Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5413 0 пікір 26 Қаңтар, 2016 сағат 11:14

САПАРБАЕВТАН КЕТТІ, АРХИМЕДКЕ ЖЕТТІ

НЕМЕСЕ БІЛМЕЙМІЗ, "АҚТӨБЕ" МЕ, "АҚТОБЫЛ" МА?

Біздің Қостанайдың жүгірмектері бүгіндері бір кездері мұқым жұртқа белгілі болған осынау күлдіргі әннің мақамына салып құйқылжыта  әндетіп жүр. Бұған сірә таң қалуға да болмас. Өйткені дәл қазіргі таңда көршіміз Ақтөбе қаласындағы осы аттас футбол клубының әйдік дейтін төрт бірдей спортшысы біздің «Тобыл» клубына біржолата қоныс аудыпты. Мұны осындағы бюджеттен мол қаржы алып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырған баспасөз жерден жеті қоян тапқандай алақайлап жазып жатыр.


Бұрын ойынына адам түсінбейтін, бірде ұтса, бірде ұтылып, көш соңында әрең ілбіп жүрген «Тобылға» «Ақтөбеден» ауысып келген Дмитрий Мирошниченко, Виктор Дмитриенко, Чиприян Дяк пен Артурас Жулпа дегендердің атын атап, түсін түстеп мәз-майрам болуда. Жақсы ойынды емес, мол ақшаны ғана ойлайтын, кімнің тарысы піссе, соның тауығы бола салатын бұл легионерлердің  «Тобылдың» көсегесін көгерте қояды деудің өзі қиын. «Қырда қыс жайлы болса, архар ауып несі бар» дегендей, олардың «Ақтөбедегі» жылы орнын ауыстыратындай не басына күн туды дейсің. Мұның да ерекше құпиясы жоқ.

Ақтөбе облысының әкімі бұл легионерлердің айына 60 мыңнан 70 мың евроға дейін жалақы алатындығын айтып, ол команданың бюджетін 1 миллиард теңгеге қысқартқаннан соң күйі кете бастаған сыңайлы. Бұрын ұтса да, ұтылса да қылшығы қисаймайтын, осыншама мол ақшаны тіпті жан қинамай ала беретін келімсектер өздеріне тықыр таянғандығын сезген әрине. Сосын, сөз жоқ, Сапарбаев секілді сараңдық жасамайтын, қолы ашық, жомарт өңірлерге көз салмай ма? Назарлары біздің өлкемізге түскен түрі бар. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Осындағы «Наша газета» басылымының журналистері облыс әкімі Архимед Мұқанбетовке үшбу хат жолдап, «Тобыл» командасының қаржылық жағдайын сұраған сауалына нақты жауап ала алмады. «Тобылға» бюджеттен қанша қаржы бөленетіндігін, оның футболшыларының жалақысының қаншалықты деңгейде екендігін ақыры біле алмай-ақ қойды. Бұл деректер әлі күнге дейін құпия күйінде қалып отыр. Тағы бір қызығы, бұл сауалдарға айқын жауап берудің орнына сол «Тобыл» командасының баспсөз хатшысы Должанский деген мықтың орыстардың «Сам дурак!» деген қағидасымен әлгі журналистерге «сендердің айлықтарың қанша?» деп өздеріне тап беріпті. Сірә, бұл бұрынғы журналист бюджеттен қаржыландыратын мекеме мен жеке меншік газеттің айырмашылығын түсіне алмай жүрсе керек. Осыдан кейін біздің шенеуніктердің деңгейінің қаншалықты екендігін бағамдай беріңіздер.

Біздің облыстың әкімі Архимед Мұқанбетовтен журналистер бірде ол кісінің хоббиі туралы сұрағанда өңір басшысы «футбол мен шахматты жақсы көремін» деп жауап қайтарған еді. Соған қарағанда Ақтөбеден ауып келген легионерлердің жағдайы жаман болмайтын секілді. Егер олар келіп, керемет ойын көрсетіп, облысымыздың атын шығарып жатса, бір желпініп қалар едік. Тек бізді сол шекелері шылқып жүрген, бір жалақысына бір үй сатып алуға жарайтын мол қаржы өздеріміздің қарадомалақтарға бұйырмай жүргендігі жанға батады. Архимед Бегежанұлы тек келімсектерге ғана емес, өз ішімізден шығатын болашақ аяқ доп шеберлерін тәрбиелеуге де көңіл бөлер деген үміттеміз.

Ал, әзірше біздің әзілкештер «Білмейміз, «Ақтөбе ме?» ме, «Ақтобыл ма?, Ойын емес, бұл өзі қақпақыл ма?»» деп әндеуден жалығар емес.

Мұратбек Дәуренұлы, 

Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5380