Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4508 0 пікір 15 Тамыз, 2016 сағат 13:02

ЕТ ЖАЙМАЛАРЫ ТАРАЗДА ШЫҒАРЫЛАДЫ

Тұтынушылардың үлкен сұранысына ие болған макарон өнім­дерінің бірі, кәдімгі ет асқанда салынатын «Арзу» жаймалары Тараз қаласындағы «Та-Мак» ЖШС-да шығарылады.

Бұл дәмді жаймалар аз уақытта нарықтағы бәсекелестерін ығыстырып, таңдаулы өнімге айналып үлгерді. Аталмыш кә­сіп­орынның былтырғы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша ІІ дәрежелі дипломды иеленуі –  осының дәлелі.

Нарық заңы қатал. Өндірілген өнім сапалы әрі бағасы қолжетімді болуы тиіс. Онсыз бәсекелестікке төтеп беру қиын. «Та-Мак» ЖШС осындай сынақтардың бәрінен өте білді. Гүлмира Қоңқашева басқаратын серіктестік 2004 жылы макарон өнімдерін шығаратын цех ашып, сапасы импорттық баламасынан кем түспейтін жайма әзірлеу тәсілін екі жылдың ішінде меңгеріп, өндірісті іске қосады. Үшінші жылы Таразда шығарылатын жаймалар Орталық, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарына кең тарала бастайды. 2008 жылы макарон өнімдерінің басқа да түрлерін шығаруды қолға алады.

Халықаралық ХАССП жүйесі - тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа стандарттары және малайзиялық «Халал» стандарты бойынша экологиялық таза өнім өндіретін серіктестік 2012 жылы Ресейде өткен азық-түлік көрмесінде алтын медальді иеленеді.  Кәсіпорынның тәулігіне 10 мың тонна өнім өндіретін италиялық автоматты құрылғыны іске қосқаны да осы жылы.  2014 жылы мәскеулік конструкторлық бюромен бірлесіп, жаңа автоматты қаптама жүйесінің тұсауын кесті.  Ол әлем­дегі ешбір тауар қаптамасына ұқсамайды. Соның арқасында «Арзу» тауар таңбасымен сатылатын жаймалар дүкен сөрелерінде бірден ерекшеленіп тұратын болды.

«Мен үшін ең бастысы – сапа. Бір өндірушілерге өнімнің неғұрлым мол шығарылып, жан-жаққа тынымсыз таралып жатқаны ұтымды, ал менде ондай көлем қуалау деген жоқ. Аз шығарсам да тап-тұйнақтай, барлық талапқа сай болуы тиіс.  Сынған, майысқан қамырды ешқашан оратпаймын. Компания жұмысшылары  да ондай жүрдім-бардым әрекетке бара алмайды, өйткені, басты талаптан хабардар. Егер соны біле тұра абайсызда жерге түсіп қалған қамырды қорапқа сала салса, онысы бейнекамераға түсіп қалады», - дейді Гүлмира Қадыр­қызы.

«Та-Мак» серіктестігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры құйған инвестицияның арқасында өз өнімдерін экспортқа шығара бастады.  «Арзу» маркалы макарон өнімдері Голландия, Франция және АҚШ-тың «Mueller Aussenhandel e.K.», «Monolith Süd GmbH» делдал компаниялары арқылы Германия, Ресей, Қырғыз мемлекеттері мен Өзбекстан нарығына шығарылуда.

Бүгінде кәсіпорын тұтынушыларына «Ертөстік» деген тауар таңбасымен жаңа бренд ұсынуда. Мұндай қадам макарон өнімдерін шығаратын өндіріс орындары арасындағы бәсекелестікке тың серпін беретінін айтады серіктестік басшысы. Екінші жағынан жаңа жоспарлардың туындауына жол ашпақ.

Оралхан ДӘУІТ

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566