Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Әдебиет 8091 0 пікір 3 Шілде, 2015 сағат 15:44

ЖҮРЕК ТАЗА БОЛСЫН (Толық нұсқа)

Есенғали Раушановтың сұхбатынан кейін туған ойлар

Бір мақалы бір хиссаға жүк болған қазекемнің: «Елу жылда ел –жаңа, жүз жылда – қазан», дегенін жігіт шақтағы миыма салып көрмеген екенмін, соны шал шағымдағы миыма салуға тиіс болып, соңғы бес-он жылдағы мақала атаулымды сол ыңғайда мазмұндап, қаузап, тақырыбын тапқан болып, хал-қадаріміше жазып жүрмін. Өкінішім жоқ сияқты. Тек бір таңданысым бар. Ол - алыс-жақындағы қарапайым оқырмандардың біразы тіпті телефон шалып, сәлем беріп, қай мақаламды оқығанын атап, қай ойыма разы болғанын, қай ойымды қалайша толықтыра түсу жөн боларын айтып жүрсе, Алматының ыс-ауасын бірге жұтысушы жазушы, журналшы ағайындар, тіпті кездесе қалғанда да, ләм демейді. Әлде оқымай ма, немесе, оқыса да, ішіндегі қызғаныш деген қызыл итін үргізіп тұра ма, әлде немкеттілік деген пәлекет оған да жайдақ мініп алған ба?..

Десем де, қоғамдық толқыныстағы қазақ тілі мәселелеріне қатысты мақалаларымды оң бағалап, жүрек сөзін айтқан бір адам баршаға аян тілші ғалым, академик Сыздықова Рәбиға апайымыз болды!

Жә, мынау сауалдарыма кейінірек жауапты да өзім қайтарып көрермін, оған дейін әңгімемнің әліпбиіндегі мақалға тоқталу себебімді паш етейін. Меніңше, бұның ауанына біздің бүгінгі тірлік қиғаш. «Тәуелсіздік» деген тәтті сөзді кепкен құрттың малтасынша екі ұртымызға кезек жүгіртумен елу жылдың жартысын өткіздік, ал ел жаңарды ма? «Жаңару» жақсылыққа айтылады десек, өз басым қазақтың көне «Ақмола» қаласы жаңа «Астана» қаласы болып жаңарды деп қана айтар едім. Соның өзінде, көлемі қаншама өскен, әлі де өспек оның ұланасыр құрылысында ежелгі Шығыс сәулеті менмұндалап тұрған ғимарат жоқ. Тендер дейтінде асығы алшы түскен шетелдік құрылыс компаниялары өздеріндегі ғимараттардың бір-екеуінің көшірмесін әкеліп қондыра салады. Бәрін тізбей-ақ, Парижден келген Лувр шатыршасы мен Арканың айқайлап түрғанын айтсам, «Аркамыздың» маңдайына «Мәңгі ел» деген сөзді жапсырып мәз болдық. Құран Кәрімде: «Құдай ғана – мәңгілік» деген қағида бар. Қып-қызыл атеизмнен (құдайды жоққа шығарушылықтан) аппақ мұсылмандыққа көшкен ширек ғасырда президенттен етікшіге дейін бәріміз құдайды хақ тұтпай сөйлемейтін болып алсақ та, «мәңгілік ел» деген сөзді желқомға айналдырып жібердік. Яғни Қазақ Республикасын оның байырғы тұрғыны – қазақтың елі етіп жаңартуға Астанадан ұзамайтын қазіргі сықпытымызбен елу жыл емес, жүз жыл да жетпей ме деп қауіптенемін. Бір сәткі көңіл жұбанышым: бұл «мәңгілік елдегі» бүгінгі немкетті билік жүйесі мәңгілік бола алмас, алдымен халықтың мүддесін ойлар, елдің дізгін-шылбырын «құдайдың бір аты – халық» екенін білетін Тұлғалар ұстар деймін.

Мақалдағы «қазанға» келсек, ол жүз жылда емес, жиырма төрт жылда «жаңарып» шыға келді. Республикалық ресми есеп-қисап мекемеміздің мағлұматынша, Қазақстан 2014-2015 маркетинг (базарлық қажеттілікті есептеу) жылында Ресейден 700 мың тонна бидай сатып алыпты. Белоруссия бастаған он шақты шет елден біз жылда сатып алып жүрген еттің салмақ мөлшері біз сататыннан екі жүз есе көп екен. Дүкеніміз бен базарымызда шет елдердің удай қымбат азық-түліктері лықа толы. Қазанымыздың «жаңарғаны» сол емес пе?!.

Сонда біздің баспасөзде: Қазақстан пәлен елге пәлен тонна бидай сатты, түглен елге түглен тонна ет-сүт саттылап, әрқайсысында он тоннаның маңайын майқандап жүргеніміз жұртшылығымызға «өзіміздің бай екенімізді» көзбояушылықпен жарнамалау емей немене? Соңғы он жылда үкімет ауыл шаруашылығымызды қалпына келтіруге жүздеген миллиард теңге бөліп, парламент арқылы заңдастырды, ал сол қыруар қаржының қаншасы ауылға жетті, қаншасы құлқынға кетті? Көркейген ауыл жоқ, жүзден бірі болмаса. Бюджетінен бөлген соманы түгендер үкімет те жоқ.

Жарнамалау дегеннен шығады, биліктің жаршысына айналған гәзеттердің құлаш-құлаш мақалаларының тақырыптарына көз жүгіртсең, Қазақстанның қазірде-ақ анау да мынау жетістігімен күллі әлемге үлгі ел екенін сүйіншілеп айтып жатқанын көресің. Оларға сенсең, Қазақстан дүниежүзілік: экономика, мәдениет, дін, саяси даму, демократия, бейбітшілік, бірлік, достық орталығына айналып қалыпты. Айтпақшы, бұл күнделікті гәзеттердің алғашқы 2-3, кейде 4-5 беті президентіміз Н.Ә.Назарбаев мырзаның аяқ-қолын жерге тигізбей мақтаған мақалаға, оның фото-суретіне толы болады. «Мың жылда бір қайталанатын Тұлға», «Әлем біздің Елбасымыздың көрегендігін мойындап отыр», «Әлемде Н.Ә.Назарбаевсыз шешілетін мәселе жоқ», «Қазақтың бақытына туған», «Алты алаштың асылы», «Әлемдік Тұлға»... деп кете береді. Талпына бастаған балаға ойыншық көрсетіп қызықтағандай ма, әлде осы теңеуім құлағына жетсе, Нұрекең есіне ала жүрер деген бақайесеп пе, әйтеуір, менің күлкімді келтіреді. Күлемін де: «Япыр-ай, Нұрекең бұларды көріп-біліп жүр ме екен, жоқ па екен? Көріп-біліп жүрсе, бұл желкөбік мақтаудан неге жиіркенбейді? Әлде өзіне ұнай ма екен?» деп ойлап қоямын. Әй, ұнайтын болғаны-ау

Иә, біздің «мәңгілік ел»: мипалау мақтанның, жылмағай жалған мәліметтің, жансыз жағымпаздықтың еліне айналды-ақ. Осы қым-қуыт құбылыстарға қалам түйреп келе жатқаныма жиырма жыл болыпты. Жазғанымның жиырмадан бірін атасам: «Жағымпаздықтың желкенін жел керіп тұр» («Ақ жол» гәзеті, 2004-жыл), «Қашанғы жем бола бермек?» («Қазақстан», 2007-жыл), «Жөні түзу жүйе жоқ, жүйені түзете алар ие жоқ» («Жас алаш», 2012-жыл), «Астанада күнде жиын, күнде той» («ДАТ –ОП», 2015-жыл), т.б. Олардың бәрінде де біздің қоғам майы күйіп біткен ағаш арбаға ұқсап барады деген ақиқат айтылды. Апырым-ау, бүгінгі қоғамда бұл жанайқайымды оқыр көз, естір құлақ қашан болар екен, Жазушылар одағымыздың мүшелерінен Софы Сматаев пен Қабеш Жұмаділовке, Иран Ғайып пен Тұрсын Жұртбайға, Талғат Айтбайұлына қосыла кім үн көтерер екен деп екідай бола жаздап жүргенімде көрнекті ақын ініміз Раушанов Есенғалидың «Өтірік айтпауға, ақиқатын айтуға бел будым...» деген сұхбатын оқып («ДАТ-ОП», 25.06.2015), айызым қанып, серпіліп қалдым. «...Қоғам өзгерісті күтіп тұр. Іріп-шіріп, иісі шығып, мүңкіп тұрған қоғам. Ол өзгермей, ештеңе өзгермейді... Алпысқа аз қалды. Оның арғы жағында пайғамбар жасы тиіп тұр. Сондықтан мен енді өтірік айтпау керек, тек шындықты айту керек деп шештім. Өлеңде өтірік айтпайтын едім. Енді өмірде де өтірік айтпауға, ақиқатын айтуға бел будым» депті. Бәрекелді! Азаматтың жүрек сөзі!

Өз басым Есенғалидың сұхбатынан бірде-бір пікірді алып тастауға болмайды, қайта үстеуіміз керек деймін. Өз тарапымнан қосарым – әдебиет ауылының, әдебиетшілердің тірлігіне қатысты бірер сөз.

Әдебиет саласындағы Мемлекеттік силығымыз әу бастан саудалы болған. Силықты ұйғарар комиссияның бастығы қай жүздің адамы болса, иегерлер де көбінесе сол жүздің ақын-жазушылары болып жүргеніне көзім жеткен соң, егер жаңылыспасам, 1988-жылы республика Министрлер Кеңесіне хат жазып: комиссия құрамы үш жүздің және ұйғыр, орыс, неміс, корей қаламгерлерінің көпшілікке белгілі өкілдерінен құралып, саны жетеу болса, сол жетеді, одан көбейтудің керегі шамалы. Бастығы солардың өзара ұйғарымымен сайланса жөн болар еді. Үш жүзден, мысалы: Сәкен Жүнісов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевты ұсынар едім. «Үш жүз» дегеннен секемдену жарамас, ол қазақтың тарихи құрылымы. Ал комиссия мүшелерінің құрамы үш жыл сайын жаңартылып тұруы керек» дедім. Ол әрекетіме «Егемен Қазақстан» гәзетінің бүгінгі егесі Әбдірахманов Сауытбек мырза куә. Хатыма жауап екеуіміздің әңгімелесуіміз болған. Ол Министрлер Кеңесінде аға референт, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары еді.

Бір күні іңірде маған Қуандық аға Шаңғытбаев телефон шалып: «Әй, «Тахауи», біраз әңгімелесуге уақыт тап та, маған кел!» деді, әдетінше күле бұйрық беріп. Көрші тұратынбыз. Бардым. Сонда айтқан әңгімесі мынау:

-Бағана жазушы ініміз (пәленбай) келіп кетті. Оның Абай туралы кітабы мемсилыққа ұсынылғанын, ал менің бұл жолы комиссия мүшесі болғанымды білесің. Ол өзін жақтап дауыс беруімді өтініп бүлкілдеп сөйлегенде, құдай-ай, менің көңілім босап кетті. «Айналайын, болды, бара ғой, кітабыңды оқиын, көрейін, бара ғой», деп әрең құтылдым. Содан он-онбес минөттен соң бөлмесінен шыққан жеңгеңнің кухняға кіріп шам жағып: «Қуан, мынау не? Кімдікі? Сен әкелдің бе?» деп біртүрлі дауыстағанына таңдана барсам, жеңгең қоңыр клеенко сөмкеге үдірейе қарап тұр. «Бұл не? Менің де көріп тұрғаным осы» деп, сөмкенің аузын ашып қалсам: дөңгеленген қазы, бір коньяк, бір шампан!.. Әлгі келіп шыққанның маған берген парасы екенін сезе қойдым. Жеңгеңе айттым. «Құрысын, құтыл мынадан!» деп ол ыршып түсті. Өзіме де жиіркенішті болып еді, астыңғы этаждағы інімізді дереу шақырып алып: «Мынау - елден келген сәлем-сауқаттан сарқыт» деп құшақтатып жібердім.

-Түуһ, Қуан аға-ай, ол қазыны былқытып , коньякты ашып қойсаңыз ғой, екеуіміздің әңгімеміз жарасар-ақ еді! - деп әзілдедім.

-Әй, «Тахуи», ұмыт оны! - деп қолын сілтей күлді.

-Қап, бекер өйткенсіз, оған бәрібір дауыс бересіз ғой...

-Жоқ, бермеймін! Осы жолдан кейін комиссияларынан шығамын. Бағанағыдай кезбелер алмай қоймайды деп естіген едім, рас болар, кетсін ары!

Қуан аға аты-жөнін атаған , ал мен «пәленбай» деп отырған жазушы осыдан екі жыл бұрын өмірден озды, аты-жөнін айтпағаным - жамбасын қозғағым келмегені. Ал Қуан ағаның бізді кейде «Әй,Тахауи» деп атауы құрдас досы, аңқылдап жүретін Тахауи Ахтанов ағамызды әзілмен іліп-шалып жүруінен туған сөз сыралғысы еді.

Сол жазушы Мемсилықты алды. Қуан аға комиссиядан безді. Ал арада екі ай өте бере мені Абайдың Алматыда тұратын шөбересі Ищағы апай шақырып телефон шалды. Маған дайындаған сөзінің тоқ етері:

-Абай атам туралы мына кітапты шығарған, осы үшін силық алған жазушыларың ұятсыз екен! Менен рұхсат сұрап келіп, майда қоңыр дауыспен сыпайы сөйлеп, кітабын силап кеткен соң, көзім ауырып мазам кетіп жүрсе де, екі күнде оқып бітірдім. Ой, алла-ай, жазғанының жартысы өтірік! Мен атамның өмірін жақсы білем ғой, бауырында өстім. Ой. алла-ай, өтірік толы кітабын маған силағанын айтсаңшы, «шіркінде ес болсашы сезед деген»! Міне, қарашы, өтірікті айтқан жерлерін қарындашпен белгілеп қойдым, сен ал да, жаз, жазу керек, тіпті ұят, ұят!.. Өзім жазар едім, қиыстыра алмаймын.

-Апай, ренішіңіз орынды, иә, жазу керек, өтірігін әшкерелеу керек, бірақ мен арғы күні Көкшетауға жол жүремін, онда екі апта боламын. Сізге, апай, қазір бір-екі журналшы-жазушы жігіттердің аты-жөндерін, телефондарын жазып берейін, хабарласып, шақырып алып әңгімелесіңіз, түсіндіріңіз, жарай ма? - дедім. Апай келісті. Алайда нәтижесі болмады. Жолсапарымнан келісімен Ищекеңмен хабарласып едім: «Жазатын жігіт келген... мен ойланып жүрмін... өзім хабарласармын » деді, біртүрлі селқос сөйлеп. Хабарласпады.

Мемлекеттік силық комиссиясының жұмысындағы ала-құлалықтан және бір дерек.

«Мөлдір тұма» жыр жинағынан бастап оннан астам кітаптің авторы болған, поэзиямызға, әдеби сынымызға, прозамызға, аудармамызға, әдебиет ғылымымызға аса мол еңбек сіңірген Асқар Құрмашұлы Егеубаевтың кім болғанын ертеңгі танымпаз да әділ әдебиетші, талғампаз оқырман ұрпақ айтар. Оны бүгінгі біз танымадық, танығымыз келмеді. Оның шығармаларын бүгінгі біз оқымадық, оқығымыз келмеді.

2002-жылдың республикалық Мемлекеттік силығына Асқардың жаңа өлеңдер кітабы ұсынылды. Ол бір ғана жинақ емес еді, оның қапталында ұлы бабамыз Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны тұрған. 600 беттік кітап! Көне түрік тілінен қазақшалаған –Асқар. Ескерілмеді. Силық берілмеді.

2004-жылғы силыққа келесі жаңа жырлар жинағы ұсынылды. Ол да бір ғана кітап емес еді, оның қапталында ұлы бабамыз Махмұд Қашқаридың «Түрік тілі сөздігі» тұрған. 3 том. Жиыны 900 бет! Көне түрік тілінен қазақшалаған –Асқар. Ескерілмеді. Силық берілмеді.

Асқардың ақындық, аудармашылық ғажап еңбегіне Мемлекеттік силық жөніндегі комиссияның бірде-бір мүшесі бірінші жолы да, екінші жолы да назар аудармады. «Күбірлегенді құдай естімей ме?», силықтан жаным садаға деп жанталасқан пысықайлар назар аударуға мұршаларын келтірмеген де шығар. Сөйтіп, мәртебелі силық комиссиясының айтулы мүшелері Асқарға қиянат жасады. Сол әділетсіздікке шыдай алмадым да, комиссияның академик мүшесі Зейнолла Қабдолов ағамызға телефон шалып: «Әдебиетті қашанға дейін жалпақшешейлікке жем етесіздер?" деп қатқыл сөйледім. Зекең қалайда шаршаңқы үнмен: «Ғаббас-жан, түсіндім... қайтейін, ұсынылғандар шәкірттерім болады да, ешқайсысын сызбаймын» деді. Мен: «Осы наразылығымды қағазға түсіріп, поштамен жолдаймын, мүмкін жауап берерсіз?» дедім. «Жолдай ғой» деді. Сол күні жібердім. Егер сақтаса, мұрағатында жатқан болар.

2006-жылдың силығына Асқардың соңғы жаңа өлеңдер жинағын ұсыну ұйғарылды. Ол да жалғыз кітап емес-ті, оның қапталында жауынгер жыршымыз Махамбет Өтемісұлы шығармаларының 4 томы тұр еді. Академиялық басылым талабына сай етіп, тұтас бір ғылыми-зерттеу орталығының міндетін бастан-аяқ жалғыз өзі атқарған – Асқар!.. Сірә, «арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді», ол жолы Жазушылар одағының поэзия секциясы анау комиссиядан кем түспеуге құмартса керек, Асқардың кітабын өздерінен жоғарғы талқыға жібермей қойды.

Қашан, қайда болсын, іштарлық та – ем қонуы екіталай дерт.

Ұсқынсыздықтың сол бір көріністерінен соң бізде әдебиетті силау, ақын-жазушыларымыздың еңбегін адал бағалау жоқтығын түсіндім...

Сұхбатында Есенғали айтқан «Дүрменде» мен бұдан 25 жыл бұрын бір ай жатқанмын. Шығармашылық үйдің сол кездегі қалпы әлі сақтаулы екенін естіп, өте разы болдым. Өзбек ағайындардың Ислам Каримовты әспеттеуі орынды. Ол – халқының мақсат-мүддесін қадірлеп жүрген басшы. «Өз күніңді өзің көр!» деген нұсқауы жоқ. Біздің кейбір жалбақайлар Ислам аканы, Өзбекстанды кемсіте сөйлеп, босқа арамтер болып жүр.

«Дүрмене» демекші, осыдан бір апта бұрын өзіміздің Шығармашылық үйге бардым. Әдейілеп емес, сол маңда тұратын Серік аға Қирабаевтың үйінде болып, шыққан соң жолай соқтым. «Аль Фараби. Һотел» деп тұр. Есігі көзінде қытай ма, корей ме, - біреу өз тілінде шүлдірлеп: «капинет, капинет» деп, саусақтарымен әлдебір цифрды көрсетіп бақты. «Е, бұлармен сөйлесіп қарық болмаспын» деп жөніме кете бардым. Ау, Шығармашылық үйіміз қашаннан бері және кімдердің мейманханасы? Кімдерге, неше жылға жалға берілді? Әлде Жазушылар одағының құзырында емес пе? Жұмбақ.

Есенғалидың сұхбатында: «...Менің бір таңғалатыным – «менікі дұрыс болмады-ау» деген түсінік жоқ бізде. Халықтан кешірім сұрау жоқ» деген және Мұхтар Шаханов жайында: «Ал Мұхаңа келсек, ол кісі шаршаңқырап жүр ғой деймін. Жоқ, дұрысы, ол кісіні шаршатып жүрген болуымыз керек» деген пікірлер бар екен. Оларын дұрыс-бұрыс демей, өзімнің «кейін бір айтармын» деп жүрген сөзіме жол берейін.

Өкінішке қарай, бізде алай да былай ыңғаймен атағы дүркіреген ақын-жазушылардың қайсыбірінде басқалар көзін ашқан бұлақты иемденіп жүре беретін, түгленшекең ашып еді дегісі келмейтін арзан әдет бар. Ондайды, мәселен, Олжас Сүлейменовтен байқағанмын.

Кесапаттығымен әйгілі Семей атом полигонын жаптыруды көздеген жанпидалықпен 1989-жылы 20-ақпанда Кремльге, М.Горбачевке хат жазып, полигонның түтіні өшуіне зор еңбек сіңірген Азаматтың – Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевтың қажыр-қайратын президент Н. Назарбаев 1963-жылы оны жасының алпысқа толуымен құттықтауында былай бағалады (түпнұсқасынан үзінді):

«...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия...».

«Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының жетекшісі О. Сүлейменов те құттықтады (түпнұсқасынан):

«... Вся Ваша жизнь – это добрый и назидательный пример для молодого поколения... В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера..».

Президенттің сол пікірін өзгерткен-өзгерпегенінен дерегім жоқ, ал Семейге, К.Бозтаевқа президенттің айтуымен көмекке барған Олжастың кейін, Кешірім марқұм болған соң, жалын күдірейтіп шыға келгеніне бірінші куәмін.

Кешірімнің ерлігі айтылмайтынына таңданып жүрдім де, 2005-жылы тек деректі арқау еткен мақала жаздым. «Жас алаш» және «Централ Азия монитор» гәзеттерінде шықты. Сол-ақ екен, Олжастың қарсы ұша мақала жазып («Казахстанская правда» гәзетінде): «Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели» деп, Кешірімнің аруағынан аттап кеткені ғой! Мұсылмандыққа, жалпы адамгершілікке жат сол сөзі үшін К.Бозтаевтың аруағынан кешірім сұраған да, сұрайтын да Олжас жоқ.

Сондай-ақ, «Адамға табын, Жер, енді!» деп, Жер-Ананы баласына бас идірмек болған саяси бояулы астамшылдық жырымен атағы шыққан ақын кейінде өзі құрған «Невада-Семей» қозғалысын акционерлік қоғамға айналдырып, Семей полигонынан тауқымет тартқандарға жәрдем жасау қорын ашты. Қор айналасы үш жылда миллиардтаған доллар қаржы жинап алып, тауқымет тартқандарға 1 доллар да берместен өзара бөліске салды. Бүгінгі анау миллиардерлер - Машкевич, Шодиев, Ибрагимовтің сол «жылы ұядан түлеп ұшқандары» баршаға белгілі. Сол жемқорлық үшін халықтан кешірім сұраған да, сұрайтын да Олжас жоқ. Оны шашбаулап жүргендер: «Ақын ғой, сенгіш болып, білмей қалған» деседі. Олай емес. Олжас бәрін де көріп-біліп, топ ортасында жүрді. Жұртшылықтың дабылымен Қаржы министрлігінен тексеруші комиссия барысымен Н. Назарбаев мырзаға жұмыс істеулеріне бөгет болар комиссиядан құтқаруды өтініп жазған хаты бар.

Ал Мұхтар Шахановтың 1986-жылғы Желтоқсан тарихында жекебатыр болып қалғысы келетіні жарасымды емес. М. Горбачевтің лаңымен болған ол қанды оқиғаның себеп-салдарын тексеруді алғаш талап еткен адам – Михаил Иванович (Хакім Тілегенұлы) Есенәлиев.

1988-жылғы 4-маусымда Қазақстан КП Орталық комитетінің пленумы болды. Күнтәртібінде: СОКП Орталық комитетінің Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы шешімін талқылау. Әрине, алдын ала берілген бағыт бойынша, ол шешім бірауыздан мақұлдануы керек. Баяндамашы да, сөйлеушілер де қия баспады. Ол басшұлғушылыққа көнгісі келмеген Есенәлиев – ОК мүшелігіне кандидат, Сыртқы істер министрі – президиумға жазба жіберіп, сөз сұрады. Бермеді. Сәлден соң орнынан атып тұрып, баршаның көз алдында дауыстап сөз сұрады. Президиум иелері бұлталақтап, сөз бермеуге тырысты: «Жарыссөзді тоқтату туралы ұсыныс түсті» десті. Сол әредікте Қызылорда облыстық партия комитетінің 1-хатшысы, ОК мүшесі Еркін Әуелбеков түрегеліп: «Орталық комитеттің мүшелігіне кандидат, Сыртқы істер министрі Есенәлиев жолдасқа сөз бермеу деген неткен жөнсіздік?! Бейбастақтық болмасын, Есенәлиев жолдасқа сөз берілсін!» деп батыл талап етті. Сөйтіп, Михаил Иванович мінберге көтерілді. Қысқасы, ол СОКП Орталық комитетінің шешімін сол күйінде қолдамайтынын айтты. «Мәскеудің өкілдері екі күн болды да кетті. Оқиғаның мән-жайын білмегендіктен үстірт қорытынды жасады. Ал сіздерге не болды? Тың игеру басталғаннан бергі 34 жыл ішінде қатардағы агроном мен инженерден Орталық комитеттің мүшесі дәрежесіне жетіп отырсыздар ғой? Мәселенің мән-жайын біліп, ақ сөйлеудің орнына, міне, біржарым жыл болды, ауыз ашпай жүрсіздер» деді.

Біздің партиялық қожайындарымыз жыланша жиырылды.

Партия кеңселерінің тым-тырыс болуы төзімін тауысқан соң, Мәкең 1989-жылғы 25-көкекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында жасаған депутаттық сауалнамасында былай деді (түпнұсқасы):

«Прошу на очередной сессии Верховного Совета доложить депутатам о физических и моральных последствиях по результатам «наведения общественного порядка» после известных декабрьских событий 1986 г. Прошло более двух лет, но не только общественность, даже члены ЦК Компартии Казахстана и депутаты Верховного Совета республики в неведении: сколько человек исключены и наказаны в партийном и комсомольском порядке, сколько отчислены из учебных заведений и освобождены от занимаемой должности, сколько осуждено, не говоря уже о точном количестве погибших. Выявляя «белые пятна» 30-х годов, не следует создавать новые в 80-х годах. На сегодня же о последствиях декабрьских событий информированы только: Г.В.Колбин, В.М.Мирошник, Н.Г.Князев, В.И.Ефимов и, возможно, кто-то из бывших или настоящих членов Бюро ЦК Компартии республики. Поэтому вношу предложение создать авторитетную депутатскую комиссию, в составе которой будут представители общественности. Ей представить необходимые документы и объяснения товарищей, сопричастных к указанным событиям, затем об их заключении доложить сессии Верховного Совета республики и Пленум ЦК Компартии Казахстана. Для чего это нужно? Дело в том, что первые официальные сообщения воспринимаются с большим сомнением сейчас, по истечении времени. Среди интеллигенции и молодежи вузов нарастает волна недоверия к прежней информации. Это может привести к непредсказуемым последствиям. Полагаю, что лучше разобраться сначала самим, чем делать это под давлением общественного мнения. Тогда уже любые честные, справедливые заключения и выводы будут подвергаться еще большим сомнениям, т.е. надо принять меры и снять боль, не превращая ее в нарыв.

Прошу текст данного депутатского запроса срочно передать членам Президиума Верховного Совета республики, поставить в известность Государственно-правовой отдел ЦК КПСС».

Азамат, Батыр ғана айта алар сөз ғой бұл?!.

Әлбетте, сауалнама тура биді керек етпейтін билікке жақпады да, екі аптадан кейін М. Есенәлиевтен зейнетке шығуды талап етті.

Комиссия болса, ол үш айдан кейін, 27-шілдеде, Жоғарғы Кеңестің сессиясында бәрібір құрылды. Әуелі Қадыр Мырзалиев, содан кейін Қадыр мен Мұхтар тең төраға болған комиссия.

Ол комиссияны құру жөніндегі ұйғарымның негізінде Есенәлиевтің партия пленумындағы сөзі, мына сауалындағы талабы жатқаны даусыз, бірақ оны сол тұстағы шенеуніктер айтпады. Бүгінде де айтпайды. «Әркімнің бір есебі бар».

М. Есенәлиевтің сырласы болған мемлекет қайраткері Кенжебаев Сағындық ақсақал Мәкеңнің мына депутаттық сауалнамасын кеңіте мақала жазып, «Правда» гәзетіне жібергенін, бірақ ақиқатты керек етпеген ондағылар жарияламай қойғанын «Саясат шыңырауындағы шындық» деп аталған естелік-мақаласында паш етті.

Ал Мұхтардың КСРО халық депутаттар құрылтайында Кремльдің мінберінен қасқайып айтқан сөзінің де бастауы жоқ емес. М. Есенәлиевтің мына сөзі жадымда: «Біздегі әсіресақ жағымпаздардың Желтоқсан туралы жақ ашпасы белгілі болды. Сонсоң Еркін Әуелбеков басқаша қимылдауға көшті. КСРО халық депутаттарының алда болатын құрылтайында делегат жігіттеріміздің бірін Кремльдің мінберіне шығарып, Желтоқсан туралы сөйлету қажеттігін айтты. Ол «Алаш» партиясының бір лидері Рашид Нұтышевты қарт қаламгер Кәрішал Асановқа жұмсайды. Саяси өткелектің талайын көрген кісімен ақылдасып, сөйленер сөзді әзірлеңдер дейді. Әділдік іздей Қонаевпен де шайқасқан, дізе бүкпеген Кәрішалды білетін шығарсың. Ол: - Мен тезисін жазайын, алып-қосуды өздерің біліңдер. Оны Одаққа мәлім адамдарымыздың бірі оқыса жарар еді, - дейді. Еркін ол сөзді құрылтай да депутат Олжас Сүлейменовтің оқуын қалайды, бірақ Олжас ат-тонын ала қашады. Одан кейін депутат Мұхтар Шахановпен сөйлескен екен, ол тәуекелге бел буыпты. Еркін екеуі дізе қосып, айтылар сөзді әбден пісіреді. Ал съезде сөз сөйлеу үшін Горбачевтен рұхсат керек. Оны Еркін мойнына алады. Бұрынырақта Горбачев екеуі Мәскеуде, партиялық курста бірге оқыған хақсы таныстар еді. Жолдас сатирик, арғы жағын өзің де білесің».

Меніңше, Желтоқсан хақындағы алғашқы жанайқай сөзді Есенәлиев айтқанын, ойында жоқта Кремль мінберіне шығарып, сөзін шартарапқа жеткізген Әуелбеков екенін ақиқат тілімен айта жүрсе, Мұхтардың беделі ортая қоймас еді. Ал шынтуайтында Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі жайында дүниеге сол күні-ақ бірінші болып бірнеше тілде хабар таратқан Азамат – халықаралық «Азаттық радиосының» бір басшысы Хасан Оралтай.

Мұхтар тарихи Наурыз мерекемізбен қайтадан табысуымыз туралы сөзді де «мен» деп бастауды жақсы көреді. Олай болса, қазақ мәдениетінің үлкен қамқоршысы болған Ілияс Омаровтың ізбасары Өзбекәлі Жәнібековтің «Тағдыр тағлымы» кітабын алып, «Тереңнен қозғап сыр шертсегіне» көз салалық:

«Орталық комитетке хатшы болып сайлана салысымен, он шақты күн өтпей жатып, маған Жазушылар одағы басқармасының пленумында сөз сөйлеуге тура келген еді. Қаламгерлер ұйымының қызметімен тікелей таныстығым шамалы болғандықтан және мезеттің жай-жапсары жазушы қауымға белгілі екенін ескеріп, бір-ақ мәселеге – елдің рухани өмірінде кең өріс алған бірегейшілікке ұмтылудың арқасында жылдар бойы қазақтың ұлттық қасиеттеріне, өмір салтына, әдет-ғұрпына, әсіресе тіліне мән берілмей келгендіктен республикада қалыптасқан хал-ахуалға тоқталған едім...

Тарихи мәңгүрттікке қарсы ғылым, мәдениет пен өнер салаларында жүргізілетін жұмысқа тоқтала келіп, Орталық комитеттің... бұрынғы Өлкелік партия комитеті қабылдаған қаулы-қарарларға қайтып оралатынын айттым. Залда отырғандардың арасынан белгілі әдебиетші-ғалым Рахманқұл Бердібаевтың: - Республикада наурыз мейрамын өткізуге рұхсат бола ма? деген сұрағына: - Өткізейік, онда тұрған не бар? - деп жауап бердім. Мұның алдында ол мәселені Мұхтар Шаханов та гәзет бетінде көтерген болатын...

Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды! Бұл бізге ұларынан айрылған Ұлытаудың қазіргі тұрпатын еске салатын».

Өзбекәлінің бұл айтқанынан нендей түйін түюге болады? Бүкіл күш-қуатын, сезімін, білімін халқының рухын көтеруге жұмсап өткен Өзекеңнің Наурызды да қайтып оралтуды ойлап, сәт сағатын жақындатудың қамында болғанын, мүмкіндік туа қалғанда: «Өткізейік, онда тұрған не бар?» деп өзі де сергіп, рахаңдарды да сергіткенін көреміз. «Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды!» дегені Мұхтар хатының ықпалы емес, ұлтын сүйген жүректің бір түкпірінде ұзақ жатқан сезім-арманы екені анық. Сол сезім-арманы, Өзекеңнің өзінше айтқанда, «Орталық комитетке хатшы болып сайлана салысымен» еркіндікке шығып, жер-жерге: «Наурыз келді! Тойлайық!» деген қуаныш жаршысы болып жете бастады. Алматыда қалай тойлау қала атқару комитетінде (төраға - Заманбек Нұрқаділев, мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасар - Жібек Әмірханова) қолға алынды да, халықаралық «Шалқар» гәзетінің бас редакторы, қазақтың көне салты мен әдет-ғұрпының білгірі жазушы Уаһап Қыдырханұлының сценарий бойынша Орталық мәдениет және демалыс паркінде өткізілді. Ол жылы Алматы облысында жол алған Жаңа Күн - Наурыз келесі жылы республиканың барлық облыстарында тойланды. Ол - кемел ойлы, ұлтжанды Өзбекәлінің ұлағатты пәрменінің нәтижесі. Өзекеңнің қарапайымдылық ілтипатпен: «Мұның алдында ол мәселені Мұхтар Шаханов та гәзет бетінде көтерген болатын» дегеніндей, Мұхтар да: «Наурызды бізге 62 жылдан кейін қайта оралтып, халық мерекесіне айналдыруды бастаған, билік күшін жұмсаған адам - Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз еді!» дей жүрсе, Өзекеңнің аруағы да, біз де, ертеңгі үрпақтарымыз да разы болар едік.

Және бір жәйт. Осыдан екі ай шамасы бұрын Мұхтар Махмұд Қашқари медалімен марапатталыпты. Ғұлама бабамыздың тарихи, ғылыми мұрасын қазағына жеткізуде Асқар Егеубаев атқарып кеткен аса зор жұмыстың (жоғарыда келтірілген дерекке тағы бір үңіліңіздер) ең болмаса ширегін істей алған қазақ жоқ. Мұхтар Асқардың сол жанкештілік еңбегін әлде білмеді ме? Білмеуі мүмкін емес. Ол аударма хақында кезінде баспасөзімізде ризашылық пікірлер айтылған. Ендеше, егер Мұхтар марапаттаушылар ұжымына: «Ғафу етіңіздер, мен қабылдай алмаймын. Бұл марапаттың бірден-бір иесі танымал ақынымыз, аудармашы болған Асқар Егеубаев марқұм еді» деп ғалым Асқардың ғажап еңбегін айтып берсе, ондай мағлұматтан хабарсыз марапаттаушылар – түрік ағайындар Мұхтарға ренжімес еді, ақиқат үшін алғыс айтар еді деп ойлаймын. Ал ол ізгі әрекеті Мұхтардың азаматтық абыройын өсіре түсетін еді.

Менің Мұхтар ініме баса айтқан бұл ағалық базынамды кейбір желпілдек оқырман кері жорып, «құрметті ақынға орынсыз соқтықты» деуі мүмкін. Жоқ, Мұхтарға соқтығатындай мен бақталас ақын емеспін және екеуіміздің сәлеміміз түзу.

Кімнің де болса, ішіне симай жүрген ой-пікірі болады және қашанда бұрысы сыртқа тез шығып, дұрысы іркіле береді. Есенғалидағы іркіліс «Алпысқа да аз қалды. Оның арғы жағында пайғамбар жасы тиіп тұр» деумен енді ғана сыртқа шыққан болса, оқасы жоқ. Ауыздан шықпай, жүректен шыққан сөз ғана – ақиқат; сол ғана жүрекке жетеді. Жүректің таза болғаны керек. Таза жүрек неғұрлым көп болса, ел де, қоғам да солғұрлым таза болмақ. Бізде бүгін әдебиетте ғана емес, тірлігіміздің қай саласындағы болсын басшылығықта осы тазалық кемшін. Сөз жүзінде көсем көп, іс жүзінде көсеу көп. Сол көсеулердің Мәдениет министрлігімізде галстугын түске дейін он түзеп, түстен кейін он бес түзеп, өзіне өзі разы болып қойқиып отырғандарының біреуі көрнекті жазушымыз болған, өкінішке қарай, бұдан бес жыл бұрын 72 жасында өмірден озған ағамыздың қызы алдына барып, әкесінің таңдамалы әңгімелер жинағын шығару туралы өтінішін ұсынғанда, анау, галстугын тағы бір түзеп қойып: «Қай таңдамалысын шығаруды мен қайдан білем, өзі келіп түсіндірсін» депті. Көсеулер төстеңдеген қоғам «мүңкіп тұрмағанда» ше?!

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3290