Microsoft Kazakhstan және Назарбаев Зияткерлік мектептері білім беру саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуде
2014 жылдың 25 қыркүйегінде Астанада Microsoft Kazakhstan және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ арасында Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы мәмілеге қол қойылды. Аталған ұйымдар білім беруді түбегейлі өзгерту бойынша міндеттерді шешу, білім берудегі инновацияларға жағдай жасау, 21 ғасырда аса маңызды болатын дағдыларды және жұмысқа орналастыру мәселелерін жетілдіру үшін ортақ күш біріктіре отырып жұмыс жасайтын болады.
Меморандумға қол қою рәсімі 2014 жылы өзінің жаңа ғимаратын пайдалануға алған Астана қаласының Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтті. Қол қою рәсіміне Microsoft-тың Шығыс және Орталық Еуропадағы президенті Дон Грэнтем (Don Grantham), «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Жәменков және Microsoft Kazakhstan бас директоры Алексей Рештенко қатысты.
«Microsoft-тың алдында аса маңызды міндет тұр, бұл - Қазақстанның оқу мекемелеріне, педагогтарына, оқушылары мен әкімгерлеріне ең соңғы IT-әзірлемелерге және білім беру саласындағы ең жаңа технологиялық шешімдерді ендіру бойынша біздің тәжірибемізге қол жеткізуге мүмкіндік беру. Біз Microsoft-те жақсы келешекке дайындайтын білімді алуға әрбір адам құқылы деген сенімді ұстанамыз. Біз қазірдің өзінде Зияткерлік мектептермен бірқатар бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асырудамыз. Атап айтқанда, біздің Office 365, Yammer өнімдерімізді Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 мыңнан аса оқушысы қолдануда. Біз осы мәміле бірлескен жобаларымыздың ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның білім беру саласына қосар үлесімізді арттыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деп атап өтті Microsoft Kazakhstan бас директоры Алексей Рештенко.
Қол қойылған мәміле шеңберінде Назарбаев Зияткерлік мектептері және Microsoft Kazakhstan бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай жобалардың бірі - оқыту мекемелерінің көшбасшыларын оқу үрдісін жүйелі түрде өзгерту ісіне тікелей тарту мақсатында әзірленген «Microsoft инновациялық мектептері» атты әлеуметтік бағыттағы бағдарлама. «Microsoft инновациялық педагогы» бағдарламасы мұғалімдердің жаңа технологияларды тиімді пайдалануына және соның нәтижесінде оқушылардың 21 ғасыр дағдыларын игеруіне жағдай жасауды көздейді. Сонымен қатар, жобалардың тізімінде келесілер бар: басқару органдарына білім берудегі сандық технологияларды қолжетімді ететін стратегиялардың кең түрлерін іске асыруға көмектесетін «Келешектің іргесін қалай отырып» бағдарламасы, сондай-ақ, Microsoft DreamSpark және Microsoft IT Academy.
«Білім беруге қолдау көрсету Microsoft компаниясының басымдық беретін негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Орталық және Шығыс Еуропадағы жастар орасан зор әлеуетке ие, аймақтағы технологиялық стартаптар мен жас кәсіпкерлердің саны мұны растап отыр. Әрбір нарықтың экономикалық бәсекеге қабілеттілігі көбіне студенттерді оқуға дайындап, инновацияларды ендіру ісіне тартып, оларға шабыт беру міндетін табысты орындап жүрген білім беру мекемелеріне байланысты болып келеді. Microsoft компаниясы Қазақстан мектептерінде білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту үшін ең жаңа технологиялармен және ноу-хаумен бөлісуге дайын. Қазірдің өзінде 2500-ден аса мұғалім Partners in Learning бағдарламасы шеңберінде біздің қорларымызды пайдалануда. Сонымен қатар, Microsoft соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанның білім беру саласына 1 миллион доллардан астам қаржы құйды. Біз кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған BizSpark бағдарламасы шеңберінде 115-тен аса стартапты қолдап үлгердік. Мен жастарға қажетті құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, біз оларды жұмысқа орналасуға қажетті дағдылардың барлығымен қамтамасыз етеміз дегенге нық сенімдімін», - деді Microsoft-тың Шығыс және Орталық Еуропадағы президенті Дон Грэнтем.
Microsoft Kazakhstan компаниясы Назарбаев Зияткерлік мектептерімен 2009 жылдан бастап білім беру саласында жемісті жұмыс жасап келеді. Microsoft Kazakhstan өкілдері 2012 жылы Зияткерлік мектептердің басшылығымен бірге білім беру саласында ынтымақтастықты құруды және мұғалімдер мен оқушылардың ақпараттық технологияларды еркін меңгеруін қамтамасыз етуді көздеген алғашқы мәмілеге қол қойған болатын.
«Қазірдің өзінде балалар бірінші сыныпқа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дағдыларын игерген күйде келеді. Олар ақпараттың орасан зор көлеміне және оның сан алуан үлгілеріне қол жеткізе алады, осылайша бұл жағдай мектептің ақпаратты алудың негізгі көзі ретіндегі рөлін төмендетеді. Мектептің міндеті - ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін білім беру мақсатында, сонымен бірге, келешекте жұмыс үшін пайдалана алатындай етіп, виртуалды әлемді дұрыс әрі тиімді қолдануға баланы үйрету», - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Жәменков.
Microsoft Kazakhstan мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің өткен 5 жылдағы ынтымақтастығы шеңберінде келесі сәтті жобалар жүзеге асырылды:
- Педагогтердің біліктілігін көтеру, ЮНЕСКО-ның халықаралық ақпараттық-коммуникациялық біліктілікке қоятын талаптарына сәйкес әзірленген курстан - «Технологиялар көмегімен оқыту» онлайн-тренингінен өту. Оқу шеңберінде педагогтар халықаралық емтиханнан өтіп, «Microsoft Certified Educator» сертификатын алды.
- Office 365 және Yammer бұлттық қызметтерін Зияткерлік мектептерінде қолдану. Office 365-те көпшілікке таныс көп бейінді қосымшалар (Word, Excel, PowerPoint, OneNote, Outlook) бұлттық технологиялардың артықшылықтарымен өте жақсы үйлесім тапқан, мұнда құжаттарға, электрондық поштаға, ортақ күнтізбелерге, байланыс тізімдеріне, шапшаң хабарламалармен алмасу қызметтеріне ұялы құрылғыдан қол жеткізуге және желілік конференцияларды өткізуге болады. Ұйымдар үшін арнайы жасалған Yammer корпоративтік әлеуметтік желісі қызметкерлердің өзара әрекеттесуін және нақты уақыт тәртіптемесінде ақпаратпен алмасуын жеңілдетті.
- British Educational Training and Technology білім беру көрмелеріне және Microsoft Global Education Forum-ның жыл сайынғы білім беру форумдарына қатысу.
Microsoft
Microsoft компаниясы - бағдарламалық жабдықтама және IT қызметтерін, құрылғылардың кең түрлерін ұсынатын ақпараттық технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшы. Ол - әлемнің 120-нан аса елінде жұмыс жасайтын әлемдегі ең ірі корпорациялардың бірі. Microsoft өнімдері мен қызметтер қоржынының ішіне үстелдік және желілік операциялық жүйелер, құрылғылар (Xbox 360, Xbox One, Kinect, Surface және т.б.), серверлік қосымшалар, және басты қолданушыға арналған үстелдік бизнес-қосымшалар мен кеңселік қосымшалар, бұлттық шешімдер, интерактивтік бағдарламалар, сервистер мен ойындар, Интернетте жұмыс жасауға арналған құралдар, бағдарламаны әзірлеуге арналған құралдар және т.б. кіреді. Microsoft Қазақстан аумағында 2002 жылдан бастап қызмет жасап келеді.
Назарбаев Зияткерлік мектептер
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің миссиясы – жаратылыстану-математика бағытындағы мектептегі білім беру жүйесінің үздік қазақстандық дәстүрлерді, халықаралық білім мен тәжірибені үйлестіретін инновациялық, көп тілді үлгісін әзірлеу және ендіру арқылы Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыруға жағдай жасау. Бүгінгі күні Қазақстанның Астана (2), Шымкент (2), Алматы, Қарағанды, Талдықорған, Семей, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Орал, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Тараз секілді қалаларында 16 Зияткерлік мектеп жұмыс жасайды.
Абай-ақпарат