Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5193 0 пікір 26 Қаңтар, 2016 сағат 08:42

ИШИМ «ХАЛИФАТЫ» ШАРИҒАТ ШАРТЫМЕН ҚАБЫСПАЙДЫ

Алты жыл бұрын басталған «Араб көктемі» атты дүлей боран бірнеше мұсылман мемлекетінің шаңырағын ортасына түсіріп, шат-шәлекейін шығарды. Базбір саясаттанушылар бұл дүрлігуді демократиялық дүмпуге балағанымен, кейбір елдерде «Араб көктемі» бақыт бүрін жарған жоқ, қайта қайғының қара түнегін орнатты. Мысалы, Сирия жерінде «Араб көктемі» алапат қырғынға ұласып, қасірет шежіресі әлі жалғасын тауып жатыр. «Араб көктемі» дүмпуі Сириядағы Асад династиясын құлата алмаған соң әлемдік алпауыт күштер көтерілісшілерді қолдап, Шам елінің ішкі ісіне араласпақ болды. Алайда, БҰҰ-ның Қауіпсіз кеңесінде Ресей мен Қытай мемлекеттері өзге әскери күштердің Сирия аумағына аяқ басуына қарсы тұрды. Осыдан кейін ИШИМ лаңкестік ұйымы тарих сахнасына шығып, Шам еліндегі билікті ауыстыру мәселесін одан сайын күрделендіре түсті.

Шынтуайтында, ИШИМ бір күнде пайда болған жоқ. Бұл – «Араб көктемі» және өзгеде жобалар өз нәтижесін бермеген соң іске асырылған құйтұрқы нән ойынның бірі. Сарапшылардың айтуына қарағанда, ИШИМ-ді ойынға қосу үшін алдын ала жан-жақты дайындық жүргізілген. Өйткені, алдын-ала ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бас қосып, үлкен көлемдегі әскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы әсте мүмкін емес. Мұсылман мемлекеттерімен қоса ислам діні аз таралған елдерден әп-сәтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны әйгілесе керек. Ал, сыбдырын білдірмей, үлкен ойынды ұйымдастыру үшін қараниет күштердің адамдарды арбаудың ең озық технологияларын пайдаланғаны анық.

Әбу Мұса әз-Заркауи тарапынан 2004 жылы Иракта «Таухид и-жиһад» деген атпен «Әл-Кайданың» бір қанаты ретінде құрылған лаңкестік топқа 2011 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади жетекшілік жасағаннан бастап ұйымның атауы «Әд-Дәулат әл-Ислам фил-Ирақ уәш-Шам»болып өзгертілді. ИШИМ – негізінен Латакия жерінде ислам халифатын құруды көздейді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазір лаңкестік ұйым Ирак пен Сирия үкіметінің әскери күштерімен және өздерін қоштамаған өзгеде топтарға қарсы қанды қырғын соғыс жүргізуде.

Әсілі, ИШИМ тарих сахнасына шыққан күннен сын садағына ілінді. Содырлық топтың сойқан іс-әрекеттері Сирия мен Ирак жеріне қарақұйын пәлекет алып келді. Ұйымның әрбір ісі көпшілік қауымға қорқыныш пен үрей салды. Былтырғы жылы 126 мұсылман ғұламасы ИШИМ-нің іс-әрекеті ислам құндылықтарымен ұйыспайтынын айтып жаһанға жар салды. Қазір ұйымның экстремистік пиғылда, іс-қимылы террорлық сипатта екендігі әмбеге аян. Алайда, ИШИМ өздерінің жасап жатқан қанды қырғынын ислам дінімен байланыстыруын доғарар емес. Ең сорақысы, қанды-қасап қылмыстарын «халифат» атымен жасауында.

Нағында, ИШИМ-нің өздерін «ислам халифаты» деп жариялауы дін негіздермен мүлде сәйкеспейді. Оған қарсы бірнеше дәйекті уәж келтіріп өтер болсақ:

Біріншіден, мұсылман ғұламаларының көпшілігі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у): «Үмбетім халифатта отыз жыл өмір сүреді. Одан кейін патшалық билік пайда болады» (Сафина р.а жеткізген) деп айтқан өсиетін негізге алып, «халифат құрамын» деген бастамаларды қостамайды. Расында да, ислам тарихында Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у) кейін хз.Әбу Бәкір, хз.Омар, хз.Осман, хз. Әли дәуірінде мұсылман үмбеті отыз жыл халифат дәуірінде өмір сүрді. Одан кейінгі омаядтар мен аббасидтер және т.б мұсылман мемлекеттері халифат шарттарын сақтай алған жоқ. Себебі, шариғат бойынша халифат құрушы көшбасшының билігі мынадай шарттардың негізінде ғана лигитимді болып есептеледі:

А) Құрайыш тайпасынан болу;

Ә) Баят (көпшіліктің сенім білдіруі);

Б) Шура (кеңесу);

Д) Әділеттілік орнату.

Жоғарыда аталған Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у) соң мұсылман үмбетіне көшбасшы болған хз. Әбу Бәкір, хз. Омар, хз. Осман, хз. Әлидің тұлғалық келбеті осы төрт шартқа лайықты болғандықтан олар халифтік билікке қол жеткізе алды. Одан кейінгі билеушілер бұл шарттарға толық сай емес болғандықтан, олар халифат билігін орната алмады. Олай болса, ешқандай мұсылман ғұламалары кеңесінің (шура) батасын алмаған және көпшілік қауымның сеніміне ие (баят) болмақ түгілі Сирия мен Ирак жерлерін күшпен жаулап алып, мұсылмандарды қойша қырған ИШИМ-нің сықпыты шариғат шарттарындағы халифат ұғымымен мүлде жуыспайды деген сөз.

 Екіншіден, шариғатта «дарул-муслимин» деген ұғым бар. Бұл термин – мұсылмандар өмір сүретін мемлекет деген мағынаны береді. Алғашқы кемеңгер төрт халифтан кейін өмір сүрген омая, аббаси, фатими, ғазнауи, қарақан, мәмлүк, осман т.б патшалықтар халифат саналмағанымен, мұсылман мемлекеттері болып есептеледі. Мұсылман мемлекеті (дарул-муслимин) деп бір жоғары саяси ұйымды тану үшін үш шарт сақталуы керек. Олар:

А) Халықтың басым бөлігінің мұсылман болуы;

Ә) Мемлекетті мұсылман басшының басқаруы;

Б) Діни ритуалдардың орындалуына жағдай жасалуы. 

Қазір ИШИМ лаңкестері біраз аумағын күшпен жаулап алған Сирия мен Ирак мемлекеттерінің халқының басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Мемлекет басшылары мұсылман және діни құлшылықтарды орындауға ешқандай кедергі жоқ. Яғни, Сирия мен Ирак елдері мұсылман мемлекеттерінің  (дарул-муслимин) санатына жатады. Ал, шариғатта мұсылман мемлекеттеріне қарсы діни соғыс жасауға болмайды. Демек, ИШИМ-нің шариғат бекіткен шарттарсыз халифат құруы, мұсылмандарды қасиетті күреске үндеуі, заңсыз әскери құрылымдар құруы ислам негіздеріне қарама-қайшы келеді. Тіпті, түбірімен қате, мүлде адасқандық десек асыра айтқандық емес.

Мұхан ИСАХАН,

заңгер, шариғат бойынша маман

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5374