ҚАЗАҚ ОЯНДЫ... САҒАДИЕВ СОНЫ БІЛЕ МЕ?
Бүгін Алматы қаласындағы Астана қонақ үйінің «Ұлытау» жиналыс залында қазақтың бір топ зиялылары мен Білім және ғылым министрлігінен келген өкілдер бас қосып мектептерге үш тұғырлы тіл енгізу мәселесін талқылады.
«Жас Алаш» газеті мен Болатхан Тайжан қорының ұйымдастыруымен өткен басқосуда бірқатар өзекті мәселелер сөз болды. Біз оқырман назарына осы жиында айтылған маңызды жайттарды қысқаша ұсынуды жөн санадық.
Қабдеш Жұмаділов, жазушы: ҮКІМЕТТЕН АҚША АЛАТЫНДАР ЕЛДІ АДАСТЫРМАСЫН
– Маған біздің билік, біздің мемлекет қазақ ұлтын жоюдың жоспарлы саясатын жүргізіп жатқандай әсер етеді. Ұлтты құртудың бірнеше тетігі бар. Соның бірі – жер. Жерінен айрылған ұлт өздігінен жойылады. Екінші тетік – тіл. Ғасыр басында «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов бекер айтпаған. Үшінші тетік – тарих. Тарих дегеніміз – халықтың жады. Халықтың жадын, зердесін жойып жіберсе, ұлтты ұстап тұратын ештеңе қалмайды.
Тәуелсіздік алғалы білім саласына 18 министр тағайындалыпты. Солардың бірлі жарымы болмаса көбі тірі жүр. Осы уақытқа дейін ағартушылық саласында кеткен кемшіліктің себебін кімнен сұрайсың? Бір жарым, екі жылдан министр болған ешқайсысы да жауап бермейді.
Қазіргі министр Ерлан Сағадиев те реформа деп елдің басын қатырып, бүлдіріп-бүлдіріп алады да ол да кетеді. Бүгінгі олқылықтарды, биліктің кінәсін Сағадиевке арқалатамыз да қоя береміз. Біздің министрлердің әрқайсысы бір-бір реформамен келеді. Бірақ, ешқайсысы өз жасаған ісіне жауапты емес.
Мектепті үш тілде оқыту деген – балалардың басын шіріту. Бізді осыған міндеттеп отырған кім? Ұлтты жоюдың бағдарламасын жасап берген кім? Біздің білім саласы кеңестік кезеңдегі білім деңгейінен өркендеп кетті деп айта алмаймын. Кеңестік дәуірдегі Ғылым академиясы қайда? Басқа да институттар қайда кетті? Бәрі архивке кетті.
Пәндерді бір-біріне қосу деген не сөз? Әдебиет – қоғамдық пән. Ал, тіл дегеніңіз – нақты ғылым. Математика қандай ғылым болса, тіл ғылымы да сондай ғылым. Осыларды бір-біріне қосып қайтіп оқытуға болады?.. Үкіметтен ақша алатын азаматтар елді адастырмасын!
Дулат Исабеков, жазушы: «НҰРҚАДІЛОВ ӨЗІН ҮШ РЕТ АТТЫ ДЕГЕНГЕ СЕНГЕН ХАЛЫҚ НЕ АЙТСАҢ ДА КӨНЕ БЕРЕДІ ДЕГЕН ТҮСІНІК ҚАЛЫПТАСТЫ
– Осындай жиналыстар қазақ арасында неге көбейіп кетті? Ұйқысы қалың қазақ неге оянды? «Оян, қазақ» деп ғасырлар бойы оята алмаған халқымыз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін тіріле бастағанын бәріміз жақсы білеміз. Биыл міне, сол көтеріліске 100 жыл толған кезде «оянып» жатырмыз.
Біз өз құқығымызды талап етпей, билікті жаман үйретіп алғанбыз. Халық мемлекетіміз қандай істер жасап жатса да, «елдің мазасын алмайық, тыныштық сақтайық» деп тілін тістеп отырды. Мына жерде отырған азаматтардың барлығы – қазақтың қаймақтары. Министрліктер бір реформа жасамас бұрын осы кісілерге келіп, қандай ойы бар екенін неге білмейді?
Қазір неге деген сұрақ көбейді. «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» дейді Сұлтанмахмұт. Сол айтпақшы бүгін осындай күйге түсіп отырсақ, оған алдымен айтатын кезде үндемей қалған өзіміз кінәліміз. «Заманбек Нұрқаділов өзін өзі үш рет атты» дегенге сенген халықпыз. Яғни, билік осындай адамның басына сыймайтын өтіріктерді айту арқылы Қазақстанды азаматтар төзімділігінің полигонына айналды. «Үш рет атып, өзін өлтірді» дегеннің ар жағында: "Бұл ұлтқа не айтсаң да көне береді" деген пікір қалыптастыру үшін жасалған шаруа. Тор көйлектің бір тіні кетсе, барлығы сөгіледі. Қазіргі жағдайымыз сол тор көйлектікіндей болып тұр. Енді не істеу керек? Ойыңды айтайын деп алаңға шықсаң, «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп қамап тастайды.
Біздің мұндай жағдайға жетуімізге биліктегі адамдардың бір де бір кітап оқымағандығы себеп болып отыр. Евтушенконың «Биліктегілер Толстойдың «Қажымұратын» оқығанда Шешенстанға соғыс ашпаған болар еді» деген сөзі бар. Сол айтпақшы, біздің билік халықтың нені қалап, нені қаламайтынын білмей отыр.
Ақыры халықтың өз ойын айтуға мүмкіндік бермейді екен, онда 6 шілде күні Президентіміздің туған күнін бүкіл ел болып, көшеге шығып тойлайық. Болмаса, бәріміз жиналып, концептуальді құжат дайындайық.
Асқар Жұмаділдаев, академик: МИНИСТРЛІК БАЛАЛАРДЫ КОНСТИТУЦИЯДА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРМАҚШЫ
– Маған өткенде «математиканы қазақ тілінде оқытуға бола ма?» деген сұрақ қойылды. ХХІ ғасырда дәл осындай ақымақ сұрақ қойылмауы керек еді. Өкініштісі осындай күйге түстік. Оны мойындауымыз керек. Тіл деген не? Тіл деген тек қана қатынас құралы емес. Оның адам өмірінде атқаратын бес функциясы бар. Біріншісі – отбасы ошақ қасындағы қатынас. Екіншісі – бизнес. Үшінші – саясат. Төртінші – экономика. Бесіншісі – ғылым мен технология. Адамның он екі мүшесі бар болатын болса, сол он екі мүшенің бәрі жұмыс жасау керек. Бірі дұрыс болмаса, ол адам кеміс саналады. Тіл деген кезде жоғарыда айтылған бес функцияның бәрі өз қызметін жасауы қажет. Біздің тіл қазір бір ғана функциямен шектеліп қалды. Қазақта мықты поэзия бар, мықты әдебиет бар. Басқа салада еш алға ілгерілеу болмай тұр. Сөйте тұра ілгерілеу бар. Министр Ерлан Сағадиев қазақ тілді балалардың білім деңгейі төмен дегенді айтты. Бос сөз. Кешегі өткен ҰБТ-те ең жақсы нәтиже көрсеткен қазақ мектебінің балалары. «Болашақпен» шетелге оқуға кеткендердің 80 пайызы қазақ мектебін бітірген балалар.
Қазіргі кезде қазақ тіліндегі оқу методикасы толығымен қалыптасты. Қазақ тілінде бастауыш пен орта мектепті қанағаттандыратын, лайықты һәм жеткілікті тіл бар. Біз қазақтың тілі бай дейміз. Сол бай тіліміз орта мектепке білім беруге жарамаса ол тілдің не керегі бар? Министрліктің өкілдері «қазақ тарихын қазақ тілінде оқытатын болдық» деп жетістік ретінде айтып отыр. Бұл жетістік емес, күлкілі нәрсе. Бүкіл ғылымның барлығы ана тілінде оқытылуы керек.
Елімізде білім берудің екі деңгейі бар: Бастауыш пен орта мектеп, және жоғарғы білім беретін оқу орындары. Баланы мектепке беруге әр ата-ана міндетті. Егер балаңызды оқытпай қойсаңыз, онда сізді Заң шеңберінде жауапқа тартады. Конституциямызда тағы бір заң бар. Кез-келген азамат өз ана тілінде ақпарат алуға құқылы. Оқу деген, білім беру деген – информацияның көкесі. Демек, бүгінгі министрлік біздің балаларымызды ақпарат алу құқығынан айырайын деп отыр. Осылайша бүкіл бір халықтың адам құқығын бұзып жатыр.
Әміржан Қосанов, саясаткер: ЕЛБАСЫ ЖАРЛЫҚ ШЫҒАРСА ШЕНЕУНІКТЕР БІР АЙДА ҚАЗАҚША САЙРАЙТЫН ЕДІ
– Біз бәріміз жабылып министрліктің өкілдерін кінәлай бермейік. Бұлар – саяси шешімнің құрбандары. Ешқайсысы Президент әкімшілігі мен Үкімет бекіткен қаулыларға қарсы шыға алмайды. Шықса, жұмыстан қуылады.
Үш тұғырлы тіл мәселесін шешетін үш-ақ жол бар. Біріншіден, біз Қазақстандағы ресми тілдің салтанат құруына ықпал етіп отырған Путиннен құтыла алмаймыз. Есесіне, үкіметтегі, түрлі билік органдарындағы ресейшіл шенеуніктерден арылуымыз қажет. Мен негізгі министрліктердің тізгінін ауылда туған, шаңның арасынан шыққан, әжесінің тәрбиесін көрген, түсін қазақша көретін азаматтар ұстаса деп армандаймын. Қоғам осы пікірді қалыптастырып, биліктен талап етуі керек. Егер де Елбасы «Қазақша білмейтін министрді қабылдамаймын!» деп жарлық шығарса, 25 жылдан бері мемлекеттік тілді үйренбеген шенділер бір айдың ішінде қазақша сайрап қоя берер еді.
Екіншіден, қазіргі кезде орыс ұлтының өкілдері қазақша оқуға, үйренуге моральдік тұрғыдан дайын. Мен бірде қызымды мектептен алып кетпек болып барған едім. Бір славян қыз әкесіне жүгіріп барып қазақша: «Папа, мен бес алдым» деді. Мен әкесімен сөйлестім. Әкесі маған: «Менің жасым қырықтан асып кетті. Қазақша үйрене алмаймын. Менің болашағым Қазақстанмен байланысты болғандықтан менің балам қазақ тілін білуі керек» деді. Осындай сана сілкінісі болмай жатып, қандай реформа жасасақ та алдыға жылжымаймыз.
Үшіншіден «үш тұғырлы тіл» деген сөзді қолданыстан алып тастайықшы. Іс жүзінде қазақ тілін оқытайық, орыс тілі мен ағылшын тілін қосымша тіл ретінде үйретейік.
Расул Жұмалы, саясаттанушы: ОРЫСТІЛДІ МЕКТЕПТЕР ҚАЗАҚТІЛДІ МЕКТЕПТЕРГЕ ЖЕТІП АЛСЫН...
Соңғы он шақты жылда Қазақстанның қай саласын алсаңыз да бәрі дағдарысқа ұшырады. Бұған негізінен шенеуніктеріміздің кәсіби біліксіздігі, білімсіздігі, сонымен қатар халық пен билік арасындағы байланыстың үзіліп қалғандығы себеп болып отыр. Соңғы кездері алдымен заң қабылданады. Сосын халық дүр сілкінеді. Халық наразылық көрсеткеннен кейін ғана әлгі шешім талқылана бастайды. Мораторий жарияланады. Кешегі жер мәселесінде тура осындай жағдай орын алды. Бұған дейін мемлекеттік органдар қайда қарап отырды? Парламенттің қателігі үшін осындай комиссиялар құрыла бермек пе? Онда Парламенттің қажеті не?
Тіл – тек қатынас құралы емес. Бұл – ұлтты, мемлекетті қалыптастырушы құрал. Мектеп – тек білім беретін орталық емес. Азаматты қалыптастыратын, оның ұлттық сана сезімін оятатын – орталық. Өз басым елу шақты елде болдым. Сол елдерде екі немесе үш тіл деген мәселе атымен жоқ. «Ол мемлекеттер бұл қадамға ақылы жетпегеннен бармай отыр» дей аласыз ба? Өзінің ұрпағын, өзінің болашағын ойлаған ел ешқашан «үш тұғырлы тілді» мектептерге енгізбейді.
Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» деген сөзі бар. Үш тілді білім алған бала қазаққа қызмет ете ме, Ресейге қызмет ете ме, әлде ағылшынға ма?
Физиология мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек. 12 жасқа дейінгі баланың ойлау қабілеті бір тілде дамуы шарт. 7 сыныптан кейін ғана басқа тілді оқытуға болады.
Осыны ретімен шешу үшін не істеуіміз керек? Онсыз да білім деңгейі мәз емес ауыл мектептері орысша мен ағылшыншаға көшіп кетсе керемет болып кете ме? Жаратылыстану пәндерін қазақ тілінде оқытпау дегеніңіз - қазақ тілінің көкжиегін кеңітпеудің,артта қалған тілге айналдырудың жолы.
Қазақ қоғамы толықтай жүз пайыз болып кетсе де бүгінгі реформаны дәл осы қалпынлда жүзеге асыруға болмайды.
Қазір қараңыз, қазақ тілді мектептерді бітірген балалар қазақ тілін де, орыс тілін де жетік меңгергенін байқайсыз. Ал, орыс тілді мектептің балалары мемлекеттік тілді үйренуге асығар емес. Алдымен, сол орыстілді мектептер қазақтілді мектептердің деңгейіне жетіп алсын.
Себебі, қазақтың санасы Семей ядролық полигонының алаңы емес. Өзі пара алатын адам жемқорлықты тию туралы әңгіме айтуға болмайды. Сол сияқты 25 жылдан бері мемлекеттік тілді игере алмаған шенеуніктер үш тұғырлы тілді енгізуге, оны насихаттауға моральдік құқығы жоқ деп ойлаймын.
Жаңыл Жонтаева, Орта білім беру департаментінің басшысы: "СІЗДЕР МӘСЕЛЕНІ ДҰРЫС ТҮСІНБЕЙ ОТЫРСЫЗДАР"
- «2016-2019 жылға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасы қабылданғанын, биыл 1 қыркүйек жаңартылған білім беру жүйесінің бағдарламасы енетінін естіп жатырсыздар. Ата-аналармен, қоғам мүшелерімен кездесіп, талқыладық. Бұл бағдарлама 2015-2016 жылы 30 мектепте апробациядан өтті. 3000-нан 40000-ға дейін оқушы қатысты, ауыл, қала мектептері, шағын жинақты мектептер қамтылды. Ұстаздар, ата-аналармен сөйлестік. Ы. Алтынсарин атындағы академия осы дайындыққа талдау жасады. Осы күнге дейін әр өңірде 78 кездесу өткізіппіз.
Биыл бірінші қыркүйекте бірінші сыныптан бастап жаңа бағдарлама бойынша оқыту басталады. Бағдарламаның жаңалықтары сатылай енгізіледі. 2017-2018 2-5 сынып, 2018-2019 жылдары 3,6-10, 11 сыныптарға енеді. Бірінші сыныпта барлық пәндер, барлығы тоғыз пән бар, соның барлығы сол сыныптың оқыту тілінде оқытылады. Мектеп қазақ тілді мектеп болса, бірінші сыныпта барлық пәндер сол қазақ тілінде оқытылады. Ағылшын тілі 2013-2014 оқу жылында бірінші сыныптан бастап оқытылуда. Сол балалар қазір үшінші сыныпта оқып жатыр. Балалары бар кісілер біледі оны. Бастауышта басты пәндер басқа тілде өтеді деген жоспар жоқ. 5-9 сыныпта да барлық пәндер мектептің негізгі оқыту тілінде оқытылады. Қазақ тіліне берілген уақыттың бір сағаты да қысқарған жоқ. Қазақ әдебиеті пәнінің сағаты да өзгермейді. Қазақстан тарихы 5-9 сыныпта 2019 жылдан бастап мектеп тіліне қарамастан қазақ тілінде оқыту ұсынылып отыр. 5-9 сыныптың бағдарламасы әлі бекітілген жоқ, тамыз кеңесінде нақты ұсыныстар енгізіледі. Ал, Дүниежүзі тарихы 7 сыныптан бастап 2019 жылы орыс тілінде оқыту ұсынылып отыр. 10-11 сыныптарда профильдік пәндер енеді . Физика, химия, биология, информатика пәндері 10-11 сыныптарға ағылшын тілінде оқыту ұсынылып отыр. Бұл ұсыныстар қоғамдық комиссияда талдануда. Тамыз кеңесінде ұсыныстар тағы қабылданады.
Дінмұхамед Аязбеков, Mtdi.kz сайтының бас редакторы:
-Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек... Бұл сөздерді президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында айтады. Сонымен қатар, ол: «Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу - біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз. Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» - дейді. Расында, ағылшын тілін білген адам шексіз мүмкіншіліктерге ие болады.
Ағылшын тілі әлемдегі ең кең тараған тіл. Шамамен бұл тілде жер бетінде бір миллиардтан астам адам сөйлей алады. Әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер - Ұлыбритания мен АҚШ-тың мемлекеттік тілі. Сонымен қатар, ондаған мемлекеттердің ресми тілі. Дүниедегі барлық аударма шығармалардың, ақпараттардың 33%-ы ағылшын тілінен аударылса, 15 % – француз тілінен, ал 1%-ы ғана неміс тілінен аударылады. Бұл статистикалардан-ақ, ағылшын тілін меңгерудің қаншалықты маңызды екенін, ақпарат пен білімнің барлығы да сол тілде екенін түсінуге болады. Ағылшын тілін білетін адам, жер жүзінде бір миллиард адаммен еркін коммуникацияға түсе алады деген сөз.
Айдын СӘБИТОВ, Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры:
-Мен білім және ғылым дамуына арналған мемлекеттік бағдарламаны қолдаймын. Бұл бағдарлама болашақ жастарымыздың мүддесін арттыруға, олардың алатын білімі бәсекелікке қабілетті, табысты ұлттардың қатарында болуға мүмкіндік береді. 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу Елбасымыздың қойған ең басты мақсаттарының бірі болып табылады. Осы мақсатқа жетудің бір жолы үш тілді ұлтты тәрбиелеу.
Бұл реформа бойынша мектеп бітірушілерге үш тілді де меңгеру мүмкіндігі беріліп отыр: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. 5 күндік оқу жүйесіне тоқталсақ, отбасылық құндылықтардың өркендеуі анық көрінеді. Отбасылық тәрбие, баланы қосымша дамыту уақыты екі есе ұлғайтылып жатыр. Спортпен, музыкамен, өнермен айналасуға мүмкіндік көбейеді. Осы реформаның енгізілуі заман талабына сай. Интеллектуалды дамыған және табысты қазақстандықтарды тәрбиелейтін уақыт келді.
Мен еліміздің барлық жастарын, әріптестерімді осы бағдарламаны қолдауға шақырамын. Бұл бағдарлама біздің табысты болашағымыздың бағдарламасы екендігіне мен сенімдімін.
Түйін
3-4 сағатқа созылған жиында көптеген мәселелер сөз болды. Солардың ішіндегі ең өзекті жайттардың бірі – жоғарғы оқу орындарынан тарих пәнінің алынып тасталуы. Енді студенттер тәуелсіздіктен кейінгі тарихты ғана оқитын болады. Бұған 300 студент қол қойған хат себеп болыпты-мыс. Қазақтың «мен, мен» деген зиялыларының айтқан сөзін құлаққа ілмейтін министрлік үш жүз студенттің талабын неге аяқ асты орындай қойды?
Бүгін сол үш жүз студенттің сөзін тыңдайтын Ерлан Сағадиевке бағыттап «Алаштың үш жүзінің» басын қосқан жиыннан бірер әңгіменің шет жағасын жариялап отырмыз. Бәлкім, министр зиялылардың ойын осы жолы тыңдап қалар!
Қанат Бірлікұлы
Abai.kz