Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2961 0 пікір 26 Қазан, 2016 сағат 13:41

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД ОҚО-НЫ АРАЛАДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысына келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқандығына бақылау жасады. Ол ең алдымен «Асар» шағын ауданында салынып жатқан қолжетімді бес қабатты 243 пәтердің құрылысымен танысты. Пәтерлердің орташа құны бір шаршы метріне 140 мың теңгеден айналады. Барлық жағдайы жасалған, жақында пайдалануға берілетін пәтерлердің өзіндік құнын М.Құл-Мұхаммед «Қазақстандағы ең төменгі баға екен» деп бағалады, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі.

Көрші мемлекеттен қоныс аударған ағайын­дар­дың басын қосып, осы шағын ауданның қазы­ғын қаққан ағайынды Ибадулла мен Садулла Қалы­бековтердің «Корпорация АҚ Орда» ЖШС салған үйлері кейінірек «Нұрлы жол» бағдарламасына ұласқан. «Бүгінде 324 гектар жерге орналасқан жаңа ауданда 2009-2011 жылдар аралығында 1500 үй салынды.

Мұнда 2 мектеп, 3 балабақша бар», деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. Яғни, жақында пайдалануға берілетін пәтер иелерінің бар керегі жасалған, яғни дайын тұр. Ал 15 жылға жалға берілетін пәтерлерге қоныстанушылар ай сайын шамамен 40-50 мың теңгеден төлейді. Осыншама соманы жалдап отырған үйлерге төлеп келе жатқан тұрғындар үшін бұл жақсы мүмкіндік.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары осындағы құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан жұмысшылармен сөйлесті. Мұндағы айлық жалақы 150 мың мен 180 мың теңге ара­лығында. Құрылысшылар жұмыстарына қана­ғат­танатындықтарын айтты. Облыстағы «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын баяндаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды биыл құны 20 197,7 млн. теңге болатын 50 нысанның құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Оның ішінде 10 нысан өткен жылдан өтпелі болса, 40 нысан – жаңа құрылыс. Атап айтар болсақ, 26 мектептің, 1 балабақшаның, 1 жатақхана мен 11 инфрақұрылым және 11 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

М.Құл-Мұхаммедтің жұмыс сапары «Достық» шағын ауданында салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылыс басында жалғасты. Облыстық білім бөлімінің басшысы Қуандық Құлажанов еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Оңтүстік Қазақстанда 570 мектеп салынғанын айтып өтті. Мұхтар Абрарұлы Парламент депутаттарының типтік жобамен салынып жатқан мектептерге бөлінетін мемлекет қаржысының әрқилы болып келетіндігіне айтқан пікірлерінің қаншалықты қисындылығын сұрады. Бұл сұраққа Д.Сатыбалды толымды жауап берді. Яғни, 300, 600, 900 және 1200 орындық мектептерге бөлінетін қаржы түрліше болғандықтан, облыс әкімдігі тиісті орындардың келісімімен облыс ішінде нақтылайды. Яғни, бюджет қаржысы анағұрлым үнемделіп, қосымша мектептер салуға мүмкіндік туады. Өйткені, жыл сайын оңтүстікте мектепке жаңадан баратын оқушылардың саны он мыңға жуықтайды. Әсілінде, облысқа 2017-2020 жылдар аралығында 205 мектеп керек.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары алтын құрсақ оңтүстіктің өсімталдығына сүйінішін білдірді. Солтүстік облыстарда мектептерде оқушылардың азайғандығынан жаңа білім ошақтарын салудың шектеле бастағанын мысалға келтірген М.Құл-Мұхаммед оның орнын «Серпін» бағдарламасы толтырып жатқандығын айтты. «Оңтүстік, солтүстік дейтіндей емес, барлығы қазақ жері. Сондықтан, оңтүстік өңірлер жұртшылығы табиғаты қаталдау болғанымен, жері құйқалы, жұмыс орны көп солтүстік облыстарға қоныс аударуларын тоқтатпауы керек», деді ол. Сөз реті келгенде айта кетейік, «Достық» ауылындағы бүгінгі ескі мектепте оқушылар үш ауысыммен оқиды. Мемлекет бағдарламасымен салынып жатқан 1200 орындық оқу орны енді осындағы қиын түйінді шешпек.

Оңтүстік еліміздегі ең ірі ауыл шаруашылығы орталықтарының бірі болып табылады. Қазақстандағы жылыжайлардың 87 пайызы осында орналасқан. Олардың жалпы көлемі 1 мың гектардан асады. М.Құл-Мұхаммед еліміздегі ең үлкен және алдыңғы қатарлы жылыжай кешені – «Аделя» шаруа қожалығында болды. Бұл шаруашылықты өркендету үшін 2,5 миллиардтан астам теңге салынған. Жыл сайын жылыжайдан голландиялық технологиямен 6 мың тонна қияр мен қызанақ жиналады. «Агробизнес-2020» бағдарламасының арқасында осындай ауқымды жобаны іске асыру мүмкіндігі туды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары жергілікті шаруаларға мемлекеттің агроөндіріс кешеніне көрсететін көмекті одан әрі ұлғайта беретінін айтты. Алайда, ауыл шаруашылығының озық технологияларын қолданып, жерге ұқыппен қарайтын шаруаларға ғана көмек беру мүмкіндігі қарастырылғандығын ескертті.

М.Құл-Мұхаммед Қазақстанның оңтүстігінде шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлді. Бүгінгі таңда өңірде 330 мыңнан астам кәсіпкер бар. Дегенмен, облыс экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 20 пайызға жетпейді. «Аделя» жылыжайында облыстың шаруалары мен диқандары өсірген өнімдер көрмесімен танысқаннан кейін Мұхтар Абрарұлы журналистерге сұхбат берді.

– Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллионға жуық халық тұрады. Сондықтан, бұл өңір Елбасымыздың үнемі назарында, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. –Еліміздің қаншалықты өсіп келе жатқандығын салыстырмалы түрде айта кетсек, 2001 жылы мемлекетіміздің бюджеті 508 млрд теңге болса, бүгінде тек Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті 550 млрд теңгеге жетіп отыр. Екіншіден, өңірдің алға дамып келе жатқандығына «Нұрлы жол» және «Бизнестің жол картасы-2020» сияқты мемлекеттің бағдарламалардың қосымша қаржы бөлуі жақсы әсер етуде. «Нұрлы жол» арқылы мектеп, аурухана салу, жаңа жұмыс орындарын ашу, жол салу үшін 46 млрд теңге бөлінсе, шағын және орта бизнесті өркендету үшін Агробизнес құрылымдарынан 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы қаржылар арқылы біз Еуропа деңгейіне көтеріліп, жаңа қондырғылар арқылы өнімділігімізді көтеруіміз керек.

Олай болмақ қайда деп айтудың жөні жоқ. Оның бір мысалы 11 гектар жерге салынған, әлемдегі мықты жылыжайлардан еш қалыспайтын осы «Аделя» жылыжайы. Өнімінің 70 пайызын Ресей нарығы алып отыр. Ал бұдан оншақты жыл бұрын осындай жылыжай болады дегенді армандай да алмайтын едік қой. Оңтүстік Қазақстан облысының шағын және орта бизнесте алмаған асулары әлі де көп. Бір жылда 365 күн болса, оңтүстікте соның 310-320 күні шаруаға қолайлы.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өз сөзінде Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөліп, оның жалпы ұлттық экономикамыздағы үлесін 50 пайызға жеткізуге ұдайы өңір басшыларының назарын аударып келе жатқанын атап өтті. «Оңтүстік Қазақстан облысының тап осы сегментті дамытуға толық мүмкіндігі бар. Оның үстіне, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары оны іске асыруға керемет жағдай туғызып отыр. Бұл мүмкіндікті пайдалана білу керек», деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Оңтүстік» индустриялық аймағында болып, кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты.

Жоғары сапалы шыны ыдыстар шығаратын «ЕуроКристалл» зауыты «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған. Кәсіпорынның құны – 5 миллиард теңге. Швейцариялық технологиямен салынған зауыт өндіріс қуаты жағынан республикада екінші орын алады.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары облыс активімен кездесу барысында Мемлекет басшысы белгілеген, елімізді дамытудың басым бағыттары туралы жан-жақты баян­дап берді. Мұхтар Құл-Мұхаммед Президенттің партия алдына қойған басты міндеттерінің бірі – негізгі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың сапасына қатаң бақылауды қамтамасыз ету екендігін ескертті.

Активте Оңтүстік Қазақстан облыс­тық пар­тия филиалының төрағасы болып об­лыс әкімі Жансейіт Түймебаев сайлан­ды.

Бақтияр ТАЙЖАН

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435