ӘМІРХАН БАЛҚЫБЕК. ГОМЕР «ИЛИАДАСЫ» ТҮРКIЛЕР ЖӘНЕ МӘҢГIЛIК ҚАЛА
Батылдардың бағы артсын.
Едiл патша
Түркi қасқыр мифi мен тотемiнiң шығу төркiнiн зерттеу барысында маған осы миф пен Римдегi Капитолий қаншық қасқырының арасында қандай да бiр байланыс болуы мүмкiн бе деген сауалға жауап iздеуге тура келген. Осылайша аз-маздап бұл бағытта деректер жинала бастаған.
Деректердi өзара кiрiктiру, яғин жалқыдан тұтасты тану барысында ақындар мәңгiлiк қала деп дәрiптейтiн бағзы да жаңа салтанатты Римнiң негiзiн бiр кездерi прототүркiлер қалаған деген пiкiрге келгенiмдi ашық айтқым келедi. Амал қанша, бұл түркiшiлдiкпен ауырған сананың сандырағы дейтiндердiң табылатындығын да сеземiн. Бiрақ ақиқаты – осы.
Кейбiр тұстарда дерек көзi ретiнде, әдеби шығарма болса да, Гомердiң «Илиадасына» да арқа сүйегенiмдi жасыра алмаймын. Тiптi ол ол ма, прототүркiлер тағдыр жазмышымен Аппенин түбегiне осы «Илиадада» жырланатын Троя қырғынынан кейiн қоныс аударуға мәжбүр болған деген пiкiрдi де қоса айтқым келедi.
Едiл патша мен римдiктер
Тарихи деректерден бiз ғұндардың Рим қаласына Едiл (Атилла) басшылығымен бiздiң дәуiрiмiздiң 451-жылы жеткендiгiн, тiптi оны тiзе бүктiргенiн де жақсы бiлемiз. Бiрақ бұл Батыс пен Шығыстың көнеден байланысып келе жатқан ортақ тарихының көгiнде жарқ ете қалған жасындай қас-қағым сәт қана едi.
Құмық Мұрат Әжiнiң «Дештi-Қыпшақ даласының жусаны» кiтабында крест-айқыштың тәңiршiлдiктiң бас таңбасы екендiгi, оны Римге тәңiршiл ғұндар апарғандығы туралы баяндалады.
Иә, римдiктердiң ымыраласу мен пәтуаласу белгiсi ретiнде (шын мәнiсiнде жағымпаздық едi!) Едiл қосынының алдынан айқыш-крестi алып шыққандығы рас.
Себебi – олар Едiлдiң қолында Марс қылышының бар екендiгiн бiлетiн-дi. Римдiк жылнамашы Прииск Едiлдiң зор абырой-атағын, алысқа кеткен даңқын, патшалар мен бай-манаптар арасындағы беделiн оның Марс қылышын тауып алғандығымен түсiндiредi. Аңыз бойынша, әлдебiр бақташы өрiстен табынын қайтарып келе жатып, бiр қашарының сирағынан қан сорғалап жүргендiгiн байқайды. Тамған қан iзiн қуалап барған ол жерден жүзi шығып жатқан қылышты көредi. Қылышты алып келiп, Едiлге сыйға тартқан. Осы қылышты алғасын Едiлдiң айы оңынан туып жүре бередi. Себебi – бұл иесiне шексiз күш-қуат пен билiк сыйлайтын соғыс тәңiрiсi Марстың қылышы едi. Аңыз осылай баяндайды.
Қалай дегенмен де римдiктердiң Едiлден қатты қорыққандығы анық. Болмаса өз қаласының желеп-жебеушiсi болып саналатын Марстың қылышын ата жауы Едiлге тегiннен тегiн бере салар ма едi. Аңыз аңыз ғой, дегенмен өз иесiне шексiз күш-қуат пен билiк сыйлайтын Марс қылышының тасасында қандай құпия жатқандығын ешкiмнiң бiлгiсi келмегендiгi қызық.
Менiңше, Марс қылышы Едiлдiң қынабында болған жоқ, оның туында бейнеленген-дi. Яғни, ғұн көсемi бас иетiн тотемнiң символдық кескiнi болып табылатын. Ал сырт пiшiнi бұрыштары мен қырлары тең айқыш-крестен гөрi төменгi қыры өзгелерiнен ұзындау свастикаға көбiрек ұқсайтын.
Жобалап сызғанда пiшiнi мынандай болуы мүмкiн:
ҚАЙҚЫ ҚЫЛЫШ ТАҢБАСЫ САЛЫНУЫ КЕРЕК
Киелi таңбаның мағыналық оқылуы қасқыр деген ұғымды бiлдiретiн-дi. Мұрат Әжi жазғандай, оның крест-айқышқа ұқсас нұсқасы болуы да шындықтан алыс кетпейдi. Өйткенi теология талаптары бойынша екеуi де тәңiрлiк мәнге ие таңбалар едi.
Рим түбiнде Марс қылышы мен айқыш-крест осылай кездестi. Кездесу себепшiсi ғұндар патшасы Едiл болатын. Римдiктердiң бәрi болмаса да iшiнара көзi ашық сауаттылары ғұн туындағы таңбаның Марс қылышы емес, қасқыр тотемiне тиесiлi екендiгiн сезген шығар, бiрақ оны ашық айту 451-жылғы ғана емес, арғы-бергi Римдi бүкiл тарихымен ғұндардың аяғына жығып беру болып шығатын. Тарихтың бұлай бағыт алып кетуiн римдiктердiң қаламағандығы анық. Нәтижесiнде олар қасқыр тотемiн жазбаша болса да Марс қылышына тели салды. Ал Марс қылышы туралы түсiнiкпен бұл кездегi ғұндар, олар ғана емес-ау, жалпы түркiлер әлдеқашан қош айтысқан-ды. Олар Римнiң өткен тарихына таласа алмайтын, өрелерi жетпейтiн. Ал римдiктер мұндай өресiздiктi шебер пайдалана бiлдi.
Марс қылышы неге Едiл патша туындағы қайқы қылыш бейнесiндегi свастика болуға тиiс дейтiн сауал тастауы мүмкiн оқырманның. Тарих атасы саналатын Геродот (б.д.д. 495-425 жж.) скифтердiң Марстың бейнесi емес, осы тәңiрiнiкi болып саналатын қайқы (байқайсыз ба, қайқы!) қылышқа табынатындығы туралы жазады. Олар соғыс тәңiрiсiне құрбандыққа адам шалғанда оның қанымен қылыштың жүзiн жуып отыратын болған. Солин деген жылнамашы да осы деректi нақтылай түседi. Иә, Геродот римдiк емес, ол – көне грек оқымысты. Ол Едiл дәуiрiнен сегiз ғасыр бұрын, яғни бiздiң дәуiрiмiзге дейiншi төртiншi ғасырда өмiр сүрген жан. Оның жазбаларының түпнұсқасында Марс қылышы емес, Арей, не Арес қылышы туралы сөз болғандығы да күмән тудырмайды. Бiзге Гомер «Илиадасына» жол ашатын да, мiне, осы Арей не Арес, дәлiрек айтқанда, Рим Марсының көнегректiк прототипi болмақ. Дегенмен, асығуға болмас. Әр дерек өз орнымен сөйлеуге тиiс.
Қайқы қылышты бертiнге дейiн түркiнiң атты әскерлерi ұстағандығына күмән жоқ. Яғни, Геродот әңгiме қылып отырған сақ-скифтердiң де түркiлер екендiгiне шүбәлануға болмайды. Олар табынған қайқы қылыштың сыртқы бейнесi шамамен мынандай болғандығы да күдiк тудырмаса керек:
ҚАЙҚЫ ҚЫЛЫШ ТАҢБАСЫ САЛЫНУЫ КЕРЕК
Мiне, гректер мен римдiктер Марс қылышы деп әспеттеп, аңызға айналдырып жүрген түркiнiң қайқы қылышы осындай едi. Оның бiр қарағанда свастика не айқыш-крест сияқты болып көрiнетiндiгi де анық. Қасқыр-қылышқа қарсы қарсы шыққан қайран римдiктер! Олар осы қарсылығымен өз тарихын да жоққа шығара жаздағандықтарын сездi ме екен?
Қасқыр – құдай
Көзi қарақты қандай да бiр этнограф не тарихшы болсын, түркi қасқыр мифiне әлемдiк үлгiлерден ұқсастық iздегенде, Римдегi Капитолий қаншық қасқырына бiр соқпай өтуi мүмкiн емес. Рим аңызы бойынша, қала негiзiн қалаған ағайынды жiгiттер Ромул мен Ремнiң әкесi соғыс тәңiрiсi Марс болып саналады. Олардың Марсты өз қаласының желеп-жебеушiсi ретiнде пiр тұтатындығы да сондықтан. Әфсана бойынша әлдебiр бойжеткен (әрине, жар құшағын көрiп, күнәға батпаған жан) ғибадатханаға орналасады. Осында ол соғыс құдайы Марстың нақсүйерiне айналып, одан егiз ұл табады. Бiрақ бейшара қыздың соғыс тәңiрiсiмен төсек рахатын бөлiскендiгiне кiм сене қойсын (Мұндағы желi Шыңғыс хан ататегi мен жорықтарынан сыр шертетiн «Моңғолдың құпия шежiресiнде» де ұшырасады). Балалар күнәдан туылған жандар ретiнде далаға тасталынады. Мiне, осы жерде оларды қаншық қасқыр тауып алып, асырап бағады. Аман-есен ержеткен балалар кейiннен жауларынан кек алып, Тибр жағалауында әйгiлi Рим қаласының негiзiн қалайды.
Иә, түркiлiк қасқыр мифi мен рим аңызының ұқсастығында дау жоқ. Бiрақ неге тағы да қаншық қасқыр? Неге өзге аң емес, мысалы марал не аю? Олай болуы да әбден мүмкiн едi ғой.
Көне Римдегi Марс сенiмiмен (культi) таныс жан бұл сауалға тез-ақ жауап тапқан болар едi. Ежелгi Грециядағыдай Римде де мүсiн өнерi жақсы дамығаны белгiлi. Олар өздерi табынған құдайлардың бәрiне қаланың көрнектi жерлерiне, ғибадатханалар мен құтханаларға қола не мәрмәрден мүсiндер орнататын. Ал Марсқа келгенде, қала жебеушiсi емес пе, iлтипаттары мен мырзалықтары, тiптi, ерекше болатын. Олар Марс отырған тастұғырдың төңiрегiне бiр үйiр қасқырдың мүсiндерiн тағы да орнататын-ды. Шамасы, бағзы Римде соғыс тәңiрiсi осы бiр қорқау жыртқышпен астастырыла ұғынылған болса керек. Иә, Ромул мен Рем туралы әфсананы тудырушы Рим ақын-абыздары (неге екенi белгiсiз, оларды жергiлiктi халықтың сал деп атағандығы қызық. Бiздiң сал-серiлер солардың заңды жалғасы болмады ма екен) өз замандастарының осы құдай туралы сенiм-түсiнiктерiне қайшы келген жоқ. Олар аңызды белгiлi бiр дайын шеңбердiң iшiнде ғана жасап шығарды. Өйткенi, ырық бермес асау қиялдан туындады дегенмен мифология да белгiлi бiр логикалық қисындарға сүйенетiн. Аңыздың түпнұсқасында қасқыр тотемi жатты.
Бiрақ қасқыр тотемiмен Марс қылышын, мейлi ол қасқыр-құдай қылышы болсын, тiкелей байланыстыруға бұл дерек те аздық етедi. Ендi қасқыр тотемiнiң бағзы гректерге, одан көне римдiктерге қалай жеткендiгiн, оны жеткiзген халықтың кiм екендiгiн зерделеу керек. Әрине, олар прототүркiлер едi.
«Илиада» мен «Энеида»
Гомер «Илиадасы» он жылға созылған Троя қырғынының соңғы екi айында болған оқиғаларды ғана жырлайды.
Екi армияның мұншалықты ұзақ уақыт табан тiресе соғысуын одан бұрынғы да, одан кейiнгi де тарих бiлген емес. Трояның тарихта болған қала екендiгiн немiстiң әуесқой археологы Генрих Шлиман 1863-жылы қазба жұмыстарының нәтижесiнде дәлелдеп бердi. Оның орны қазiргi Түркия территориясында, Жерорта теңiзiнен бес шақырымдай қашықтықтағы төбеде жатыр. Яғни, Троя қырғынының да тарихта болған оқиға екендiгiне дау жоқ. Ғалымдар әлi күнге он екi қабат қала-қорымның қай қабаты «Илиададағы» Трояға тиесiлi екендiгiн анықтай алмай дал. Бiрақ бүгiнгi тарих соғыстың шығуына ақындар шабытынан туындаған алтын алманың ешқандай да кiнәлi еместiгiн нақты айта алады. Ахейлiктер мен троялықтар арасында қанды қырғынның тұтануына Иллионның (Трояның тағы бiр атауы. «Илиада» атауы осыдан шыққан) үлкен сауда орталығы ретiнде тиiмдi жағрапиялық нүктеге орналасуы себеп болған-ды. Үш құрлық – Азия, Еуропа, Африканың теңiз және далалық керуен жолдары осы жерде түйiсетiн. Қысқасы, ахейлiктер Трояға алтын алманың кесiрiнен қашып кеткен аруды емес, шын мағынасындағы алтын алманың — байлықтың өзiн iздеп аттанған болатын. Қалғаны ақындардың шаруасы едi. Олар Платонның (б.д.д. 428-348 жж.) ақындарға қоятын талабын толық ақтап шықты. «Ақын, ол егер шынымен ақын болса, бәдiк ақыл айтып уақыт алмай, мифтер тудыруға тиiс». Обалы кәне, көне грек ақындары тiлдерiн безеп-ақ бақты. Оларды түсiнуге де болады. Өйткенi грек қала-мемлекеттерi өзара бiрiккенде ғана қуатты саяси және әскери күшке айнала алатындығын байқатқан. Өз халқының патриоттары ретiнде грек ақындарының мұндай оқиғадан тыс қалуы, оны жырламауы мүмкiн емес-тi. Бiрақ ақындар соғыстың шынайы себептерiн мифологиялық реңктермен көмкерiп, әлдебiр тұспал мағыналармен шебер астастырып жiбердi. Егер Троя қырғынының тарихи хронология бойынша бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 1200-шi жылдары болған оқиға екендiгiн ескерсек, уақыттың ақындардың пайдасына жұмыс iстегендiгi анық. Гомердiң өзi осы оқиғадан кемi төрт ғасырдай кейiн өмiр сүрген жан едi. Ұлы жәдiгер екендiгiне қарамай «Илиаданың» тұтас туындының бiр тарауы ғана сияқты болып сезiлетiндiгi де сондықтан. Троя қырғыны, жалпы алғанда, ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа көшiп отыз ғасырдай уақыт бойы жырланып келдi. Бiрақ бiздi қызықтыратыны «Илиаданың» көркемдiк құндылықтары немесе гекзометрлiк өлең өлшемдерi емес, ондағы прототүркiлер тарихына қатысты-ау деген деректер ғана.
Неге екенi белгiсiз, басқа құдайлардай емес, бағзы грек ақындары соғыс тәңiрiсi Арейге шүйлiгiп-ақ бағады. Қолдарынан келсе, оны әжуалап қалуға құмар. Ожар мiнездi құдай жiгiттiң, тiптi, кейбiр тұстарда ажалды пендеден таяқ жеп мұрны қанап қалатын кездерi де бар. Мұны әдебиетшiлердiң Арейдiң троялықтар жағында соғысатындығымен ұғындырғысы келетiндiгiн жақсы түсiнемiн. Қарсыласының өзiнен бiр саты болса да жоғары тұрғандығын кiм жақсы көре қойсын. Осылай деп тұжырымдай салуға да болар едi-ау, бiрақ мәселенiң астары одан тереңiректе жатқан секiлдi. Кезектi ой үстiнде маған соғыс тәңiрiсi Арейдiң прототипi Троя жағында одақтас болып соғысқан әлдебiр белгiсiз халықтың тотемi емес пе екен деген пiкiр келген. Жебiрей тiлiндегi «aris» сөзi «қасқырлар үйiрi» деп аударылатындығын бiлгенiмде, бұл пiкiрiмнiң дұрыстығына көзiм тағы да жете түскендей болды. Иудеяны бiр кездерi гректердiң басып алғаны тарихтан жақсы белгiлi. Екi халықтың арасындағы мәдени қарым-қатынастың да жоғары деңгейде болғандығына күмән жоқ. Мұндайда iрiлi-ұсақты алыс-берiс бола беретiн. Яғни, гректердiң соғыс тәңiрiсi есiмiнiң жебiрейлiк нұсқасын қабылдаған болуы да әбден мүмкiн. Кiм бiледi, бәлкiм, қазақтағы Бекарыс, Жанарыс, Ақарыс секiлдi кiсi есiмдерiнiң құрамындағы арыс сөзi де қасқыр не бөрi деген мағынаны бiлдiретiн болар. Арыс сөзiнiң ер кiсiге ғана қолданатындығын ескерсек, бұл болжам негiзсiз де емес сияқты. Қасқырға байланысты арлан атауында бiрiншi буынның ар болып келетiндiгi де осындай ойға бастайды. Яғни, Троя түбiндегi қырғынға қатысты тайпалардың бiрiнiң туында қасқыр сұлбасы бейнеленген деп батыл айтуға болады. Және олардың байырғы түркiлер екендiгiне де күдiк тумаса керек.
Алдыңғы және таяу Азия, берiсi кiшi Азия көне тарихында көрнектi iз қалдырған белгiсiз халықтардың санатында қар ұлысы да аталады. Осы ұлыстың Троя түбiндегi шайқасқа қатысқандығында күмән жоқ. Гомер «Илиадасында», сегiзiншi жырда мынандай жолдар бар:
«Теңiз жаққа қар жасақтары,
қисық садақты пеондар,
Және де тәңiрi тектес лелег, кавкон,
пеласг қосындары беттеп келедi».
Осында аталған ұлыстардың бәрi – Трояның одақтастары. Яғни, қарлар да Троя жағында соғысқан. Ал олардың Алтайдан шыққан халық екендiгi туралы екiншi ғасыр тарихшысы Птоломей жазбаларында нақты дерек бар. Страбон да қарлар миграциясы туралы әңгiме қылғанда осы пiкiрдi растайды. Яғни, Алтайдың қашаннан баба түркi бесiгi болғандығын еске алсақ, қарлар түркi тектес халық болған. (Еш нәрсе iзсiз жоғалмақ емес. Менiңше, «Илиаданың» көне түркiлiк нұсқасы болған болуы да әбден мүмкiн). Қарлардың Троя қырғынынан бертiнiректе, яғни бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi бесiншi ғасырға дейiн Жерорта теңiзi мен оның жағалауларына үстемдiк етiп келгендiгi көне дәуiр тарихынан жақсы белгiлi. Оларды Крит пен Кипр аралдарынан бiрiккен грек флотилиясы ғана ығыстырып шығара алды. Бағзы бiр кездерi Кипрдiң Алаш деп аталғандығы да мұнда түркiлердiң болғандығынан хабар беретiндей. Иә, бiздiң бабаларымыз теңiзде жүзудi жақсы бiлген. Олар мықты жауынгер де едi. Жалпы қарлар ержүректiлiмен аты шыққан халық-ты. Прототүркiлердiң (бәлкiм, скифтер) керемет теңiзшi болғандығына көнегректтердiң «зәкiрдi» (якорь) скиф Анақарыс ойлап тауып едi» деуi де тамаша айғақ.
Өкiнiштiсi сол, бiздiң қолымызда қарлардың туында қасқырдың сұлбасы бейнеленгенi туралы нақты дерек жоқ. Бiрақ оны iздеудiң қажетi де шамалы сияқты. Өйткенi Троя қырғынына бiр емес, бiрнеше прототүркi тайпалары қатысқан деуге негiз бар. Солардың бiрi Троя патшасы Приамның туысы, атақты «Энейда» поэмасының («Энейда» — рим ақыны Вергилийдiң поэмасы.Онда Энейдiң Трояны қорғауда көрсеткен ерлiк iстерi, Троя құлағаннан кейiнгi қайғы мен қасiретке толы өмiрi сөз болады) кейiпкерi Энейдiң соңына ерген ұлыс секiлдi. Түркiлiк қасқыр мифi мен тотемiнiң көне түркiлiк нұсқасын Аппенин түбегiне апарған да, сол төңiректегi тайпалармен бiрiгiп (этрускiлер) Римнiң негiзiн қалағанда, Рим тарихына қаншық қасқыр бейнесiн телiп берген де осы бiр тайпаның жасампаздыққа толы ерлiк сапары болса керек. Әйтпесе гректерде әжуа болып жүрген соғыс тәңiрiсiнiң римдiктер ұғымында Юпитерден кейiнгi (Юпитер – Римнiң құдайлар пантеонындағы бас құдай) екiншi орынға шыға келгендiгiн қалай түсiндiруге болады? Әрине, бiр ғана себеппен. Ол Римнiң негiзiн қалаған халықтардың бiрiнiң сыйынатын кие-құдiретi болғанда ғана. Және осылай болғандығы да ақиқат. Бұған қосымша мынандай болжамды да ұсынуға болады. «Илиададағы» Энейдiң троялық емес, Троя патшасының басқа жақтан келген одақтас туысқан екендiгiн ескерсек, осы бiр қаһарманның ата-тегiн сол кездерi Қара теңiздiң оңтүстiгiн мекендеген скифтерден (Геродот дерегiндегi) таратуға әбден болатын секiлдi. Энейдiң көшпелi болмаса да малшылар қауымынан екендiгiн осы қаһарманның Ахилеспен жекпе-жекке шығарда өз ата-тегiн таныстырып сөйлейтiн сөзi де айғақтай түсетiндей. Ол «бабам Эрихтонның (Бәлкiм Ерiктон шығар) үш мың, иә, анау-мынау емес, үш мың жылқысы болған және жер бетiндегi ажалды пенделер iшiндегi ең бай кiсi едi» деп мақтанады. Ажалмен бетпе-бет келiп тұрғанда тек көпшелi ғана осылай желпiнуi мүмкiн-дi. Оның үстiне Трояны қорғауға скиф тайпалары қатысып едi деген болжам да шындыққа толық жанасады. Жалпы, Троя түбiнде кiмдер өлiмге басын тiкпедi. Балканнан да, Африкадан да, арысы Скандинавиядан да белгiсiз халықтардың осы жерге өз қосындарын аттандырғаны анық-ты. Асылы, Гомер дастаны мен Геродот дерегiн өзара байланыстыратын түйiн де осы болса керек. Осы жерде көне Грекияның екi ұлы перзентiне өкпе-наз айта кеткен де орынды. Гомер қасқыр тотемiн Ареймен байланыстырып жiберсе, Геродот осы тотемнiң таңбасын Марс қылышымен шатастырып алды.
Маған қасқыр мифi мен тотемiнiң шығу төркiнi туралы бұдан бұрын да жазуға тура келген (Тәңiрi, Құдай ие және қасқыр туралы, «Қазақ әдебиетi», 1997 ж, № 48). Онда аңыздың негiзiнде Күн жүйесiнде болған ғарыштық апат жатыр деген болжам айтқан болатынмын. Жебiрей құдай иесiнiң (Иегова) Синай тауында Мұса пайғамбарға негiзгi он қағиданы түсiретiн мезгiлiн де осы апатпен байланыстырғанмын-ды. Иә, осы апат жер бетiндегi барлық халықтың дүниетанымы мен мифологиясында өшпес iз қалдырды. Осындай iз көне грек мифологиясында да болуы мүмкiн. Өйткенi Гомер соғыс құдайы Арейдi «Илиадаға» кейiпкер қылып енгiзгенде, осы апат туралы аңызды негiзге алған iспеттi. Арейдiң Марс планетасының грекше атауы екенiн ескерсек, «Илиададан» Троя қырғынымен бiр мезгiлде жүрiп отыратын пленаталар аралық қақтығыс туралы желiнi де аңғаруға болады.
Әрине, бұл желi дастанға оның көркемдiк деңгейiн арттыра түсу үшiн көп кейiн енгiзiлдi. Дастанға осы желiнi енгiзерде Гомердiң ғарыш апаты туралы түркiлер арасында айтылып жүрген аңыз әңгiменi естiген болуы да әбден мүмкiн. Түркi аңызының бас кейiпкерi жебiрей құдайы Иегова да, гректiң соғыс тәңiрiсi Арей де емес, кәдiмгi қасқыр едi. Яғни сұңғыла Гомердiң соғыс құдайы Арейдiң прототүркiлiк қасқыр тотемiнiң дәл өзi екендiгiн аңғармауы мүмкiн емес-тi. Сол себептi де Троя түбiндегi қырғында соғыс тәңiрiсi туына қасқыр сұлбасы бедерленгендердiң жағына шығып кеттi. Оған ақын қиялы кiнәлi едi. Өз кезегiнде прототүркiлер де өздерiнiң қасқыр тотемiмен тамырлас гректiк Тәңiрiден хабардар болған деуге болады. Әйтпесе, Римнiң негiзiн қалаған прототүркiлер өз тотемiн Марспен астастырып жiбермес едi ғой.
Иә, Ромул мен Рем туралы аңыз да, Марстың скульптуралық пантеондарда қасқыр үйiрiнiң ортасында бейнеленетiндiгi де халық жадының жасампаздығының жарқын мысалы болатын.
Сөз орайы келгенде айта кетейiк, менi Эней баспаналаған Карфаген қаласы Қарлар қаласы болар-ау деген ой түртпектегелi де бiраз болды. Мысалы, Қаркент болуы да мүмкiн ғой. «Кент» сөзi парсы тiлiнде қала, шаһар деген мағынаны бiлдiредi. Бiрақ көне латын тiлiнде адам, адамдар, халық деген мағынаны бiлдiретiндiгiн де ұмытпаған жөн. «Илиададағы» Троя төңiрегiнде Қарқара атты шыңның кездесетiндiгi де қызық. Дастанда:
«Кронұлы (Зевс) Идаға, аң-құстың
нулы-сулы анасына,
Тоғайы мен құрбандықханасы
орналасқан Қарқараға келiп, жүйрiк
сәйгүлiктерiнiң тiзгiнiн тартты»,
— деген жолдар бар.
Рим пiр тұта жаздаған адам
Едiл патша заманындағы бiлiмдi римдiктер Рим тарихының бастауында прототүркiлер тұрғандығын сезiнген сияқты.
Олар Едiлге Марстың қылышын ғана сыйлап қойған жоқ, оны Марстың ұлы қылып та жiбере жаздады. Бұл қасиеттi қала тарихында Ромул мен Реммен бiр қатарда тұру деген сөз едi. Христиан дiнi кедергi жасамағанда, кiм бiледi, бiздiң Римнiң ұлы перзенттерiнiң бiрi Едiл туралы аңызға куә болуымыз да әбден мүмкiн едi-ау. Амал қанша. Кейiнiрек, Едiлдiң басынан бақ тайғаннан кейiн христиан дiнi, дәлiрек айтқанда, шiркеу ғұн көсемiн ұлықтайтын аңыз әңгiмелердiң бәрiне терiс мағына, солақай сипат берiп жiбердi. Нәтижесiнде, Едiл Марс пен ханшаның некесiнен емес, ит (негiзгi қасқыр болуы тиiс) пен ханшаның көңiлдестiгiнен дүниеге келген адам бейнелi, ит құлақты құбыжық болып шықты. Дегенмен аңыздың түпнұсқасында Ромул мен Ремнiң дүниеге келуi туралы римдiк әфсана желiсi жатқандығын сырт көзден жасыру мүмкiн емес-тi.
Иә, Олжас Сүлейменов жазғандай Еуропаға Едiлдiң иттен туғандығы туралы аңызды ғұндар әкелген жоқ, оның көне римдiк, бәлкiм, этрускiлiк болып саналатын жергiлiктi көнекөз нұсқасы да бар едi. Оны бағзы бiр кездерi Римнiң негiзiн қалаған прототүркiлердiң мұра қылып қалдырғандығы да анық. Бiрақ, амал қанша, бұл кездерi Марстың орнын Исус Христос басып үлгерген болатын. Уақыт Христос туғаннан кейiнгi 450-жылдарды көрсетiп тұрды. Шаңырағы шайқала бастаған Рим болса христиан сенiмiнiң орталығы болып қалуға тырысып жатты. Себебi, алып империяның әлдебiр отар елiнде пайда болған адамзатты құтқарушы жайлы iлiм Рим когорталарын соғыссыз тiзе бүктiрген-дi.
Ал Христоспен жағаласуға Едiлдiң дайындығы да, ынтасы да жоқ едi. Өйткенi көшпелi түркiлердегi секiлдi онда да пайғамбарлық жайлы түсiнiктiң болмағандығы анық. Кiм бiледi, Иса жайлы әңгiменi естiген қайран Едiл қарқылдап күлген де болар-ау. «Оң бетiңнен ұрса, сол бетiңдi тос» деген қағиданы жүрегi бар қандай жан қабылдай қойсын.
Мiне, осылайша түбi бiр Марсқа табынушылық пен қасқыр тотемiнiң арасында өткел бермес асу болып христиан сенiмi жатты. Ал Едiл бастаған ғұндар бағзы бiр заманда Рим тарихында iз қалдырған прототүркiлердiң жаңғырығы сияқтанып өмiр мен тарих сахнасынан зыр етiп өте шықты. Олар Римнiң негiзiн бiр кездерi өздерi тектес халықтың қалағандығын бiлген де, оны бiлсек деп бас ауыртқан да жоқ.
Сөз соңы
«Римдiктер алдымен латын тiлiнiң шығу төркiнiн зерттеуге кiрiскенде, олардың әлемдi жаулап алуға ешқандай да уақыты қалмаған болар едi». Немiс ақыны Генрих Гейне осылай жазады. Бiр ғасырдан аса уақыттан кейiн қазақ ақыны Олжас Сүлейменов те осы ыңғайлас пiкiрдi қайталайды. Ақын «Сөз төркiнi» еңбегiнiң «Бастапқы грамматика» атты тарауында байырғы Алдыңғы Азия мен Жерорта теңiзi жағалауларындағы елдерде, яғни бүгiнгi Рим орналасқан Аппенин түбегiнде де түркiлер мен славяндардың ықпалы зор болғандығын айтады. Ал мұндай ықпалдың тарихта, жергiлiктi халықтардың сөздiк қорында, аңыздар мен әфсаналарында iз қалдырмауы мүмкiн емес-тi.
Ақын, сондай-ақ, түбекте алғаш рет 12 қала-мемлекеттен тұратын қуатты бiрлестiктiң (б.д.д. ҮII ғ.) негiзiн қалаған тайпалардың құрамында прототүркiлiк тайпалардың да болғандығын жоққа шығармайды. Тiптi, олардың бiрiнiң туында қасқыр бейнесi болған деген пiкiрдi де алға тартады. Иә, ақын аға айтқандай, Римнiң бiр кездегi елтаңбасы «қаншық қасқыр мен егiз ұл» деген мағынаны бiлдiретiн мынандай таңбалардан тұрған болуы ғажап емес:
РИМ ЕЛТАҢБАСЫ САЛЫНУЫ КЕРЕК
Ол ол ма, ақын аға кейбiр бағзы этрус жазбаларын тiкелей түркi тiлiнiң көмегiне сүйенiп оқуды ұсынады. Иә, Аппенин түбегiнде бiр кездерi прототүркiлер дәуiрлеп тұрған. Оған мәңгiлiк Римнiң iргесiне қаланған тастар куә. Бiздiң ендiгi мiндет сол тастарды сөйлету болса керек.
1998 жыл,
Әмірхан Балқыбек
«Қасқыр құдай болған кез» кітабынан
Abai.kz