Сенбі, 23 Қараша 2024
Көкжиек 5829 0 пікір 10 Қазан, 2015 сағат 21:26

КЕЛЕШЕККЕ СОҚҚЫ

БІЛІМ БЕРУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

Білім қоғамды тұншықтырып отыр. Бүгінгі айғақ ертеңгі адасуға ұласуда. Келешекті соққыдан қорғау үшін білім берудің постиндустриялы жүйесін бүгін жасау керек.

А.Тоффлер

 Дәуірдің қайта өрлеуі дүниетанымның жаңаруынан бастау алады.

А.Швейцер


Халыққа білім беру жүйесінің тіл тағдырына тура қатысы бар. Өйткені жас ұрпақ өкілінің мемлекеттік тілді үйренуге мүдделілігі білім беру контентінің сапасына тура байланысты. Орта және жоғары оқу орындарында берілетін білімнің құрамы, мазмұны және олардың игерілу сапасы тіл үйренуге құлшыныс тудыратын аса маңызды факторлардың бірі болып табылады.

Егер қазақ тілінде берілетін білім сапасы заманауи адамның талаптарын қанағаттандыра алса, онда ата-ана баласын осы тілде сабақ оқытылатын мектепте оқытуға құлшынады, демек, бала тілді де біліп алатын болады. Ал керісінше, мектептегі білімнің мазмұны мен сапасы оны қанағаттандырмаса, онда ата-ана баласын ондай мектепте оқытудан бас тартады, тиісінше, мектепте сабақ жүретін тілге де құштарлық танытпайды.

Соңғы жылдары білім беру саласында бірқатар құрылымдық реформалар жасалды: мектеп бітірушілердің білімін бірыңғай тестілеу (ҰБТ) арқылы анықтау енгізілді. Он екі жылдық орта білім беруге көшуге дайындық жүріп жатыр. Жоғары мектепте оқыту үдерісін кредиттік жүйе бойынша жүргізу, екібасқышты жоғары білім (бакалавриат және магистратура) беру сияқты технологиялар білім беру практикасына енді.

Алайда білім беру үдерісін ұйымдастыруда тек құрылымдық өзгерістердің енгізілуі саланың тынысын толық аша алмады, қызметін жандандыра алмады. Білім берудің сапасы да артқан жоқ, керісінше, оқу орнын бітірушілердің интеллектілік деңгейінің төмендеп кетуіне наразылық жиі естілуде.

Білім беруге қатысты мәселелердің ішінде қазақ педагогтарының қаперінен тыс қалған, талқыланбаған, талқыланса – жеріне жете басы ашылмаған, сондықтан білім беру практикасына енгізілмегендері бар. Қазіргі таңдағы қазақтың рухани күйін тереңірек түсіну үшін, осы мәселелердің әрқайсысын зерделей отырып, тиімді шешімдер қабылдау қажет. Зерттеуші-ғалым Қанағат Жүкешев осындай мәселелер төңірегінде ой қозғайды. Газет редакциясы педагог-ғалымдарды, мұғалімдерді осы төңіректегі дискурсқа қатысуға шақырады.

Редакция

Білім беру стратегиялары: тұлғаны қалыптастыру парадигмасы

Дүние жүзі елдерінің түрлi топтары қабылдаған білім беру парадигмалары өздерiне тән арнайылығымен ерекшеленеді. Олар түрліше аталады: білім беруде тұлғаны қалыптастыру бағыты; білімді нысаналау бағыты; жан-жақты мәдениеттілікті сіңіретін және құндылық бағдарлы парадигмалар...

Осылардың ішінен алғашқы екеуіне толығырақ тоқталу керек. Өйткені олардың біріншісі – алдыңғы қатарлы, демократиялы елдер қабылдап алған бағыт. Екіншісін Ресей ұстанады және одан Қазақстан қабылдап алған. Осыларға компаративтік анализ жасау арқылы алдыңғы қатарлы қоғамдардың және қазіргі Қазақстанның рухани өмірінің салыстырмалы сипатын көз алдыға келтіруге болады.

Дамыған демократиялық елдерде қабылданған тұлғаны дамытуға бағытталған (личностно-ориентированная) білім стратегиясы бойынша мектеп бiтiруші өмiр сүруге компетенттi және қоғамдық функциясын атқаруға қабiлеттi болып шығады. Аталған парадигма бойынша игеруге ұсынылатын білім мазмұнында тәрбие мен мәдениет компоненттеріне басымдық беріледі, академиялық білімдер екінші қатарда тұрады. Білім мазмұнындағы жалпымәдениеттілікке және кәсіпқойлыққа апаратын компоненттердің арасындағы айырмаға және олардың біріншісінің басым болуына маңыз беріледі. Тәрбие компоненті жас адамның қоғамда өзіне лайық орнын табуын, өз тағдырын өз қалауынша айқындай алуын қамтамасыз етеді. Батыс педтехнологтарының түсінігі бойынша, тәрбие мен мәдениет компоненттерін құрайтын білім – жалпыға арналған білім. Соған қоса, бұл жерде жоғары сыныптарда бағдаралды және бағдарлы бiлiм беру жоққа шығарылмайды. Бәрi ақылға сыйымды пропорцияда болып отырады.

Тұлғаны қалыптастыру бағытын ұстанған елдердің мектептерi оқушыны алдымен адам, азамат, патриот қылып шығару мақсатын көздейді. Онда азамат есейгенде өз тағдырын өзі шешетін, өзінің потенциал мұмкіндігін дұрыс пайдалана алатын, өмір сүруге компетентті тұлға деңгейіне жетеді.

Адамға білім беруден бұрын оны тұлға ретінде тәрбиелеу қажеттігін Батыс ғалымдары бұдан көп бұрын қабылдаған. Бұл стратегияны сонау XVII ғасырда ғылыми негізде, байсалды талдап берген ағылшынның ұлы философы және педагогі Джон Локк болды. Ол өзінің ұстанымын былай түсіндірді: «Сіз менің оқытуды соңғы орынға қойып, оған аз көңіл бөлгеніме таңданатын боларсыз. Бұл сізге оғаш, тіпті кереғарлыққа ұқсас болып көрінуі мүмкін... Сонда қалай, деп сұрайсыз Сіз, бала оқи және жаза білмеуі керек пе? Асықпаңыз, өтінемін! Оқыту, жаздыру, ғылымға үйрету – бұлардың бәрін мен қажет деп есептеймін, бірақ бұл басты емес. Мен ғылымға үйретудің баланың дамуына септігін тигізетінін ешқашан жоққа шығармаймын... Баланы оқытқан жөн, бірақ ол одан да маңызды сапалықтарды дамытуға қосымша құрал ретінде екінші қатарда тұруы керек. Баланың мінезін қалыптастыру игі зерделі... оның жақсы бастамаларын сүйіспеншілікпен қолдау және дамыту, жағымсыз бейімділіктерін биязы амалдармен ысырып тастап, түзетіп отыру, оның бойына жақсы әдеттерді сіңіру. Мінеки, ең бастысы осы. Егер сіз осылардың қамын ойластырсаңыз, онда бұған оқуды қосуға болады» [Локк Дж. Мысли о воспитании // Соч.: Т. 3 М.: Мысль, 1988. –546-547-б.б.].

Дж.Локтың тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған білім стратегиясы Батыстың алдыңғы қатарлы философтары мен педагогтарының арасынан кең қолдау тапты. Бұл бағыттың мәнін әркім әр жағынан сипаттағанымен, негізгі нысана адамның жан әлемін жаңғыртуды Батыс ойшылдары дерліктей қолдады. Осылай білім берудегі тұлғаны тәрбиелеу бағыты бүкіл Батыс өркениеті ұстанатын бірден-бір парадигмаға айналды. Осы бағытты ұстанудың арқасында Еуропа елдері индустриялы қоғамдардың пайда болып, дамуы кезеңінде суырылып алға шығып, өзгелерден қара үзіп кетті.

Дж.Локк негіздеп кеткен «тәрбие – алдымен, білім – артынан» ұстанымы әлі күшінде. Жарты мың жыл бойы Батыстың өркениет көшбасшылығын қамтамасыз еткен бұл парадигма әлі практикалық маңызын жойған жоқ. Оның дәлелдерін кейінгі және қазіргі дәуір философтарының осы бағытты құптай жазған пікірлерінен табуға болады. «Дәуірдің қайта өрлеуі дүниетанымның жаңаруынан бастау алуы керек» [Швейцер А. Упадок и возрождение культуры // Избранное. М.: Прометей, 1993. 275-б.] екендігін ескерте келіп,       А.Швейцер ойын «Тек этикалық қозғалыс қана бізді мәдениетсіздік күйден құтқара алады» [сонда. 269-б.] деп қорытындылаған болатын. Этиканың, демек, тәрбиенің қоғам дамуындағы рөлін постмодерн философиясының өкілдері де қызу құптады.

«Этика дегеніміз әрі практика, әрі этос, демек өмір сүру әдісі деген сөз» [Қараңыз: Фуко М. Интеллектуалы и власть. – М.: Праксис, 2002. 329-б.] деп кескіндеді француз постмодернисі.

Сонымен, Батыстың өркениетті елдері ұстанған стратегия бойынша индивид өз құқықтарын білетін және сауатты қорғай алатын, отаншыл, адамгершілікті, жан-жақты мәдениетті, саяси-әлеуметтік құбылыстардың сырларын аңғара алатын адам болып шығады. Білу дегеніміз – олардың түсінуінше, алдымен адамның өзінің құқықтарын, еркіндігін, міндеттерін білуі, қоғамдық практикада оларды жүзеге асыра алуы, саяси өмірде болып жатқан ахуалда дұрыс бағдар ұстануы, жалпы мәдениетті, соның ішінде ұлттық мәдениетті білуі және қадірлеуі, моральдық сананың жоғарылығы деп түсініледі.

БҰҰ-ның Бас ассамблеясының БҰҰ-ның сауаттылық онжылдығы (2003–2012) туралы резолюциясы бойынша сауаттылық ұғымы былай тұжырымдалған: «Сауаттылық дегенiмiз – оқу, жазу, есептеу ғана емес, сонымен қоса, тұлғаның әлеуметтiк, саяси, мәдени және экономикалық қызметке толыққанды қатысуы үшiн қажет болатын бiлiм мен дағдылардың тұтас кешенiнiң дамуы. Адам еркiндiгi ретiнде қарастырылатын құқықтық сауаттылықтың, отбасы өмiрiне, денсаулық мәселелерiне қатысты сауаттылықтың, қоғам мүшелерiнiң бiлiм алуға қажеттiлiгi ретiнде өтелуi».

Дамыған демократиялық елдердің бәрінде азаматтық білім ақпаратты қоғам үшін өзекті, қазіргі заман адамы үшін қажетті пән ретінде алдыңғы лекке шығарылған. Мысалы, АҚШ мектептерінде оқытылатын азаматтық білімнің көлемі Қазақстанда өтiлетiн қоғамдық пәндерді оқытуға бөлінген көлемнен 35 %-ға артық. Осыған қарамастан, дәлірек айтқанда, сондықтан да АҚШ – техника мен технология жағынан дүние жүзіндегі ең озық ел.

Жапон мектептерінің білім мазмұнын зерттеген А.Құсайыновтың салыстырмалы анализі бойынша онда «өнер, этика, үй шаруашылығын жүргізу сабақтарын оқытуға көп сағат беріледі. Қоғамдық-гуманитарлық цикль пәндері басымдықпен оқытылады. Халық музыкасына, мәдениетіне көп көңіл аударылады. Балалардың қызығуына сай клубтар, соның ішінде самурайлар клубы жұмыс істейді» (http://www.baiterek.kz).

Қазіргі кезеңдегі кейбір шетелдерде және Ресей мектептерінде мәдениет тобына енетін пәндердің оқытылу жағдайы туралы белгілі педагог Н.Киященко мынадай салыстыруларды алға тартады: «Жапонияда бұрыннан, Германияда соңғы жылдары мектеп бағдарламасына 1–12-сыныптарда аптасына 4 сағаттан музыка, 4 сағаттан бейнелеу өнері және көркем еңбек енгізілген. Скандинавия елдерінде, Францияда, Голландияда аталған сабақтар аздаған ауытқулармен оқытылады. Ал біздің мектептерімізде 1–6-сыныптарда ғана аптасына 1 сағат музыка, 1–7-сыныптарда аптасына 1 сағаттан бейнелеу өнері мен көркем еңбек жүргізіледі. Бұған қоса, мұғалімнің жетіспеуінен ел мектептерінің ¼-інде аталған пәндерді оқытуға жол мүлдем жабық» [Киященко Н. Есть ли у России будущее при нынешнем образовании? //«Философия и общество», № 4, 2008. 68-б.]. Ал Қазақстан мектептерінде аталған пәндердің «негізгі емес, екінші қатардағы» ретінде толығымен формалы өтетіні баршаға аян.

Бұл құбылыстың түсіндіруі былай: қоғамның дамуы техникалық біліммен емес, халықтың жалпы және демократиялық мәдениетімен, қоғамдық-гуманитарлық біліммен, демек, адам капиталының жоғарылығымен қамтамасыз етіледі. Сонда қоғамда бәрi өз орнын табады, соның iшiнде ғылым мен техника кадрлары да қажетiнше жеткiлiктi дайындалатын болады.

Тәрбиелі және мәдениетті адам өзінің потенциалды мүмкіндігін жүзеге асырмай қоймайды, әлеуметтен ажырап қалмайды, жұмыссыз жүрмейді. Егер бір қызметтің басына келе қалса, оны тыңғылықты атқарады, жеріне жете меңгеріп алады.

Батыс елдерінің білім беру стратегиясының мәні – алдымен адам тұлғасын қастерлеуде, оның шығармашылығын бағалауда, оның арын, қадірін түсірмейтін азамат ретіндегі басын сыйлауында. Білім беру үдерісінде тұлғаның қалыптасуына басымдық беру оларды өркениет көшінің алдына шығарды. Мінеки, өзге дүние жүзі Батыстың соңынан ілесіп, оған әлі жете алмай келеді.

Тұлғаны жетілдіру деген адамның, азаматтың ойлаған мақсатына жетуге, отбасын құрып, ұрпақ өсіруге, сүйікті кәсібімен айналысуға, адам ретінде өзінің қайталанбас ізін қалдыруға, демек, өмір сүруге компетенттігіне қол жеткізуін білдіреді. Білім беруде тұлғаны қалыптастыру стратегиясының басты критериі осы.

***

Батыс педтехнологиялары бойынша мектеп бітірушінің қадірлі және мағыналы өмір сүруін қамтамасыз ететін компетенциялар мынадай.

Мектеп бітіруші:

– салауатты өмiр салтын ұстанады, денсаулығын сақтайды;

– отбасын құрады, оны материалдық қамтамасыздандырады, ұрпақ өсіріп, тәрбиелейді;

– жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды игерген, адамдармен мәдениеттi қатынастар жасайды (коммуникабельді);

– әлеуметтік бейімділігі қанағаттанарлық, қоғамда болып жатқан саяси құбылыстардың мәнін аңғарады, қалыптасқан ахуалға қатысты дұрыс бағдар және белсендi азаматтық тұрғы ұстанады, өзінің құқықтарын біледі және қорғай алады, конституциялық міндеттерін арлы орындайды;

– айналаны қоршаған дүниеге ғылыми көзқараспен қарайды, бейiмдiлiктерiне сай кәсiп таңдайды, қоғамдық жұмыста функциялы сауатты.

***

Аталған компетенттіктермен адамның өмірінің негізгі аяларындағы – отбасындағы, әлеуметтік-мәдени, саяси-құқықтық өмірдегі мәні және қоғамдық қызметтегі функциялылығы айқындалады. Тиісінше, өмірлік компетенттік рухани азықты құрайтын үш компоненттің – тәрбиеліліктің, мәдениеттіліктің, білімділіктің тиімді симбиозымен түзіледі. Компетенттік ұстанымы бойынша педагог мектепте оқытқанның жиынтығына емес, алдымен мектептен кейін адамның өмірлік практикада қолдануына қажеттiге назар аударады.

Компетенттілік келіс деген көзіқарақты педагогтар үшін жаңалық емес. Бұл мәселемен ғасырлар түйісіндегі онжылдықтарда қазақ педагогтары аз айналысқан жоқ. Талқылауларға Ы.Алтынсарин атындағы ҚБА, білім жетілдіру институттары, өзге мүдделі мекемелер де қатысты. Осы тақырыпта ғылыми, теориялық, әдіснамалық конференциялар мен семинарлар өткізілді. Педагогикалық баспасөз де қағыс қалған жоқ. Алайда сөз көп болғанымен, мектепте берілетін білімнің құрамы мен мазмұнын компетенттілік келіспен құру ұстанымдары сараланбады. Педагогтар бұл трендтің мәнін өркениеттердің дамуы контексінде зерттей алмады, оның қыры мен сырын жеріне жете түсіне алмады. Ақыры бұл сөзді қазақшаға қалай аудару керектігі ғана даулы тақырыпқа айналып, іс аяғы құрдымға кетті, білім беру бағдарламаларынан тиісті орын алған жоқ. Құрастырушылар бұл сөзді көз алдау үшін әр жерге формалы түрде, әйтеуір қыстырып жазып қойды.

Қоғамның әр мүшесінің компетенттігі негізінде бүкіл қоғамның компетенттігі жүзеге асырылады. Қазіргі қазақ қоғамының рухани күйі халықтың индустриялы даму басқышындағы азаматтық қоғамда өмір сүруге компетентті бола алмағанын айғақтап отыр. Бұған дейін рухани дамуға қатысты белең алған идеялардың, айтылып жүрген уағыздардың, қылып жүрген қылықтардың бәрі қате болып шықты. Соның салдарынан қазақтың басынан өткерген тарихы, әсіресе Кеңес кезінің әлеуметтік эксперименттері кімнің болса да, төбе шашын тік тұрғызатындай болып түзілді.

Еңіреу мен күңірену қазақтың басына түскен баспағына айналды. Енді тәуелсіздіктен кейін де, қазақтың тілі мен мәдениетін оңалта алмай, зарлап жүрген жайы бар. Бұл – халықтың тарихи компетенттігінің жетіспеуінің көрінісі.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ,

kzhukesh@mail.ru

Редакциядан: Аталмыш тақырыптың толық мазмұнын автордың «Тіл философиясы» атты кітабынан оқуға болады.

«Общественная позиция» (проект «DAT» №34 (305) от 08 октября 2015 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475