ШЫҒЫСТАҒЫ ЖАҚСЫЛЫҚ
Уақыттың құндылығы оның үнемі жаңарып отыруында болса керек. Уақыттың жаңаруы өз талаптарын қойып, онымен санасуға әкеледі. Сөйтіп, қоғам да, жүйе де орнынан қанша ауыр қозғалса да уақытқа мойынұсынады. Бұл - өзгермейтін, өзгертуге келмейтін заңдылық. Осы заңдылықтың өлшемімен алсақ, қоғаммен бірге Қазақстандағы мемлекеттік қызмет құрылымы да түлеп келеді. Яғни, жасарып келеді. Әртүрлі деңгейдегі басшылық қызметтерге жас азаматтар келіп, олар өз кезегінде, әркім өзінің қызмет құзіреті аясында жаңа тәсілдермен осы күнгі мәселелерді шама-шарқынша шешіп жатыр.
Жас азаматтар қазіргі күні аймақтардағы басшылық қызметтер де пісіп-жетіліп, шыңдалып келеді. Біз, үлкен қалаларда, орталықта Астананың аузын бағып отырып, аймақтардағы болып жатқан өзгерістерді, істеліп жатқан жұмыстарды біле бермейміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы шекаралық аймаққа жататын өңір. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған жер. Аймақтың ұлттық, мәдение ала-құлалығы тағы бар. Бұрынғы екі облыс біріккен соңғы үлкен территория, оның ауыл шаруашылығы, халқы, әлеуметтік-экономикалық ахуалының өзі айтуға ғана оңай нәрсе. Міне, осындай өңірде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып отырған Жақсылық Омар да уақыттың жаңарумен шыққан жас топ-менеджерлердің бірі.
Жақсылық Мұқашұлы топ-менеджер болып топ ете түскен жоқ. Жастайынан мемлекеттік қызметке араласып, осы саланың әр баспалдығынан өтіп, өсіп жетті. Жақсылық мырзаның және оның замандастарының бір ерекшелігі олар – Тәуелсіздіктің буыны. Бұл дегеніңіз, санасы таза әрі еркін азамат деген сөз. Тап осындай азаматтардың биліктің түрлі деңгейіне келіп, өздерін сөзбен емес, барынша іскерлігімен, тындырымдылығымен көрсете білуі ол – мемлекеттік қызметтің ертеңгі күнінен жақсы хабар береді. Ал, лауазымды мемлекеттік қызмет дегеніңіз, қоғам-саяси жүйенің жұлыны.
Қазақстан мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялағанда Жақсылық Омаров 11 жастағы бала екен. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында сол бала өз қызметі шегінде ұлтының, халқының игілігі үшін қызмет етіп отыр.
Игілік демекші, жоғарыда айтқанымыздай, Жақсылық Омар қызмет етіп отырған Шығыс Қазақстан облысының маңыздылығы ерекше өңір. Оны Ресей, Моңғолия, Қытай сынды көрші елдермен шекаралас жатқанымен-ақ түсіндіруге болатын шығар. Осындай өңірде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» сынды халықаралық шара өткізу көп нүктесі бар мәселелерді сөзсіз түсіндірудің нұсқасы. Екінші жағы, бар Алашқа мекен болған Алтайдың қойнауындағы археологиялық, мәдени мұраны көпке жария ету, ашылмай жатқан тың зерттеулерге леп беру. Мұндай істер Жақсылықтай азаматтардың қолынан өткерілгені Тәуелсіздік жылдары өскен кадрлардың артықшылығының бір көрінісі болса керек.
Тәуелсіздік кезеңінде өскен ұрпақтың да өз қиыншылығы, тағдыры болды. Азаттықтың алғашқы он жылдығында ел басына түскен қиыншылықты ауылдағы Омаровтар отбасы да тартты. Ата-ананың қиналғанын, тойып тамақ ішпеген, бүтін киім кимеген шақтар, көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-бірінің жоғын бірі толтырып, әупірімдер күн кешкен күндерді кім ұмытсын. Есесіне, бұл қиындық Жақсылық Мұқашұлы мен оның замандас, құрдастарын ерте есейтіп, шыңдап жіберді. Өмірге, еңбекке ерте араласты. Сол еңбектің бір белесі бүгінде үшінші жыл қызмет етіп жатқан Шығыс Қазақстан облысы әкімі орынбасары лауазымы.
Үш жылда талай жұмыс істелді. Тізбелеп айта берсең, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, денсаулық сақтау, ақпараттық саладағы әрбір атқарылған іс Жақсылық Омардың жетекшілігімен жүзеге асты. Ол істердің жақсылығын аймақ жұртшылығы көріп жатыр.
Әр салада Тәуелсіздіктің жемісіндей еңбек етіп жатқан Жақсылық Омардай азаматтар арқылы елдің уақыт өзгеріп, қоғамның басқа фазаға өтетін шақтарындағы болашағының бейнесін көруге болады. Әрине, бәрі өтпелі, өзгермелі. Бірақ, қай кезде де мемлекеттік істің үздіксіз әрі сапалы жұмысы үшін азаттықты өкшелеп өскен тәжірбиелі іскер азаматтар керек екенін ертеңін ойлайтын әр адам түсінсе керек. Демек, Жақсылық Омар сынды аймақтарда шыңдалып жатқан топ-менеджерлер болашақтың таңы атып келе жатқанының айғағы.
Нұра Матай
Abai.kz