіздік комитетінің тергеушісі ректораттың бөлмесінде отырған Үсіпханға телефон соғып, «повестка» жібергенде неге келмейсің?» деп айқай шығарады. Және жұбайының үлкен театрда істейтіндігін, Үсіпханның да «звезда» екендігін айтып, сөзін сабақтай береді. Ал, «повестканы» алған бала оны оған бермепті. Гүлнар екеуін де шақырғасын бірге барса, Үсіпханды галстугінен бастап шешіндіре бастайды. Гүлнардың түрі бұзылып кетеді. Қолына кісен салып, аяғындағы бәтеңкесін шешеді де, табанына фамилиясы жазылған бірдеңені жапсырып, аяғына дәу кәлөш кигізеді. Сөйтіп, есіктері шиқылдағанда үрейлі дыбыс шығаратын, төсегі жоқ темір торда наурыз айының ызғарлы он күнін өткізеді. Күнделікті «Ұйымдастырушы кім? Сендерді жіберген А.Тоқпанов па, Ш.Жандарбекова ма? Қайсысы айтты ұстаздарыңның?» деген тергеушінің қисынсыз сұрақтарына бас қатырып жүргенде, қолынан кісен түспей, әдемі, ұзын шашының да биттеп кеткенін жасырмады. Басқа шыққан орыс аздай биттің де басқа шығуы коммунистік қорлықтың мазағының шегіне жеткізді. Осылай бастан сауал, шаштан бит жұлмалаған екіұдайы сарсаңда іс насырға шаппай тұрып, құтылар жол табу керек болды.
Үш әріптің тергеуі бітпегесін олар өзара ақылдасып, не айтуды ойластырады. Сосын тергеушіге «Жатақханаға кешкі сағат ондар шамасында қара волгамен ұзын бойлы, сақалы бар, сұр пальтолы, бас киімді, денелі біреу келіп, «ертең алаңға шығыңдар!» дегесін, сол кісінің айтуымен шықтық» дейді. Бұл ойластырылған «невидимка» қиялдағы Шерлок Холмсты елестетеді. Бұл Шерлок Холмс тергеушілерге таптырмағасын, тергеушілердің өздері Шерлок Холмс болып, бұлардың ізіне түсуін тоқтатпады. Яғни, өтіріктің шындыққа қызмет ететін жағы да айтулы шеңгелден құтқара алмады. Немесе қиялдағы сақалы өскен адам, түрмедегі азап, сақалы өскен өздері болып шықты. Аяқталмаған «Қаракөз» спектаклінің жалғасын осылайша тергеу сахнасында ойнаған болашақ актерлердің бұл диплом жұмысы да сәтсіздеу болды. Сол арқылы өмірдегі шындықтың табиғи мазмұны ешбір сахнада ашылмайтындығын сезді. Бұл нәтиже оларды шындыққа жүгінуге мәжбүрледі.
Бір күні Үсіпхан өзімен бірге тергеуде сақалы өсіп, азып кеткен Құрманғазыға «Ойдан шығарған адамымызбен бұларды жынды қыла бергенше, басымызды шауып алса да шындықты айтайық», – дейді. Яғни, Аманбай мен Бақытбек қосылып, бұл істі төртеуі ұйымдастырғанын, артынан тергеу орындарына да «өздері барғанын» айтуға келіседі. Бір жағы, шындық айтылмаса, Үсіпханның әйелін де қамауға алатындығын ескертіпті. Бірде Үсіпхан жатқан камераға жансыз ретінде орыстың бір шошаңдаған сақалды жігітін де жібереді. Ол сыр тарту үшін тамақ та әкеліп, жанашыр адамдай көрінеді. Қателік жасап, оның 10-15 жылға бекер сотталып кетпеуін де ескертеді. Әуелде Үсіпхан одан күдіктенбегесін, сыр жасырмай, ашылып сөйлесе береді. Он бес күннен соң Сейфуллин көшесінің бойындағы түрмеге ауысып, онда алты ай жатады.
Өзара тор терезе арқылы сөйлесіп жүретін көрші камералардың бірінен Қ. Рысқұлбековты табады. Тесік арқылы бір-біріне хат жазып, жіппен тартып алып отырады. Қайрат бір хатында Савицкидің әкесі өлген баласын оның мойнына артып, «Ату» жазасын сұрап жатқандығын, өлтіргендер жер басып жүрмеуі керектігін айтыпты. Ал, Қайраттың айтуынша, «Қазақстан» қонақ үйі маңында болған оның Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында болған оқиғаға қатысы жоқ сияқты. Үсіпхан оған мұндай жағдайда болмаған істі мойындамауды ескертеді. Бір күні есіктің ашылғанын пайдаланып, Қайраттың өзін көріп қалуға да мүмкіндік алады. Сосын «Қарауға болмайды» деп, Үсіпханды жендеттер желкеден салып қалады. Қайраттың шашы өсіп кеткен екен. Ауасыз, ыстық ондай камерада адамның көзқарасы да күрт бұзылады. Түрмедегі әртүрлі адамдардың ішінде адам өлтіргендері де, үсті-басына сурет салып, сол зонаның өміріне біржолата кіріп кеткендері де бар. Әрине, ондайда өзіңді-өзің қорғау үшін де моральдық күш керек. Түрме дегенің өнерден де, сүйген жардан да, туыстан да айыратын пәнилік тозақ.
Әрине, түрмеге бойдақ кезде түссе, «ер мойнында қыл арқан шірімес» деп, жүйкеге түскен жарты салмақтан азат болар еді. Ал, жанұялы болып, бала-шаға өскесін түрмеге түсу – ол да бір басқа. Ал Үсіпхан сияқты жаңа үйленген жас та әдемі жарынан айырылып, бір қиырда жапа шегу – рухы әлсіз адамдарды жындандыратын шығар. Мұндай қиындықтан оны құтқарған – тек өзінің рухани күш-қуаты және сүйікті жары Гүлнардың да ерге тән ұлтжанды азаматтығы мен махаббатына беріктігінің арқасы. Екеуінің заманы да, ортасы да, ойы да, өнері де ұқсас болғасын рухани туыстай өзара тұтасып кеткен шығар. Мұндайға мән беруіміздің себебі, елді отарлықтан айырмақ болған Желтоқсан қасіреті түрме арқылы жанұяны жампозынан ғана айырып қойған жоқ, жанұя мүшелерінің өзін де бір-бірінен мәңгілікке айырып кеткен жайларды естіп жатырмыз. Махаббаты жарасқандардың санасына сыннан сүріндірмейтін биік парасат үстемдік құрса, қателікке орын да қалмайды.
Қысқасы, үш жыл түрмеге кесіліп, оның екі жылын өтеп келген Үсіпханның қамаудағы кітапқа татырлық қалған тағдырын әңгімелесек, Желтоқсан тарихын бір кісідей түсінер едік.
Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ.
Абай.kz