Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 4597 0 пікір 14 Қазан, 2016 сағат 19:15

БАҺОДІР ЧОРИЕВ: ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ҚАТЫСУҒА ТЫРЫСАМЫЗ

Қазіргі таңда АҚШ-та тұратын өзбек оппозициясының белсендісі, «Бирдамлик» («Ынтымақ») халықтық-демократиялық қозғалысының көшбасшысы Баһодір Чориевпен сұхбат.

Баһодір Хасанұлы, 2004 жылдың 10 сәуірінде өз жұмысын бастаған «Бирдамлик» халықтық-демократиялық қозғалысы Өзбекстанда ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шет елдерде де танымал қозғалысқа айналып үлгерді. Мұндай абыройға оңайлықпен жетпегендеріңізді жұмыстарыңыздан хабардар ел жақсы біледі. Айтыңызшы, қозғалысты құрған кезде алдарыңызға қандай мақсат қойған едіңіздер?

– 2001 жылдың 2 қаңтарында Қашқадария облысы прокуратурасы жағынан әділетсіз шешім шығарылып, темір торға тоғытылғаннан кейін өмірім астан-кестең болды. Тергеу, сот кезеңдері, қамауда көрген қиыншылықтарым мен кейінірек «Кеш» Ашық акционерлік қоғамының маған тиесілі 60,5% акциясын әкімшілік, тіпті министрліктің араласуы себебінен жоғалтып ала жаздауым, Өзбекстандағы сол кездегі режим менің ойымды түбегейлі өзгертіп, елдің ахуалы саяси реформаларға мұқтаж деген шешімге келуіме ықпал етті. 2003 жылдан бастап пикет және саяси жиналыстарға белсенді қатыса бастадым. Сол жылдары Өзбекстандағы оппозициялық ұйымдармен және олардың белсенді мүшелерімен жақын таныстым. Оппозиция бар, бірақ Кәрімов режиміне қарсы күшті стратегия, саяси платформа керек деген қорытындыға келдім. Бұл кезең ішінде оппозициядағы бірде-бір команда мені өздеріне тарта алған жоқ. Мені «күш көрсетпеу» стартегиясы қатты қызықтырған болатын. Сондықтан 2004 жылдың 10 сәуірінде күш көрсетпей күресетін «Бирдамлик» қозғалысының негізін қаладым. Кейінірек біз «Бирдамлик» халықтық-демократиялық қозғалысына айналдық.

Саяси жұмыстарды бастаған кезде мен саяси мүдде көздеген жоқпын. Тек бір ғана мақсатты алға қойдым. Ол – өзбек оппозициясына жетіспей тұрған әрі оған мұқтаж саяси платформаны құру және оппозицияны осы платформаға шақыру болған еді. Өкінішке орай, біздің өзбек оппозициясы менің бұл ниетімді жақсы ұқпады. Олар менің саяси іс-әрекеттерімді теріске шығарумен болды, тіпті кейбіреулері «Бирдамлик» қозғалысын билік құрып берген деген өтірік ақпараттар таратты. Ең өкініштісі, сол жылдары бізге бір жағынан билік зорлық-зомбылық жасап келген болса, екінші жағынан «Эрк», «Бирлик» партияларының жетекшілері және оларды қолдаушылар көп кедергі жасады. Уақыт өте келе кімнің кім екені айқындалды.

Көпшілік «Бирдамлик» ХДҚ-ның өз күші, тәжірибесі және біліміне сүйеніп, Президент Ислам Кәрімовтың режиміне қарсы күресіп келгенін біледі. Бүгін сіз бен біздің арамызда Кәрімов жоқ. Президенттің дүние салуы Өзбекстанда саяси жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберді. Бұл фактор саяси мүдделеріңізге ықпал еткен жоқ па, яғни келешекте Өзбекстанда болатын Президент сайлауына қатысуға байланысты пікіріңізді өзгертіп жібермеді ме?

– Біз, әрине, келешекте Президент сайлауына қатысуға тырысамыз. Кәрімовтың кенеттен дүние салуы біз үшін де күтпеген жайт болды. Алайда соған қарамастан біздің ұйым өзінің идеясы және мақсаттарына сай жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда біз – өзбек оппозициясы ішіндегі ең күшті және жақсы ұйымдастырушы ретінде жұмысын жүйелі жолға қойған қозғалыспыз. Партияға айналуға айтарлықтай дайын тұрмыз. Демеуші тапсақ, біз, әрине, сайлауға қатысамыз. Қазіргі биліктің бізді сайлауға қатыстырмауға тырысуы, жұмыстарымызға үлкен тосқауылдар қоюы сөзсіз. Біз дәл қазір қаржы жағынан қысылып отырмыз. Егер біз жақын арада осы мәселені шеше алсақ, онда алдағы сайлауға белсенде түрде атсалысамыз. Өзіңіз білетіндей, барлық нәрсе қаржыға тіреледі!

– 2015 жылғы Президент сайлауында шет елдерде тұратын оппозиция көшбасшылары сайлауға өз кандидаттарын ұсынуға шынайы тырысқан еді. Олардың ішінде сіз де болдыңыз. Алайда билік сіздердің Президент сайлауына қатысуларыңызға қарсы болғаннан соң шет елде Виртуалдық сайлау комиссиясы құрылды және сіз 9 кандидат арасынан жеңімпаз аттанып, Виртуалдық сайлау комиссиясы жағынан Өзбекстан Президенті болғансыз. Меніңше, сіздің виртуалдық сайлауда жеңімпаз атануыңызға басқа кандидаттармен өткізген дебаттардағы тұрақты позицияңыз және сауатты бағдарламаңыздың болғаны септігін тигізді. Сол кездері диктатура орнына бұқаралық меншік құру, заңға сүйенген, ашық мемлекет құру туралы идеяларыңыз, мақта монополиясын жою мен іскерлікті өркендетуге тосқауыл болып тұрған жасанды факторларға, кіші және орта бизнесті кеңінен қолдау жайлы ұстанымдарыңыз көпшілікке қатты ұнаған болатын. Бұл жолғы бағдарламаңыз туралы айтып берсеңіз.

– Бұл бағдарламамыз да бұрынғыдай. Алайда бұл жолы ғылыми реформаларға назар аударудамыз. Сонымен қоса саяси және экономикалық реформаларға да көңіл бөліп отырмыз. Біз Өзбекстан елінің ұлттық меншікке негізделген демократиялық мемлекет болғанын қалаймыз!

Баһодір Хасанұлы, тіке сұрақ қойсам деймін. Егер елде сайлау әділетті өтіп және оның нәтижесінде «Бирдамлик» ХДҚ билік басына келсе, Өзбекстанның ішкі және сыртқы саясатында қандай өзгерістер болады?

– Біз өзіміздің бағдарламамыз бен жоспарымыздағы барлық бөлімдерді орындауға тырысамыз. Мұның нәтижесінде Өзбекстан дамушы елдер қатарына кіреді. Ғылым, медицина, мәдениет салаларында түбегейлі реформалар жасалып, жағдай жақсы жаққа қарай өзгере бастайды. Әлеуметтік қорғау саясаты жүзеге асады. Экономика даму жолына түседі. Көрші елдермен экономикалық интеграция жасаймыз. Өзбекстан әлем нарығына өзінің бет айнасымен (бренд) кіріп, онда өзінің бірегей орнын табады. Елге валютаның кіруі артады. Мемлекеттегі мақта монополиясына тыйым салынады. Барлық жерлер жекеменшіктерге беріледі. Валюта қара базарының тамырына балта шабылады. Елде жұмыссыздықты жою жобалары қарастырылады. Жемқорсыз мемлекет құру басты қағидаға айналады. Елде демократиялық құндылықтарға баса назар аударылып, баспасөз, сөз бостандығы, отандастарымыздың құқығы қорғалып, таңдау еркіндігі артады.

Орталық Азия өңірінде орналасқан елдер мен халықтардың ең үлкен мәселесі не?

– Меніңше, ең үлкен қиындық – ел басқарудағы тоталитаризм. Егер аймақ елдері жоғары демократиялық платформаға өтіп, тоталитаризмнен бас тартпаса, олардың даму жолына түсуі екіталай.

Сұхбаттасқан Рузибай ӘЗІМИ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5607