Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8472 0 пікір 3 Қыркүйек, 2015 сағат 19:22

ДІНИ АҒЫМ. АДАСҚАН ҰЛДЫҢ АБАҚТЫДАН ХАТЫ

Дін – тым «кірпияз» тақырып. Дін мәселесін айтқанда абай болғанымыз жөн. «Өз елімізде дұрыс діни білім бермейді, діни білімді шетелден алу керек» деп шекара асып, дінді саясаттың құралы еткісі келетін діндарсымақтардан теріс білім алып, елімізге оралғаннан кейін радикализмді насихаттап жүрген қаншама жастар бар. Олар осы әрекеттері үшін түрмеге қамалып та жатыр. Артынан адасқанын түсініп, беті бері қарап жатқандары да бар. Сондай жастардың бірі - Орал қаласындағы түрмеде жатқан Мирас Еспаев. Ол өзінің қателескенін мойындап, өзі қатарлы жастарға сабақ болсын деген ниетпен түрмеден хат жазыпты. 

«Мен такфирдің өте күрделі мәселе екенін және ол туралы оқыған адамнан басқа кісінің пікір айтуы қателік екенін соңынан білдім. 2002 жылы дінге бет бұрдым. 2005-2007 жылдары негізгі білімді Мысыр елінде алдым. Қосымша араб тілін оқытатын курста оқып, жерлесіміз Ринат Зейнуллиннен діни дәріс алдым. Біз оның дәрісінде жиһад пен адамдарды күпірлікпен айыптау тақырыбын талқыладық. Алайда менің өмірім өз еліме, Орал қаласына келген соң күрт өзгерді. Сырт елде теріс идеологияны үйренгеннен кейін, мен Орал жастарымен танысып, «мұсылман, мұсылман емес» деген тақырыптарды талқылап, намаз оқымаған адамдарды кінәләй бастадым. Бұған басты себеп – шетелде оқып келгенімді көрсетіп, жамағаттың ішінде өзімді ерекше көрсетуге деген ұмтылыс болды. 2007 жылы үйленіп, Мысырға қайтадан оқуға бардым. Сол елде қайырсыз шейхсымақтардан білім алған соң, шатасуым одан әрі күшейді. Мен кейде өткен істеріме өкініп, «мұны қалай тоқтатуға болады?» деп ойланамын. Бүгінде мен үшін ең бастысы – адасқан, өзім шатастырған азаматтарға дұрыс бағыт көрсету. Мұхаммед пайғамбарымыздың «Алла өз құлына қандай да бір ауруды жіберсе, оның емін де қоса берген» деген хадисі бар. Сондықтан ең бірінші адасқан адамның қателігін түсіндіру үшін исламды терең білетін ғалым, оқыған мамандар онымен сөйлесу керек деп ойлаймын. Маған уақытында ешкім олай айтпады. Айтқысы келген теолог мамандардың сөзін құлаққа қыстырмадым. Оларға жеккөрініштікпен қарадым. Түрмеге түскен соң ғана нақты шынайы өмір туралы ойлана бастадым. Бұл менің қорлық көргенімнен емес, «түрмеге түскенде баяғы бауырларым неге қасымда болмады, ислам діні қарыштап дамып жатқан елде егер мен ұстанған жол шынайы құндылық болса, неге түрмеде отырмын?» деген ой мазалайды.
Бәрін ойлана келе, асыл дінімізді дұрыс түсінбегеніме өкінем. 
Жастар неге адасады? Себебі – олар діни сауатсыздығы өз алдына, басқа ғылым жағынан да түк білмейді дер едім. Сондықтан оларды еліктіріп, ілестіріп әкетудің түк қиындығы жоқ. Мұхаммед пайғамбарымыз өз хадисінде (харажиттер және такфирлер жөнінде) «Олар жастар және ақылы кем болады» деген. Айтқандай, олар, біріншіден, оң-солын білмейтін жас, екіншіден, ақымақ әрі надан дер едім. Үшіншіден, ата-ана, үкіметке бағынуды білмейді, соның кесірінен жастар әке-шешесін көзге ілмей, жүрген жолдарын жасырып, олармен ақылдаспай, өз бетімен жиһадқа кетіп жатыр. Олар өз идеяларын жақтамағанның бәрін кінәләйді. Олардың арасында дінді жақсы білетін ақылды адамдар жоқ. Егер «мен бәрін білемін, менің діни сауатым бар» деген адам дін жолындағы ғалымдарға белгісіз болып шығады. Ғалым өзін төңірегіне мойындатса ғана ғалым. Бір хадисте «Ақырзаман жақындағанда адамдар өздеріне басшы етіп, қара халықтың ішінен надан адамды сайлап алады» делінген. Олардың басшысы өздеріне Әбу Бәкір әл Бағдади, Әбу Мунзир Шанкити деген ат қойып алады, сондықтан олардың шыққан тегі кім, қай оқымыстыдан білім алғаны белгісіз. Қарапайым білімсіз, надан адамдарға ол есімдер ерекше әсер етіп, оның ар жағында қандай адам тұрғанын аңғармай қалады. Ал кейбіреулерге, сыртқы дұшпандарға еліміздің бейбіт өмірі мен гүлденуі ұнамай, ел арасына іріткі салып отырғаны анық. Жастарды ғаламтор арқылы өздеріне тарту олар үшін ең тиімді әрі оңай жол. Елімізде бүлік тудыра алмаған олар жастарымызды халифат жарияланған жерлерге шақыра бастады. Соғыстың қайнап, қантөгіс болып, бейкүнә адамдар ажал құшып жатқан жерге әйелі мен баласын бірге әкетуге жастарымызды олар қалай үгіттейді? Бұл сұраққа жауап табу қиын. Бірақ шындықтың аты – шындық. Жесір қалған қазақ әйелдерін олар күйеуге беріп, балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездікке үйретіп, күнәсіз сәбилердің қолдарына мылтық беріп, соғыс тәсілін үйретеді. Бұл қазақ балаларының болашағы не болмақ? Ғаламторда біздің қаракөздердің адам басын алып, оларды тірідей өртеп, атып жатқанын көрсететін бейне – фильмдер қаптап кетті. Оның артында халифаттың атын жамылған антұрған адамдар тұр. Олар ислам дінін келемежге айналдырғанын өздері де білмейтін тәрізді. Бірақ Алланың әділдігімен «мың асқанға – бір тосқан» болатыны анық. Мен соған сенемін.
Енді олардың қателіктеріне тоқталсақ, біріншіден, қайдан келгені, кім екені белгісіз біреудің алдында ант беру нағыз надандық пен ақымақтық. Екіншіден, Әбу Бәкір әл Бағдади сияқты адамның, тіпті ол ислам қағидаларына сай болмаса да, аузынан шыққан әрбір бұйрығын мүлтіксіз орындау. Оған шариғатқа мүлде жат әрекеттер: адам өртеу, адам басын шабуға балаларды мәжбүрлеу, тыңшылық әрекетке деген күдікпен адамдарды тергеу және сот үкімінсіз ату жазасы сияқты бұйрықтар кіреді. Айналып келгенде, біз бұдан олардың өз ішінде соғысып жатқанын көреміз. Жалған халифатқа қосылғысы келетін жастарға қандай шара қолдануға болады? Жиһадты бұрмалаушылардың шын бетпердесін ашуда ислам ғұламаларының сөздерін келтіріп, бұл тақырыпқа қатысты жастарға дәріс оқу және құран курсын ашып, фикқ (ислам құқығы), араб тілін үйрету керек. Бұл жерде жастар исламның негіздері, такфирдің қаупі мен ол әкелетін залалдар, жиһадтың түрлері туралы терең білім алуы тиіс. Ғалымдармен ғаламтор және телефон арқылы байланыс орнату арқылы ең өзекті мәселеге жауап алып, оны жастарға жеткізу, осы тақырыптарға бейнеролик түсіру керек. Әрине, адасқан жастарымызды дұрыс жолға салу үшін тер төгуге тура келеді. Мен осы хатымда такфир идеологиясының шектен шыққан өкілдерінің сипаттарын келтірдім және теріс ағым такфир мен жалған жиһадшылықпен күресудің жолдарын айттым. Бұл менің басымнан өткен жағдайдан кейінгі түйгенім. Әрине, басқалардың ой-пікірі менікінен бөлек болуы да мүмкін, алайда ең соңында ойларымыздың бір ортаға түйісері анық. Ондағы мақсатымыз – адасқан жастарымызды дұрыс жолға салу және елімізде тыныштық пен келісім салтанат құруына ат салысу», – дейді адасқан бауырымыз өз хатында.
 

Мирас Еспаев еліміздің Қылмыстық Кодексінің 164-бабы, 2-ші бөлімі діни араздықты қоздыру бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, бүгінде Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп отыр. Өзінің қателескенін мойындап, діни сауатсыздығының зардабын тартып отырған бұл азаматтың өмірбаянынан көп өзгешелік таппайсың. Өз елімізде білім алған, ағайындарының ортасында өскен Мирастың дінге деген қызығушылығы оянып, алғашқы білімді ғаламтор арқылы алған. Кейін Мысыр елінде Исламды теріс түсінген азаматтардан тәлім алып, Орал қаласында діни уағыз жүргізген болатын. Ол дінді дұрыс түсінбегеніне, шетелдегі жалған шейхсымақтардың әдемі сөздеріне алданып қалғанына өкінеді.

«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп Абай атамыз айтқандай, осындай жастарымыздың орда бұзып, халқына, еліне қызмет ететін шағында шатасып, темірторға қамалып жатқаны жанымызға батады. Біз бұл хатты жариялай отырып, адасып жүрген, ақиқатқа көз жеткізбей, «көлденең көк аттының» соңына еріп, ғаламторды өзіне серік еткен бауырларымыз ойланса екен дейміз. Ең бастысы, ұлтымыздың береке-бірлігі жойылмасын! 

 

Дайындаған Ұлдай САРИЕВА, 
Батыс Қазақстан облысы
 

Түпнұсқадағы тақырып: Түрмеден келген хат

"Жас қазақ" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377