Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 10486 0 пікір 10 Қараша, 2014 сағат 12:41

Бақытбек Бәмішұлы. САРЫ ДОМБЫРА

«Бір әңгіме айтып бер,– деп,– сүбелі»,

Жан алқымға алды ұлым, түн еді.

Тұтқиылда ауызыма сөз түспей,

Небір ойлар түңілігін түреді.

 

Бір сыры бар іште қалған бүгулі,

Бүгінгіге ескілерден бұ үлгі.

Түсе қалды сурет болып көзіме

Төрде тұрған сары домбыра ілулі.

 

Келген адам, кірген адам, тосын да,

Қонағым да, жараным да, досым да

Домбырамның қағып тұрып шанағын:

«Қалай келді»,– деп сұрайтын,– осында?

 

Ол жайында талай менен сұраған,

Қырық жылдай төрімізде тұр аман.

Түсті есіме домбыраны құшақтап,

Сүйіп күнім, егіліп кеп жылаған.

 

Сыр ашпағам бұл жайында ешкімге,

Кім мәңгілік, мына тірлік, бес күнге.

«Ақтарылып, айтып саған берейін,

Медеу керек, жалғасымыз, өскінге».

 

Домбырада жасаураған жанарым,

«Меселдесін қайтармайын баланың».

– Сар домбыра жайлы әңгіме қозғайын,

Ол кезде де, мен де сендей баламын...

 

Мың тоғыз жүз жетпіс бірдің көктемі,

Арман жерге түскендей күн көктегі.

«Үлкен үйге» кіріп бардым кешкісін,

Жан едім ғой, үйде отырмас, көшпелі.

 

Жоқ есімде, дәлірегі нешінші,

Төрт пе, әлде, кластамын бесінші.

«Үлкен үй», ол – біздің қара шаңырақ,

«Төріме аунап,– деп тұратын,– көсілші».

 

Окан отыр сол бір төрдің басында,

Оныменен шамалас ед жасым да.

Бір-ақ класс менен озық оқитын,

Жалғыз өзі бір де жан жоқ қасында.

 

Сол аяғын оң тізеге тастаған,

Күй ме, ән бе, бір әуенді бастаған.

Танау көкте, меніменен ісі жоқ,

Сары домбыра ұстағаны, мә, саған!

 

Сар домбыра көзіме оттай басылды,

Ұшты сағым қызыл ала, жасыл-ды.

Құмар едім домбыраға жасымнан,

«Мынау қайдан тауып алған асылды?».

 

Бабамыздан қалса дағы мол мұра,

Сирек еді ол заманда домбыра.

Сол арманды міне, Окан, мардымсып,

Құшып отыр тізесіне қондыра.

 

Окан әкем інісінің баласы,

Домбыраны қолындағы, қарашы?!

Жетіп бардым, тебіндетіп қасына:

– Қайдан алдың, қанша екен бағасы?!

 

«Қайтеді, ей,– дегендейін,– мынауың»,

– Әкеп берді,– деді солғын,– Ләуім.

– Ләу қайдан алған екен?

– Білмеймін.

Күйлеп жатыр тарылтқан боп бұрауын.

 

Оған қандай ойлар келді айта алман.

Мұздай суық тер тепшіді арқамнан.

Домбыраның құлағына түкіріп,

Бәлсігенде күйшідей-ақ майталман.

 

– Кімнен апты?– дедім тағы.

– Білмеймін.

Дегендейін көзіме де ілмеймін.

– Көрейінші, қане берші, мен шертіп?

Бадырайып ішімдегі білдей мін.

 

– Сен домбыра шерте алмайсың ғой,– деді.

«Жұлып ал!» деп жетіп келді ой легі.

Және бір ой құлағыма сыбырлап:

«Әкеңе айт, төбелеспе, қой!» деді.

 

Лап-лап ысып, миығымнан бір күліп,

Жетегімен бір жұбаныш, бір үміт.

Үйге келсем Әкем, Күмәм шәй ішіп,

Отыр екен тізелері бірігіп.

 

Шағынарға артық кім бар әкеңнен,

Арыла алмай әлгіндегі әсерден.

– Судай жаңа сары  домбыра, жап-жаңа,

Әке,– дедім,– Оканға Ләу әперген.

 

– Қайдан апты?

– Білмейді екен... (балдырған).

– Кімнен апты?

– Білмейді оны домыра есін тандырған.

– Ә,– деді әкем,– клубқа екі домыра

Даниялдан деп естігем алдырған.

 

Дегенінде дастарханның шетіне,

Қос тізерлеп отыра қап, бекіне:

– Ондай болса бір домыра ап берші,

Даниялдан,– дегенімде өтіне.

 

– Ойбүу, қарғам, Дәкең қайда, біз қайда,

 ол аймақта тұрады ғой шалғайда.

Үлкен ақын, жыршы-жырау һәм шебер,

Қолға түспес сары алтын ол мұндайда,–

 

Деп Даниял Дікейұлы жайында

ұзақ толғап, «енді өзің пайымда»,–

дегендейін маған қарап батқандай

ойлы көзі тұңғиыққа, уайымға.

 

«Аймақ»,– деді, аймақты мен білемін,

Шымырлады қара құсым, білегім.

 «Аймақ» атай беретінді Өлгейді,

Тапса деймін сол аймаққа бір ебін.

 

Ол заманда мектептемін, ондамын.

Дейтін кез бе, қанатымды қомдадым.

Аймақтағы олимпіге барарда

Жолда қатты, естен кетпес тоңғаным.

 

Бұлғын алыс, орталықтан шеттеміз,

Алай-дүлей соққан боран аударылған – көк теңіз.

Машинамыз жол ортада бұзылып,

Үсіп-өліп Өлгейге әрең жеткеміз.

 

Сол жадымда, аймақ рас, ұзақ жер.

Қайталаған қаратпа сөз құлақ жер.

Қақсай бердім «домбыра» деп жақ сембей,

Сонда әкем, маған баяу былай дер:

 

– Ләуіңде болу керек тағы бір,

Сар домбыра,  ала-алсаң бағың біл.

Ертең барып кеңсесіне, сұрап ал.

– Ап беріңіз, мені ойлайд нағып жүр.

 

– «Қатты адам емес еді тым аса»,

Бірақ, бермес үлкен кісі сұраса.

Өзің барсаң жөн болады дұрысы,

Кім жібімес, бала балғын ұнаса.

 

«Яғни, ұнау керек, ал қалай?»,

Тұман ойға батып кеттім ары қарай.

Түніменен дөңбекшідім, көз ілсем,

Сары домбыра келе жатам арқалай.

 

Сабаққа да ертеңінде зауқым жоқ,

Бірде жайнап, бірде үмітім марқұм боп.

Кейде күй кеп Күрті сынды күркіреп,

Кейде кетед жігер, қайрат – тау құм боп.

 

Минуты айдай, сағат жылдай ұзарған,

Бітті-ау сабақ,  жақындады бір арман.

Ширықтым кеп, шыр көбелек айналып,

Қалай ұнау керектігін біле алмай.

 

«Бес асыл іс» төс белгімді қадандым,

Айна алдына қырық барып қарандым.

«Осы ма өзі сынағыңа сай бала?».

Ішім алай, сыртым түзеп тарандым.

 

Тартым сонсоң зыр жүгіріп клубқа,

«Әй, Бақытбек, ұнауды тек ұмытпа!».

Таныс өлке, таныс мекен, таныс жер,

Ләуімнің конторасы бұрышта.

 

Кіріп бардым, есік қағу мұтылған,

«Қап,– деп қоям,– осы, міне, ұтылған».

Іші толған сурет сұлу, бай кеңсе,

Асты кілем, сап-сары үстел жұтынған.

 

Қап-қара қас, бұп-бұйра шаш, қып-қызыл,

Төр басында Ләу отыр жұп-жұмыр.

– Үй, Бақыт-ау, қайдан жүрсің, сен мұнда?!

«Cәлем қайда?  тағы ұтылдым, бітті жыр».

 

– Ләу,– дедім, маған да бір домбыра

беріңізші?!

– Домбыра дейд?!

– Домбыра... тап Оканның домбырасы құсаған.

Іш жаңғырық: «Домбыра, Ләу, домбыра!».

 

 Бас изедім. Тіп-тік тұрмын, қаздиып,

Томсырайып тау басымды ханға иіп.

 «Ұнау керек, ұнау керек, жас ұлан.

Лағындай Сары арқаның жезкиік».

 

Ләу санын шапалақпен салып қап,

аха-ха-халап күліп алып анықтап.

Содан кейін түрегеліп орнынан

Келді жақын, жас баладай шалықтап.

 

Иығыма жайлап қана қолын сап,

Ал мен тұрмын  жуас тайдай мойынсап,

Ауыздыққа есе бермей езулеп,

Құнжыңдайтын, құтыратын тойынса-ақ.

 

Ләу сонсоң әңгімесін бастады,

– Сұра,– деді,– домбырадан басқаны.

Бұл домбыра үкіметтің дәулеті,

Ал үкімет тіліп алад таспаны,

 

Жауырнымнан қоғам мүлкін таратсам.

Партияның заңын қатты жаратқан.

Қоғам ортақ,  социалис үкімет,

Партиясыз күніміз жоқ таң атқан,–

 

Деп бәйектеп, түсіндірді, ұқтырды,

Орынына қайта барып, үш отырып, үш тұрды.

Бір сөзі де кіріп-шықпай миыма,

Тек көзімде мөлдіреген шық тұрды.

 

Көк аспаны көңілімнің көк күзгі,

Ләу майда тілмен жұмсақ епті ізгі:

Еншілері бөлінбеген екі үйге

Бір домбыра жететінін жеткізді.

 

Содан кейін сылап тоқыр басымнан,

Маңдайымнан иіскеп тұрып, қасымнан,

Құйрығыма қағып-қағып шығарды,

Албырт жүрек жуасыды тасынған...

 

 «Әй, өзімнен, ағат бастым, ұтылдым,

Ұнамадым, ұят қандай», қысылдым?

Екі шекем, шымыр-шымыр қызарып,

Тамағыма жас тығылып, жұтындым...

 

Өтті күндер, өтті жылдар ұтымды,

Сары домбыра санадағы мұтылды.

«Көшеміз,– деп Түп аймаққа» біздің үй,

Өкіметке мәліметін ұсынды.

 

Мен сегізді бітірген жыл, тамызды,

Туған жердің жазы салқын, маңызды.

Жүк тиеліп тіркемелі «Зил»-дерге,

Ал ағайын көздің жасын ағызды.

 

Қоштасады, бірін-бірі қимайды,

«Қимайды екен несін жанын қинайды.

Не себептен көшіп жатыр бөлініп,

Неге бұлар туған жерге симады?».

 

Сұрақ көп-ау, жауабы жоқ мен үшін,

Қалып барад беретіндер жең ұшын.

Бауыр басқан құт мекені, дәулетін

Және сатып жиған-терген жемісін.

 

Жүк машина бір жүреді, бір тоқтап,

Жүк үстіне шығып алдық біз топтап.

Бір заматта төмен жақтан құйғытып,

Жалғыз қара біреу келд боздақтап.

Жұрттың көзі анау атты адамда,

Бұ кім болды, көңіл көксіз алаңда?

Бір бұрқ етіп боз түтіндей қою шаң,

Ала атты шыға келді алаңға.

 

Ой-ой, мынау, Ләуім ғой, Ләуім,

Шыңылдады менің-дағы құлағым.

Оң қолымен аспандата көтерген,

Аспабы бар ұшып келед бір ағын.

 

Астындағы арғымақ та алымды-ақ

Екпіндетіп, келді жетіп арындап.

Машинаның түсіп кете жаздады-ау,

Ол астына, не істемекші, не қылмақ?

 

Бір өзгеріс әкелердей өмірге.

Нелер келіп, не кетпеді көңілге.

Екі көзден жас лақылдап, алқымнан,

Аққан тері құйылып тұр өңірге.

 

Ат та ақ тер, өзі де ақ тер, малмандай,

Екеуінде суға малып алғандай.

Іркілместен:

– Әй, Бақыт!– деп,  сермеді

Үкілеген домбырасын қарманбай.

 

Сары домбыра, сол домбыра баяғы,

міне, нақ бір – періште құс таяды.

Ұзын мойнын аспан-көкке ұмтылта,

Маған қарай, маған қарай қос қанатын жаяды.

 

Атып тұрып, алдым іліп, аспапты,

Жанарымнан жасыл-жасыл жас та ақты.

Домбыраны бауырыма басқан бойы бүк түсіп

жата кетім...

Жанарымнан жасыл-жасыл жас та ақты...

 

8-9 қараша 2014 жыл,

Алматы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295