Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3875 0 пікір 16 Қараша, 2015 сағат 12:00

"АЛТЫН КҮЗ - 2015" МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫ ӨТТІ

Оңтүстiк Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерi күнiне орай дәстүрлi «Алтын күз –2015» мерекелiк шарасы өттi. Аграрлық сала бойынша өңiрде қол жеткiзген жетiстiктер баршылық. Алайда, оны қанағат тұтуға әлi ерте. Мерекелiк жиында ОҚО әкiмi Б.Атамқұлов бұл саланы дамытуға бүгiнгiден де көбiрек көңiл бөлiну керектiгiн атап өттi, - деп жазады "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

– Мемлекет басшысы бес институционалды реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамында» ауыл шаруашылығы саласына қатысты нақты мiндеттер жүктедi, – деген Бейбiт Бәкiрұлы облыста келесi бесжылдықта ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жүзеге асырылатын iстердiң жоспарымен таныстырды.

«Бiрiншiден, суармалы жерлердi тиiмдi пайдалану, айналымға қосу жұмыстары жалғасады. Бұл орайда мемлекет қаржысын күтiп отырмай, инвестиция тарту керек. Екiншiден, төмен пайызбен берiлетiн несиелер көлемiн арттырып, қолжетiмдi етемiз. Саладағы шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға қаржы жетiспеушiлiгi қолбайлау болып отырғаны белгiлi. Қаржы болса, еңбекқор халық жеткiлiктi» дедi Б.Атамқұлов.

Шаруаларды қинайтын тағы бiр мәселе – техникалардың жоқтығы. Өңiр басшысы бұл проблеманы шешудiң жолын мәлiмдедi. Алдағы уақытта барлық ауданнан машина-трактор стансасы (МТС) ашылады. Ал, келесi жылы пилоттық жоба ретiнде екi ауданнан МТС құрылмақ.

«Бүгiнгi таңда ғылыми қолдаусыз ауыл шаруашылығы саласы бәсекеге қабiлеттi бола алмайды. Ғылымның және технологияның көмегiнсiз бұл сала дами қоймайды. Қажеттi технология сақталмаса, жерiмiз қысқа мерзiмде жарамсыз болады, өсiмдiктi қорғау, ветеринария салаларында алдын алу шаралары қолданылмаса, бiр мезетте кәсiптен айрылып қалу қаупi тұр. Сол себептi облыста жаңа технологияларды тарту, оны өндiрiске енгiзу мақсатында арнайы ғылыми-консультативтiк орталық ашылады. Орталық мамандары әрбiр ауданның ерекшелiктерiн ескере отырып, фермерлерге кеңес бередi» деп атап өттi өңiр басшысы.

Бейбiт Бәкiрұлы биыл жыл соңына дейiн әрбiр ауданның мүмкiндiктерi, ерекшелiктерi зерттелiп, 2020 жылға дейiнгi нақты индикаторлар белгiленiп, аудандардың басым бағыттары айқындалатынын жеткiздi.

«Оңтүстiктiң таулы аудандарында алма кластерiн дамыту мақсатында интенсивтi бау өсiру қолға алынады. Оңтүстiк алмалары Қазақстанның барлық аймағына ғана емес, шетелдерге экспортқа шығарылатын болады. Мақтаарал ауданында мақта шаруашылығын қайта дамытамыз. Келесi жылдан бастап мақта алқабының көлемiн ғана емес, өнiмдiлiгiн арттыру бойынша да арнайы бағдарлама iске асырылатын болады. Сыр бойындағы Ордабасы, Отырар аудандары жүгерi мен көкөнiске бейiмделетiн болады. Астық саласындағы өнiмдiлiктi арттыру үшiн күздiк дақылдар өндiруге көшу керек. Созақ және Бәйдiбек секiлдi аудандарда мал шаруашылығына басымдық берiледi. Сайрам мен Түлкiбас, Төлеби аудандарында сүт өңдеу және жемiс-көкөнiстердi қайта өңдеуге басымдық берiледi» дедi Б.Атамқұлов.

Өңiр басшысы аудан әкiмдерiнiң жұмыстары осы басым бағыттарды жүзеге асыру бойынша бағаланатынына тоқталды. Бұл орайда ауданға инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ашылған шағын және орта кәсiпкерлiктiң саны секiлдi индикаторлар назарға алынбақ. «Бұл – облыс әкiмдiгiнiң аудан әкiмдерiне қойып отырған талабы. Шаруаларға, халыққа көмектеспейтiн әкiмнiң бiзге қажетi жоқ» дедi Бейбiт Бәкiрұлы.

Шара барысында агроөнеркәсiптiк кешен саласының жыл озаттары мен үздiк еңбеккерлерi, бiрқатар БАҚ өкiлдерi марапатталды.

***

Осы күнi Шымкенттегi «Көрме орталығында» 4-мамандандырылған халықаралық «AgriTek Shymkent-2015» ауыл шаруашылығы көрмесi өттi. Оны халықаралық «TNT Productions, LLC» көрме компаниясы ұйымдастырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгi, «ҚазАгро» ҰБХ АҚ, ОҚО Кәсiпкерлер палатасы, Қазақстанның фермерлер одағы, Қазақстанның құс өсiрушiлер одағы мен Қазақстанның жылыжайлар қауымдастығы қолдау көрсеттi.

Шымкенттегi көрмеге әлемнiң 10 елiнен: Қазақстан, Түркия, Ресей, Германия, Израиль, Испания, Италия, Нидерланды, Сербия мен Украинаның 70-тен аса компаниялары қатысты. Көрмеде ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары, қосалқы бөлшектер, суару және тыңайту технологиялары, жылыжайлар, тұқымдар мен екпелер, тыңайтқыштар, өсiмдiктердi қорғау заттары, мал шаруашылығына арналған технологиялар, ветеринарлық технологиялар ұсынылды.

Көрменi ұйымдастырудағы мақсат тәжiрибе және жаңа технологиялармен алмасу, бизнес-жобалар құру үшiн агроөнеркәсiп кешенi мамандарын бiр-бiрiмен кездестiру болатын. Ордабасы ауданындағы «Александров бағы» ЖШС-нiң директоры Бақтияр Тағаев түркиялық «Alma-Ata» компаниясының президентi Атилла Капланмен былтырғы көрмеде танысқан екен. Көп ұзамай қазақстандық кәсiпкер Түркияға барып, «Alma-Ata» компаниясының алма бауын көзiмен көредi. Олардың алма өсiру технологиясы мүлде бөлек. Екi елдiң кәсiпкерi Қазақстанда 20 гектарға алма бау егуге келiсiм жасасыпты. Б.Тағаевтың айтуынша, олар әр гектарына 3000 түп көшет егiптi. Бау келесi жылы өнiм бередi деп күтiлуде.

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Б.Атамқұлов көрмеге әкелiнген әрбiр өнiммен, ауыл шаруашылығы техникаларымен егжей-тегжейлi танысып шықты. Көрмеге облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерi де қатысты.

Көрме соңынан шетелдiк ғалымдар Оңтүстiк Қазақстанда қызанақ пен қияр өсiру, олардың негiзгi зиянкестерi мен аурулары, олармен күресу жайлы лекциялар оқыды.

Гүлжамал МҰСАЕВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499