ҰЛЫ ДАЛА АЗАМАТТАРЫ АВТОШЕРУІ - ТАЛДЫҚОРҒАНДА
Ұлттық дүниетаным, рух, мәдениет пен әдебиетімізді ұрпаққа мұра етіп қалдыру қай заман болмасын аға буын өкілдеріне жүктелетін міндет. Жаугершілік кезеңдер мен Ұлы Отан соғысында жасаған ата-бабамыздың ерліктері ешқашан ел есінен кетпек емес, - деп жазады Алматы облыстық "Жетісу" газетінің тілшісі.
Осындай мақсат, міндетті басшылыққа алған «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып автошеру ұйымдастырды. Қазақстанның бірнеше қаласын аралап 7 мыңнан астам шақырымды бағындырған ардагерлер Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласына да ат басын тіреп, ақ баталарын арнады. «Ұлы Дала азаматтары» атты автошеру Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Қазақстандағы әскери құрамалардың құрылғанына 75 жыл толуына орай жастардың санасына патриоттық сезім орнатып, ұлттық рухты асқақтату үшін арнайы ел аралап келеді. Мақсаты – берекесі мен бірлігі жарасқан жұртты бір мүддеге сай «Мәңгілік Ел» идеясы аясында аянбай еңбек етуге, Ұлы Отан соғысына қатысып ерлікпен күрескен ата-бабамыздан үлгі алып, жастарға жол көрсету және «Нұрлы Жол» бағдарламасының өзектілігі мен маңыздылығын айшықтау. «Генералдар кеңесі» РҚБ мүшесі, генерал-майор Марат Мәрденов, даңқты генерал-майор В. Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен «Нұр Отан» партиясының белсенділері және Қырғызстан Республикасынан келген құрметті қонақтар бастаған автошерушілер алдымен Талдықорған қаласының орталық саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге тағзым етті. Бір минут үнсіздіктен соң шырқалған мемлекеттік Гимн ұлтық рухымызды асқақтатты.
– Құрметті қонақтар, Жетісуға қош келдіңіздер! Сіздерді тағатсыздана күттік. Арнайы ат басын бұрып келгендеріңізге алғыс айтамыз! Сіздерге қарап біздің жастарымыз үлгі алып, бабаларымыздың батырлығына қарап бой түзей берсін. Жұртымыз тыныш, жолдарыңыз болсын, – деген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев келген автошерушілердің алға қойған мақсатының жүзеге асуын тіледі. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева ардагерлердің елдің бірлігін сақтаудағы ерен еңбектерін айта келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын жүзеге асырудағы құлшыныстарын тілге тиек етті. Кезекті сөз тізгінін қолына алған «Генералдар кеңесі» РҚБ өкілі, генерал-майор Марат Марденов: «Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан есін жиып үлгермеген халықты алда Ұлы Отан соғысы күтіп тұрған еді. Қолына қару алып, әскери тактикалардан хабарсыз ұл-қыздарымыз соғысқа аттанды. Зерек сарбаздарымыз бірден майдан төрінде ерлік көрсетіп, баба жолын жаңғыртты. Міне, сол кезден бастап қазақ жерінде алғашқы әскери құрамалар құрылды. Автошеруіміздің негізгі мақсаты да сол батырларымыздың рухына тағзым етіп, ерліктерін жадымызға сақтау», – деді.
Жетісу соғыс жылдарында алғашқы әскери құрамалар құрылған жерлердің бірі және Панфилов дивизиясы да осында жасақталған. Сонымен қатар елу екі Кеңес Одағының Батыры атанған жерлестеріміз өңіріміздің мақтанышы.
Мәулен ӘНЕРБАЙ