Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8319 0 пікір 10 Қараша, 2015 сағат 13:35

«ЕУРАЗ» ТЕҢГЕМІЗДІ ТЕНТІРЕТІП ЖІБЕРМЕЙ МЕ?

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО)  аясында ортақ валюта енгізу туралы бастамалар көтеріліп, сыбыстар алғаш шыға бастаған кезде қазақстандық саясаткерлер мен құзырлы мекеме басшылықтары бұны теріске шығарған болатын. Қазақстан Президентінің өзі  мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қатер төндіретін кез келген одақтан бір-ақ күнде шығып кетеміз деген еді.

Енгізілуі мүмкін деген ортақ валютадан біз бас тартқанымызбен, одақтасымыз олай ойламайтын сияқты. Ресейлік саясаткер Леонид Слуцкий ЕАЭО елдері үшін ортақ валютаның әзірленіп жатқаны туралы Ресейдің «Еуразия» арнасына сұхбат берген.

Тіпті, депутат ЕАЭО елдері үшін ортақ валюта енгізу жұмыстары баяу болса да жүріп жатқанын айтып, валютаны «еураз» деп атауға ұсыныс жасаған. Бұл туралы қазақстандық nur.kz сайты РИА Новостиге сілтеме жасай отырып хабарлайды (http://www.nur.kz/kk/951305-reseylik-deputat-eaeo-elderi-arasynd.html).

«Жақын арада бізде ортақ есептесу бірлігі болады. Қазір банктер өз жұмыстарын жалғастыруда. Бұл 2011 жылы оңай көрінгенімен шын мәнісінде күрделі жұмыс болып шықты. Дағдарыс факторы да әсер етуде. Бірақ бұл қажет дүние, сондықтан жұмыс жалғасуда. Ерте ме, кеш пе, ортақ валюта пайда болуы тиіс. Оны енгізу үшін бәрін реттеу оңай болмайды. Ал валютаны қалай аталатынына келер болсақ, оны көреміз. Бәлкім, «еураз». Ақылдасатын боламыз», — дейді Слуцкий Бірінші арнадағы “Познер” бағдарламасына берген сұхбатында.

Бұл тақырыпты негізінен ресейлік саясаткерлер мен Кремль маңайын торуылдаған лауазым иелері көбірек қозғайтыны белгілі. Ол түсінікті де, өйткені олардың көкейінде бұрынғы империялық көшбасшылыққа қол жеткізу тұрғаны түсінікті. Олардың ойынша, бүгінде жұмыс істеп тұрған Кедендік одақ пен (КО) Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) алда құрылатын Еуразиялық одаққа алып баратын саты болса, әлгі одақ құрылған жағдайда ортақ парламент, ортақ ақша жүйесінің қажеттігі өз-өзінен туындамақ. Ал бұл одақтың қожайыны Мәскеу болатынын саясатшылар жарыса жазуда. Империяны көксегендердің түпкі ойы осыған келіп саяды. Бұлардың осы аңсаған ойлары іске аса қалса, ЕурАзЭҚ пен КО-ға мүше Қазақстан мен Белоруссияның тәуелсіздігі көзден бұл-бұл ұшуы әбден мүмкін. Бұл Путин тізгініндегі Ресейдің ортақ валюта шығару арқылы жеке-дара саясат жүргізуді көздейтін пиғылы екені түсінікті.

Айтпақшы,  ортақ валютаға қатысты  өткенде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев мырза «сыпсың» сөзге былай деп соңғы нүкте қойған болатын. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ саяси одақ емес, ол – таза экономикалық одақ деп ашық мәлімдеген болатын. Сондықтан да менің бұл мәселеге қатысты нақты көзқарасым – одаққа мүше елдер аумағына ортақ валюта енгізу жөніндегі бастаманың дәл қазіргі кезде де, алдағы уақытта да ешқандай маңыздылығы жоқ» деген Ошақбаевтың сөзінен кейін көңіліміз жайланып еді.  Алайды ақпарат кеңістігінде ресейліктердің шабуылдарына тосқауыл болмай тұрғаны өкінішті. Жоғарыдағы Сулцкийдің сөздерінен кейін, ЕАЭО елдері аясында ортақ валюта туралы бастаманың дерексіз дақпырт емес екендігін түсінгендей болдық.  Путиннің ортақ валюта идеясына қатысты қазақстандық саясаткерлер не дейді?

Саясаткер Расул Жұмалы Түркістан газетіне берген сұхбатында «Ресей ортақ дегенді өзімдікі деп түсінеді» деп тұжырым жасаған.

Расул Жұмалы, саясаткер:

Біріншіден, кез келген мемлекеттің тәуелсіз, дербес екендігін танытатын бірнеше белгісі бар. Соның басты және негізгі белгісі – ұлттық валютасы. Теңгеден айрылу – Қазақстанды экономикалық қаржылық дербестігінен айыруға әкеп соғады. Экономикасы мен қаржы секторына қожалық ете алмай отырған мемлекеттің қандай саяси егемендігі болады? Екіншіден, ортақ валюта Ресейдің баяғыдан бергі арманы. Кезінде, 1993 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан рубль зонасынан ең соңғы болып шықты. Ол кезде Ресей Қазақстанды алдап, өзінің құнсызданған рублін беріп, сансыз тауарды алды. Бұл Қазақстанның саяси ерік-жігерінің әлсіздігін танытса керек. Енді біз сол кездегі қиын жағдайымызды ұмытып кеттік те, қайтадан сол қораға кіруге дайындала бастадық. Мемлекеттік Думаның вице-спикері Матвиенко «Ортақ ақпараттық кеңістік дегеніміз, қазақ мектептеріне тарих оқулығын біздің мамандардың жазып беруімен жүзеге асады» деді. Ортақ валюта туралы да соны айтуымыз керек. Қазір оған әртүрлі атаулар ұсынып жүр ғой, «Алтын», «еураз» деген сияқты. Аты қалай аталса да, ол рубль болып қала бермек. Неге? Өйткені ақшаны басып шығаратын эмиссиялық орталық бәрібір Мәскеуде болады. Яғни, біз ішкі, сыртқы экономикалық саясаттан айрыламыз деген сөз. Тіпті, қазіргі теңгенің құнсыздануы, оған деген халық сенімінің төмендеуі де – қолдан жасалған арандату секілді көрінеді де тұрады.  

Түйін: Еуразиялық экономикалық одақ құрыла салған кезде, Ресей Президенті Владимир Путин ортақ валюта мәселесін ортаға тастады. Алайда бұл кезде Назарбаев та, Лукашенко да өре түрегеліп, ортақ валютадан бас тартты. Дәлірек айтсақ, кейінге шегеріп қойды. Кейбір қаржылық қиындықтар белең алған тұста Путин валюта мәселесіне айналып соқты. Алайда бұл жолы одаққа кейін қосылған Армения қарсылық білдірді. Армения Орталық банктің төрағасы Артур Джавадян ЕЭК келісімдеріне сәйкес ортақ валюта туралы 2025-жылға дейін мәселе көтеруге болмайды деді. Джавадян «ЕАЭО-дағы әріптестерімен ақылдаса отырып, бұл мәселе кемінде 30-40 жыл уақытты қажет етеді деген тоқтамға келген» деп кесіп айтты.

Еуразиялық одаққа қосылғалы бері Ресей рубльіне деген тәуелділік артты. Долларды рубльмен тең дәрежеде ұстамаса экономикамыз құлдырайтын дәрежеге жеттік. Тек бір ақиқаты – ұлттық валютасыз, теңгесіз Қазақстанның болашағы жоқ. Демек, Қазақстан тәуелсіздігіне алаңдауға әбден  негіз бар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407