ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ: ДОДАДАҒЫ ДЕПУТАТТАР ДЕП ЖАТЫР...
Күні кеше ғана ҚР Мәжілісі депутаттары бесінші шақырылымдағы парламентті тарату туралы Мемлекет басшысына ұсыныс білдірді. Бұл туралы сайтымыз алғашқылардың бірі болып хабарлады. Алайда мәжілістің ұсынысы әлі толық мақұлданған жоқ. Әрине, соңғы шешімді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдайды.
Қазақстанның конституциялық нормаларына сәйкес, Парламент таратылғаннан кейін екі айдың ішінде жаңа Парламент жасақталуы тиіс. Мерзімінен бұрын өтетін Парламент сайлауы туралы ел ішінде түрлі қауесет сөз тарауда. Бір топ белсенділер «Мәжіліс тарқатылғанымен, құрам өзгермейді» деген пікірді ұстанса, енді біреулер мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізудің тиімділігін алға тартуда. Дегенмен, сайлау үшін жасалатын сайлауға қатысты соңғы шешімді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламентінің қос палатасының спикерлері және Премьер-министрмен ақылдасып барып шығарады. Бұл туралы «abai.kz» порталы «informburo.kz» сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Әрине, Елбасы депутаттардың мәжілісті мерзімінен бұрын тарату туралы ұсынысынан хабардар. Бірақ, бұл мәселеге қатысты шешім шығарылған жоқ. Бұл үшін мұқият сараптама (анализ) жүргізілуі тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы шешім қабалдарда бірінші кезекте қоғамның пікірімен санасады. Егер қоғам тарапынан қолдау болатын болса, мәжілістің ұсынысын қабылдауы мүмкін», -деді ҚР Президентінің баспасөз-хатшысы Дәурен Абаев мырза. Сонымен қатар, Абаев мырзаның айтуынша, Мемлекет басшысы бұл мәселені қос палата спикерлерімен және премьер-министрімен бірге отырып талқылайды. Тек содан кейін ғана нақты шешім қабылданатын болады.
Сайлау туралы сөз айтала бастаған соң, біз қазқастандық саясаткерлер мен ұсыныс білдіруші тараптың пікірлерін білген едік. Қазақстандық БАҚ-та белсенді әрі өткір пікірлерімен белгілі депутат Азат Перуашев мырзаға хабарластық. Ол: - Біз Мәжілістің бұл ұсынысын қолдаймыз. Парламенттегі барлық фракция депуттары бұл мәселені талқыға салғанда бір ауыздан қолдау тапты. Бұл жердегі маңызды жайт: халықтың қолдауы мен халықтың таңдауы маңызды. Халық қай партияны қолдайды? Қай партия әрі қарай жұмыс істеуі керек. Осындай қиын кезеңде халыққа да оңай соқпасы анық. Меніңше, мерзімінен бұрын сайлау өткізілуі керек. Ұлттық бизнестің партиясы ретінде біз бесінші шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісін таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдаймыз», - деді Азат Перуашев мырза.
Біз жолдаған хабарламаға бесінші шақырылымның депутаты Мұрат Әбенов мырза да бейжайлық танытпағандай сыңай білідірген еді бастапқыда.. Әйткенмен де, әлеуметтік желідегі парақшасына жолдаған хатымызды оқыған экс-депутат комментарий беруден бірден бас тартты. «Жоқ, мен айтпай-ақ, қояйын. Мен өзім бесінші шақырылымның депутатымын. Маған комментарий беруге болмайды» деп қысқа қайырды. Дода сайын дүрлігетін депутатардан тұшымды жауап ала алмаған күйімізбен тағы бір Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев мырзаға қоңырау шалдық. Әңгіменің ауанын айтып, өзімнің «Аbai.kz» сайтынан хабарласап тұрғанымды жеткіздім. «Что за сайт такой, «Abai.kz»? А, казахскоязычный что ли?» - ден бастаған Мұхтар мырзаның қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарын оқымайтынын немесе танымайтынын аңғардық. Дегенмен, екі-үш минутын бөліп, сұрағымызға жауап бергені үшін тағы рахметімізді айттық. «Біріншіден, біз енді ғана ұыныс жасадық. Әлі белгісіз. Соңғы шешімді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдайды. Премьер-министрмен кеңескеннен кейін ғана сайлау өте ме, өтпей ме, белгілі болады. Сондықтан, қазір бірдеңе деп болжам айтуға ерте деп ойлаймын»,-деді Мұхтан Тінікеев мырза.
Сайланып, содан соң өздері сайланған Мәжілістің жұмысын мерзімінен бұрын тоқтатып, тағы да сайлаудың додасына түсіп кете беретін депуттарамыз, міне, осылай деп жатыр. V шақырылған Парламент Мәжілісінің сайлауын кезектен тыс өткізу мәселесі сөз болған екен, оның таяуда біржақты шешім табары да дауысыз. Иә, ол шешім туралы да жуық арада жұртты құлағдар ететін боламыз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz