ӘН ҰРЛАҒЫШ ӘНШІЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ТАҒЫ ДА ДАУ ШЫҚТЫ
Осы күні қай сала болмасын бүгінгідей бәсеке қызған шақта жолы болмаған, өз орындарын таба алмаған кейбір «мамандар» өзге біреудің туындысын «ұрлап алыпты», дегенді жиі еститін болдық. Мұндай жағдайлар әсіресе өнерпаздар арасында ішінара кездесіп тұрады. Нақтырақ айтқанда, жуырда әлеуметтік желіде ән ұрлауға қатысты тағы да дау шықты. Ондағы бас кейіпкердің рөлінде өнер бәйгесіне кеше ғана қосылған «Әдемі-ай» тобы. Бұл топ мүшелері беттері шірімкпестен белгілі сазгер, әнші Роза Әлқожаның төл туындысы «Сағыныш» әнін өздерінің төл туындысы етіп көрсетіп, көпшілік назарына аудио нұсқасын ұсынғаны сол-ақ екен талғамы жоғары тыңдарман сынының астында қалды. Әңгіменің әлқисасы мында: онда «Әдемі-ай» тобының қыздары «Сағыныш» әнінің авторы ретінде Жеңіс Паримбеков деп көрсеткенімен, ал сөзін еш өзгертпестен қалдырыпты. Әрине кез келген әнші орындауындағы әннің танымал болғанын қалайды. Бұл – заңды құбылыс. Алайда танымалдықты ойлап ардан аттамаған абзал. Егер әншілер арасында белгілі бір келісім болса, онда әңгіме басқа.
Дереккөз: alashainasy.kz