Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8653 0 пікір 29 Қаңтар, 2016 сағат 11:57

ТОЙДАҒЫ ОЙ: ҚАЗАҚ ҚАШАН ҚҰДАЙҒА СЕРІК ҚОСУДЫ ТЫЯДЫ?

 

Гармония ұғымын көпшілік «үйлесімділік» деп түсінеді. Ғылыми тұрғыдан бұл термин қазақшаға, орысшаға, ағылшыншаға, т.б. тілдерге аударылмайтын ұғым. Себебі, бұл ұғымның мағынасы тек қана үйлесімділік емес. Одан да кең. Қысқаша айтқанда, Гармонияның ең негізгі мәні Тура Жолмен, бір Жаратушының Жолымен жүру деп түсіну керек. Сондықтан, оны «Гармония» деп бас әріппен жазамыз. 

Той – бұл біздің қонақжайлылығымызды, ашықтығымызды, жылышырайлығымызды көрсететін ертеден келе жатқан жақсы дәстүріміз.    

Біздің тойшылдығымыз, әлемде алғашқы орындардың бірінен көрінетіне күмәніміз жоқ.

Той дегенде біз қазақ тік тұрамыз, оған «еңкейген қарт та, еңбектеген сәби де келеді» деу тек айтылмайды.  

Тойларда жанға жағымды, көңілді көтеретін ән, аталы сөздерді жиі айтылып жатады. Тәлім-тәрбиеге керек ойлар болмайды емес, баршылық, бұл жағынан қазақтың тойлары асып кетпесе, ешкімнен кем емес. Көріп те жүрміз, естіп те жүрміз, бірақ айтпасқа болмайды, қолайсыз жақтар да кездесіп тұрады, өкінішке орай. Мысалы, кейбір мақал-мәтелдердің заманға сай келмейтіні, тіпті Жаратушыға серік қосып жататындары жоқ емес, бар. «Қазақ құдасын Құдайдай сыйлайды» деген кең тарап кеткен сөзді мен өзім жақында бір тойда тағы да  естдім. Бұл  мүлдем үлкен қате емес пе? Басқа дәлелдерді келтірмей-ақ, Құрандағы «Ықылас» сүресінде: «....Оған ешкім тең емес»  деп айдан-анық баршамызға түсінікті жазылған. Бірақ құдаларымызды Жаратушыға теңестіру шектен шығу, адасқандық қой. Осыны есітіп үндемей отырып қала алмадым. Қайтадан орнымнан тұрып сөйлемеске болмады. Асабадан микрофон алып, әдейі осы түзетуді айтуға тура келді. Бұл біздің парызымыз ғой. «Қазақ құдасын құдай үшін сыйлайды» деген дұрыс қой...

Тойларда бақыт тілеп, денсаулық тағы сол сияқты ізгі тілектерді айтып жатамыз, бұл әбден дұрыс. Бірақ арасында келісуге болмайтын сөздерді қолданып жатады. Қазақтың мына мақалы жиі айтылады:  

«Бірінші байлық – денсаулық. Екінші байлық – ақ жаулық. Үшінші байлық – он саулық». Ал шын мәнінде адамның ең үлкен бақыты, теңесі жоқ рухани байлығы – оның имандылығы. Осыны ескерсек: «Шексіз байлық – имандылық, Оның нығметі – денсаулық, Тағы бірі – ақ жаулық» десек, шындықты айтар едік.

Қазақтар әлемде әнші халықтардың қатарына жатады деп ойлаймын да, байқаймын да. Бізде тамаша жанға жағымды, жүрек түбінен орын алатын  әндер көп. Өзім оларды жиі тыңдап, сүйсініп жүремін. Кейде өзімше қосылып та қоятын әдетім бар. Жасырмаймын.

Ұлы Абай айтқандай: «Әннің естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағының тесері бар». Әбден дұрыс. Сенбесеңіз, қазіргі тойларға, я болмаса концерттерге барсаңыз әндердің мәтінін мұқият тыңдаңыз. Мысалға алатын болсақ, Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған «Ана туралы жыр» өлең бар, ол жиі айтылады. Музыкасы композитор Шәмші Қалдаяқовтікі. Әдемі ән. Ананы бәрімізде өте жақсы көреміз ғой. Ең жақын адамымыз ретінде қараймыз. Бұл тұрғыдан әке анамен таласа алмайды. Өз басым дүниеден 36 жылдан астам өтсе де, анам Хабибаны есімнен шығарған жоқпын, деніміз сауда шығару мүмкін де емес. Ананы көп ақындар жырлаған, өлеңдерін арнаған. Бұл заңды да, түсінікті де... Дегенмен көңіл аударатын жайт мынау: аталған ақынның мына өлең жолдарын айтпасқа болмайды, өлеңнің мәтіні былай басталады:

«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған,

Даланың әр гүлін жинадың сен маған».

Бұл өлеңнің алғашқы жолымен келісуге болмайды ғой. Бәрімізге жарық сыйлаған Жаратушы. Белгілі ақын Совет заманында өмір сүрген, атеизм ресми идеялогия болды ол кезде. Бұл бәріміздің де сана-сезімімізге әсер етті ғой. Енді тура жолға түсетін кезең келді емес пе, сондықтан өлеңнің алғашқы екі жолын өзгерту әлі де болса  қажет. Бұл жас ұрпақты тәлім-тәрбиеге, тура жолмен жүруге, рухани тазалануымызға керек қой. Біздіңше:

«Әлемнің жарығын сыйлаған Жаратқан, 

Даланың әр гүлін жинадың сен маған» – деп әрі қарай автордың мәтінімен жалғастыра берсек, үлкен қатеден аулақ болар едік, нұр үстіне нұр болар еді.

Мен бұрын экономиканы рухани тазалануын ғалым ретінде  жазып жүр едім. Енді мәдениетіміздің рухани тазалануына жанашыр ретінде жазуға тура келеді.

Рухани, тіпті кейбір экономикасы дамыған қоғамда әрбір өркениетті адамдар еңбек етіп, тапқан табыстарына сәйкес өмір сүруде. Халық айтатын: «Көрпеңе  қарай көсіл» деген мәтел оларға тікелей қатысты... Ал, өмірде, өкінішке орай, бәрі ойлағандай бола бермейді. Осы күннің адамдарында (бәрінде емес, біразында), талап ету мен ақша жұмсауда көбінесе ысырапшылдық басым және тартыну жоқ бола бастады. Мысалы, халық арасында кең тараған жеке адамдардың жасына қарай мерей тойларды өткізуді алсақ. Менің білетінім,  Исламда  мерейтойлар діндар адамдар үшін Құранда да, Хадистерде де айтылмайтын жаңа ұғым  болып есептеледі, яғни күнәға жатады. Өкінішке орай, қоғамда осы Ислам ұстанымын білмейтіндер мен мән бермейтіндер аз емес.  

Қазіргі кезде бірнеше жүздеген адамдар шақырылатын отбасылық мерейлі «көпірме» тойларды жиі кездестіреміз. «Кім теңдесі жоқ етіп өткізеді?» деген кінәратты бәсеке орын алып, мерейтойды өзкізу мақтанышқа айналып  жатыр. Шындыққа жанаспайтын өтірік мақтау сөздерді айтпай-ақ қояйын. Ол жеке әңгіме. Мен экономикалық тұрғыда сөз етемін. Тойлардың біразы банктен пайызбен алынған несиелердің есебінен  өткізілуде. Несиені пайызбен беру Исламда, Хрестианда, Иудаизмде тыйым салынған. Бұл әділет, Ақшаны  тек қана еңбек арқылы  табуға болады.

Бірақ та, шеннен тыс қаражат пен қорлар, пайызбен алынатын несиелер талай тойларға жұмсалуда. Шынын айтсам, кейінгі кезге дейін өзім де осы ысырапшылдардан болатынмын. Ал қазір мүлдем басқа адам сияқтымын. Бұл өзгеріс, кейбіреулер ойлауы мүмкін, қаржыға байланысты  емес. Жоқ, менің дүние танымымның түбегейлі өзгеруінің салдары. Сараңдықты теріс құбылыс деп санаймын. Жомарттықты жаратамын. Бұл жерде ақшаны қалай болса солай, оңға солға жұмсауды, адамға зиян келтіретін жайттарды жазып отырған жоқпын. Мысалы, тапқан ақшаны көкке шашу, казиноға, қарта ойынына жұмсау, тағы басқа  дарақылықтарды жомарттыққа жатқызуға мүлдем болмайды.  Сөйтіп жүріп, кедейге, ауруға, мүгедектерге көк тиын бермейтін, азаматтар өкінішке орай кездесіп қалады. Ұяласың, қынжылсың осындай жайттарды көргенде, естігенде: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп, осындай адамдарды айтамыз. Олар халық атына кір келтіретіндер. Мен өзімді үлгі ету үшін жазып отырған жоқпын, тек жоғарыда айтылған «көпірме» шараларды өткізудегі біздің қөзқарасымызды қайта қарауға шақырамын. Біздің Қазақстан Ислам әлеміндегі елдерге жатамыз. Ал Исламда рұқсат ету мен тыйым салу қағидасы аса баса айтылған.

Астамшылдық жетіспеушілікке апарады. Әлемде 2 миллиардтай аш, жартылай аш адам барын барлығымыз әрдайым есте сақтап жүруіміз керек. Тойларды (отбасылық мерейлі шараларды) Ислам негіздері тұрғысында өткізу мәселеріне сәйкес мешіт имамдары БАҚ арқылы үгіт-насихаттарын  халыққа жиі жеткізіп тұрса құба-құп болар еді.

Мен үйлену және отбасылық тойларды, басқа да игілік шараларды өткізуден бас тартуға шақырмаймын, тек оларды ұйымдастырғанда орынды ұстамдылық жасасақ дегім келеді.

Өмір белестерінде қандай ізгі істер жасадым деп, өзіңе-өзің немесе әріптестеріңе, Отан алдында дабырасыз есеп беру орынды болар еді. Осындай сәттерде, қайырымдылық акцияларын өткізу, біреулерге қаржылай көмек көрсету, мұқтаж адамдарға, жетімдерге, мүгедектерге, соғыстан және зіл-заладан зардап шеккендерге заттай сыйлық тарату, дарынды балалардың грантта оқу ақысын төлеу, балалар үйлеріне қамқорлық жасау секілді шаралармен айналысқан дұрыс болар  еді. Ал ғалымдар болса, өзі жазған оқу құралдарын, ғылыми кітаптарын оқу орны кітапханаларына, студенттерге, магистранттарға, докторанттарға және басқа оқырмандарға тегін таратса, нұр үстіне нұр болмай ма?

Менің ойымша, әр азамат өзінің өмір белестерін осындай ізгілікті, қайырымдылық істерімен атап жатса құба-құп болмас па еді?. «Көпірме» тойлар тез ұмытылады, ал қайырымдылық халық, әсіресе, мұқтаж адамдар есінде, ұзақ сақталады. Ең бастысы – таратушы оны құпия етеді, мақтаныш етпейді.  Мен жастарға айтар едім: Өзіңнің біреуге жақсылық жасағаныңды ұмытсаң – оқасы жоқ. Жаратушының нығметін, ата-анаңның тәрбиесін, басқа біреудің жақсылығын ұмыту – имандылықтан шыққаның. Осы жағына көбірек көңіл бөлсек!

Тауарларға және қызмет жасауға шектен тыс сұраныс болған сайын олардың тұтыну бағасы да өсе түседі және елдегі валютаның құнсыздануын арттырады. Сондықтан, жеке тұлғалардың астамшылдыққа баруы – әркімнің өз ісі деп ойлауға болмайды. Мұның салдары жалпыға әсер ететін  күрделі мәселе.

Қазіргі тойларда астамшылдық шаш етектен. Мәселен, туған күннен бастап, өмір кезеңдері (50, 60, 70... одан жоғары жастар) мерейтойлар ретінде өтіп жатады, мерейлі шаралардың бәрі болмаса да, бір талайы от шашусыз (салют) өтпейтін болып жүр. Шақырылатын қонақтардың саны шарықтап, 500-600 ден асып жығылатынға жеттік, ішімдіктерге «құрметті орын» беріліп жатады.   Өз әншілерімізді менсінуден қалып, шет ел әртістерін шақыртып қыруар валютамыз сыртқа кетуде. Бұл елімізде валютасы тапшы болуына апарады.

Жақында Президент Н.Назарбаев мәлімдегендей, шет елде 142 млрд-тай долларымыз бар екен. Қазақстан мемлекетінің ішкі өнімнің жылдық көрсеткіші – 110 млрд. Оған туристер, гастробайтерлер, шет ел тауарларын әкелушілер т.б. арқылы кетіп жатқан долларды қоссақ қыруар ақшаларымыз сыртқа кетіп жатыр. Осылай елімізден ақша кете берсе, инвестициялық тапшылықты жою, теңгенің бағасын тұрақтандыру оңай болмайды, қиындай бермесе. Түбі тесік шелекті толтыру мүмкін бе?

«Байлығымен бөліскен, бақытқа бөленеді, байлықты бөлісуден безбейік» деп айтқым келеді, біздің олигархтарға. Олардың ойына қосатыным: Көзі  ашық, қолы ашық азаматтар әрдайым Отанға аса қажет-ақ.  Осы көп ақшаларымыз елімізге қайтып келсе, халықтың көңіл-күйі, әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі көтерілетіні сөзсіз.

Қазіргі кезде әлемде, статистикаға сүйенсек, екі миллиардтан астам халық жоқшылық пен аштық жағдайда өмір сүруде.  Тарихта бұндай нәубет замандарға біздің  халқымызда  душар болған.  Ілгеріректе болған  «Ақтабан-шұбырындыны»,  ХІХ  ғасырдың 20 – 30 жылдардағы ашаршылықтан, қуаңшылықтан, жаппай малдың қырылуынан елімізде болған жұттан халқымыздың  жартысынан көбісінен айрылғанымыз тарихтан белгілі. Өткенімізден сабақ алу шараларын іске асырмай, бейқам, әрекетсіз болуымыздың арқасында дағдарысқа ұшыраудамыз. Осындай нәубеттерден алар сабақты былай түйіндеуге болады:

«...Барыңды қадірлеп, ертеңіңді ойлай жүр.

 Жұмсарыңды, жұрдайлыққа жеткізбей жүр».

Қай ел болмасын, қай мемлекет болмасын, жеке адам болмасын, бәрінің даму  және бақыт жолы бар. Ол – Гармония жолы. Гармония – үйлесімділік, сәйкестік деген ұғым. Мұны бәрі біледі. Менің айтайын дегенім – шынайы Гармония, ол міндетті түрде рухани және әдептілік негізінде болады. Мұндай негізі жоқ Гармонияны тек уақытша, көз бояйтын Гармония деп қараймыз. Ол рияға жатады. Гармония өте кең, ғажап ұғым. Өйткені Гармония шынайы Исламға негізделген.

Әр адамның бүкіл қоғамның бірден-бір даму жолы – шынайы Исламға негізделген Гармония деп толық айта аламыз. Бүкіл халық болып бір-бірімізге ізгі ниетпен, жыл бойы, тек қана ақ тілектер айтсақ, Гармония шегінен шыға алмас едік. Өйткені Гармония – кең мағыналы ғажап ұғым.

Адалдық пен адамгершілік, Бауырластық пен бірліктік, Әділеттік пен әдемілік, Еркіндік пен ерінбестік, Жомарттық пен жасампаздық, Шектен шықпастық, Іскерлік пен ізгілік, Тасымастық пен тәртіптілік, Ұлтжандылық пен ұйымшылдық,  Қамқорлық пен қайырымдылық, Шүкірлік пен шыдамдылық, Руханилық пен рақымшылдық, Тағысын тағылар... Ізгілікті істер, Гармонияны гүлдендірер, Иманға иілгендер, Жақсылыққа жетер!

Барлық жағынан орынды талап, қанағатшылдық, ұстамдылық –  бұл Ислам доктринасына негізделген Гармониялы өмірдің қағидасы. Түнек түбіндегі қараңғылықтан Гармонияның жарқын шыңына апаратын парасатты алтын қағидатқа сенім білдірейік. Біздің жалпы адамзаттық үмітіміз: «Гармония әлемді сақтайды»!

Ораз Баймұратов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347