Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2024
Билік 3886 0 пікір 10 Қараша, 2015 сағат 12:25

ОҢТҮСТІКТЕН ҮШ ХАБАР

Түркістан қаласы 5 мың түп жасыл желекпен толықты

Түркістан қаласында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды мәңгі есте сақтау мақсатында «Жеңіс орманы» акциясы өтті. Қаладағы мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өткен жасыл желек отырғызу шарасы шаһар шетіндегі «Парасат» саябағында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жылдары қала аумағының ұлғаюына байланысты шаһардағы «Парасат» саябағын көгалдандыру жұмыстары қолға алынған болатын. Жергілікті тұрғындарға жаңа демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында жасалған істер нәтижесінде, қазіргі таңда, мұнда ағаштар жайқалып, аталған саябақ Түркістандағы саялы орындардың біріне айналып үлгерді. «Парасат» саябағының көлемін арттырып, көгалдандыру үшін қала әкімі Ә.Өсербаевтың тапсырмасымен шара аясында арықтар тартылып, тағы да 2,5 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды.

Ағаш отырғызу шарасы шаһарға қарасты барлық ауылдық округтерде де ұйымдастырылды. Соның аясында Түркістанда жалпы саны 5 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылып, қасиетті өңірдегі жасыл белдеу көлемі арта түсті.

Оңтүстіктің ескекшілері Азия чемпионатында бес алтын иемденді

Өңіріміздің спортшылары тағы ерледі. Индонезияда өткен байдарка мен каноэда есу спортынан жастар мен ересектер арасында өткен Азия чемпионатында отандастарымыз 9 алтын, 8 күміс, 2 қола медальді еншілесе, соның 5 алтын, 5 күміс және 1 қола медалі оңтүстікқазақстандық спортшылардың қоржынында, - деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтсақ, 1000 метрлік екеулік байдаркада жерлестеріміз – Е.Алексеев сынға түсіп, топты жарса, 200 метрлік жұптық байдаркада ерлер арасында О.Янницкий, әйелдер арасында Н.Подойникова және Н.Сергеева, ал жастар арасында А.Борисов пен Г.Артемьев алтыннан алқа тағынды.  Ерлер арасында Т.Хайдаров 200 метрлік каноэда жеңіс тұғырынан көрінді.

Сонымен қатар, күміс және қола жүлдегерлердің ішінде жерлестеріміз – А.Альшанский,  Н.Сергеева, И.Подойникова, Ю.Березинцев, С.Молина және ағайынды Емельяновтар да бар.Сөйтіп, әлем және Азия біріншіліктерінен ұлттық құрама спортшылары Рио олимпиадасына 7 жолдама алса, оның 4-уі Оңтүстіктікі. 

Еске сала кетейік, қараша айының басында өңірімізде байдарка және каноэда есуден оқу жаттығу базасының спорт ғимараты ашылған болатын. 130 адамға арналған оқу жаттығу орны елімізде теңдесі жоқ әмбебап кешен болып табылады.

ОҚО орыс драма театры Мәскеуде өтетін халықаралық фестивальге қатысады

Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры Мәскеу қаласында Ю.Поляковтың заманауи шығармалар желісі бойынша өтетін «Смотрины» І халықаралық фестиваліне қатысады, - деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

1-17 қараша күндері өтетін фестивальге облыстық орыс драма театры Ю.Поляковтың «Одноклассники» драмасын ұсынбақ. Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Султан Назирович Абдиевтың сахналауындағы бұл қойылым түрлі театрлық жанрларды қамти отырып, адам өмірінің сан қилы тарауларын көрерменге шынайы жеткізеді.

Адамдық пен адалдықтың, қаталдық пен  сұмдықтың шынайы көрінісі, сыныптастардың 20 жылдан кейінгі бір дастархан басында жиналуы барысында айқын байқалады. Айта кетейік, Оңтүстік театр ұжымы Мәскеу сахнасында 14 қараша күні өз қойылымдарын ұсынады деп күтілуде.

Abai.kz

0 пікір