Ана тілдің тылсымы
Тағдырдың жазуымен жақында інім науқастанып ауруханаға түсті. Оның палатасында орыстың бір шалы да жатты. Қасында кемпірі отырады күзетіп. Диагнозы - инсульттың алғашқы сатысы. Мұндай диагнозбен келген сырқаттар ұмытшақ болып, бір нәрсені сан қайталап сұрай береді екен. Сондықтан шалдың таяғын ұстап өз кемпірін қуалауы, алпыс жыл отасқан зайыбын танымай милиция шақырам деуі бірге жатқан сырқаттардың біресе көңілін көтереді. Кейде біз де сондаймыз ба дегендей үрпиісіп қалады.

Хош, сонымен сырқаттың әсерінен туындайтын түсініксіз қылықтарымен күлкі тудырып жүрген әлгі шал дәрі-дәрмек бойына тарап, аурудың беті қайта бастаған бір күні таза қазақша сайрап қоя бермесі бар ма? Сөйтсек, шал да, оны күзетіп отырған кемпір де орыс емес екен. Ақсақал қазақ, бәйбішесі татар болып шықты. Бірақ екеуі де бар болмыстарымен орыстанып кеткен. Екеуі де туған тілін ұмытқан. Кезінде жауапты қызметтер атқарыпты. Жақсы жұмыс, жайлы тұрмыстары болса керек. Бәйбішесінің айтуынша, шалы сәби күнінен орыстың ортасында өскен. Екеуі кездескен кезде ол кісі таза орысша сөйлейтін, коммунизмге шын берілген нағыз "кеңес патриоты" болыпты. Кейін сол орыс тіліне адалдығының арқасында жауапты қызметтер атқарып, осы ауруханаға түскенге дейін сол адалдығынан бір танбай келіпті. Балаларын да орыс рухында тәрбиелеген. Алпыс жыл отасқан кемпірі шалының бір ауыз қазақша сөйлегенін ешқашан естімедім дейді. Ана тілін мүлдем қажетсінбей қартайған. Сол шалы кенет қазақша сайрап кеткенде кемпірі талып қала жаздады.
Бұл не құдірет? Тілдің тылсымы, киесі деген осы ма? Әлде, адамның жадын белгілі деңгейде өшіріп тастайтын сырқат ақсақалға керісінше әсер етіп, сәби күнінде қанына сіңген ана тілін санасында қайта жаңғыртты ма? Қалай болса да сексеннің сеңгірінен асып, төрінен көрі жақын қалғанда тілі жаңа шыққан сәбидей былдырай сөйлеп, туған тілінде сайрап кеткені, сексен жыл сөйлеген орыс тілін ұмытып қалғаны таң қаларлық жайт емес пе. Орысшаны мүлдем түсінбейді. Отағасымен сөйлесу үшін араға аудармашы салып кемпірі әлек.
Демек, орысша оқыдым, сондықтан тілді ұмыттым, енді үйрену қиын деп ақталатындардың барлығы көлгірсіп жүр деген сөз. Мынау оқиға соның айқын мысалы. Ананың әлдиімен, атаның қанымен келетін тілді біржолата ұмыту мүмкін емес. Орыстанғандар тек тілдің киесі барын білмей жүрсе керек. Әлде олар да инсульт болатын күнді күтіп жүр ме екен?!
Ардабек Солдатбай.