Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 10551 0 пікір 15 Қыркүйек, 2015 сағат 19:03

2015 ЖЫЛ: РЕСЕЙ 8 МЕМЛЕКЕТКЕ БӨЛІНУІ МҮМКІН

Кеңестер Одағы ыдырағалы бері Ресей өзінің ықпалындағы біраз елден айрылып қалды. Тіпті, соңғы жылдардың өзінде уысынан Украина сынды алып елді шығарып алды. Украин халқының серпілуі Ресей ішіндегі аз ұлттардың һәм ықпалындағы өзге де мемлекеттердің ұлттық рухының оянуына түрткі болғанын жасыра алмаймыз.

Ресей жер көлемі жағынан әлемде бірінші орын алатын – алып держава. Халық саны бойынша 142 млн. тұрғыны бар көршіміз Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Пәкістан, Бангладеш және Нигериядан кейінгі 9-орын алады. Бүгінде бұл федерация құрамына 21 республика кіреді. Осы 21 республиканың барлығы дерлік ұлттық мемлекеттік құрылым саналады. Осыған дейін аталған 21 республиканың бәрі болмаса да, тең жарымы тәуелсіздік алуға талпынатыны жазылып келген болатын.

Ресей осыған дейін біртұтас Грузияны екіге бөліп тастады. Онан кейін Қырымды алып,Украинаның тыныштығын бұзды. Енді Путин «КСРО-ны қалпына келтіремін» деген арам ойынан бас тартпаса, әлем алпауыттары іске кіріседі. Олар астыртын ұйымдары арқылы Ресейдің автономиялы республикаларына қозғау сала алады. Мысалы, қазір әлемдік қауымдастық әлемдік  нарықтағы мұнайдың бағасы күрт төмендете салды. Мұндай кезде не болады? Ресейде әлеуметтік жағдай ушығады да, әр республика өзінің дербес ел болу мәселесін қойып, тәуелсіздікке талпынады. Олардың біразы онсыз да тәуелсіздігін жариялау жолында күресіп келеді. Мысалы, әлеуметтік ахуалы тұрақты Татарстан: «Біз неге бүкіл Ресейді немесе басқа республикаларды бағуға тиіспіз. Біз референдум өткізу арқылы бөлінеміз» дейтін жағдайға жетті. Ресей – федеративті ел. Демек, заң бойынша кез-келген республика мұндай талап қоя алады. Егер де, тура осындай бастама көтерілсе, әлемдік қауымдастық қолдап, аз ұлттарға мүмкіндігінше болысады.  

Шынын айту керек, ТМД елдері тәуелсіздік алғанға дейін Ресей негізінен Орталық Азиядағы және басқа да бұрынғы социалистік елдерді жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстады. 1991 жылы КСРО ыдырап, тәуелсіздік алған елдер әлемдік саясатта өз бетінше дербес қимылдай бастады. Осыны тиімді пайдаланған АҚШ пен Қытай секілді алпауыт елдер ықпал аймағын кеңітіп, ресми Мәскеудің бәсекелесіне айналды. Мамандар осы бәсеке түбінде сырты былай қойып, қазіргі Ресейдің шаңырағын шайқалтатынына сенімді. 

Сарапшылар: «Ресейдің ыдырауына негізінен үш мәселе себеп болуы мүмкін. Оның екеуі табиғи үрдіс арқылы келсе, бірі сыртқы күштердің ықпалымен жүзеге асады» дейді. Бірінші табиғи себеп: соңғы онжылдықта Ханты-Манси, Ямал-Ненец, Таймыр сияқты автономиялық округтерінде, Саха секілді бірнеше ұлттық республикаларда туу көрсеткіші өте жоғары, өлім-жітім аз. Ал, негізінен орыс ұлтының өкілдері шоғырланған елді-мекендер мен жалпы орталық Ресейде туу көрсеткіші төмен. Бұл Ресейдегі аз ұлттардың көбеюіне, орыстардың санының кемуіне ықпал етеді. 

Екінші себеп, Ресей федерациясында мұсылмандар санының күрт өсіп бара жатуы. Бұл түркі халықтарының тәуелсіздікке жетуіне мол мүмкіндік туғазады. Қазір ресми дерек бойынша Ресей халқының 15 пайызы мұсылмандар. Алдағы 20 жылда олардың елдегі үлес салмағы 25-30 пайызды құрауы мүмкін. 

Үшінші себеп, сыртқы күштердің ықпалы екенін айтқан болатынбыз. Мәселен, біраз уақыт бұрын АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сарапшылары 2015 жылға қарай Ресей 6 немесе 8 мемлекетке ыдырап кететінін айтқан еді. 

Орталық барлау басқармасының болжамына сүйенсек, біріншіден Ресейдегі қазіргі таңдағы қалыптасқан  экономикалық жағдайды төмендеп барады. Екіншіден, алып державаның ғылыми, техникалық және адам тұрғысынан алғандағы әлеуеті тым әлсіз. Үшіншіден, ішкі қайшылықтары үдей түсуде. Төртіншіден, қазба байлықтары мол һәм Ресейдің 1/3 бөлігін алып жатқан бір ғана Сібірдің өзінде мемлекет халқының бес-ақ пайызы тұрады. Ұлбыританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Сібір сияқты алып аймақтың Ресей сияқты бір ғана мемлекетке қарағаны – әділетсіздік» – дегені тағы бар. 

Қазір Ресей Федерациясында 21 республика бар. Осы 21 республика Ресей аумағының 28,6 пайызын алып жатыр, мұнда, жалпы, елдегі халықтың 16,9 пайызы мекендейді. Бұл республикалар ұлттық-мемлекеттік құрылым болып табылады, яғни Ресей құрамында бола тұра, белгілі бір халықтың (халықтардың) мемлекеттілігін көрсетеді. Олар: Адыгея, Алтай, Башқұртстан, Бурятия, Дағыстан, Ингушетия, Кабарда-Балқар, Қалмақстан, Қарашай-Черкесия, Карелия, Коми, Марий Эл, Мордовия, Саха, Солтүстік Осетия, Татарстан, Тыва, Удмурт, Хакасия, Шешенстан, Шуаш республикалары.

Әрине, орыс ұлтшылдары мұны көрмей отыр дей алмаймыз. Мәселен, ресми Мәскеудің көп ұзамай мемлекеттік басқару жүйесінде үлкен реформа жасағысы келетіні айтылуда. Егер де ол реформа басталса, көрші елдегі федеративтік басқару жүйесі құрдымға кетіп, ұлттық аймақтар, ұлттық республикалар жойылып, АҚШ-тағыдай аумақтық штаттар пайда болады деген сөз. Мұндай жағдайда қазірдің өзінде-ақ, өз шекараларын анықтап, ұлттық мүдделерін Кремльдің алдына мәселе етіп қоя бастаған Татарстан, Башқұртстан және Қап тауында жатқан бірқатар республикалар қарап жатпасы белгілі. 

Көрші елдің шаңырағының шайқалып, шайқалмауы тәуелсіз қазақ еліне әсер етпейді. Бұған мүдделі де емеспіз. Тек соңғы кезде батыс салған санкцияның күшейгені соншалық Ресейдің халі мүшкілдене бастады. Бұл АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сарапшылары айтқан 2015 жылға қарай Ресей 6 немесе 8 мемлекетке ыдырап кетеді деген пікірінің шындыққа айнала бастағанының көрінісі шығар.

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520