Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5293 0 пікір 22 Қазан, 2015 сағат 12:48

ХХ ҒАСЫРМЕН ҚОШТАСУ

(1999 жылы 30 желтоқсанда  жазылған жыр)

Әділ сөздің айтар әман ашығын,

Ақын үні –алты әлемге ғашық үн.

Сондықтанда сенің бүкіл бағаңды

Өзім бергем, ХХ ғасырым.

 

«Хан сарқыттан» құр қалса да қаншама

Сатылмайды ақын байлық, ақшаға

Саған айтқан үкімім деп қабылда,

Шешім айтсам Тазша менен Патшаға.

 

Аңқау елім. «Алдымда,-деп,-аласым»,

Айыра алмай шаласы мен данасын,

«2000»-ның есігінен енгізді

Түсі қазақ, ісі басқа баласын

 

Аш болса да тоқ қозыдай бұл елім,

Дұшпанына дос деп ашып жүрегін.

Ең  болмаса сенің соңғы сәтіңде

Түре алмады-ау тарихының түнегін.

 

Қанішерің қаһарман боп ең ізгі,

Ақ сүт емес, қып-қызыл қан емізді

Қателескен, қарғыс атқан жандарды

Қызыл сұңқар, Қызыл жебе дегізді.

 

Ей, Ақиқат! Тұршы орныңнан, тұра гөр,

Шынымен-ақ айнала ма мына Жер?

Онда неге бағы оралмай басына,

Мертігуде әлі мың сан Құлагер?

 

«Жалған дүние, өтесің»,-деп,

Саған да

Өкпелейтін не дерсің бұл адамға?

Көмейіңе тамшы құрлы болмады-ау,

Адам түгіл, ақ телегей Арал да.

 

Атойшылар ақ орда сап еңселі,

Бақытымды соған қарап өлшеді.

Соқыр тобыр соны тойлап жатқанда,

Күйінгеннен кінәладым мен сені.

 

 

Қош, ғасырым!

Ел болудың бір емін

Сенен сонша іздеп, таппай бұл елім,

Келешегі тұмандатып тұрғанын

Дұшпаным да сезеді, соған күйемін!

 

Сүлдем құрып, әр жылды артқа тастасам,

Құрғап еді жанарымнан жас қашан?

«Қош бол, қош бол!» деп сонда да қол бұлғап,

Сеніменен жылай-жылай қоштасам!

 

 

Бір халық бар

 

Білігі жоқ біреуі таққа мінсе,

Тайпаласы түгелдей атқа мінген,

Қарашасы қайыршы күй кешсе де

Бір халық бар қарамас бапқа мүлдем.

 

Ес қалар ма есірсе ондайда адам–

Ең ержүрек шығады сол тайпадан

Сол тайпадан шыққан ер аман болса,

Арқа, Ақтау, Атырау, Алтай да аман

 

Су сұраса сүт беріп сүйген жатты

Талғамайды бұл халық Күй мен Бапты

Өлеңшілер жыр жазады байды мақтап

Жүлде қылып алғанша Қи мен Қапты

 

Туғыздық деп тағы бір Абылайды,

Нағыз нар деп қоспақты жазылайды

Астанасы тойласа туған күнін

Аш баласы ауылда азынайды.

 

Өнбес дауды даулаумен құр жырлаған

Осыны ойлап отырса құрғыр балаң,

«Бисмиллаһны» білмейтін бейшарасы

Ағылшынша, орысша былдырлаған

 

Арна жолдан айырмай соқпақтарын

Ұлтым деген ұл-қыздың боқтап бәрін,

Үлестіреді ұрпақтың қазынасын

Мыстан елмен мақтан қып достасқанын

 

Дей беріңдер десеңдер: «Отта, бала!»

Жағылғасын жар салам аққа қара,

Айқай салам «Ақи-қа-а-ат қайдасың?»-деп,

Қайдасың,-деп Әді-ле-ет сот-төраға?

 

 

 

 

 

АЗА

 

Жалауын желкілдетіп майдандаған,

Талайдың тарпаңдығын тайраңдаған.

Өткізіп бір басыңнан қиналдың-ау,

Азабы арылмаған қайран далам!

 

«Күн жоқ,-деп, шаңырағым шайқалмаған»,

Азамат ашу-ыза айта алмаған,

тұғырлар тұлпар болып бәйгі алып

басынан бақ-бұлбұлы тайған далам.

 

Тұрғанда жер де аман, аспан да аман,

Жыласа жанарында жас қалмаған,

Лайлап арыңды да, барыңды да,

Әркім кеп зорлап төсін ашқан далам

 

Құя алмай көлге бұлақ жүгенделді,

(үздік қой Аралдан да күдерді енді)

Тарылып кең өрісің тулақтай боп,

Тағдыры тұлпарыңның шідерленді.

 

Тоқтатып бұлбұлың да төккен үнін,

Күңгірттеу жылтыраса көкте күнің,

 Арқада ақ селеуің солғаннан соң

Не қылам есерліктің екпе гүлін!

 

Тап болып көп бөрінің тырнағына,

Зар болып өткеніңнің жұрнағына,

Телміріп, тіл байланып көкке қарап,

Налисың намысы жоқ ұлдарыңа.

 

Біреуге «желі азбандай азынаған»,

Жер жетпес менің сендей қазынама

Жарадан іріп тұрған мына тәнің

Білмеймін, енді қайтып жазыла ма?!

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434