ФАРИЗА АПАМНЫҢ ҰРЫСҚАНЫ...
2012 жыл болатын. Желтоқсанның 27-сіне ме екен, "Дарын" сыйлығын тапсыру рəсімі басталғалы жатқан. Етектен тартқан балалармен жағаласып жүріп салтанатты кешке дайындала алмаған едім. Соның алдында ғана бір жасыл көйлек сатып алғам. Иығы жабық болғанмен, "қолы" ашық, жеңі жоқ...
Сонымен не шашымды бұйралай алмай, не макияж жасата алмай, үйден бірдеме қылып, кешке бардым. Кісі жиналып-ақ қалған екен. Залға кірген соң балаларды жайғастыратын орын іздеп сабылып жүргем. Бір сəтте Фариза апаның "Əй, Нəзира" деген дауысы елең еткізді.
Күлəш апа айтатындай, ұялшақтық маған да көп кедергі болатыны рас. Сол күні де өз бойымның сəнін келтіре алмағанымнан ба екен, өзімді жайсыз сезініп, қысылыңқырап жүргем. Айналама зер салмай, зытып бара жатқаным да содан еді.
Сонымен Фариза апамның зекіп сөйлеген дауысынан соң жалт бұрылып, апама амандастым. Байқамай қалғанымды айтып, кешірім сұрадым. Апамның айналасында Бауыржан Қарағызұлы, Қалқаман Сарин, тағы басқа ақын інілері отыр екен. Сəлемімді алған соң бер жағынан ғана күлімсірегендей боп, амандық білдірген Фариза апам бəрібір үнін жұмсартпады. "Жалаңаштанып алыпсың" деді мені одан сайын ұялтып...
Сол кештен кейін арада бір-екі ай өткенде Фариза апаның үйіне барғам. Əңгімелесіп отырып сөз орайы келгенде "Өткенде ұрсып бердіңіз ғой" дедім томсырайып. Фариза апам "қашан?" деп, қазбалап сұрап, есіне түсірді. Содан соң: "Ə, иə. Өзің амандаспай өтіп бара жаттың ғой. Соған ренжідім" деді жүзін сыртқа бұрып.
Сол күні Фариза апамды бұрынғыдан жақын тартып кеттім...
Ұрысқанының өзі сағындырады.
Назира Байырбек
Facebook-тегі парақшасынан