Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Мәселенің мәні 6429 0 пікір 10 Тамыз, 2016 сағат 12:22

ЭКСПОНЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ "АСЫРАЙТЫН" БОЛДЫ

Қазақстандықтардың зейнетақы қорларын енді «ЭКСПО-2017» құрылыс нысандарын салуға жұмсайтын болады, - деп жазады «nb.kz» порталы.

Қазақстанның Даму банкі біріңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан 15 миллиард теңгені ендігі жылы Елордада өтетін Халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылыс нысандарына бөлетінін мәлімдеген.

«Қазақстанның Даму" банкінен «Біріңғай зейнетақы жинақтаушы қоры» АҚ-нан 2016 жылдың шілде – тамыз айларында бөлінген 117,5 миллиард теңге келесі мақсаттарға: 2016 жылы антидағдарыстық жоспарларды орындау үшін қосымша оперативтік шараларға, Қазақстан Үкіметінің 2016 жылдың ақпанындағы шешімі бойынша БЗЖҚ-дан 15 миллиард теңге Астанадағы «ЭКСПО-2017» құрылыс нысандарына, тағы 17,5 млрд теңге отандық өндірістегі «БРК-Лизинг» АҚ вогон құрылысына бағытталған», - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар, зейнетақы қорынан бөлінген қаражаттан қалған бөлігі Қазақстанның экономикалық ахуалын жақсартуға және 2016-2017 жылдар аралығында жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалады екен.

Естеріңізде болса, ҚР премьер-министрінің 2016 жылдың 18-наурызындағы № 149 бұйрығы бойынша дәл осы БЗЖҚ қаражаты елдегі қаржылық қиындықтарды шешуге жұмсалады деп бекітілген еді.

Қазақстан халқы көнбіс пе? Жоқ. Халықты қамсыз деп саусақпен шұқығандай болмайық. Дегенмен, қалың елдің қалтасын қағудың тағы бір тәсілін тапқан Үкімет сонау наурызда шешім шығарып,  Біріңғай зейнетақы қорынан 117,5 миллиард теңгені Қазақстан экономикасының қара тесігін бітеуге жұмсамақ екен. Жоғарыдағы 117,5 миллиардтың жартысы әлсіреген экономиканы сауықтыру үшін жұмсалса, 15 миллиард теңгеге жуық қаражат Елордадағы «ЭКСПО-2017» құрылыс нысандарын салуға жұмсалмақ.


Хош, зейнетақыны алды делік, енді сол алған ақша қашан қайтарылады? Оны кім әм қандай жолмен қайтарады? Оны халықтың келісімінсіз сырттан кесіп-пішіп, құбылмалы экономиканың тетігіне айналдыруға Үкіметтің қандай қақы бар?  Дағдарыстың әлсін-әлсін айналып келуі жалпы нарықтық экономикаға тән құбылыс десек те, импортқа тәуелді Қазақстан нарығын ғана емес, алпауыт елдердің де бүйірін дағдарыс қысып барады. Солай бола тұра халықтың «қазынасына» жармасып, жыртығын жамап жатқан ел жоқ.

Теңге тәлтіректеп тұрғанда, әлсіреген экономкиаға әл-қуат берудің басқа жолы жоқ па?

Ресми статистикаға сүйенсек, 2000-2008 жылдар аралығында елі­мізден сыртқа заңсыз шығарылған қар­жының көлемі 126 миллиард долларға жеткен (GlobalFinancialIntegrity (GFI). Орны ойсырап тұрған капитал қайда, кімге және қашан кетті, о жағын нақты біл­мей­міз. Ал, сая­саттанушы Айдос Сарымның айтуынша, соңғы 10-15 жыл көлемінде 140 миллиардқа жуық ақша сыртқа кеткен көрінеді.

Мұның сыртында Қазақстанның қазынасына қол сұғып, қазанын ортайтып кеткен әккі ұрылардың (Әбләзов, Храпуновтар) миллиардтары бар. Одан қала берді күні кеше ғана есім-сойлары елге мәлім болған биліктегі бизнесмендердің офшорлардағы ақшалары тағы бар.


Осы қыруар қаражатты Қазақстанға қайтаратын жол болса, экономикалық дағдарысты шыбын шаққан құрлы көрмейтіндей жөніміз бар еді-ау. Өкінішке орай Мәсімов Үкіметі мықтыларға тісі батпаған соң, айналып келіп халықтың қаржысына қол сұғыпты. Ермегяевті ЭКСПО қаржысын жымқырып кетті деп айыптаған Үкімет, енді жымқырылған қаржыны Ермегяевтің өзіне төлетпей, халыққа жүк салып отыр? Әлде, ЭКСПО ісіне жоғарғы лауазымды шенеуніктердің қатысы бар ма?

Талғат Ермегяев ісіне қатысты Сот Ұлттық банктің экс-төрағасы Келімбетов пен экс-Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевті неге шақыртты? Бұл да әзірге көлеңкелі болып тұр. Не десекте, Үкімет сіз бен біздің зейнетақы қорымызды енді экономиканың жыртығын жамауға, одан қалса ЭКСПО құрылысын салуға жұмсайтын болады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1560
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3358
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6298