ДҰҒАЛОВА ДЕПУТАТ БОЛАТЫНДАЙ ТҮК БІТІРГЕН ЖОҚ
Елдің бас партиясы «Нұр Отанның» хатшысы Фархад Қуанғанов бұған дейін қазақстандық спорт және өнер жұлдыздары да депутат ретінде бақтарын сынауға құқылы екенін айтып, олардың қатарында әнші Жанар Дұғалованың да есімін атаған еді. Бұл мәлімдемеден әншінің экс-продюсері Баян Есентаева біраз «шоқ» алған сияқты, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Аты Серік Сәпиев, Илья Ильин, Қайрат Нұртас сынды жұлдыздармен қатар аталған Жанар Дұғаловаға қатысты пікірін Баян Есентаева Инстаграм желісінде жариялады.
“Бәрін түсінем, бірақ депутаттық тізімге әртістерді қосу деген басыма сыймайды. Әншілер қандай мәселені ұсына алады. Көпке топырақ шашпайын, бірақ Жанар Дұғалова түк бітірген жоқ, қалай ғана жас әнші заң жобаларымен айналыспақ? Танымалдылық деген бір бөлек, саясат деген бір бөлек. Не болса да, сәттілік тілеймін. Нағыз дарын иесі барлық жағынан қабілетті шығар. Бәлкім ол саясатқа да керек шығар”, – деді Есентаева өз парақшасында.
Abai.kz