АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК. ЗАҢ НЕГЕ ӨЗГЕРЕДІ?
Кез келген мемлекеттің өз ақпараттық қауіпсіздігін қорғауда, елдің әртүрлі салаларының дамуы мен жіті саралануында, қоғамдық қатынастарда бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі өте зор. Ал ақпараттарды таратуда түрлі құралдар мен амалдар қолданылатыны белгілі. Дегенмен, отандық ақпараттық кеңістікті одан әрі дамытып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдірудің маңызы тіптен зор. Бұл жөнінде «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» тұжырымдама жобасының қоғамдық талқылауға кеңінен түскендігін мысалға келтіруге болады. Осы орайда, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің аталған тұжырымдаманы egov.kz порталында ашық талқылауға ұсынуының өзі салалық ведомствоның жұмысындағы ашықтықты көрсететінін айта кеткен жөн.
Ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз ету
Тұжырымдамадағы ақпараттандыру саласындағы мәселелерге кеңірек тоқталар болсақ, оған тың өзгерістер енгізу қажеттілігі айқын байқалады. Мәселен, «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес, ақпараттық сүйемелдеу барысы пайдалануға арналған ақпараттық жүйені оның мақсатына сай қолданылуын қамтамасыз ету ретінде айқындалған. Соның ішінде түзету, модификациялау және бағдарламалық қамтудағы олқылықтарды жаңғыртусыз және қосымша қызметтік талаптарды жүзеге асырмай-ақ оның тұтастығын сақтау шартымен жүргізу шаралары қамтылған. Алайда, ақпараттық жүйе міндетін болмашы айқындау қажет еткен жағдайда проблема туындайтыны да рас. Мәселен, мемлекеттік қызметті автоматтандыру үшін ақпараттық жүйе міндетін реттеу қажет екен. Алайда қолданыстағы заңға сәйкес, бұл үдеріс мүмкін емес. Осыған байланысты «Ақпараттандыру туралы» заңға мемлекеттік орган қызметін және олар көрсететін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру кезінде ақпараттық жүйелердің даму үдерісін жеңілдету бөлігіне өзгерістер енгізу қажет болады. Бұл тәжірибе жүзінде айқындалып тұрған мәселе көрінеді.
Сол сияқты ақпараттандыру саласында нақты бір ережелер болмауының салдарынан мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығы және ақпараттандыруды іске асыру моделінің барлық қатысушылары лайықты қамтамасыз етілмеуі нәтижесі өз кезегінде сыбайлас жемқорлық жағдайдың туындауына, соған ықпал етуге, тіпті үдеріске қатысушыларға қысым көрсету тетігін тудыруға соқтыруы мүмкін. Міне, аталған Тұжырымдамада айтылғандай, осыған сәйкес, мемлекеттік орган, «электронды үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторы және сервистік бағдарламалық өнімдерді жеткізушілер арасындағы ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету келісімшарттарын заң деңгейінде реттеу қажет етіледі.
Ақпарат заңдылығының талаптары
Тұжырымдамада Интернет арқылы бұқаралық ақпаратты таратудың жаңа технологиялары мен формаларының пайда болуы мен белсенді дамуының аясында түрлі Интернет ресурстардағы ақпарат таратушылардың («блогерлердің») қызметін заңнамалық реттеу мәселесінің өзектілігі артуда екендігі айтылады. Әрине, заңнамада қолданысындағы «интернет-ресурс» түсінігін «блогерлерге» сәйкес қайта қарастыру ұсынылады. Сонымен қатар, аталған мәселелер блогында уәкілетті органда интернет-ресурстарды желілік басылым ретінде тіркеуге қоюға қатысты құқықтық қайшылықтарды алып тастау қажет екендігі ескерілген. Өйткені, ерікті түрде есепке қойылғаннан кейін интернет-ресурстың БАҚ ретінде толық құқықтық субъектілік алу қағидатын толықтай заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылып отыр. Өйткені, блогосфераға қатаң бақылау орнату қоғам үшін тиімсіз. Нақтырақ айтқанда, мұнда көзделгені отандық блогосфераға қатаң бақылау орнату емес. Аталған Тұжырымдамада әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеуге тұру мүмкіндігін беру ұсынылып отыр. Яғни, бұл дегеніміз оларға жаңа мүмкіндік пен құқық беріледі деген сөз.
Бұл орайда журналистік қызметті реттеу мәселесі де кенде қалмаған деп пайымдаймыз. Өйткені бүгінде БАҚ саласындағы қолданыстағы заңнамамен мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларын тарату реттеледі. Алайда квазимемлекеттік сектор мекемелерінің және басқа да мекемелердің ақпараттық хабарламалары заңнамада көрсетілмеген. Осылай бола тұра, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес жоғарыда көрсетілген мекемелер ақпаратты таратушы болып саналады және оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнама барлық меншік түріне жататын мекемелерден БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұраным арқылы ақпарат алуындағы қоғамдық қатынастарды реттемейді. Демек, мұнда «Ақпараттық хабарлама» және «міндетті хабарлама» ұғымдарын енгізіп, сондай-ақ БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұранымдарына ақпарат ұсыну процестеріне қойылатын талаптарды заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады.
Ақпарат өрісі – байланыс
Тұжырымдама жобасындағы негізгі нысандар – бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастар болып табылады дедік. Ендеше мұндағы мақсат та бұқаралық коммуникация технологияларының дамуына ілесе өзгеріске ұшыраған БАҚ, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс саласындағы қоғамдық қатынастарда қолданылатын нормаларды нақтылау мен оған жаңалықтарды енгізу арқылы құқықтық тұрғыдан байланысты реттеу қажеттілігі жоғарыдағыдай заң жобасын қабылдауға негіз болып отыр.
Тұжырымдамадағы үш негізгі мәселені атап өткен жөн дейміз. Мәселен, заңнамада ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік институтын жетілдіру көзделген. Бұл арада бір айта кетерлігі, аталған заң жобасында, сондай-ақ, осы саланы реттеу мәселесі бойынша құқық қолдану тәжірибесімен байланысты қиғаштықтарды жоюға бағытталған басқа да ережелер қарастырылған. Екіншіден, азын-аулақ құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілік шараларын қайта қарастыру ұсынылғаны жайлы атап өтуге болады. Үшіншіден, интернет арқылы бұқаралық ақпаратты таратудың жаңа технологиялары мен формаларының пайда болуы мен белсенді дамуының аясында түрлі интернет ресурстардағы ақпарат таратушылардың («блогерлердің») қызметін заңнамалық реттеу мәселесінің өзектілігі артуда. Жалпы аталған Тұжырымдамағы өзгерістердің бәрі заман талабына сай жақсылыққа бір қадам болса да жақындау екендігін ұғынған жөн.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»
P.S. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осы Тұжырымдамаға қатысты екі рет Фейсбуктегі парақшасында арнайы хабар жазып, жұртшылықты белсенді талқылауға шақырған болатын. Ертең, яғни 12 қазанда Тұжырымдаманы ашық талқылау мерзімі аяқталады. Құжат сайттан алынатындықтан, енді оған қатысты еgov.kz порталында пікірлер мен ұсыныстар жазу мүмкін болмайды. Ал бүгінге дейін 6 пікір ғана жазылыпты. Бұл да болса, біздің осы саладағы жалпы жұртшылық пен мамандардың, сарапшылардың бейжайлығын байқатса керек.
Abai.kz