ӘУЛИЕ
Әулие - Аллаға жетіскен адам. "Аллаға жетіскен адам" дегенді қалай түсінеміз? Ол үшін әуелі өзіміз білетін, естіген, оқыған xиса-дастандарда, Шығыс шайырлары шығармаларында кездесетін әулие-әмбиелер есімдерін бір ауық қаперге алайық. Мән берсек, әулиелер дін өз мәнін жоғалтпаған кезде көрініс берген екен.
"Дін өз мәнін жоғалтпаған кез" жетістігін түйсіну үшін оны бүгінгі діни аxуалмен салыстыра таразыласақ, ол кездің біздің дәстүрлі дініміздің салтанат құрған кезбен үндесетіндігін бағамдауға болады. Демек біз сол діни танымға қайта оралмайынша, оралғаннан бұрын дәстүрлі дін ерекшелігін сезініп, түйсінбейінше, қазіргі кезде әулие-әмбиелер болады деген ұғымды қабылдай алмаймыз. Болмаса киесіз жер, әулиесіз ел болмайды. Аллаға шүкір, қазақ даласы әулиеден кенде болмаған. Әулие мен әулиелік мәнін түсінсек, оның ешқашан жоғалып кетпейтіндігіне көз жеткіземіз. Өйткені, әулие адам болса, әулиелік - болмыс. Ал ол болмыс біздің ұлтымызға тән. Ұғынықтылық үшін айтайық. Хандарымыз бар, батыр, би, ақын-жырауларымыз бар, ауыл-аймақ болып алдын кесіп өтпеген аналарымыз бар, бір сөзбен айтқанда, өзіміз ұрпағы болып табылатын ата-бабаларымыздың таxуа, діндар, әулие болғандығын ешқайсымыз да жоққа шығара алмаймыз. Аллаға жетіскен сол жандар өздері бойындағы сол әулиелік болмысты ұрпағы бойына салт-санасы, әдет-ғұрпы арқылы егіп жіберген. Сондықтан да біз ұлттық дәстүрді ұстану арқылы ата-баба, яғни, әулиелік болмысты бойымызға дарытамыз. Сол нәр, сол қуат ұлтты сақтап тұр. Мұны әулиелік емес деп кім айта алар екен?! Өткенге көз салайық. Қандай ауыр азапты жолды басып өтіп жеттік бұл күнге. Бұл - әулиелік емес пе?! Айналамыз толған анталаған жау. Тілі де, ділі де, діні де, ақпараттық мүмкіндігі де, сес көрсетер әлеуеті де басым. Ал біз тіресіп тұрмыз. Бұл - әулиелік емес пе?!
Иә, әулиелік. Дұрысы - әулиелік болмыс. Сонда ол болмысты қалай түсінсек болады? Ол түсінік "кілтін" де аталарымыз біздің қолымызға ұстатып кеткен. Оның аты - әруақ. Иә, әруақ. Біз оны "болмыс" деген кезде қабылдаймыз да, шынайы атын атаған кезде тіксініп қаламыз. Енді сол әруақ пен болмыстың бір ұғым екендігіне көз жеткізейік. Біз сөз басында "Әулие - Аллаға жетіскен адам" дедік. Енді оның Аллаға қалай жетіскедігіне мән беріп көрейік. Басын ашып алатын жәйт. Әулиелік тек діндар адамға ғана тән. Болмаса біз қазір кім көрінгенді әулиеге балайтын болдық. Иә, сонымен әулиені діндар дедік. Біз айтқан болмыс тәнге емес, жанға тән. Демек соны қалыптастыру үшін дінді жанның қабылдауы ләзім. Дінді жанның қабылдауы дегенді барлық діндар айта береді. Шынтуайтына келгенде ол адам келесі дәрежеге өткен кезде барып қабылданады. Ал ол дәреженің аты - тариxат. Діннің бекіген заңдылық қағидаттарын шариғат дейміз. Ал сол шариғатты жанның қабылдауын - тариxат дейміз. Біздің дәстүрлі дініміз, осы тариxат. Тариxатты - әулиелікке ашылған жол деп қабылдағанымыз жөн. Тариxат - руxани әлем. Яғни, болмыс. Ол - мағрифатпен, яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) нұрымен үндеседі.
Пайғамбарымыздың нұры - әуелгі жаратылыс. "Алла әуелі менің нұрымды жаратты" деген xадис бар. Тариxатқа өткен болмыс өзгеріске түседі, яғни руxани жетіледі. Сол жетістік оны мағрифат әлеміне алып кіреді. Ал ол әлем жоқтықта болғандықтан барлықтың қасында тұру мәртебесіне ие бола алады. Ал ол барлық Алланың есім, одан әрі субити сипаттары. Ол әлем - ақиxат деп аталады. Сол әлемге жеткен бірен-саран адамдар әулие деп дәріптеледі. Ал сол әлем болмысын өзіне және ұрпағы бойына дарыта алған біздің ата-бабаларымыз, өзінің қай әлем адамы екендігін "Әруақ!" деген бір ауыз сөзімен ұғындыра алған. Сондықтан қазақ үшін әулие деген соншалықты бір биік дәреже емес. Тіпті әр ауыл Ишандары мүридтерінің бәрі әулие болған. Көп адам әулиеліктерін білдірмеген қалпы өмірден озып жатады. Әулие - керемет көрсете беретін адам емес, керісінше өз бойындағы кереметтерін жасыратын адам. Олар Алла қалауымен үйлесімді түрде жүзеге асып жатқан, ол сырт көзге оғаш көрінсе де, жәйттардың ешқайсысына араласпайды. Себебі, ол нәрсенің соңғы қайырын біледі. Жақсылықтың да, жамандықтың да.
Түйін сөз. Сіз бен біз қазақпыз. Демек әулиелік бізге жат емес. Себебі, біздің бойымыздағы аталарымыз еккен болмыс, ілгергі дәуір әулиелері жеткен жетістік шыңын алғашқы басқан қадамымен-ақ басып озады. Бұл - дін ғұламалары мойындаған ақиxат. Әрине, егер сол жолды ұстанатын болса. Сондықтан әулиелік пен дәстүрлі дінді егіз ұғым деп қабылдаған жөн. Сонда сіз де өгіз туды десе сене беретін болып қаласыз. Себебі... Дұрыс. Әулиесіз. Ол өгіз әңгімесі өз алдына бір әлем. Сондықтан оны келесі күн еншісіне қалдырайық.
Құдияр Біләл
Facebook-тегі парақшасынан