ҚЫРҒЫЗСТАН БАРЛЫҚ МЕКТЕПТІ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСАДЫ
Қырғызстан премьер-министрі Темир Сариев елдегі барлық орта мектепті интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Байланыс жөніндегі мемлекеттік агенттік директоры Чынгыз Бекташевпен кездесуінде, Сариев ел аумағын толығымен ұялы байланыспен және интернетпен қамту қажеттігін айтып, әр мектепті интернетке қосу туралы тапсырма берді.
Премьер осыған байланысты білім және ғылым министрлігіне байланыс жөніндегі мемлекеттік агенттікпен бірлесіп, қажетті құжатты дайындауды бұйырды.
Халықаралық Internet Society (ISOC) ұйымының «Қырғыз республикасының интернет ортасы» деп аталатын есебінде Қырғызстанда азаматтардың 25 пайызы ғана интернетке қосылғанымен тек 20 пайызының оны пайдаланатыны туралы, қалған 75 пайызының әлемдік желіге шығу мүмкіндігі жоқтығы жайлы жарияланған еді.
Абай-ақпарат