ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ - БІРЛІК
Біздің халқымыз тәуелсіз ел болуды ғасырлар бойы армандады. Қазіргі кезде қайран қазағымның сан ғасырлық тарихының ең жарқын парақтары жазылу үстінде. Оны көру, жетістіктеріне куә болу біздің ұрпаққа бұйырды. Ұзағынан сүйіндірсін!, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.
Еліміздің ұлы мақсат-міндеттерінің бірі ұлттық тәуелсіз мемлекет құру болды. Біздер сол арманымызға осыдан жиырма бес жылдай бұрын қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде Қазақстан бүгінгі жаһандық өзгерістер мен үдерістерде бәсекеге қабілетті экономикаға негіз болатын құқықтық базаны қалыптастырды. Ал мемлекеттің ойдағыдай дамуының құқықтық іргетасы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады.
Конституцияда қоғамның материалдық және рухани өмірін жаңғыртудың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі қағидаттары нақты көрсетілген. Еліміз Ата Заңды басшылыққа ала отырып, ұлттық мүдделерді және әлемдік дамудың бағыт-бағдарын ескеретін саяси-экономикалық құрылыстың өзіндік үлгісін жасады. Қазақстанның кешегі және бүгінгі дамуы қабылданған сол жоспарлар мен бағдарламалар негізінде жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға, ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған, сондай-ақ, мерзімінен бұрын орындалған «Қазақстан-2030» Стратегиясының орны бөлек болды. Ал қазіргі кезде іске асырылып жатқан «Қазақстан-2050» Стратегиясы жоғарыда аталған бағдарламалық құжаттың заңды жалғасы болып табылады. Өйткені, бұл Стратегия еліміздің барлық салаларын әрі қарай дамытумен қатар, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның ұлттық мұраты – қазақстандық қоғамды топтастыру, ішкі саяси тұрақтылық пен сыртқы саяси байыптылықты тең ұстау қажеттігін міндеттеп отыр.
Осыдан 25 жыл бұрынғы әлеуметтік-экономикалық жағдайымыздың мүшкіл хал-ахуалын көзге елестетудің өзі қиын, қорқынышты. Жұмысын тоқтатқан өндіріс орындары, бос қалған дүкен сөрелері, жұмыссыздық… Содан бергі жылдары еліміз елдікті нығайту мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инвестиция тартып, экономиканы дамытуда аса ауқымды жетістіктерге жетті, биік белестерді бағындырды. Нарықтық экономикаға көшу бағдарламасы жүзеге асырылып, қаржы мен банк жүйесі және экономиканы басқару институттары құрылды. Осы және басқа да қаржы-экономикалық құрылымдардың тиімді жұмыс істеуі ішкі жалпы өнім көлемінің еселеп артуына қолайлы жағдай жасады.
Сол кездер үшін ел экономикасын демеп, кейіндеп оны дамытуда шетелдік компаниялардың инвестициясы аса қажет еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шетелден күрделі қаржы тартуға және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыруға ықпал ететін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру қолға алынды. Соған қатысты тиісті заңнамалар әзірленіп, депутаттар талқылауына ұсынылды. Шетелдіктердің ел экономикасына салатын инвестициясын қорғауға заңнамалар негізінде кепілдік берілгеніне көздері жеткен әрі Қазақстанның болашақта іргелі елдердің біріне айналатынын білген шетелдік компаниялар еліміздің экономикасына қаржы сала бастады. Сол инвесторлардың алғашқы қарлығашы бүгінде еліміздің мұнай-газ саласында табысты жұмыс істеп жүрген «Шеврон» компаниясы еді. Ал 2005 жылдан бері Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 215 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның 17 миллиард доллары өңдеуші өнеркәсіп саласына бағытталған.
Бұрындары Қазақстан шетел инвестициясына зәру болып келсе, арада он бес-жиырма жыл өткенде, еліміз бірлескен кәсіпорындар ашып, шет мемлекеттердің экономикасына да қаржы сала бастады. Оған бірқатар алыс-жақын шет елдерде қазақстандық капиталдың қатысуымен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мысал болады. Екіншіден, соңғы жылдары Азия құрлығындағы дамушы елдерге салынатын тікелей инвестицияның көлемі артып келеді. Қазірге олардың көшін Қытай, Гонконг және АҚШ бастап тұр. Ал Қазақстанға келсек, біздің еліміз тіке инвестиция тартудан дамушы елдер арасында 16-шы, барлық елдер арасында 28-ші орынды алады. Осы тұста атап өтейік, бүгінде еліміздің өңдеуші өнеркәсіп саласында 140-қа жуық инвестор жұмыс істеуде. Олар жалпы сомасы 6 миллиард долларға жуықтайтын 150-ден астам жобаны жүзеге асырды. Соның нәтижесінде 30 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, алдағы жылдары инвесторлар жалпы көлемі 104 миллион долларды құрайтын сегіз жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде бұл 360 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Енді Президент сыртқы инвестицияға байланысты «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының экономикалық бөлігіне кіретін шаралар ретінде өңдеуші секторға кем дегенде, 10 трансұлттық корпорацияны тартуды қарастыруды тапсырып отыр. Онымен негізінен қайта инвестициялау арқылы терең жаңғыртуға жататын кәсіпорындар, трансұлттық компаниялардың әлеуетін пайдаланатын өндіріс орындары қамтылады. Бұл жерде басымдық энергетикалық, инфрақұрылымдық салалармен қатар, өңдеуші кәсіпорындарға да берілмек. Себебі, экономикада жетекші саланың бірі болып табылатын өңдеуші өнеркәсіп саласы кенже қалып қойды. Енді кеш те болса, соның орнын толтырып, қуатты өңдеуші кәсіпорындар қатарын көбейтуге баса назар аударылатын болады.
Тарих қойнауынан ойып тұрып орын алған өткен кезеңде Қазақстан жолының бостандық пен теңдік, бірлік пен тұрақтылық, даму мен жаңғыру сияқты негізгі құндылықтары берік қалыптасты. Бұл жерде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін, қайраткерлігі мен көрегендігін ерекше атаған жөн. Өйткені, Елбасымыздың бастапқы кезден-ақ ұстанған салмақты саясатының арқасында елімізде халық шаруашылығы салаларын реформалау қолға алынды. Әрине, бұл жолда көптеген қиындықтар мен проблемалар да кездесті. Бас біріктіріп, әріден ойластырудың, ұйымшылдық көрсетудің нәтижесінде реформалар ойдағыдай жүзеге асырылды. Оның жемісін бүгінде барша қазақстандық көріп отыр.
Тарихқа зер салатын болсақ, адам баласы жаралғалы бері әлемдегі дәстүрлі діндер басылары мен түрлі діндер өкілдері бір шаңырақ астында, бір үстел басында ешқашан бас қоспаған екен. Осынау қиын шаруа Н.Ә.Назарбаевтың қолынан келді. Бұл тарихи іс Еуразия жүрегі атанған Астана қаласында жүзеге асты. Бүгінгі күнге дейін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес съезі өтті. Осы жиындар қазіргі заманның аса өзекті мәселелері бойынша рухани көшбасшылардың беделді және тұрақты жұмыс істейтін форумы ретінде қалыптасты деп айтуымызға әбден болады. Өйткені, ол діндер мен мәдениеттер арасындағы келіспеушіліктерді түрлі халықтар арасында бейбітшілік, өзара түсіністік пен әріптестік орнату арқылы ғана еңсеру мүмкіндігінің көрнекті үлгісіне айналды. Астана форумы, сондай-ақ, діни сенімі сан алуан адамдар арасындағы толеранттылық пен өзара құрмет идеяларын орнықтыра түсуде өз тиімділігін көрсетті.
Ел басшылығының егемендік жолындағы күресте алға қойған тағы бір мақсаты – еліміздегі барлық этностардың әлеуметтік және рухани дамуын қамтамасыз етіп, азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдайлар жасау еді. Бүгінде сол мақсат ретімен орындалу үстінде деп нық сеніммен айта аламыз. Оған мысал ретінде, нақты дәлел ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын алуға болады. Әлемдік деңгейдегі бірқатар саясаткерлер бұл бірегей құрылымды Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандық үлгісі деп атап та жүр. Байыптап қарасақ, шындығында да солай. Себебі, Ассамблея тілі басқа болғанмен тілегі бір, діні басқа болғанмен ниеті бір еліміздегі барлық этностар өкілдерін мемлекетті құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастыру арқылы ынтымақ пен бірлікті нығайтуда ерекше маңызды рөл атқарып келеді. Осындайда тәуелсіздіктің бастауында-ақ Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ» дегені ойымызға оралады.
Бүгінде Президент ұсынған жоспарлы социалистік экономикадан көпшілікке беймәлім нарықтық экономикаға көшу, «алдымен – экономика, сосын – саясат» ұстанымы, халықаралық сала бойынша жүргізілген көп векторлы саясат өткен жылдар ішінде өзін толық ақтады деп айта аламыз. Еліміз өзінің үйлесімді сыртқы саясатының арқасында алыс-жақын шет мемлекеттермен бейбіт әрі тиімді қарым-қатынас орната білді. Сонымен қатар, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің және Шанхай ынтымақтастық ұйымының өмірге келуінің негізгі бастамашысы болуы арқылы оншақты жылдың аралығында халықаралық қоғамдастыққа кеңінен танылды.
Міне, бұл да Тәуелсіздіктің арқасы, Тәуелсіздіктің жемісі. Ал Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Оны қастерлеп, құрмет тұту, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – бүкіл қазақстандықтардың борышы және міндеті.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ
Abai.kz