Перуашев: Монополияның ең тиімді емі – басшылықтың жаңарып отыруы!
Бүгін Астанада өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының сьезінде маңызды саяси шешімдер қабылданды. Партия төрағасы Азат Перуашев 15 жылдық қызметінен кейін партия жетекшілігінен кететінін мәлімдеді.
Сьезд делегаттары партияның жаңа төрағасы етіп Мәжіліс депутаты, Парламенттің төменгі палатасының вице-спикері Дания Еспаеваны сайлады.
Партия жетекшісін сайлау процесі демократиялық талаптарға сай ашық әрі бәсекелі форматта өтті. «Ақ жол» демократиялық партиясының Қарағанды өңірлік филиалы партия төрағалығына балама үміткер ретінде Ермек Әбділдиннің кандидатурасын ұсынған. Дауыс беру нәтижесінде 170 делегаттың 152-сі Дания Еспаеваны қолдады.
Ал Азат Перуашев жаңа төрағаны құттықтап, өз өтінішін былай деп жеткізді:
«Съезд делегаттарына және «Ақ жол» демократиялық партиясының барлық мүшелеріне төрағалық еткен 15 жыл ішінде партиямыздың атынан өз білімім мен тәжірибемді жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, маған сенім артқандары үшін шын жүректен алғыс айтамын. Дания Еспаеваны да дәл осылай жұмыла қолдайық. Ол әбден лайық үміткер», - деді.
Азат Тұрлыбекұлы өзінің сьездегі сөзінде өткен кезеңді қорытындылай келе:
«Шынында да, осы уақыт ішінде біз сіздермен бірге үлкен жолды жүріп өттік. Кіші және орта бизнестің мүдделерін қорғау, отандық өнеркәсіпті қолдау, «Алаш» ұлттық идеясын ілгерілету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен капиталды елге қайтару, мұнай келісімдеріндегі ұлттық мүддені қорғау, экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылту және басқа да көптеген бағыттарда үлкенді-кішілі бірталай нәтижелерге қол жеткіздік», - деді.
Азат Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттарының Парламентте немесе жергілікті мәслихаттарда көтерген мәселелерінің нәтижесінде талай кәсіпкер сот залынан босап шыққанын, заңсыз санкциялардың күші жойылғанын, жабылудың аз-ақ алдында тұрған кәсіпорындар қалыпты жұмысын қайта жалғастырып жатқанын тілге тиек етті:
«Біздің атқарған жұмыстарымызды мақтан тұтуымызға толық негіз бар. «Ақ жол» демократиялық партиясын, Алтайдан Атырауға, Бескөлден Шардараға дейінгі барша серіктестерімізді жеке бастың пайдасы емес, ортақ мұрат – елге қызмет ету және Отандастарымыздың өмірін жақсартып, әділетті ету мақсаты біріктіреді», - деді.
Сиездегі сөйлеген сөзінде Азат Перуашев қоғамды қызу талқыланып жатқан көптеген сауалдарға жауап бере отырып, партия жетекшілігінен кетуінің себебін былай деп түсіндірді:
«Алдыңғы күні мені партия төрағасы қызметінде болғаныма 15 жыл толуымен шын жүректен құттықтағандарыңыз мені соңғы бір жыл бойы толғандырған шешімді қабылдауға түпкілікті түрткі болды. Кез келген, тіпті ең озық басшылықтың өзі уақытылы жаңарып отырмаса, монополияға айналады. Ал монополия балама идеяларды қабылдамайды, өзгенің бастамаларын тұншықтырады, ақыр соңында тұлғаға табынушылыққа ұласады. Мұның салдарын біз жуырда ғана тұтас мемлекет ауқымында көрдік. Егер адам өмірінің бір бөлігін арнаған ісінің дамуына шын мәнінде мүдделі болса, дер кезінде «рақмет» айта білуі керек», - деді.
Азат Перуашев партия басшылығындағы бұл өзгерістерді ел саясатындағы елеулі өзгерістермен байланыстырады. Перуашев өз сөзінде бір палаталы парламент құру туралы бастаманың алғаш болып 2017 жылы «Ақ жол» партиясы көтергенін, сол кездегі «Нұр Отан» парламентарийімен саяси дискуссияға түскенін айтады.
Шын мәнінде, «Ақ жол» демпартиясы көтерген бірсыпыра бастамалардың сол кезде түрлі әділетсіз сынға ұшырағанымен, бүгінде мойындауға мәжбүр реализмге айналғаны өтірік емес. Сондай бастамалардың бірі – арзан әлеуметтік тұрғын үй мен жастар жатақханаларын салу жөніндегі ұсыныс. Ал мұндай тұрғын үйлер мен жатақханалар бүгінге дейін жетіспейді.
«Бүгінде Қазақстан тек шикізат экспорттаушы ел болып қана қоймай, металлургиялық және жоғары технологиялық өнімдер өндіретін алпауыт жобалар жасайтын мемлекетке айналуға бағыт алып отыр. Біз барлық уақытта машина жасаудың алдыңғы шебі саналатын автомобиль өнеркәсібін қолдап келдік.
Ал қарқынды даму қаласы ретінде қалыптасып жатқан «Алатау-Ситиде» бүгінде ұшқышсыз әуе таксилері пайда болып, жаңа технологияларды автономды реттеу тетіктері енгізілуде.
2017 жылы біз Ұлттық банкпен пікірталас жүргізіп, инвестиция тартудың құралы ретінде криптоиндустрияны дамытуды талап еттік.
Ал өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен криптовалюта қоры құрылып, стейблкоиндар мен нақты сектор кәсіпорындарының токендері іске қосылуда.
2019 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы өндірісті роботтандыруды дамытуды ұсынған болатын. Ал биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект жылы деп жариялады. Кеше ғана Digital Qazaqstan цифрлық даму стратегиясы қабылданды. Мұндай мысалдарды тағы да көптеп келтіруге болады.
Саяси жүйедегі өзгерістердің терең сипатын өзге партиялардағы, соның ішінде билік партиясындағы өзгерістер де айқын көрсетіп отыр. Көріп отырғанымыздай, олар да жаңа жұмыс форматтарын іздеуде. Бұл – заңды құбылыс. Өміршең саяси ұйым ұлтпен бірге дамуға әрдайым дайын болуы тиіс. «Ақ жол» демпартиясы ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызға жат идеялар мен әрекеттерге қарсы иммунитетін талай рет дәлелдеді.
Сонымен бірге партияның уақыт талабына сай дамып, жаңа әрі оң өзгерістерді қабылдай білуі де маңызды. Біз өзгерістердің табалдырығында емес, қазірдің өзінде бүгінгі шындықты өзгертіп жатқан оқиғалардың қақ ортасында тұрмыз. Бірақ монополия мұндай үдерістерге кедергі келтіруі мүмкін. Ал монополияның ең тиімді емі – басшылықтың мерзімді түрде жаңарып отыруы. Сондықтан өзімнің де «қола мүсінге» айналмай, жаңа идеялар мен тың серпіндердің жолын бөгемеуім үшін партия төрағасы өкілеттігін тоқтатуым туралы шешім қабылдадым», - деді.
Ол партияның су жаңа жетекшісі Дания Еспаеваны жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жұмыстарында жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.
Сьездің негізгі күн тәртібінде талқыланған басты мәселе – еліміздегі жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты партия құрылымын Ата Заң нормаларына сәйкестендіру болды. Азат Перуашев бұл өзгерістердің маңыздылығын былайша түсіндірді:
«Құрметті достар! Өздеріңіз білетіндей, биыл Қазақстан халқы жаңа Конституцияны қабылдады. Оның аясында саяси модель мен мемлекеттік басқару жүйесі, сондай-ақ саяси институттардың өзі түбегейлі өзгеріп жатыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы, Президент Қ.Тоқаев бірқатар концептуалды реформаларға бастамашылық етті. Сол реформалардың нәтижесінде саяси үдерістің барлық субъектілері қызметтік және мазмұндық тұрғыдан жаңарып, қайта серпін алуы тиіс. Осы тұрғыдан, парламенттік партия ретінде біздің алдымызда өзгерістердің, Конституциялық реформалардың алдыңғы шебінде жүру міндеті тұр. Біз «Ақ жол» демократиялық партиясының Қазақстанның терең тарихи тамыры бар заманауи мемлекет, прогрессивті қоғам және болашаққа ұмтылған ұлт ретінде нығаюы мен дамуына өзіндіе үлес қосуын қамтамасыз етуіміз қажет», - деді.
Сьезд барысында партияның жаңа Саяси бағдарламасының жобасы талқыланып, оны жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Abai.kz