Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әкім мен халық 3753 0 пікір 14 Қазан, 2016 сағат 11:49

«ПИАРЫ» ӘЛСІЗ ӘКІМ...

«Әкімде де әкім бар, «пиары» озып, «жар» салған» десем, бүгінгі күнге тән мақал болып шығатын түрі бар. Алайда, пиары озып тұрғанымен,  ісі «тозып» тұруы, әбден, мүмкін. Соны бүркейді ме, әйтеуір, заманға орай, бәрі «тазы». Өсу үшін, бөсу керегін жақсы біледі. Бірі велосипедке, екіншісі комбайнға бұт артады, сөйтіп, халықтың «құлағынан тебеді».  «Тепкіштердің»  негізі – кезінде елдің ақшасына оқып келген «болашақтықтар». Басқарған аймақтарына сырттай қарасаң,  сынайтындай түгі жоқ – бәрі бүтін, іштегі «бықсыған түтінін» шығармауға тырысады. Яғни, шындықты айтуға бел буған «ашық ауыз» блогер, журналистердің «ауызын алып», көзін «жұмып» қоюды меңгеріп те алған. Мысалы, Батыс Қазақстандық белгілі блогер әкіммен кездесіп шыққан соң, оның дұрыс басшы екенін мойындай қалыпты. Әйтсе де, бұл кездесуге дейінгі ол көтерген проблемалар шешіле қойған да жоқ және қашан шешілері де белгісіз. Келесі әкім келгенде де бой көтеріп, қырдан қылаң беріп тұруы ғажап емес. Сөйтіп, шешілмеген мәселе қат-қат болып жата береді, ал, жаңа әкім ауызын, әдеттегідей,  «қу шөппен» сүртіп, артын үйреншікті «пиармен» жаба салады. Әйтпесе, әкімнің әдемі уәдесінен Жаңақала ауданындағы судың сапасы жақсарып кете қоймас. Осыдан он жыл бұрын қалай сары су ішсе, келесі ондаған жылдар бойы тұнық суды сарғая күтетіні белгілі. Өйткені, ол мәселенің қалай шешім табары беймәлім, анық жоспар жоқ. Бірақ, көрші ауданнан тартылуы керек құбырға бөлінген үш миллиард теңге қаржы бар. Қара халықтың құлағы үйренген ән. Мақамы да өзгермеген. Бағзы сол – ақша бөлінген. Қалғаны тек сол ақшаны бөліп алу ма? Мәселе осы бөлісте жатыр-ау, сірә. Бөлістің қалай болғанын біткен іс көрсете жатар. Егер, халық күткен таза су Нарын құмдарына сіңіп кетсе, ақшаның да басқа қалталарға «сіңіп» кеткені. Бұл бітпеген іске «тон пішпей-ақ» қояйық. Өйткені, әкімдіктердің «ақша сіңіретін» басқа да әдістері жеткілікті. Мысалға, тағы да, сол Батысты алсақ. Кәзір республика бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы жүруде. Ауыл, аудандарға су, газ құбырлары тартылып, басқа да шаруалар атқарылып жатыр. Мұндағы проблема – бюджеттен бөлінген ақшаның жөнді игерілуі мен жұмыстың сапасына қатысты. Өйткені, жұмыссыздық мәселесі өзекті болып тұрған  белгілі бір аудан жерінде, республиканың басқа аймағынан немесе, сол облыстың алыс жатқан басқа ауданынан келген фирмалар тапсырысқа ие. Неге бұлай деп, қаузап көрсеңіз, ар жағында «қарапайым қулықтың» жатқанын байқайсыз. Басқа жерден келген фирма, баяғы совет заманындағы «шабашниктер» секілді емес пе.  Апыр-топырын шығарып, бәрін дұрыс тындырғандай болып кетеді де, былықтары артынан ашылып жатады. Болмаса, қаржы бөлінген шаруа сол күйі, басталмай жатып, басылып қалады. «Әй» дейтін әкімді де, «қой» дейтін  құзырлы басқа да органдарды да, жұмысқа жауапты фирманы да таппай қаласыз. Алғашында «құлақтан кіріп, бойды алған» әкімнің пиары бос уәде екенін аңқау  жұрт соңынан түсініп жатады. Біріншіден, өз жерінде өзіне тиесілі болуы керек жұмысқа қолы жетпейді, екіншіден, салығынан көруі керек сапалы қызметтен жұрдай қалады. Басты міндеті осындай мәселелерді шешуі керек әкім болса, ұртын майлап,  мұртынан күліп, басқа қызметке ауысып кете барады.

Міне, осының бәрін жауып, сырт көзге жақсы көріну үшін әкімдерге пиар керек.  Айырмашылығы, біреуінің пиары көп, екіншісінікі аздау. Батыс Қазақстан әкімі сол пиары аз әкімдер қатарынан. Орталық БАҚ-тарға шығып, бас қатырып жатқан жоқ, аты көп естіле де бермейді. Ауа райы қолайлы оңтүстіктің әкімдері сияқты шайтан арба теппейді. Өйткені, жолы жоқ Орал өңірінде велосипедпен алысқа бара алмайсың. Бұл жақта комбайн қолайлы.

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5636