Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 54446 1 пікір 27 Шілде, 2016 сағат 15:22

ҚАЗАҚCТАННАН ҚАНША ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ ШЫҚТЫ?

Қазақстан тәуелсіздіктен кейін 5 жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, 52 медаль, оның ішінде 16 алтын, 17 күміс және 19 қола жүлдеге ие болды,-деп жазады ҚазАқпарат порталы.

Қазақстан көп ұлтты мемлекеттердің бірі. Сондықтан, осы Олимпиадада жеңіп алған медальдарда өзге де ұлт өкілдерінің ұлесі бар екені анық. Бірақ, біз бүгін өзге ұлт өкілдері емес, 5 Олимпиадада қанша қазақ баласы жүлгеге қол жеткізгені туралы айта кетуді жөн көрдік.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғаш қатысқан 1996 жылғы Атланта олимпиадасында 11 медаль жеңіп алды.

Бұл медалдардың төртеуі қазақ баласының еншісіне бұйырды. Олар: бокстан күміс жүлде жеңіп алған Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі),  қола жүлде иегері атанған Болат Ниязымбетов (бокс, 63,5 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі) және Мәулен Мамыров (еркін күрес, 52 келі).

Ал 2000 жылы Сидней олимпиадасында отандастарымыз 7 медал жеңіп алды. Оның төртеуі қазақ ұландарының еншісіне бұйырды. Екі саңлағымыз тәуелсіз ел тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпиондары атанды.

Олар: чемпион атанған Бекзат Саттарханов (бокс, 57 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі). Ал Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі) екінші мәрте Олимпиаданың күміс жүлдегері атағына қол жеткізді. Сондай-ақ, Мұхтархан Ділдәбековте (бокс, +91 келі) күміс медаль жеңіп алып, жеңіс тұғырына көтерілді.

2004 жылы Афина олимпиадасында жерлестеріміз жалғыз алтынға қол жеткізгенімен 8 рет жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл байрақты бәсекеде екі қазақ баласының бағы жанды. Олардың бірі - жалғыз алтынға иелік еткен Бақтияр Артаев (бокс, 69 келі) болса, екіншісі тағы бір боксшы бауырымыз Серік Елеуов (60 келі).

2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылары 13 медальға қол жеткізді. Бұл медальдардың алтауы қаракөз қазақ баласына бұйырды.

Онда Бақыт Сәрсекбаев (бокс, 69 келі) алтын медаль жеңіп алса, Асқат Жіткеев (дзюдо, 100 келі), күмісті қанжығасына байлады. Ал Еркебұлан Шыналиев (бокс, 81 келі), Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі, 60 келі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі, 96 келі), Арман Шылмановтар (таэквондо, 80 келі) жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көріне білді.

2012 жылы Лондонда да ел намысын қорғаған спортшыларымыз жалпы 13 медальға қол жеткізді. Соның үшеуін қазақ спортшылары жеңіп алды. Олар Олимпиада чемпионы атанған Серік Сәпиев (бокс, 69 келі), күміс жүлдені ұтып алған Әділбек Ниязымбетов (бокс, 81 келі) және қола жүлдені қанжығасына байлаған Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес, 66 келі).

Міне, жоғарыдағы мәліметтерге қарап отырсаңыз тәуелсіздіктен бері қазақ спортшылары Олимпиададан 19 медаль жеңіп алған. Оның 5-еуі алтын, 5-еуі күміс, 9-ы қола медаль.

Енді санаулы күннен кейін Бразилияда Рио-де-Жанейро олимпиадасының алауы тұтанады. Бұл жолы қаракөз қазақ қыз-жігіттерінен кімнің бағы жанар екен?!

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5313