Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3372 0 пікір 16 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ШАРУАЛАР ЖАНАРМАЙДЫ АҚШАЛАЙ АЛУДЫ СҰРАДЫ

Көктемгi-күзгi дала жұмыстары кезiнде жеңiлдетiлген бағада босатылған солярканы шаруалардың барлығы бiрдей облыс орталығына барып алып келуге шамалары жете бермейдi. Дизель отынымен қамтамасыз ету жүйесiндегi олқылықтарды анықтау мен сараптау мақсатында ОҚО кәсiпкерлер палатасы көктемде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бiрлесiп, арнайы бақылау тобын құрған едi. Жақында кәсiпкерлер палатасы жиын өткiзiп, көктемгi бақылаудың нәтижесiнде қандай кемшiлiктер анықталғанын баяндады. Сондай-ақ, жанармай тарату жүйесiнде қалыптасып отырған проблемаларды бiржақты шешiп алу үшiн шаруалармен және жанар-жағармаймен қамтамасыз етушi операторлармен ақылдасты.

Жиынды басқарған ОҚО кәсiпкерлер палатасы әкiмшiлiк кедергiлердi азайту департаментiнiң басшысы Т.Нақыпбеков аудандарда операторлықпен айналысатын компаниялардың көп жағдайда жанармай құю бекеттерi, солярка сақтайтын қоймалары болмайтынын және шаруаларға жанармай жеткiзiп беру мәселесi нақты жолға қойылмағанын жасырмады. Шаруалар солярканы Шымкенттен келiп әкетiп жүр. Ауыл мен облыс орталығының екi арасы кейде жүздеген шақырымды құрайды. Осындай кезде дизельдi отынның бағасына жол шығыны келiп қосылатыны анық. Т.Нақыпбеков тендер арқылы операторларды таңдау кезiнде олардың аудандарда жанармай құю бекеттерiнiң және жанармай таситын көлшiктерiнiң барына назар аудару керектiгiн айтты. Алайда, тендерлiк байқаудың ережесiнде бұл талаптардың бiрде-бiрi жазылмаған екен. Сондықтан оны ережеге мiндеттi түрде енгiзу қажет деп ұйғарды. Ол жанармай мәселесiнде аудандардағы өңiрлiк кәсiпкерлер палатасының филиалдары, БАҚ өкiлдерi және ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң қатысуымен қоғамдық бақылауды күшейтуге шақырды. Iрi шаруа қожалықтары дизельдi отынды тасымалдауға шамасы жеткенiмен ұсақ шаруашылықтар жайлы бұлай деп айту қиын. Сол үшiн Т.Нақыпбеков шағын шаруа қожалықтары бiрiгу қажет деген ой қорытты.

– «Солярканы қымбат бағаға сатып алып жатырмыз» деген Отырар, Мақтаарал, Созақ аудандары және Түркiстан қаласы шаруаларының атынан кәсiпкерлер палатасына бiраз шағымдар келiп түстi. Осыған байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бiрге анықтау жұмыстарын жүргiзудемiз. Егер шаруалардың сөзi расталса, iстi прокуратураға тексеруге жiберемiз, –дедi ол.

Ал, Шардара мен Отырарда шаруа қожалығын басқаратын тәжiрибелi фермер Жәнiбек Сенбек «нешеме жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбектенiп келемiн. Бiрақ осы уақыт iшiндегi тәжiрибемнен байқағаным, диқандардың барлығы тегiс жанармайға қол жеткiзген күнi болмаған. Жүйенi жөнге келтiрудiң бiр-ақ жолы қалып тұр. Нақтылай айтсақ, егiнге бөлiнетiн субсидияға солярканың қаржысын қосу керек. Субсидия тек егiлген егiстiкке ғана берiледi. Ал, солярканы алып болып, бiрақ кейiн ешнәрсе екпей қоятын шаруалар бар. Сондықтан үнем мен әдiлдiк жағынан келгенде солярканы қаржылай үлестiрген дұрыс деп санаймын. Оның үстiне оператор жанармайды әрбiр шаруаға жеткiзiп бере алмайды. Олай етсе, өзi шығынға батады. Аудан орталығынан тасымалдау да проблеманы шешпейдi. Мәселен, Шардарадағы аудан орталығы мен Сүткент ауылының арасы 100 шақырымды құрайды. Қалай дегенмен де бәрiбiр шаруа шығындалады» дейдi.

Фермердiң айтуына қарағанда, дизельдi отынды алыстан шығындалып тасығанша алмай-ақ қойғаным артық деп бас тартқан шаруалардың жанармайын операторлар өз пайдасына асыратынға ұқсайды. Ол егер 1000 гектар жерге бөлiнген жанармайдың 300 гектарға тең бөлiгi ғана тасымалданса, қалған 700 гектардың соляркасы операторлардың иелiгiнде қалатынын мысал ретiнде келтiрiп өттi.

Жанармайды таратудың қиындығы өз алдына, субсидия да сол секiлдi сан түрлi комиссия мүшелерiнiң тексеруiнен өтiп, құжатқа қолдары қойылып барып берiледi. Сондықтан шаруалар мен палата мүшелерi мұны қағазбастылыққа жатқызып, құжатқа жергiлiктi әкiмнiң, жер маманы мен демеуқаржыны алып жатқан диқанның қолы-ақ жеткiлiктi деген ойларын бiлдiрдi. Операторларды таңдауда кейде өз қызметiне нағыз лайықтылары тасада қалып қоятындықтан бұл iске кәсiпкерлер палатасы да араласу керектiгi айтылды. Сонымен, жиын мүшелерi кеңесе келе, мәселенiң шешiмiн екi түрлi ұсыныспен түйiндедi. Оның бiрiншiсi – дизельдi отынның өзiн емес, оның баға айырмасын , шаруаларға субсидия ретiнде төлеу. Екiншiсi – егер бұл ұсыныс қолдау таппаған жағдайда, жанармай тарату қызметiн тек жергiлiктi операторлардың қолына өткiзу. Өйткенi, бүгiнде тендердi ұтып алып жатқандар көбiнесе ешқандай базасы жоқ сырттан келген бөгде операторлар екен.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5519