Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4347 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 05:17

Газ өңдейтін зауытты кім салады?

Қарашығанақ газконденсат кен орны — әлемдегі ең ірі мұнайгазконденсат кен орны болып табылады. Онда 1,2 миллиард тоннадан астам мұнай мен конденсат және 1,35 триллион текше метр газ қоры бар деп бағаланған.

Қарашығанақ газконденсат кен орны — әлемдегі ең ірі мұнайгазконденсат кен орны болып табылады. Онда 1,2 миллиард тоннадан астам мұнай мен конденсат және 1,35 триллион текше метр газ қоры бар деп бағаланған.
Оны игерумен айналысатын «Karachaganak Petroleum Operating B.V» (КРО) атты шетелдік компаниялар концорциумына кіретін «British Gaz Group» (BG) пен итальяндық «ENI-дің» еншісінде 32,5 пайыздан, американдық  «Chevronда» 20 пайыз, ресейлік «Лукойлда» 15 пайыз акция үлесі бар болса, ғасыр жобасы аталған бұл бағдарламада Қазақстанның үлесі жоқ. Әлде қаржы дағдарысы әсер етті ме, болмаса шетелдік компаниялар құлықсыздық танытты ма, әйтеуір, белгісіз бір себептермен Қарашығанақ мұнайгазконденсат кен орны базасы негізінде Қазақстанда  газ өңдеу зауытын салуды көздеген  жобаның үшінші кезеңін жүзеге асыру мерзімі  тағы да кейінге шегерілді. Бұл өзі өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарынан бері қозғалып келе жатқан «сақалды» мәселе. Осыдан бірнеше жыл бұрын инвесторлармен бірлесе отырып алдын ала жаңадан салынуы тиіс газ өңдейтін зауыт құрылысының бағасы да шығарылған болатын. Осы жобаға үлкен үміт артқан Қазақстан билігі аталған ГӨЗ базасында химия және мұнайхимия индустриясы саласына қатысты шағын кәсіпорындар салуды жоспарлаған еді. Енді, міне, сол үміттің бәрі желге ұшқандай болды. Жоспарланған мақсатты жобаның қандай себептерге байланысты іске аспай қалғандығын білмек болған Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Энергетика және индустрия министрі Сауат Мыңбаев: «Жобаның үшінші кезеңін іске асыру мерзімін кейінге шегеруді ойлап шығарған — біз емес, КРО мүшелері. Бізге Қарашығанақ кен  рнын игерудің үшінші кезеңі мен Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауыты базасы негізінде Бірлескен кәсіпорын (БК) құру туралы  мәселенің басын анық ашып алу керек. Өйткені, қазіргі әлемдік қаржы дағдарысына байланысты, Қарашығанақ жобасына қатысушы BG пен Agip аталған жобаны іске асыруға мүмкіндіктері жоқ екенін алға тартып, оның мерзімін кері шегеруді сұрап отыр»,— деп жауап берді. Жағдай осылай қалыптасса, Қазақстанда газ өңдеу зауыты мүлдем салынбай қалуы да ғажап емес. Қиын жағдайға қарамастан, Ресей жағы Орынбор кен орнының қоры түгесілгендігін алға тартып, Қазақстанмен Орынбор ГӨЗ-іне қойылатын газ көлемін арттыру мен соның базасы негізінде Бірлескен кәсіпорын (БК) құруға қызығушылық танытып, осы мәселелер бойынша келіссөздерді  одан әрі жалғастыруда.
Кеңес дәуірінде Қарашығанақ газы шикі күйінде әр 1 мың текше метріне алғашында 6, соңыра 11 доллар бағамен Орынбор ГӨЗ-іне жіберілетін де, қайта өңдеуден өткен газ әрі қарай өңдеу үшін Башқұртстан мен Татарстандағы химиялық кәсіпорындарға жөнелтілетін. Бұл үрдісті сол кездері Кремльдегі энергетикалық ведомство басшылары Қарашығанақ газы арнайы Орынбор ГӨЗ-іне жіберілетіндіктен, Қазақстанда басқа бір газ өңдеу зауытын салудың еш қажеті жоқ деген желеумен  түсіндірген-ді.  Осылайша, мысы басым Мәскеудің тұқыртуымен қазақ газы Ресейге тоқтаусыз жөнелтіліп тұрса да, көгілдір отын экспортқа шығарылатын аймақта тұратын Қазақстанның ауылды мекендері газбен қамтамасыз етілмеген күйінде қалып келген еді. Қазақстанның 90-ы жылдардың өзінде аталған кен орнын игеруге шетелдік инвесторларды тартуға ниет білдіруінің астарында осындай маңызды себеп жатқан-ды. Алғашқы келісім-шарт 40 жыл мерзімге 1997 жылы жасалды. Жобаның алғашқы мүшесі орыстар жағынан  «Газпром» болса, кейінірек ол өз үлесін ресейлік «Лукойлға» берді. Ел мүддесін қашан да бірінші орынға қоятын Ресей Орынбор ГӨЗ-іне жыл бойы қажет газды Қазақстаннан 5 миллиард текше метрден сатып алудан бастаса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуды көздеп отыр. 2007 жылдың қорытындысы бойынша, Орынбор ГӨЗ-іне 7,4 миллиард текше метр газ жөнелтілсе, 2012 жылға қарай бұл көлемді 12 милииард текше метрге жеткізу жоспарланған. Өйткені, қуаты жылына 37,5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететіндігіне қарамастан, әзірше Орынбор ГӨЗ-і тек 17 миллиард текше метр ғана газ өңдеп шығаруда. Міне, осылайша Ресей жағы көп жылдар бойы жүргізген келіссөздері арқасында өз елінің мүддесін толық қорғап шыға алды десе болады. Ал, біз ше? Әй, қайдам....
Сосын, осы БК құру мен зауыт салуға байланысты келіссөздердің ұзаққа созылуының тағы бір себебі бар, ол — шығын қаражатына байланысты келіспеушілік. Ресей Қазақстанға жаңадан құрылған БК-нің 50 пайыздық үлесін сатып алуды ұсынады да, өзі оның құрамына кіру үшін БК-нің жарғылық қорына  ГӨЗ-дің активін салумен ғана құтылуды ойлайды. Бұдан басқа, екі жақ Орынбор ГӨЗ-ін жаңартуға ақша салуы тиіс. 2006 жылы жүргізілген бағалау қорытындысы бойынша, жобаға осылайша қатысу Қазақстан үшін 750 миллион долларға түспек. Ал, Қазақстанда су жаңа ГӨЗ салуға ең бері дегенде 1-1,2 миллиард доллар қаражат кетеді. Қазақстан жағының аталған келіссөздер барысында жүз ойланып, мың толғануына осы фактілер де әсер ететін сыңайлы.
Дей тұрғанмен, Ресей жағының Қазақстан газына таскенедей жабысып, одан айырылмауға бар күш-жігерін салуына таңданбасқа болмайды. Оған себеп, Нижневолжск геология және геофизика ғылыми-зерттеу институтының геологтары өздері жүргізген сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижесінде Ресейдің Саратов облысының Дергачев ауданында мұнай мен газдың мол қоры бар екендігін анықтап (2 миллиард тонна мұнай), 2007 жылы бұл туралы «Роснедр» баспасөз қызметі хабардар еткен еді. Д1 категориясы бойынша, аталған кен орнындағы болжамдық табиғи байлық қоры 1 миллиард тонна шартты отынды құрайды деседі. Тағы бір ашық кен орны Озинск мұнайгаз аймағындағы қордың қанша екендігі 2010 жылы жүргізілетін бұрғылау жұмыстарынан кейін белгілі болмақ. Осыған қарағанда, орыстарда Орынбор ГӨЗ-іне қажетті шикізат қоры  жетерлік сияқты. Соған қарамастан, олар оны пайдаланғысы келмейді. Неге? Оның себебі біреу-ақ болуы мүмкін: бұл байлық қоры — қымбат бағамен Батысқа сату арқылы орыстардың мол табысқа кенелуіне мүмкіндік беретін шикізат көзі. Ал, Қазақстан шикізаты олар үшін арзанға түседі. Сонда, бұл ойыннан кім ұтып, кім ұтылып отыр?

 

 

Автор Ермек Сахариев   
«Қазақстан-Заман» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373