Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9042 0 пікір 23 Маусым, 2015 сағат 15:34

«ЖЕМҚОРЛАР БРИГАДАСЫ» МЫРС-МЫРС КҮЛІП «ТАЗА АУАҒА» ШЫҒЫП ЖАТЫР


Кезінде «Рысқалиев ісі» деген атышулы қылмыстық іс қозғалғаны бәріміздің жадымызда. Тізімде Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, экс-мәжілісмен Аманжан Рысқалиев бастаған үлкен команда заң тезіне ұшыраған болатын. Мемлекеттің сексен екі миллиард теңгесін жымқырған «Жемқорлар фабрикасының» сыры ашылсада, серкелері сытылып қашып үлгерген еді. Ағайынды Рысқалиевтардың қайда жүргенін әлі күнге ешкім білмейді.

Мүмкін, халықтан жымқырып алған ақшасын оңды-солды шашып, жалғанды жалпағынан басып жүрген шығар. Мүмкін, ар-ұяты мазалап, қайда тығыларын білмей, асып-сасып жүрген шығар. Әлде «арнайы жасақ» аңдып жүріп, Көкшетау ормандарында «адастырып» кетіпті» деген сыбыс шын ба екен? Ол жағы бір жаратқанға мәлім.

Әйтсе де, Рысқаливтерге ілесіп, жемтіктес болған біраз шенділер темір торға қамалған. Олардың қатарында Атырау қаласының экс-әкімі Асқар Керімов, Атырау облыстық қаржы басқармасының экс-бастығы Бауыржан Жантеміров, Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәуккенов, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар Әбдіров, Атырау облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Нұрлан Кенжебеков, Атырау облыстық энергетика басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жайсанов секілді тағы басқа ірілі-ұсақты дөкейлер бар. Барлығының мал-мүлкі тәркіленіп, 5-15 жыл көлемінде бас бостандығынан айырылып тынған.

Қош дейік. Әйтеуір жемқорлардың көмейіне тас тығылып, «түгімен жұтқан түйесін» қайта құсып берген болатын. Содан бері де екі-үш жыл өте шығыпты. Сол кездегі сотталған жемқорлардың алды бостандыққа шығып үлгеріпті. Осы айдың он тоғызы күні бостандыққа Асқар Керімов шықса, арада көп өтпей Бауыржан Жантеміровте еркіндік алды.Тез шығуына олардың «өте тәртіпті» болуына байланысты заң орындарының рақымшылдығына ілінуі себеп болған көрінеді. Десе де, мемлекеттің рақымы «құлқынының құлдарына» түскеніне таңданбасқа шарамыз жоқ. Кейбір жазықсыз кеткен адамдардың рақымшылдық түгілі ақталар амал таппай дағдарғанын күнде естиміз, ал мыналардың тайраң басып жүргеніне жол болсын.

Сонда миллиардтаған қаржыны жымқырып, мемлекетке қыруар зиян келтірген, талай кәсіпкерді нәсібінен айырып, мемлекеттік нысандарды салатын мол ақшаны суға ағызған дөкейлерді бұлай босата беретін болсақ, онда аяулы біздің заңымыздың жемқорлар үшін аса өнегелі болғаны да?! Демократия дейміз бе мұны? Кішпейілділік, кешірімшілдік, заңның жұмсақтығы демократияның негізі көрінісі ме еді?.. Түсінуден қалдық.

Айтпақшы, бір кездегі түкірігі жерге түспеген Аслан Мусин қазір шетелде елші боп жүр. Мусиннің сұсынан сескенбейтіндер аз еді-ау... Рысқалиевтерге қалқан болам деп, омақаса құлаған Аслан жуырда елге оралады деген сыбыс бар. Жемқорлардың босатыла бастауында бір гәп бар секілді. Аслан мусин қайта еңсе тіктесе, биліктің ауарайы қалай құбылар екен? Бәрін уақыт көрсетер...

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен оның ағасы, экс-мәжілісмен Аманжан РЫСҚАЛИЕВ ізім-қайым жоқ болып кетті. Олардың қайда жүргені, тіпті олардың осы дүниеде бар-жоқ екені де белгісіз. Әркім әртүрлі әңгіме айтады бұл турасында, әйтсе де «жел соқпаса, шөп басының қимылдамайтыны» да әлімсақтан белгілі – біздің қазаққа.

 Біреулер айтады – «олар көз көрмес, құлақ естімес… жердің бір жерінде» жап-жақсы өмір сүріп жатыр» деп. Енді біреулер айтады – «олардан күдерлеріңді үзіңдер, оларды «спецслужба» әлдеқашан о дүниелік қылып жіберген» деп. Қалай десек те, бұлардың барлығы да дәлел-дәйексіз сылдыр сөз ғана, ашығын айту керек.

 Ал енді РЫСҚАЛИЕВтердің жай-күйі осындай болып тұрғанмен, осы «РЫСҚАЛИЕВ ІСІ» бойынша сотталып кеткендердің алды бір-бірлеп бостандыққа шығып жатыр – адам таң қалады. Қазақ елінің «гуманизміне» еуропалықтар былай тұрсын, демократиясының екі жүз жылдық тарихы бар американдықтардың өздері де» ауыздарын ашып, көздерін жұмар…» Неге десеңіз, мемлекеттің сексен екі миллиард теңгесін талан-таражға түсіргені үшін дүние-мүліктері тәркіленіп, өздері қатаң режимдегі колония «төріне» аттанып кеткен «жемқорлар бригадасы» биылдың қапырық шілдесі басталмай жатып «мырс-мырс күліп таза ауаға» шығып жатыр.

«Таза ауаға» шығуды маусымның он тоғызы күні бостандыққа шыққан Атырау қаласының экс-әкімі Асқар КЕРІМОВ бастаған болса, оның соңын ала кеше ғана Ақтау қаласындағы «темір тордан» Атырау облыстық қаржы басқармасының экс-бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ шықты. Бұл кісі де, Керімов сияқты, дүние-мүлкі тәркіленіп, қатаң режимдегі колонияға бес жылға айдалып кеткен болатын. Бір қызығы – бостандықта жүріп, «бәленің бәрін бүлдірген» Керімов те, Жантеміров те темір тордың арғы жағынан… «өте-өте тәртіпті» болғандықтары үшін УДО-мен (условно-досрочное освобождение)… мерзімдерінен бұрын шықты.

Есімізге ала кетейік, «Рысқалиев ісі» бойынша «КамАЗ» жөндеп, гитара үйреніп келуге» (темір тордың арғы жағын қарапайым халық ауызекі тілде осылай деп те айта береді) кеткендерің ішінде Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ (қатаң режимдегі колония — 15 жыл), Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар ӘБДІРОВ (қатаң режимдегі колония — 12 жыл), Атырау облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВ (жалпы режимдегі колония – 8 жыл), Атырау облыстық энергетика басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан ЖАЙСАНОВ (жалпы режимдегі колония – 7 жыл) және тағы басқа «майда-шүйде» — қала-аудан көлеміндегі коррупционерлер бар. Тағы бір атап айта кетерлігі – «Рысқалиев ісі» бойынша сотталғандардың алды «үлгілі тәртіптері үшін» жоғарыда аталған облыстың бұрынғы әкімінің бұрынғы орынбасарлары бастап… осылайша «таза ауаға» шығып үлгерген болса, біз одан кейін келтіріп кеткен басқарма бастықтары әлі СИЗО-да (следственный изолятор) отыр, олар әлбетте, өздеріне берілген үкіммен келіспеген жағдайда заң бойынша апелляциялық шағым түсіре алады.

 Алайда, біздің бір білгеніміз – бұлардың бір де біреуі әл-әзір апелляцияға бара қоймапты. Қысқасынан қайырғанда, биылғы қой жылының «момындығы» ма, әлде коррупционерлер шынында аяқ астынан «тәртіпті болып» кетті ме – әйтеуір УДО дегеннің «мейірімі» қатты түсіп тұр – бюджет қаржысын миллиардтап талан-таражға салғандарға.

 Марат МАДАЛИМОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377