Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Билік 3756 0 пікір 14 Қаңтар, 2016 сағат 09:20

ҮЙІМІЗГЕ ВИРТУАЛДЫ БАЗАНЫҢ ҚАБЫРҒАСЫН ТЕСІП КІРІП ЖҮРМІЗ

Астана қаласының мемлекеттік органдары Астана қаласы, Есіл ауданы, Тельман кенті, Аққемер көшесі 25 участок мекенжайы бойынша “сайда саны, құмда ізі жоқ” мал базасын 2007 жылы тіркеп, заңсыз жер беруінің нәтижесінде, (құжат бойынша Аққемер көшесі 2/2 үйдің) 3 пәтердің қабырғасы, көшеге шығатын есігімен қоса жемқор шенеуніктердің «қиялындағы виртуалды базаның” ішіне кіріп кеткен.

Шенеуніктердің ойынша осы уақытқа дейін біз үйімізге олардың қиялындағы базаның қабырғасын тесіп кіріп жүрген екенбіз.

Бұл жайт маған 2013 жылың қазан айында "виртуалды базаның” жаңа қожайындары қоршау салып, үйге кіретін жолды жауып тастаған кезде белгілі болды. Содан бері Астана қаласының әкіміне, Есіл ауданының әкіміне, Әділет министріне, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық жөніндегі Агенттікке, Астана қаласының мемлекеттік органдарына жазған арыздарымнан ешқандай нәтиже шықпады. Ақордадан үш шақырым жерде тұрған осы қиялындағы базаның бар-жоғын тексеру сондайлық қиын ба?

Ғимаратқа жалған құжат жасап, мемлекеттік тіркеуден өткізу, жер беру, сатып жіберу кем дегенде 5 мемлекеттік мекеме арқылы өтетіндіктен, бұл шаруа екінің бірінің қолынан келмейді. Құжаттардың жалған екеніне күмән жоқ, себебі Аққемер көшесі 25 участок мекенжайы бойынша ешқандай база болған емес. 

2000 жылдан бері Тельман поселкесінде маған тиесілі жалғыз ғана база бар, оған осы жерде тұратын тұрғындардың бәрі куә. Бірақ, Астана қаласының әкімшілігі түрлі сылтау айтып,  маған жер беруден екі рет бас тартты. Ал менің өтініштерімді кері қайтарғаннан кейін “сайда саны, құмда ізі жоқ” мал базасына 2400 шаршы метр жер берілген.

Аталған бассыздықтар еліміздің бас ғимараты Ақордадан үш шақырым жерде болып жатыр! 

Оның үстіне менің шағымым бойынша сот осы “сайда саны, құмда ізі жоқ виртуалды базаның” орынында көшпелі жиын өткізіп, арызымды кері қайтарған соң сіздерден көмек сұрауға мәжбүрмін.

Шөкібаев Тұрсын Сәдуұлы

Abai.kz

0 пікір