ӘМИНАНЫҢ АЛАР АСУЫ АЛДА
Адамдардың кішкентай кезінен бастап, белгілі бір жетістікке жетуді армандауы қалыпты жағдай. Алдына қойған мақсатына қол жеткізу барысында адамдар өзінің бойындағы туа біткен және жүре қалыптасқан қабілеттерін пайдаланады. Адамдардың бойындағы ерекше қабілеті, оны басқаларға қарағанда оқшауландырып тұрады.
Бүгінгі біз әңгіме еткелі отырған кішкентай жеткіншек осындай ерек туған дарын иесі. Жанғазы Әмина Нұрланқызы кішкентай кезінен сурет салуды жақсы көреді. Айналасындағы көрген әрбір затты ол өзгеше сезіммен қабылдайды. Сол өнерді ары қарай жалғастыру ойында бар екен.
Былтырғы оқу жылында жанұясымен екі жылға Түркияның Анталья қаласына қоныс аударған, биыл сол қаладағы Торос мектебінің 7-сыныбын үздік тәмамдаған.
Оқу жылының аяғындағы Анталья қалалық білім басқармасының мектептер арасындағы экология тақырыбына өткен сурет жарысынан Әмина бірінші орынға ие болып, медаль мен 200 лир (бізше 20 мың теңге шамасында) ақшалай сыйлық алыпты.
Биылғы қыркүйек айында 13 жасқа толатын Әмина өзінің артынан ерген бауыры Жәнібек пен екі сіңлісі Жәния мен Әдияға да үлкен әпкесі ретінде көп көңіл бөледі.
Кішкене кезінде салған алғашқы суреттері мен кеше ғана қарындашпен салып бітірген Алматы қаласының символы – Қар барысының суретін жариялап отырмыз.
(Алматы символы - Қар барысы)
(Әминаның Түркиядағы жарыста салған суреті)
(Әминаның жас суретшілер байқауында жеңіп алған медальі. Түркия, Анталья қаласы)
(Әминаның білім алып жатқан мектебі)
Abai.kz