ҚАЗАҚСТАН СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДАЛУДА
Былтырғы селден қатты зардап шеккен Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданы биылғы болуы мүмкін су тасқынына дайындалуда.
Жергілікті билік тұрғындарға жүзетін құралдарға шейін дайындап қоюды ескертуде. Былтырғы селден жүздеген үй қирап, адам өлімі де болған еді.
Былтырғы сел ағызып кеткен үйінің орнына жаңадан баспана салған тұрғындар бұл жолғы тасқыннан қатты зардап шекпейтіндеріне үміттеніп отыр. Олар үйлерінің іргетасын биік етіп тұрғызып, үйдің қабырғасын бұрынғыдай саманнан емес, берік материалдардан қалаған.
Ресми мәлімет бойынша Қарағанды облысының Бұқар Жырау, Осакаровка, Абай, Нұра, Шет және Қарқаралы аудандарында су тасқыны қаупі жоғары. Көктемде қар ерігенде бұл өңірлердегі өзендердің деңгейі 15 сантиметрге көтеріліп, еңістегі аумақтарды үш шақырымға дейін су басады. 15 мың адам тұратын 63 елдімекенді толық немесе жартылай су басу қаупі бар.
Абай-ақпарат