Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4103 0 пікір 19 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ШЫМКЕНТ ІРІ МЕГАПОЛИСКЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Шымкент – Қазақстандағы ең iрi үш қаланың бiрi. «Қазақстанда екi мегаполис – Астана мен Алматыны дамыту жоспарланған. Бұл екi қаламен қоса, Шымкент те мегаполистер қатарына қосылуы мүмкiн», - деп жазады "Оңтүстік Қазақстан" газетінің тілшісі.

Осыдан бiраз жыл бұрын Оңтүстiкке келген сапарларының бiрiнде ҚР Президентi Н.Назарбаев осылай деген болатын. Содан берiде Шымкент үшiншi қала мәртебесiне қарай бой түзеп келедi. Шымкент қаласы әкiмi аппараты баспасөз қызметiнiң мәлiмдеуiнше, қала халқының саны бүгiнгi таңда 871 мың 900-ге жеткен. Ал, бейресми дерек тұрғындар саны миллионнан асып жығылатынын айтады. Алайда, халқының саны миллионға жетеғабыл Шымкенттi өркениеттi қала деуге ауыз бармайды. Облыс орталығы қаладан гөрi үлкен ауылға ұқсайды. Баспасөз қызметi ұсынған мәлiметке жүгiнсек, Шымкентте көпқабатты үйлер саны – 1971, ал, жеке сектордағы жер үйлер саны – 124810.

Рас, соңғы жылдары қаланың ажарын аша түсетiн көптеген архитектуралық нысандар, тарихи-танымдық кешендер, заманауи ғимараттар бой көтердi. Зәулiм сарайлар, әсем гүлзарлар, демалыс орындары, әлеуметтiк нысандар, тiптi, тұтас жаңа шағынаудандар салынып, көпқабатты үйлер халық игiлiгiне берiлдi. Баспасөз қызметiнен алынған мәлiметке жүгiнсек, қалада биыл 43 тұрғын үйдiң (кредиттiк – 7, жас отбасыларға – 2, арендалық – 34) құрылысы жүргiзiлуде. Жыл басынан берi 10 тұрғын үй тапсырылған, жыл соңына дейiн 38 көпқабатты үй пайдалануға берiледi деп күтiлуде.

– Бұдан бөлек «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ тарапынан әкiмшiлiк-iскерлiк орталығында бой түзеген 1080 пәтерлi 15 тұрғын үйге баспана кезегiнде тұрған азаматтар қоныстануда. Қазiргi таңда облыс орталығында үй кезегiнде тұрған азаматтар саны 18 мыңнан асты. Жергiлiктi билiк тұрғындардың баспанаға деген мұқтаждығын шешу бағытында жоспарланған жұмыстарды кезең-кезеңiмен атқаруда, – деп хабарлады баспасөз қызметi.

Алайда, Шымкентте былтыр ғана қала құрамына енген 40 ауылдың арқалап келген 40 түрлi қиындығын айтпағанның өзiнде, су мен газ бармаған, жолына тас төселмей, шаңы бұрқырап жатқан көшелер әлi де көп.

Көше демекшi, қала iшiнде жолаушы тасымалдайтын автобустардың қызметi де, жүргiзушiлер мен кондукторлардың мәдениетi де сын көтермейдi.

Қоғамдық көлiк – көпшiлiк орын. Ендеше, мұнда әдеп пен тәртiп сақталуы шарт. Жүргiзушiлердiң құлаққа жағымсыз, даңғаза әуендердi шегiне жеткiзiп даңғырлатып қоятыны аздай, жолаушыға таласып, жолда өзара жарысып, бiрiн-бiрi балағаттап, онсыз да жүйкесi жұқа жұрттың берекесiн кетiретiнi бар. Оған кондукторлардың айқайы қосылады. Әрбiр көлiкте бағыты айқын жазылып көрсетiлсе де, аялдама аттарын айқайлап әрi сауатсыз хабарлайтын кондукторлар тек Шымкентте ғана бар шығар. Ендеше, қоғамдық көлiк қызметiн тұтынушы әрi салық төлеушi ретiнде жолаушылардың үшiншi қаланың кондукторларынан әдептi, мәдениеттi ғана емес, сауаттылықты да талап етуге құқы бар деп ойлаймыз. Қоғамдық көлiк қызметiндегi мәдениет жайлы айтқанда, Астана қаласы автобустарындағы жүргiзушiлердiң киiм үлгiсi көз алдымызға келедi. Қоғамдық көлiк жүргiзушiлерiнiң бiрыңғай киiм үлгiсiнен-ақ қызмет көрсету мәдениетiнiң деңгейi аңғарылып тұрады. Ал, бiзде ше? Бiрi жеңiл жейде мен шолақ шалбар, бiрi алқам-салқам көйлек пен балағы қайтарылған шалбар, жемпiр не күрте... Бiрiнiң аяғында – сүйретпе, екiншiсiнде кроссовка не туфли... Әйтеуiр, iлiнгенiн киiп, әрқайсысы өз «үлгiсiмен» жүредi. Бұл – мәселенiң бiр жағы.

Екiншiден, Шымкентте қоғамдық көлiктерде жолақы төлегенiңдi дәлелдейтiн «билет» деген дүние берiле қоймайды. Әйтпесе, Алматыда қоғамдық көлiктерде жолақы валидатор арқылы қабылданады. Мамандардың түсiндiруiнше, осы бiр әмбебап терминал автоматты түрде ақшаны қабылдайды, төлем туралы деректердi хабарлайды және деректердi жинақтау жүйесiне жiбередi. Бұл автопарктердiң табысын бақылауда ұстауға септiгiн тигiзедi екен. Есеп айырысудың осынау өркениеттi тәсiлi бақырауық кондукторлардан құтылудың да төте жолы болатыны анық.

Үшiншiден, Шымкентте жолаушы тасымалдау саласы сонау тоқсаныншы жылдардың деңгейiнен аса алмай тұр. Өркениеттi елдердiң халқы екi қабатты автобустар мен троллейбус, жүйрiк трамвайлар, метро мен метробустарға мiнiп жүргенде, Шымкентте Қытайдың «ұшқалақ», жазда люгi ашылмайтын, қыста терезесi қыраудан арылмайтын шағын автобустары өрiп жүр. Алайда, Шымкент қаласы әкiмi аппараты баспасөз қызметiнен келген мәлiметке сенсек, бағыттағы автобустардың тең жартысы – жаңа. Соңғы үш жылда Шымкентке 539 жаңа автобус әкелiнген. «2013 жылы – 162, 2014 жылы 167 қоғамдық көлiк жаңартылса, биыл жыл басынан берi көлiк компаниялары жаңа 210 автобуспен толықты. Бүгiнде Шымкент қаласындағы 29 көлiк компаниясы күнiне орта есеппен 400 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетiп келедi» делiнген хабарламада.

Шымкент қалалық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi көлiк және коммуникация секторының меңгерушiсi Наурыз Сүгiрәлиевтiң мәлiмдеуiнше, қалада 81 бағытта жолаушы тасымалдайтын 1189 қоғамдық көлiк тiркелген. Оның 58-i (881 кесте) – автобус бағыттары, 23-i (406 кесте) – шағын автобустар бағыттары.

Есте болса, жыл басында Шымкентке табиғи газбен жүретiн 200 автобус әкелiнген едi. Шымкент тұрғындары үшiн сол кезде ақысыз Wi-Fi, қазiргi заман талабына сай GPS-навигаторлар орнатылған осы автобустардың өзi таңсық көрiндi. Әйтпесе, бұл қаланың көшелерiнде бiр жылдары, дәлiрегi 1968-2000 жылдар аралығында автобус тұрмақ, троллейбус та жүрген. Бүгiнде троллейбус та, троллейбус паркi де жоқ. Өткен күннiң белгiсi тек аялдама атауында ғана қалды.

Шымкент – ерекше қала. Адамдары өзгеше, менталитетi бөлек. Сондықтан да Қазақстанның қай түкпiрiнде болсын шымкенттiктердi бiрден таниды. Таниды, бiрақ жақтырмайды. Бiрi Шымкенттi «қазақстандық Техас», екiншiсi «өз заңымен жүретiн аймақ» дейдi. Әйтеуiр, Шымкент, шымкенттiктерге қатысты айтатын теңеулерi де, анекдоттары да жеткiлiктi. Бiрақ өзге жұрт не десе, о десiн, өзiмiз Шымкенттi жақсы көремiз. Өйткенi, бұл – бiздiң қала! Ал, бiз өз қаламыздың қай жағынан да ерекше болғанын қалаймыз. Қазақстанда жоқ метробус тек бiздiң көшелерде жүрсе, бiрiншi болып Шымкентке әкелiнсе деймiз. Ендiгi арманымыз – метробуспен жүру. Жо-жоқ, күлмеңiз, армандағаны үшiн ешкiмдi жазаламайды. Дегенмен... Автобустардың мәселесiн шеше алмай жүргенде, метробус бiздiң не теңiмiз?! Iшкi ойымыз осылай дейдi...

Гүлжамал МҰСАЕВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435