Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6609 0 пікір 11 Қараша, 2016 сағат 10:04

БАҚТЫБАЙ БАТЫР ҚАЙДА ЖАТЫР? (жалғасы)

Қорымда бұдан басқа үлкенді-кішілі шаршы, төртбұрыш, және дөңгелек формалы топырақтан тұрғызылған 6 бейіт табылды. Олардың орналасуы мына төмендегідей.

 

Бақтыбай батыр зиратындағы бейіттер

№1- Бақтыбай батыр бейіті. Қабырғаларының биіктігі 70-80 см . 4 құлағы бар. Аумағы 10м x10м шаршы.

№2 бейіт бірінші бейіттен 20 м  оңтүстікке қарай орналасқан, аумағы 4м x 5м тік төртбұрыш, қабырғаларының биіктігі 40 см-дей

№3 бейіт бірінші бейіттен 5 м жерде орналасқан,  дөңгелек шішінді, қабырғасының биіктігі 50-60 см, диаметрі 5 м.

№4 бейіт дөңгелек типті, диаметрі 7 м, қабырғасының биіктігі 40-50 см.

№5 бейіт дөңгелек типті, қабырғасының биіктігі 40-50 см, диаметрі 4 м.

№6 бейіт ұзындығы 3м, ені 1 м, призма пішіндес. Жас баланыкі болуы керек.

№7 бейіт ұзындығы шамамен 3м, ені 1 м, призма пішіндес. Жас баланікі болуы мүмкін.

Қорымдағы ең үлкен №1 бейіттің төр жақта, қалғандарының одан төмен орналасуына қарап, №2-№7 бейіттердің кейінірек тұрғызылғанын аңғарамыз. Сондықтан ол бейіттерге Бақтыбайдан кейін қайтыс болған туыстары жерленген деп топшылауға болады. 

    Дөңгелек бейіттердің қабырғасының топырағы сыртқа қарағанда ішке көбірек құлауының себебі, олардың кезінде цилиндр пішінді емес, қиық конус түрінде салынғанын білдіреді дейді археолог Ғазиз Ахатов. Оның пікірінше бұл өңірде тас тапшы болғандықтан, зираттар кесектен тұрғызылады.  

      Бақтыбай батыр зиратына байланысты ізденістердің барысында  кейбір тың мәліметтердің беті ашылған сияқты.

   Әскери карталар арқылы Бақтыбай батырдың замандастары Шектінің әйгілі  адамдарының аттарына байланысты Пұсырман зираты, Қосқұлақ бейіті, Андағұлтөбе, Қарабас бейіті, Аралбай бейіті сияқты топонимдер  осы Ырғыз-Торғай даласында екендігі анықталды.

Айдынында аққу-қаз жүзген жүзге тарта көлі бар, шөбі шүйгін, жері от, табиғаты тамаша осы далада  Шектінің аруы Қыз-Жібек пен Жағалбайлының мырзасы Төлеген бір-бірімен танысқан деп топшылауға болады.

 Өйткені «Қыз-Жібек» дастанында айтылатын Қособа осы Өлкеаяқтың жағасында. Төлегеннің бейіті де осында. Қыз-Жібектің әкесі Сырлыбайдың көлі де осы өлкеде. Қалмақпен соғыс болатын Қарасиыр да осында.

Қособа көлі

Төлеген бейіті

 

Сырлыбай көлі

 

Қарасиыр ойпаты

19 ғасырда да Шектілердің жері Өлқаяқ өзенінің бастауларына дейін созылып, бір жағы Жағалбайлы жерімен, екінші жағы Арғынның Жоғарғы Шектілерімен шектескенін әйгілі тарихшылар М.С.Мұқанов пен В.В.Востровтың еңбектеріне сүйеніп жасалған мына төмендегі картадан  көруге болады: (А.И. Собакин. Расселение казахских племен в XIX- начале XX веков) 

 

Ш-шектілер, ЖШ-жоғарғы шектілер, Ж-жағалбайлылар, Т-телеулер,                            ТК-төртқаралар, КК-қаракесектер, Ч-шөмекейлер, КС-карасакалдар, КТ-кетелер, АЛ-алтындар,  ЖП-жаппастар, ТБ-табындар,  АТ-атығайлар

    Бұл ғалымдардың айтуына қарағанда, Шектілер Арал теңізінің жағалауы, Құланды түбегінде, Үлкен Борсық құмында, Шошқакөл тауында қыстаған. ( М.С.Мұқанов, В.В.Востров. Родоплеменной состав и расселение казахов. Алматы,  Наука ,1968, 214- б.)

  Ал жайлауға меридиан бойымен солтүстікке қарай Ырғыз, Өлкеаяқ, Торғай, Тобыл өзендеріне және Мұғалжар тауларына  қарай  көшкен.

    19 ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына капиталистік қатынастар енуіне байланысты өндіруші күштердің дамуы және қазақ қоғамының таптық жікке бөлінуі қазақтардың көші-қон аумағын шектей бастады. Оған қосымша 19 ғасырдың аяғына қарай Орталық Ресейден орыстарды көшіру саясаты да өз рөлін атқарды, - дейді аталмыш ғалымдар М.С.Мұқанов пен В.В. Востров. Олардың пікірінше орыс шаруаларының колониялары Торғай облысында жазғы жайылымдары бар Шектілерге де кері әсерін тигізді.  Жер аумағына шектеу қою қазақтарды мәжбүри отырықшыландыруға, көші- қон аумағын қысқартуға әкеп соқты.

   Ал 20 ғасырдағы Қазан төңкерілісі, кәмпіскелеу, коллективтендіру, жұт, ашаршылық сияқты оқиғалар қазақ руларын, оның ішінде шектілерді де ауылдарын, ата-бабаларының жатқан жерін тастап босып кетуге мәжбүрледі.

   Бақтыбай ұрпақтары қазір негізінен Ақтөбе облысының Шалқар ауданында, Жем қаласында,  Арал теңізінің Құланды түбегінде, Қарақалпақстанда, Жамбыл облысында  тұрады.     

   Бақтыбай батырдың Шектіге  билігі жүріп тұрған  18 ғасырда оның әулетінің  қыста Құланды қыстап, жазда Өлкеаяқты жайлағаны кәміл. Оған мына төмендегі Бақтыбай батырдың үлкен ұлы Асанның бейіті көрсетілген 1916 жылы басылып шыққан Ресей картасы, Бақтыбай батырдың немересі  Амалдықтың бейіті көрсетілген 1869  жылғы Ресей картасы,  Бақтыбайдың шөбересі Кішкентайдың бейіті көрсетілген Кеңес Әскерінің картасы дәлел бола алады.

 

Асан бейіті

 

Амалдық бейіті


Кішкентай бейіті

  Қорыта келе, Шекті Бақтыбай батыр Жем бойында, бөтен жерде, қыс мезгілінде емес, Шектінің жерінде, өз ауылында, Өлқаяқ өзенінің жағасындағы жайлауда қайтыс болып, сонда жерленген деп айта аламыз.

Соңы

Серік  Дәулетов

abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517