СИНГАПУР ЖОЛЫ ҚАЗАҚ ЖОЛЫ БОЛА АЛА МА?
Жаңашылдық дегенді алға тартып, шетелдік тәжірибені (жаңа технологияны) еліміздің қоғам өміріне енгізіп, кейін соның іс жүзінде елеулі шикілігі шығып қалған кезде енді оны әрі қарай жалғастырып жүргізе бермей, тоқтата салуға дәрменіміз жетпей, қиын жағдайға тап болып жататынымыз бар. Осы мәселе туралы Елбасы «Ғасырлар тоғысында» еңбегінде: «Меніңше, жаңашылдықтың ең даусыз түрі тиімділік қағидасына негізделуі қажет сияқты. Алайда, тиімділіктің де түр-түрі бар. Алыпсатарлық саудаға, үй салуға немесе жаңа технология жасауға бағышталған тиімділік, басқасын былай қойғанда, салынған қаржының өзін-өзі қайтару мерзімі бойынша да үшеуі үш түрлі нәтиже берері анық. Алайда гәп тиімділіктің әр қилы болатындығында ғана емес, гәп кейбір тиімді шешімдердің дәстүрлі, қалыптасқан ұлттық мұраттарға көпе-көрінеу қайшы келетіндіктен, қабылдауға болмайтындығында» (121-бет), – деп жазады.
Ал Қазақстан халқына арналған 2003 жылғы Жолдауында: «Басқаның тәжiрибесiн көзсiз көшiрудiң, халықаралық сарапшылардың бiрi дөп басып айтқандай, бiреудiң дене мүшесiн басқа бiреуге салатын хирургиялық операция тәрiздi екенiн мықтап ұғынып алу керек, бөтен мүшенiң басқа денеге қабыспайтын кездерi жиi ұшырасатынын өздерiңiз де бiлесiздер. Мұндай мәселеде абай болған жөн, әуелi бәрiн де мұқият екшеп алған абзал. Үкiметке бұл мәселенi шетелдiк тақылеттес тәжiрибенi ескерiп, терең зерделеудi, сөйтiп нақтылы ұсыныстар енгiзудi тапсырамын», – деген ескерту де жасаған еді.
Алайда Елбасының бұл нұсқауы үкімет тарапынан көп жағдайда ескерусіз қалып қоятын сияқты. Тереңірек үңіліп, кеңірек ой жүгіртетін болсақ, 25 жыл бойы еліміздің тұрмыс-тіршілігіне ендірілген жаңашылдықтың баршасы жақсы нәтиже берді дей алмасақ керек. Бәріне тоқталмай-ақ, тек білім беру саласына ғана енгізілген немесе енгізілгелі жатқан жаңашылдықтардың талайы, әсіресе ағылшынша оқытып, ағылшын тілді мамандар дайындау мақсатындағы реформамыз біздің «дәстүрлі, қалыптасқан ұлттық мұраттарымызға қабыспайтынын» жақсы аңғарамыз.
Мәселен, бізге экономикалық дамуда да, әлеуметтік дамуда да, саяси дамуда да үлгі-өнеге болып келе жатқан Сингапур – қала мемлекеті 1819 жылдан ағылшындардың отары әрі форпост (әскери бекініс) сауда-саттық орталығы болып келген еді. Тынық мұхит елдерінің көбісі тәуелсіздік алған кезде, яғни 1963 жылы Сингапур Малайзия Федерациясына кіреді. Бірақ Федерация мен Сингапурдың арасында саяси мәселелер бойынша өзара түсінбеушілік орын алады, әрі Федерация үшін Сингапур «ыңғайсыз бөлік» және әбден асқынған «іріңді жара» сияқты еді. Мүмкін, Малайзия одан құтылуға асық болғанда шығар?! Өйткені онда үш ұлт өкілдері (малай, қытый, үндіс) мидай араласып тұруымен қатар, олардың ұлтсыздануы (космополиттену) барынша қарқын алған еді. Мұның соңы – 1965 жылы Сингапурдың Федерациядан шығуымен аяқталады. Демек, Сингапурдың геосаяси жағдайы, ұлттық құрамы және олардық ұлттық құндылықтарды қастерлеуі әу бастан-ақ өзгеше болатын.
Сингапурды кішкентай қаладан ұлы мемлекетке айналдырған Ли Куан Ю екені баршаға белгілі. Ол 1959 жылы Сингапур Малайзия құрамындағы өзін-өзі басқару штаты болған кезде-ақ премьер-министр, 1965 жылы Тәуелсіз Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі болды.
Ли Куан Ю да, оның жұбайы Чу да мектеп жасынан ағылшын тілін үйреніп өсті. Олар Ұлыбританияда оқып жүргенде Қытайдан келген студенттермен танысып, сөйлескен кезде қытай мәдениетінен өздерінің қаншалықты алшақ кеткендерін сезеді. Олардың өздерінен қаншалықты көш ілгері тұрғандарын байқайды. Бұл ретте олар – Кариб бассейні мемлекеттері арасынан шыққан қытай студентерімен деңгейлес еді. Олар өздерінің шетел тілінде оқып, көп нәрсені жоғалтқандарын, басқа тілді үйренгендерімен, өздеріне жат британ мәдениетін қабылдағандарын да түсінеді.
Ли Куан Ю – хоккиен диалектісінде (Синагпрудегі қытайлардың дені сөйлейтін оңтүстік-қытай диалектісі) немесе қытайдың әдеби тілінде сөйлейтін Сингапурдің қарапайым тұрғындарынан біржола адасып қалғандай күй кешеді. Ли оқитын кітаптар мен оған сабақ беретін мұғалімдердің ол өмір сүрген ортамен еш байланысы жоқ еді.
Білім беру ағылшын тілінде жүзеге асатын Рафлс колледжінің өзге студенттері сияқты, олар да британ мәдениетін іштей толық қабылдамай, білім алу барысында Азия мәдениетімен де толық таныспай, екі мәдениеттің арасында шөре-шөре болып қалады. Ли Куан Ю әйелі Чу екеуі балалары мәдениет мәселесі бойынша мұндай қателікке ұрынбас үшін, оларды қытай мектебіне береді. Олар өз балаларын Сингапурдегі қытай қауымдастығының арасында ең жарқын, әл-ауқатты қытай ретінде көргілері келетін. Сол үшін, балаларының ағылшын тілін үйренуі ойдағыдай болмаса да, олар осындай шешімге келеді. Үйде Чу балалармен ағылшын тілінде сөйлессе, Ли өзі қытай тіліне жаттығу үшін олармен қытай тілінде сөйлесетін. Мұндай әдіс баланың үшеуіне де пайдалы болды. Олар білімді қытай тілінде алды, қытай дәстүрімен тәрбиеленді. Мұның бәрі олардың еліне берілген, елге лайықты азамат болуларына ықпал етті. Сондай-ақ олардың үшеуі де ағылшын тілінде біршама жақсы сөйлей алатындай дәрежеде өсіп-жетілген еді.
Ли Куан Ю балаларының бәрі де мектепте жақсы оқып, үнемі марапаттауға ілігетін. Олар туралы мектепте жиі айтылып, қытай баспасөзінде де бұл туралы жазылатын. Бұл өзге ата-аналардың балаларын қытай мектебіне беруге ықпалын тигізетін. Осындай жарнама, насихаттан соң, Сигапурдегі қытайлардың Ли Куан Ю қытай мектебін жаппайтынынына көздері жете бастайды. Ал Лидің айналысындағы ағылшын тілінде тәрбиеленген таныстары, неге оның өз балаларын қытай тілінде оқытатынына және оның қаншалықты саяси мәні барына түсіне алмайтын.
Сингапурде ешқашан бір тіл басым болған емес. Сингапур отаршыл үкімет басқарған – полиглот (көптілді) қала болатын. Соған қарамастан, ата-ананың өз баласын қай тілдегі мектепке беретіні туралы құқықты ағылшын үкіметі ашық қалдыраған еді. Отаршыл әкімшілік бірнеше ағылшын мектебін ашқан болатын. Бұл мектептер балаларды ұсақ кәсіпке – клерк, есепші, сызу мамандығы сияқты бейтарап шенеуніктер даярлау үшін ашылған-ды. Ағылшындар сондай-ақ, малай тілінде оқитын малай мектебін де құрып береді. Үндістердің хинди және тамиль тілінде оқытатын өз мектептері болды. Қытай мектептерін қытайлар қауымдастығындағы ауқатты адамдары қаржыландыратын. Әр ұлт өз тілінде оқитындықтан, олардың өз тілін білуге деген құштарлықтары мен құрметтері өте терең еді.
1959 жылы алғаш рет үкімет құрылғанда, мемлекеттік тіл – малай тілі болсын деген шешім жасалған болатын. Бұл – болашақта Малайзияға бірігудің алғы шарттарын жасау үшін керек болған еді. Алайда Малайзия оларды керек қылмайды, сосын арада аз уақыт өткенде, үкімет жұмыс тілі және ұлтаралық тіл – ағылшын тілі болу керектігін түсінеді. Әлбетте бұл Сингапур қоғамының ұлттық ерекшелігінен туындап жатқан еді. Егер Сингапур халықаралық деңгейдегі сауда нүктесі бола тұра, малай, қытай, болмаса үнді немесе тамиль тілінде ғана сөйлесе, онда олардың жеке мемлекет болып қалыптасуы мүмкін емес еді.
Ал ағылшын тілін пайдалану бір ұлттың екінші ұлтқа басымдық танытуына жол бермес еді. Бірақ тілге қатысты күрт өзгеріс енгізу мүмкін емес еді, себебі тіл – сынып кеткелі тұрған жұқа мұздай мәселе еді. Егер сол тұста үкімет: «Сингапур тек ағылшын тілінде сөйлесін» деп қол көтерген болса, әрқайысысы өз туған тіліне аса қатты берілгендіктен, мұндай шешімнің соңы – үлкен қатерге айналуы әбден мүмкін еді. Ең соңында тіл мәселесі үкіметте қаралған кезде бұрын қалай болды, солай қалдыру туралы қорытындыға келеді. Сөйтіп, Сингапурда төрт ресми тіл болды: малай, қытай, хинди және тамиль тілі. Дегенмен, бәріне ортақ бір тіл керек екені Сингапурдың өз Қарулы күштерін құрған кезде де сезіледі. Әскерде – түрлі диалекті мен түрлі тіл орын алатын болса, мұның қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру қиын емес. Ресми төрт тілдің бірін біліп, бірін білмейтін, бір-бірінің тілін түсінбейтін әскердің шабуылға шыққанын көз алдыңызға елестетіп, ойша болжап көріңіз? Бұл қиындықтан шығу үшін, уақытша белгілі бір тілге орай бөлімшелер құрылады.
Сингапурдегі қытайлар үйлерінде жеті диалектің бірінде сөйлесетін еді. Ал мектепте – ағылшын және қытайдың әдеби тілін үйреніп, оқитын. Үйге келгенде бұл тілде ешкім сөйлеспейтін. Тілге қатысты қиындықты жеңу үшін Ли Куан Ю ағылшын мектептеріне – қытай, малай, хинди, тамиль тілдерін енгізеді. Бұл ата-аналарға да ұнады. Әділдік болуы үшін қытай, малай, хинди, тамиль мектептерінде ағылшын тілі жүретін болды.
Бұрыннан тек қана қытай тілінде сөйлеп, қытай тілінде ғана оқыған тұрғындардың бір бөлігі мұндай шешімге өз қарсылықтарын біліріп, бұл туралы наразылықтарын жергілікті баспасөздерде жария етеді.
Сингапурдың Малайзиядан бөлінгеніне екі ай уақыт өткенде, Қытай коммерциялық палатасы Сингапурдегі ресми тілдің бірі – қытай тілі болсын деген талабын үкіметтен жария түрде талап етеді.
Палата қазынашысы Кен Чин Хок Сингапур Малайзияның құрамында болмаған кездің өзінде, сингапурлықтардың 80%-ы қытай тілінде сөйлеген дегенді алға тартады. Ли Куан Юге бұл идея елге тарамай тұрып, оның үнін өшіруге тура келеді. Себебі Қытай сауда палатасы бұл мәселені мұнан әрі де белсенді түрде көтере беретін болса, әрбір қытай мектебіндегі мұғалімдер кеңесі, қытай мұғалімдерінің екі бірдей кәсіподағы бұл мәселені бұқаралық деңгейге жеткізе жұмыс істей бастайтын еді.
1 қазан күні Ли Куан Юге – барлық ресми төрт тіл тең құқылы деп қайталап мәлімдеме жасауына тура келеді. Ал Кен Чин Хоку мен Қытай сауда палатасының кейбір белсенділерінің есіне – Сингапурдың малай полициясы мен малай әскеріне бағынышты болып тұрған кезінде тіл ғана емес, өзге де маңызды мәселелер туралы үндерін шығармай, ауыздарын бағып, тыныш отырғандарының орынды екенін естеріне салады.
Арада бес күн өткенде, Ли Куан Ю төрт сауда палатасының өкілдерімен телеарнада кездеседі. Өзара пікір алысу барысында Ли саяси мақсат үшін, Қытай палатасына қытай тілінің статусына қатысты мәселені иемденулеріне жол бермейтініне олардың көзін жеткізеді. Сонымен елде қытай тіліне басымдық беруге, оның мәртебесін көтеруге жасалған әрекеттерге біржола нүкте қойылады. Бұған қарамастан, Наньян Қытай университетінің студенттерінің оппозициялық бөлігі наразылық танытып, көшеге демонстарцияға шығады. Нджи Энн колледжінің студенттері де оларға қолдау танытады.
1966 жылдың қазан айында, Наньян университеті салған кітапхананы ашады. Бұл кезде де университет және колледж студенттері Лидің кеңсесінің жанында демонстарция өткізіп, полициямен қақтығысып қалады. Мұның соңы олардың колледжде жерге отырып, наразылық танытуларына ұласады.
Үкімет жыл сайын балаларын ағылшын мектебіне беретін ата-аналар санының өсуін шыдамды түрде күтумен болды. Қоғамда мұндай жағдайдың орын алуы қытайлық мұғалімдер кәсіподағы, қытай мектептерін басқару комитеті, қытай тілінде шығатын басылымдардың, қауымдастық басшыларының, Қытай сауда палатасының ашықтан-ашық қарсылық танытқанына қарамастан, ағылшын тілінде оқытатын мектептерге балаларын беретіндердің саны өсе түсті.
Жыл сайын ата-аналар балаларын мектепке әкеліп тіркеу жұмысы басталған кезде ата-аналарды балаларын қытай тіліндегі мектептерге беруге үгіттейтін науқан қатар басталатын. Олар балаларды қытай мектебіне беру арқылы қытай тілін, мәдениетін, өзіне тән тұрмысын сақтап қалу керектігін алға тартты. Мұндай топтағылар балаларын ағылшын тіліне бергендерді сынап, оларды ақша туралы ғана ойлайтын көрсоқырлар деп кіналады.
Көптеген ата-ана расында да, өз тілі мен мәдениеттінің жақтаушысы болатын. Сондықтан олар бір нәрсені түсіне алмады. Мәселен, британ отаршылдығы кезінде балалары таза малай, қытай, хинди, тамиль тілінде оқыса, енді өздері қолдан сайлаған үкімет кезінде неге олардың балалары ағылшын тілінде оқулары керек?
Осындай өздеріне түсініксіз жағдайларға қарамастан, бірқатар ата-ана балалары болашақта жақсы жұмысқа қол жеткізіп, жақсы өмір сүруі үшін оларды ағылшын мектебіне бере бастайды. Осындай түрлі ағымардың (тілдердің) қарама-қайшылығы жаңа саяси насихат жүргізуге қолайлы жағдай туғызған еді.
Елдегі оппозиция ағылшын тілінің ұлтаралық тіл болуына табанды түрде қарсы болады. Бір қызығы бұл – Ли Куан Юдің қытай тілін және қытай мәдениетінің ең үздік тұстарын сақтап қалу үшін әрекет еткеніне қарамастан, орын алды. 50-ші жылдары Лидің өзі қытай мектептері басшыларының заң кеңесшісі болып жұмыс істеп жүрген кезінде қытайлардың динамизмі мен олардың өмірге деген құлшынысына, бойларындағы рухани күш-қуатына, қоғамдық және саяси идеялдарға адал болатын қасиеттеріне таңғалған болатын.
Тілге қатысты дау-дамай қоғамда өршіп тұрған кезде Ли ағылшын тілінде білім алып жүрген қытай студенттерінің тіл үшін қатты күйзелгеніне, менменшілдігі мен өздеріне деген сенімсіздіктерінің күшеюіне қатты алаңдаған еді. Мәселенің ең күрделі тұсы – ағылшын тілі – көп ұлтты, сан тілді Сингапурдегі бейтарап тіл болатын және бұл мемлекеттің сыртқы әлеммен қарым-қатынасы үшін аса қажет-тұғын. Соған қарамастан, ағылшын тілінде оқығандар өздерінің туған мәдениетінен ажыратылып, олардың іштей сенімсіздігін, күйзелісін туындатқан болатын.
Лидің өзі ағылшын тілінде білім алса да, өз айналасындағы ағылшын тілді қытайлардың ортасында ғана қалып қалған жоқ. Ли ағылшын тілінде сөйлейтін ортада да, малай тілінде сөйлейтіндер арасында да өзін әр кез еркін сезінетін. Адамдар оны тек қытайлықтардың көшбасшысы деп қана қабылдамағандықтан, оның адамдармен тіл табысып, жұмыс істеуі жеңіл болды.
Кейін, қажеттілікке қарай, Ли қытай әдеби тілін де үйреніп алады. Қытайлықтар Лидің қытай әдеби тілін бар күшін салып үйреніп жүргенін көретін. Ол сондай-ақ, хоккиен диалектісіне де жаттығады. Нәтижесінде Ли олардың қай-қайсымен де түсінісіп, тіл табысатын. Жұрт алдында сөйлегенде бір-екі ауыз қытайша айтып, сосын ағылшын тіліне толық көшетін. Сондықтан да олар оны өзінің көшбасшысы деп білді.
Лидің тілге қатысты қоғамға өзгеріс енгізуі үшін саяси ықпалы да жетерлік еді. Балаларын ағылшын мектебіне жіберетін ата-аналарға қарағанда, оның үш баласы да қытай мектебінде оқитын.
Ли Куан Ю 60-шы жылдардың соңында Наньян университеті студенттерінің алдында сөз сөйлеген кезде өзі саяси мүдде үшін балаларының білімін құрбан етпейтінін айтады. Балаларының қытай мектебінде оқып жатқаны олар үшін пайдалы екенін, бірақ үйде олар ағылшын тілінде сөйлеп жаттығатындықтарын жеткізеді. Дегенмен ертеңгі күні оларды қытай тілінде сабақ беретін жоғары оқу орындарына жібермейтінін де айтады. Олардың болашағы тілге және тіл туралы жетілген оқулықтарға қатысты екенін айта келіп, ондай оқулық сол тұста ағылшындарда екенін де ескертеді.
Ли Куан Ю кейін: «Егер менің балаларым қытай мектебінде нашар оқыған болса, мен мұндай жауапкершілігі зор, беделді сөзді айта алмаған болар едім» дейді. Арада көп жылдар өткенде ол өз балаларынан «ағылшын емес, қытай мектебінде оқығандарыңа өкінбейсіңдер ме?» деп сұрайды. Олар үшеуі бірдей қытай мектебінде оқығандары оларға көп пайдалы болғанын қуана жеткізеді.
Сингапурдегі екі университет біріккен соң, Ли Куан Ю қытай мектептерін ағылшын тілінде сабақ беретін мектептерге айналдырады. Қытай тілі сабақ беру үшін екінші қосымша тіл ретінде сақталады. Мұндай жағдай қытай тілінде білім алған адамдардың (олардың арасында парламент мүшелері де бар) құндылықтарды қайта қарау үдерісіне (наразылықтарына) алып келеді. Олар бір кезде мектептерге ағылшын тілі енгізілсін деген жарлыққа келіскендерімен, қытай тілі сабағының сағаттары қысқаруына еш келіскісі келмейді. Әрине, студенттер политехникалық институтар мен университтерде ағылшынша білім алулары үшін ағылшын тілін игеруді мектепте сапалы оқулары тиіс, себебі олар кейін бұл үшін арнайы бір жылдық ағылшын тілінде дайындықтан өтуді қажет етпейді. Сөйтіп, ағылшын тілі жұмыс тілі болуынына бәрі де келіскендей еді. Бұл геосаяси жағдайы өзгеше ел – Сигапур үшін, шынында да, қажеттілік болатын.
Осы өзгерістер енгізіле бастағанда, Ли Куан Юге қытай мектептеріне тән, оның жақсы жақтарын сақтай алмай, айрылып қаламыз ба деген күдік те туындайды. Мәселен, тәртіп, өз-өзіне деген сенімділік, студенттерге осы уақытқа дейін сіңірілген қытай (малай, үндіс) дәстүріндегі моральдық және әлеуметтік құндылықтар жоғалуы мүмкін бе еді? Жасыратыны жоқ, Ли мұның бәрін сақтап қалғысы келді. Енді бұл құндылықтарды екі тілді мектептерде оқитын балалардың бойына сіңіру керек болды. Олай болмаған жағдайда олар өздерінің мәдениеті мен дәстүрін жоғалтары хақ еді. Егер мектепте сабақ ағылшын тілінде жүргізілетін болса, онда Конфуцийдің отбасылық қарым-қатынас нормаларын оларға сіңіре алмайды. Себебі мұғалімдер де, оқушылар да түрлі ұлт өкілінен құралады және олар сабақ барысында өз ана тілдеріндегі оқулықтарды пайдаланбайды. Мұның бәріне қоса, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жетіп жатқан батыстық көзқарастар, Сингапурге келген туристермен тілдесу, шетелдерге саяхаттау – студенттер бойындағы дәстүрлі моральдық құндылықтарды азайтып, тоздырып жіберуі әбден мүмкін еді. Оның үстіне батыстың «тұтынушылық қауымдастық» идеясы өзге мемлекеттерге қарағанда Сингапурде тез тарай бастайды. Себебі мұнда сабақ атаулы ағылшын тілінде жүргізіледі.
Бұл қиындық жас ұстаздар арасында құндылықтар туралы түсінікті одан әрі қиындатып жіберді. Мұғалімдердің алдыңғы қатары – көпұлтты қоғамда тұрақтылық пен үйлесім орын алуы үшін, соған қол жеткізу үшін қандай қиындықтарды бастан кешіргендерін білетін.
1979 жылы Кен Сви білім министрі болып тұрған кезде, Ли Куан Ю оған: «Мұғалімдер балаларды өмір философиясына үйретеді. Өз шәкірттерін отансүйгіштікке, батыл болуға, өз міндеті мен жауапкершілігіне мұқият болуға үйретеді. Қытайлық мұғалімдер ағылшын мұғалімдеріне қарағанда, әлдеқайда талап қойғыш және еңбектенуден талмайды» деп жазады. Қытай (малай, үнді) тілі екінші орында болған жағдайда ағылшын тілінде дәріс алып, маман болып шыққан жас ұстаздар дәстүрлі құндылықтарды өзі сабақ беретін шәкірттерінің деңгейде олармен бөлісе алмайтын.
Ең соңында – Сингапурде тұрып жатқан түрлі халықтардың айшықты дәстүрлі мәдени құндылықтарын сақтау туралы шешім қабылданады. Мәселен, жапондықтар америкалықтардың мәдени ықпалын қабылдай отырып, әлі де жапондар болып сақталып отыр. Ауқатты отбасында өмірге келген жас жапондықтар өздерінің ата-аналары сияқты өздері жұмыс істеп жүрген компанияға соншалықты беріліп жұмыс істемейді. Бірақ соған қарамастан, олар еңбекқорлығын жоғалтқан жоқ. Олар қоғамның дамуы үшін еуропалық немесе америкалықтарға қарағанда өте еңбекқор келеді.
Ли Куан Ю «Жапондықтар қол жеткізе алған жағдайға біз де қол жеткіземіз» деген шешімге келеді. Ендігі жерде қытай әдеби тілін үйренудің маңыздылығын бөле-жара көрсету үшін, Лидің өзі хоккиен диалектісінде сөз сөйлемейтін болады. Сингапурде диалект тілімен сөйлейтін радихабарлар мен телеарналарға тыйым салынады. Тек, қоғамның жасы үлкен адамдары үшін диалект тілінде жаңалықтар ғана беріліп тұрады. Алайда ХҚП (Халықтық қозғалыс партиясы) мүшелерін парламентке сайлау кезінде диалектімен сөйлеуге тура келеді. Олай болмағанда, бұл мүмкіндікті оппозиция пайдаланып кеткен болар еді. Тіпті, 1997 жылы қаңтар айында өткен сайлау науқанына дайындық барысында сайлаушылар диалектімен сөйлегендерге ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл заңды құбылыс еді. Себебі аға ұрпақ үшін осы диалекті ана тілі болатын. Мұндай отбасында қалыптасып қалған дағдыны бұзу немесе жою қиын болатын. Ал диалекті атаулы – қытай әдеби тілін үйренуге, үйретуге бөгет болатын.
70-ші жылдарға дейін қытайлықтардың 80%-ы отбасында диалектімен сөйлейтін. Телеарналарда сұхбат беретін жас жұмысшылар қытай әдеби тілінде шапшаң сөйлей алмайтын, себебі олар үйде, жұмыста диалектімен сөйлейтін. Мұны түбірімен өзгерту үшін, Ли өзінің бар беделін пайдаланады. Халық оның үш баласының да қытай мектебінде оқып жатқанын білетін. Олар қытайдың әдеби тілі мен ағылшын тілін және малай тілін оқып үйренетін. Лидің балалары әкелерінің білімге деген көзқарасына үнемі құрметпен қарайтын. Саябақта қыдырыстап жүргенде ата-аналар өздерінің балаларымен диалекті тілінде сөйлесер еді. Бірақ Олар Ли мен Чуды көрген кезде өздерінің әлі қытай әдеби тіліне көшпей жүргендеріне қысылып қалатын. Мұндай өзгеріс, әсіресе үлкен жастағы адамдарға қиын тиді.
1980 жылы қытайдың әдеби тілінде сөйлейтін тұрғындар саны 26%-ға, 1990 жылы 60%-ға дейін өседі. Ал ағылшын тілінде сөйлей алатын отбасының саны 1988 -1998 жылдар аралығында 20%-дан 40%-ға дейін өседі.
Қытайдың «ашық есік күндерін» жүргізу саясаты – қытайлықтардың қытай әдеби тіліне көшу ісінде шешуші қадамдар жасауға ықпал етті. Қытай тілімен қатар ағылшын тілін де білетін басшылар мен мамандарға деген сұраныс артты. Ендігі жерде диалектіден қытай әдеби тіліне ауысуға қатысты наразылықтар да басылған еді. Кейін Ли Куан Юдің өзі айтқандай, 1965 жылы ел тәуелсіздік алғанда, қытай әдеби тілін екінші ресми тіл ретінде оқыту туралы шешім дұрыс болып шыққан. Тек Сингапурдің өзінде ғана жеті түрлі оңтүстік-қытай диалектісінің болуы – адамдарға қытайдың әдеби тілін үйренуге үгіттеген кезде көп жеңілдік әкеледі. Егер Сингапурде Гонконгтағы сияқты 95% халық бір ғана – кантондық диалектіде сөйлеген болса, онда бұны орындау әлдеқайда қиын болар еді. Тіпті, бұл мәселе шешілмес те еді.
Сингапурда тұрып жатқан қытайлықтардың басым көпшілігі үшін диалект ана тілі, ал қытай әдеби тілі қосымша тіл сияқты болатын. Соған қарамастан, арада екі ұрпақ ауысқанда, қытай әдеби тілі олардың ана тіліне айналады.
Ал ағылшын және малай, қытай және хинди (тамиль) тілін қатар оқып үйрену балалар үшін ауыр жүк болғаны сөзсіз немесе үш тілдің – ағылшын тіліне еш қатысы болмады. Мұның бәріне қарамастан, егер сингапурлықтар тек өз тілдерінде сөйлегенде мемлекет болып сақталып қалулары екіталай болатын. Егер тек ағылшын тілін ғана үйренсе, бұл да бір апатқа апаратын еді: онда сингапурлықтар өздерінің тұрмыс-салтын ұмытып, өздеріне деген сенімділіктерінен айырылып, өздерінің мына әлемдегі орнының қайда екенін білмей, өзіндік ұлттық келбетін жоғалтып алатын еді. Қалай болғанда да, адамдарды ана тілінде сөйлемеуге үгіттеу, оларды ана тілінен айыру мүмкін емес нәрсе болатын.
Қорыта келе айтарымыз, Сингапаурдың, яғни оның көсемі Ли Куан Юдің осы тәжірибесіне тереңірек мән берсек, оны геосаяси жағдай мен ұлттық (тілдік) саясатты Сингапурмен салыстырғанда түбегейлі өзгеше Тәуелсіз Қазақстанға қолдануға болмайтынына анық көз жеткіземіз. Өйткені қазақ тілінің малай, қытай, хинди, тамиль (Үндістанның Тамиль штатының ресми тілі) тілдерінің дамуына негіз болатын Малайзия, Қытай, Үндістан сияқты басқа Отаны жоқ және қазақ халқының баршасы – сигапурлықтар сияқты әлі ұлтсыздана (космополитке айнала) да қойған жоқ. Орыс тілінің үстемдігі де сол қалпында сақталып отыр. Тіпті орыс тілінің үстемдігі біздің елімізде жылдан-жылға күш алып бара жатқан сияқты. Сондықтан да қазақ жастарына орыс, ағылшын және т.б. шетел тілдерін әлемдік білім-ғылымды игерудің құралы ретінде ғана барынша сапалы оқытып-үйретіп, ұлттық құндылықтардың ең асылы және солардың сақталуына негіз болатын ұлттық тілде білім-тәрбие беруге, ұлттық тілде оқытуға баса мән беруіміз қажет. Олай етпесек, жер бетінде ұлт болып сақталып қалуымыз неғайбыл.
Елімізде қазақ тілінің 1989 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болуының арқасында дүр сілкініп оянған қазақ қоғамы өз балаларын қазақ мектептеріне жаппай бере бастады. Қазақ мектептерін бітірушілердің көбеюі жоғары оқу орындарының көптеген факультетінің құрамынан түрлі мамандық бойынша қазақ тілінде маман дайындайтын, бұрын, яғни еліміз тәуелсіздік алғанға дейін болмай келген қазақ бөлімдерінің ашылуына себеп болды. Сөйтіп, ел тәуелсіздігінің, ел егемендігінің арқасында көптеген мамандық бойынша қазақша оқулық-оқу құралдары жазылып, қазақ жастары тұңғыш рет өз ана тілінде кәсіби орта, кәсіби жоғары білім алып, мамандануға қол жеткізген еді. Қазақ тілінде білім алған жастардың жыл өткен сайын көбеюіне үміт артқан біз – олардың артында қазақ тілінің, қазақ ұлтының жарқын болашағы тұр деген үлкен сенімде едік. Енді сол үмітіміз бен сенімімізді ағылшын тілі бай-қуатты өмірге жеткізеді деген сылтаумен өз қолымызбен тұншықтырмақшы болып жатырмыз.
Б.Жәлелұлы
Abai.kz