Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Билік 4241 0 пікір 9 Қазан, 2016 сағат 16:09

ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУІМІЗ КЕРЕК

Жарты әлемді қанға бөктірген сұрапыл соғыс түбегейлі тоқтап, ел еңбекпен еңсесін енді көтере бастаған сұрқай кез. Ғасыр басындағы дүрбелеңнен, қара танығанды жусатып салған қуғын-сүргіннен орнаған үрей әлі тарқай қоймаған. Алатаудың аясындағы Алаш жұртын ежелден қырқысқан ата жау бір, отаршыл биліктің қара шекпендері екі, қызыл жалаулы жендеттер үш ойрандап, алақандай ауылды кешегі күнге дейін біресе ойға, біресе қырға тықсырып келіпті. Наурызгүл бүр жарып, жұпар аңқыған жылымық көктемде кіндігі кесілген бөбек көпшілік үшін сауапты іс жасап, ауыл арасына жол төсеп жүрген әкесін шексіз шаттыққа бөлеген. Амал қайсы, төбесі көкке екі елі жетпеген асқар таудың тер сіңген ыстық құшағын бесіктегі балпанақ небәрі бір-ақ ай иіскеді. Ізін жалғайтын перзентіне жүрегі жарыла қуанған қайран сабаз санаулы күнде түйнектен көз жұмды. Анасының омы­рауынан ерні босамаған шиеттей тағдырлы шарана ал­дынан тосқан өмірдің кермегінен жа­сымады. Жарлыларды жа­рыл­қайтын кеңестік кер заман онсыз да аз қазақты аяған жоқ. Зиялыларын зұлматпен, ұлт үшін үн қатқандарды нақақ жаламен жер жастандырды. Одан қалғанын соғысқа салып, түтіндеген қисық мылтықпен ажалға қарсы айдады. Үш ғасырлық үрей халықтың әдебиеті мен өнерін, ғылымы мен білімін тұншықтырып, ат құлағында ойнаған көшпенділердің кейінгі ұрпағын жалтақ етті. Адамынан абақтысы көп үрейлі заманда зерек өскен баланы қорқыныштан көзсіз батырлықты  дәріптеген халық эпос­­тары, қиялын ұш­тап, ойын дамытатын аңыз әпсаналар құтқа­рыпты.

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дирек­то­ры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Айтылған ақиқатты филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші, үшінші және төртінші шақырылымдағы депутаты, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дирек­то­ры Уәлихан ҚАЛИЖАН жиі-жиі ой елегінен өткі­зеді. Сол жалтақтық ел ішін кеңінен жайласа да, Алаш арыстарымен жасырын жалғасқан алтын жылға үзілмепті. Қайта жаңашыл буынмен толығып, қазақтың төл тарихын тану тереңдей түскен көрі­неді.

Ғалым көркем әдебиет арқылы ғана қазақ тари­хының жаңғырғанын, өткенге құрметпен қарау арт­қанын айтады. Әйтпесе, «Абай жолы» эпопеясы, «Хан Кене» драмасы, «Көшпенділер» трилогиясы жазылмайтынын алға тартады. Біз жұмыс кеңсесіне кіргенде үнемі ізденісте жүретін жанның тағы да газетке шұқшия қарап отырған ойлы жүзін байқа­дық. Көз алдындағы көлдей мақаладан белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдінің аты-жөнін көрдік.

– Мына мақаланы қарашы, – деді Уәлихан Қа­лижан мерзімді басылым бетінен көз айырмаған қал­пы. Әлдеқашан өзіне ұнаған, құптайтын тұсын қа­лам­мен сызып қойыпты. – Тарихшымыздың талдап жаз­ған, дәйекпен айтқан сөзіне қалайша қосыл­май­сың? «Өткен замандардағы күрделі тарихи про­цес­тер­ді түсіну үшін бірден-бір тиімді құрал – көркем әде­биет. Көркем әдебиет – халықтың жаны, ха­лық­тың сезімі. Онсыз тарихи процесті түсіну мүмкін емес», – деп жазады Мәмбет Қойгелді. Орыс фи­лософы Николай Чернышевский сонау ХІХ ғасырда: «Әдебиет – өмірдің айнасы», – деп айтып кеткен. Бұл да бекер берілген анықтама емес.

Ғалымның алдында қат-қабат жиналған газет-журналдар көп екен. Барлығы жаңа қағаздың иісі аң­қыған бүгінгі сан. Күнделікті ақпараттар ағыны­нан, ғылыми жаңалықтардан қол үзбей қарап отыратын жан менменсіп қараған жоқ. Керісінше,  құшақ жая орнынан тұрып, қанына сіңген қарапайым мінезімен ашық-жарқын қарсы алды. Бірден: «Мен журна­ли­стикадағы еңбек жолымды «Жетісу» газетінен баста­ғанмын. Онда жеті жыл қызмет еттім», – деді ағынан жарылып.

Тұңғиық ой адам баласын тығырыққа тіреген бе?! Ғылыми жұмыстан қолы қалт еткенде өткен шақ­тағы балалыққа бойлай кететін Уәлихан көз ал­дына әкесінің жарқын бейнесін келтіруге тыры­са­ды. Бір айлық сәбидің санасында еш белгі сақтал­ма­са да, анасының айтуымен қалған елестерді құрас­ты­рады. Марқұм әкесі Қалижан бұл өмірге келгенде қат­ты толқыпты. Жол төсеп, талай тұрғыннан алғыс ар­қалаған отағасының ғұмыры ұзаққа созылмады. Тіп­­ті, суреті де сақталмаған. «Әкемнен қалған жал­ғыз белгі бар, – дейді ғалым ұзақ үнсіздіктен кейін сәл сыбырлап. Көзінде жас бар. – Әкемнің өмірден өт­­кен күні 10 ақпан еді. Сол күні жапалақтап қар жауыпты. Әлі күнге дейін жылда 10 ақпан күні біз­дің ауыл ақ көрпеге оранып қалады. Бүкіл тұрғындар сол күнгі ақ ұлпаны «Қалижанның қары» деп атай­ды».

Қалижаннан қалған белгі бұл ғана емес. Әкесі өмірінің соңына дейін ауыл-ауылда бригадир болып істепті. Ұзынағашқа таяу жерде Жетіқырқа аталатын адыр бар. Еңбекті сүйген Қалижан Жетіқырқаны өз қолымен жарып, халық төтесінен қатынайтын жол салып берген көрінеді. Ол маң бүгінде ел аузында «Қалижанның Жетіқырқасы» аталады. Уәлихан Қа­ли­жан өзі туған Бесмойнақ ауылында бар ауырт­палықты көтерген анасына мәңгі қарыздар. Мұн­дағы көне шіркеу кейін бастауыш сыныпқа айналып, ғалым алғаш әріпті осы ғимаратта таниды. Жазушы әдебиетке құштарлығын, өнерге жақындығын ана­сының тәрбиесімен тікелей байланыстырады.

– Анам Мәртай Қолғанатқызы өнерге жақын кі­сі еді. Кесте тігіп, шілтері тоқитын ісмерлігі тағы бар. Ақындығы кемерінен асып тұрған уақытта айтысқа қатысып жүрді. Нағашым Қолғанат та шертпе күйдің шебері еді. Қазақ әдебиетіне қызы­ғу­шылығым, қалам ұстауға қабілетім анам жетек­теп алып баратын Оразбай ақсақалдың кітап­та­рын оқудан, тыңдаудан басталды. Анам күнде кешкісін сол үйге жетектеп әкелетін. Сөйтіп, мен ағайынымның үйінде эпостарды тыңдадым. Кейде ұйықтап қаламын. Ең бастысы, маған халықтың батырлық дастандары бес жасымнан сіңе баста­ды, – дейді Уәлихан Қалижан.

Әсіресе, ғалымның жадынан ауылдағы аласа то­қал там өшпейді. Балдырған жылдарының куәсі болған ескі үйдің шатырына қыс түсе қар жиналып қалатын. Кеңестік биліктің салтанат құрғанына отыз жылдан асса да ауылдың сиқын қашыратын жатаған бас­паналар менмұндалап тұрады. Айдың жары­ғы­мен, одан қалса таңалакеуімнен үй төбесіндегі қарды түсіретін бала Уәлихан үнемі көшедегі бағанда ілінген радиоқабылдағышқа құлақ түретін. Балалық тазалық, қызыл саясаттың салқынын әлі сезінбеген пәк көңіл сол радиодан Сталиннің өлгенін естігенде жылап жіберген. Аштық пен соғыстан енді еңсе көтерген ел де: «Енді қалай күн көреміз?» – деп етегін жасқа толтырыпты.

Ғалымның анасы жиі науқастанатын. Әкесіз өскен балаға бұл ауыр тиюші еді. Қашанда іштей анасының амандығын тілеп, сәби жүрек шыр-шыр етіп еңбекке ерте араласты. Үшінші сыныпта оқып жүргенінде жамағайынының үйінде жалғыз тұрып, жалғыз сиырды сауатын. Сонда құлқын сәріден шелек ұстап, сиырды өріске айдайтын қылдырықтай баланы көргенде бақташы: «Жетім жетіледі, Уәли­хан. Күндердің күнінде сен де үлкен азамат боласың. Қазір қабырғаң қайысып жүрсе де, еш мойыма!» – деп жігер береді екен. Небәрі тоғыз жасар бала күнде кешкілік екі шелек сүтті ауыл іргесіндегі май шы­ғаратын зауытқа өткізіп, анасына ақша дайын­дай­тын. Ауыл­дағы ауыртпалықты, тағдыр салған тауқыметті ересектерше мойымай көтерген Уәлихан көп ұзамай анасымен бірге Алматы қаласындағы ағасының қолына көшеді.

Уәлихан Қалижан кіндік қаны тамған ауылында сабақ берген Кәбіржан ұстазы болмаса, оның қабыр­ға­мен сірескен кітаптарын оқымаса, Алматыдағы Әлия Дүйсенова есімді мұғалімі баулымаса әдебиет әле­міне қадам баспас еді, бәлкім. Әбділда Тәжібаев, Әсет Бейсеуов, Зейнолла Қабдолов сынды ұлт зиялы­лары жиі келіп, кездесу өткізетін № 12 білім ордасы Уә­лихан Қалижанның болашағына бағыт сілтеді. Жа­зушы Смағұл Елубаймен бір партада отырған ғалым албырт көңілмен әдебиетке дендей берді. Бірақ алып-ұшқан жас түлек алғашында елмен бірге техникалық мамандықты таңдап қойып, артынан райынан тез қайтып, құжаттарын Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне алып барады.

– Бала кезімнен жетімдіктің зардаптарын көріп өс­тім. Университет аз күнде менің ыстық ұяма ай­нал­­ды. Мүйізі қарағайдай білімді, білікті профес­сор­лар­­ды туған әкемдей, алып бәйтерегімдей сезіндім. Сту­­­денттің бойында тұтанған шоқты үрлеп, жаға білетін ұстаздар болды жан-жағым. Оқу ордасының та­бал­ды­рығын аттаған сәтте қазақ және орыс тілдеріне жүйріктігім септесті ме, аудармашы­лық­қа бейімдел­дім. Алайда екінші курста мені әдебиет­тің алыптары Бей­сенбай Кенжебаев пен Тұрсынбек Кәкішев ка­федраға шақыртты. Екеуі де асыға күтіп отыр. «Орыс әдебиетін зерттеушілер, оның ішінде аудармашылар жеткілікті. Сенің мына жүрісің не? Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу керек бізге. Қа­зақ тарихында айтыл­май қалған тұлғалар көп. Со­лар­ды әдебиеттің айна­лымына қосу қажет», – деді Бейсекең. Мен сол күннен бастап қазақ әдебие­тінің ақтаңдақ беттеріне дендедім.

Байқаймын, қарсы алдымда отырған ғалым енді ғана сыр ағыта бастағандай. Көз алдыма ойлы-қырлы жерлермен шоқыта жүріп, мидай жазыққа шыққаннан кейін көсілте шапқан жүйрік елестеді. Уәлихан Қалижан кібіртіктеген жоқ. Шешіле сөйлеп кетті. Манағыдай емес, дауысы да көтеріңкі леппен асқақ­тап естілді. Ұлтты азаттыққа, тазалыққа, рухани тәр­биеге бастаған бір топ қазақтың ақындарына кеңестік жүйенің кесірінен кертартпа, ескішіл, діншіл деген айыптар тағылыпты. Нәтижесінде, кейінгі ұрпақ олар­ды ұмытып үлгеріпті. Бейсенбай Кенжебаев қызыл саясат кеңірдектен алып тұрған тұста да шәкірттеріне тың тақырыптар беріп, қазақ әдебиетінің тарихын те­реңдете берді. Жас студент Уәлиханды шақырып алу­дағы себебі сол еді. Әдебиеттің майталманы Рымғали Нұрғали, Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Алма Қыраубаева сынды шәкірттерімен қазақтың өше бастаған рухын қайтарып, тарихын тірілтті. «Тарих қойнауында ескішіл деген айыппен қалып кеткен ақындарды алып шығасың. Нұржан Наушабаевты зертте», – дейді профессор ізденімпаз студентке.

Студент бас тартқан жоқ. Бейсенбайдай көреген про­фессордың алдынан жігерленіп шықты. Универ­си­тет қабырғасындағы спорттық шараларды да бір түнде қойып, терең де күрделі, шырмауы көп, шы­дамды талап ететін ғылым жолына түсті. «Бейсен­бай Кенжебаев дүниеден қайтқанда ауыр тиді, – дейді Уәлихан Қалижан. – Мен оның 52-нші шәкіртімін. Менен кейін тағы екі адам қорғады. Ұлы ұстаз еді. Ұлт­шылдықты, ұлтын сүюді айқаймен, сөзбен емес, іспен, ғылыммен дәлелдеді». Ғалым студенттік қы­зық­­пен қоштасып, қызыл дипломымен газеттерді жа­ға­лайды. Қаламы жүрдек, ойы ұшқыр жасты «Жетісу» газетінің ұжымы жылы қабылдайды. «Ұзын бойлы, түрі сұсты Қарағұлов деген бас редакторы бар екен. Қылдырықтай жаспын әлі. Сарбас Ақтаев есімді орынбасарын шақырды да, менің қалам алысымды байқауды тапсырды. Менің діншіл ақын Нұржан Наушабаевты зерттеп жүргенімді білгенде, Сарбас ағамыздың көзі жанып кетті. Бейсенбайдың шәкірті екенімді естігенде тіпті құрметпен қарады. Ертесіне қазақтың суретшісі Сахи Романов туралы мақала жазып әкелдім. Алғашқы жазғанымнан-ақ бір әрпі өзгермей газет бетіне жарияланды», – дейді Уәлихан Қалижан.

Бейсенбайдың шәкірті алғашқы журналистік ше­берлігін «Жетісу» газетінде шыңдайды. Баймолда Му­синнің қанатының астына барған кешегі студент үл­кен журналистік мектептен өтеді. Хат қорытып, кел­ген мақалаларды өңдеп тәжірибе жинақтайды. «Ең әуе­лі тақырып! Тақырып – мақаланың жарты мазмұ­ны. Тақырыбың орашолақ болса, шығармаңды ешкім оқымайды», – деп үнемі айтып отыратын Баймол­да­дан Уәлихан көп нәрсе үйреніп шығады. «Жас түлек» деген жастар бетін ұйымдастырып, Алматы мен облыстың мыңдаған өрендерімен танысады. Уәлихан осы газетте жүріп жастардың комитетіне мүше, түрлі жиын­дарға делегат болып, белсенділігімен, еңбек­қорлығымен басшылықтың назарына ілігеді. Қым-қуыт журналистиканың ортасында жүрсе де ғылыми жұмысын тастамаған Уәлиханды басшылық қызметке шақырады. Бәлкім, ғылымға қызықпайтын адамға бұл таптырмас үлкен мүмкіндік шығар. Алайда жас жур­на­лист газетте жүріп жазған диссертациясын бәрінен жоғары қояды. Оның үстіне Қазақ ұлттық универ­си­тетіне оқытушы болып орналасуды, өзіне жол сілтеген профессорлар секілді дәріс беруді армандап жүргені қашан.

– Менің бұлай бас тартуымды ең алдымен ес­ті­ген Қуаныш Сұлтанов таңғалыпты. Мені шұғыл ша­қырт­ты. Ол уақытта Қуанышты сыртынан жақсы білемін. Ел сыйлаған адал адам. Айтқанына келістім. «Мына жерде жұмыс істесең журналист бола алмай қаламын немесе университетте ғылым жолы жабы­лады деп ойлайсың ба? Олай емес», – деді ол маған. Сөйтіп, менің қызметім түбегейлі өзгерді, – дейді Уәлихан.

Көз жүгіртіп көрсек, қалам ұстаған қайраткер ғы­лыми міндетіне кір жұқтырмапты. Ізденісін арттыр­маса кеміткен емес. Журналистикада ақпарат арқалай жүріп, ескішіл деп шетке қағылған ақындарды қазақ әдебиетінің тарихына енгізіп ерлік жасады. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановпен кездесу Уәлиханның қызметтік жолына үлкен өзгеріс әкелді. Алғашында басқармада нұсқаушы, кейіннен баспасөз секторының меңгерушісі болып қызметін жалғастырды. Бұл кезде де ол танымал басы­лым­дар­дың бас редакторларымен қоян-қолтық жұмыс істеп, Мұзафар Әлімбай, Сейдахмет Бердіқұлов, Фариза Оң­ғарсынова сияқты өткір ойлы қаламгерлермен пікір­леседі. Үлкен саяси мектептен өтеді.

Уәлихан Қалижан туралы біз үнемі жылы пікір ес­­тиміз. Ұстазы Сарбас Ақтаев кездесіп қалса: «Уәли­хан Қалижан барлық сатыдан өткен ғылым мен жур­на­­листиканың майталманы. Ол журналистиканың ба­ла­лығы «Қазақстан пионерін», жастығы «Лениншіл жас­­ты», даналығы «Егемен Қазақстанды» басқарды. Ме­­нің шәкіртім бақытты адам», – деп жиі айтады екен. Расында да, Уәлихан орда бұзар отызында ба­ла­­лардың бас басылымы «Қазақстан пионері» – қа­зір­гі «Ұлан­ды», қамал алатын қырығында «Лениншіл жас­ты» – бүгінгі «Жас Алашты» және ердің жасы елу­де «Егемен Қазақстанды» басқарып, редактор бо­лып­ты.

– «Жетісу» газеті мен үшін ыстық басылым. Тоқ­сан жылдық мерейтойында ол туралы лебізімді білдіріп, үлкен көлемде мақаламды жариялағанмын. Ме­нің әлі қалыптаспаған қаламымды тұңғыш ұш­таған республикадағы ең абыз басылымның бірі осы, – дейді ғалым қарсы алдында жатқан газеттерге шұқ­шия қарап. Өткен ғасырдың басында жалынды жас Ғани Мұратбаев қойып кеткен «Жас Алаш» атауын бір-ақ түнде «Лениншіл жас» газетіне қайта­рып, үлкен ерлік жасаған – Уәлихан Қалижан. Мұн­дай тәуекелді талап ететін іс кеңестік жүйе әлі күйрей қоймаған тұста қиынның қиыны еді. Бірақ ғалым ұлт мүддесі жолында аянып қалмады.

Өмір өткелдерінен үзік-үзік сыр шертіп отырған ғалымның әр сөзінен қорғасындай салмақ сезіледі. Бей-берекет мақтанға салынғанын, лепіремін деп пен­дешілік пиғылын байқатып қоятын пасық мінез атымен жоқ. Шын мәніндегі ғалымның қарапайым­дылық есіп тұрады емес пе? Біз Уәлихан Қалижанмен болған әңгіме барысында анасы дарытқан, көркем әдебиеттен сіңген сабырлылықты, адалдықты, қара­пайым мінезді ап-айқын аңғардық. Саясат сахнасында да ғалым елден алшақтап, суысып көрген емес. Мем­лекеттік биліктің мінберінде де атадан алған ақылдан, анасы құйған тағылымнан айнымады.

Уәлихан Қалижан сындарлы сәт туып, екі қолға бір күрек таппай қалған кезде де морт сынбады. Қай­бір үзеңгілестері ауыртпалықты көтеруге шыдас­тық та­нытпай, ауырдың үстімен жүріп кетті. Ішкілікке са­лынып кеткендер де болды. Ғалым он шақты күн жұ­мыс­сыз қалған кезінде қала ішінде жекеменшік кө­лігі­мен жолаушы тасымалдап күн көрді. Оған ар­лан­ған жоқ. Керісінше, өзін сынады. Қаншалықты қарапайым екендігін байқағысы келді. Ел ішінде қара жаяу жүруден қашқақтап, қарға адым жерге көлік шақыр­та­тын күйгелектік Уәлихан Қалижанның бойынан табылмайды. Шағын автокөлігімен жолаушы тасы­мал­дап нан-тұзын айырғаннан біз қарапайым­ды­лық­тың асқан үлгісін көрдік. Қарапайымдылыққа, кіші­лік­ке қашанда құдай жақ қой. Тұп-тура он күннен кейін таксист министрдің орынбасары қызметіне кетеді.

– Өз өмірің туралы сыр шертсең, бейнебір теп-тегіс жолда келе жатқандайсың. Бәрі тамаша, бәрі ғажайып секілді сезіледі. Байқағаным, бағы жанған жігіттің жауы да жаңбырдан кейінгі саңырау­құлақша қаптайды. Әсіресе, басшылық қызметте саяси мәселелер көлденең тартылып, түсініксіз талаптар қойыла бастағанда бәрінен баз кешіп, қол сілтегің келеді. Бірақ мұндайда адамды ешбір саяси астары жоқ таза ғылым құтқарады. Өзіңнің ғылым жолында еңбектенетін қабілетіңнің бар екенін білгенде тіпті бақыттысың. Әр адамның басында болатын қиын­дық қой. Өмір тек қуанышты сәттер­ден құралмайды. Ең бас­тысы, са­быр­лы болу керек. Ғы­лым ғана мәң­гілікке жалғасады. Халқың үшін жасаған жақ­сы­лығың ғана ғұ­мырлық, – дейді ғалым толға­нып.

Ғалым әр жылдарда ҚР Пре­­зидент әкімшілігінде, ҚР Парламентінде, министрлікте абыройлы қызмет­тер атқарды. Саяси додаға түсіп, халықтың қалаулысы болды. Парламент мінберінде ел ішінде шешімін тап­паған түйткілді мәселе­лер­ді көтерді. Оның шет­елге бала сатуды тоқтату, кезінде түрлі себептер­мен қоныс ау­дар­ған отан­дастарымызды ата­мекенге кө­шіру, әлеумет, әде­биет, мәде­ниет, тіл төңірегіндегі өткір тақы­рып­тар­ды қаузады. Ға­лым саяси сахнадан бөлек, шы­­­ғар­машылықтың қазаны қайнаған «Егемен Қазақ­стан» газетінде басшылық жасаған жыл­дарын ұмыт­пайды. Дәл осы жылдары ол «Пре­зи­дент» деген кітап жазды. Ең бастысы, Уәлихан Қали­жан – «Егемен Қазақстан» газетін Астанаға көшірген бас редактор.

– Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруді көп­шілік қиял, ертегі сияқты қабылдады, – дейді Уә­ли­хан егемендіктің алғашқы жылдарын еске түсіріп. – Қаулы шыққан кезде ешкім сенген жоқ. Сол уақытта Елбасы Австралияға ресми сапармен барды. Сапар кез­інде Мемлекет басшысы Австралия астанасын бес рет ауыстырғанын естиді. Мен қасында сұхбат алып тұрған сәтімде біздің елге де тез арада ас­та­намызды ауыстыруды, Алматыдан Ақмолаға көшті бас­тай беруді тапсырып жатты. Астана­мыздың жаңа­дан салынуын үш ғасырлық езгіні, отарлаудың бұғауын бұзып, шын мәніндегі дербес ел екенімізді көрсетудің жарқын белгісімен байланыстырамын. Геосаяси тұрғыдан да біз ұттық. Астана қашанда шекарадан алыста, қалың елдің ортасында орнала­суы тиіс. Астанамыздың еңсе көтеруін егемен­ді­гі­міз­дің жемісі деп білемін. Елбасы бір сөзінде: «Астана гүл қала болады», – деп айтқан еді. Ақиқатында да гүлге көмкерілді. Жасыл желекке оранды. Теріс­ті­гін­дегі Бурабайдың орманымен Астананың ағаштары ара­ласа бастады. Тал-теректермен бірге Елорда­мыз­дың жанға жайсыз климаты да өзгерді. Бірінші Петр кезінде астаналарын неге өзгертті деп ойлай­сыз? Орталықты шекарадан алыс ұстау үшін істеді. Ал біздің Астана Қазақстанның ғана емес, бүкіл жердің кіндігінде тұр.

Астана азаттықтың жемісі анығында. Елорда еге­мендігімізді айшықтады расында. Уәлихан Қали­жан­ның Астана туралы тебірене сөз сөйлеуі тегіннен тегін емес. Сол кезде өзі басқарып отырған «Егемен Қа­зақстан» газетінің ұжымын да алғашқылардың бірі болып Астанаға көшірді. Ұжымындағы журналистер үшін жаңа қаладан 25 тұрғын үй сатып алады. Бірде-бір журналисті баспанасыз қалдырмай, бауыры бүтін, басы аман қалпында ұжымын Сарыарқаның төріне орналастырады. Бас редактор газеттің қоғамдық-саяси бағыт-бағдарын айқындаумен бірге журналистердің әлеуметтік жағдайын да қорғауы керек. Уәлихан басылымда басшылық жасаған кезінде осы ұстаны­мына берік болыпты.

– Ұлтқа қызмет ету адалдықтан басталады, – ға­лым­­ның ақтарылған ойы, жүректен шыққан сөзі жү­рекке құйылып жатыр. – Ұлтшылдық айып емес. Ал ұлт­жанды болу – әрбірімізге міндет. Бұл дегеніміз – өз ұлтыңды жоғары қоюдан, өзгенің ар-намысына тию­ден қашу. Өзгенің тілін, мәдениетін, дәстүрін құр­меттеп, өз ұлтыңды риясыз сүю керек. Ұлтын сүюдің бір белгісі – мемлекеттік тілді білу. Егер шын мәнінде Мұх­тар Шаханов айтқан дерек дұрыс болса, онда Қа­зақ­станда ұлтын сүйетіндер аз деген сөз. Төрт мил­лион қазақтың ана тіліне шорқақтық танытуы – үлкен қасірет. Қазірдің өзінде 65 пайызға әзер жеттік. Халық саны көбеймей ұлттық саяси мәселелер де шешімін таппайды. Елбасы сол себепті де шетте жүр­ген 5 мил­лион қандастарымызды атамекенге ша­қырды.

Үш шақырылымда депутат болған ғалым тағдыр­дың жазуымен шетел ауып кеткен ағайынның әлеу­мет­тік қорғалуын жиі қозғайтын. Әсіресе, олардың Қа­зақстанға келгеннен кейінгі тұрмысына көп жеңіл­діктер жасалауын тілге тиек етіп, көші-қон туралы заң ережелерін жазысты. «Оралмандармен бірге қазақтың таза тілі келді. Қолөнері, дәстүрі, мәдениеті келді. Көп­шіліктің арасында шеттен оралған отан­дас­та­ры­мызға үрке қарайтын, оларға жасалған жеңіл­дікке наразы адамдар кездесіп қалады. Олар Қазақстанды өркендетіп жатыр керісінше. Мемле­кетке масыл емес. Өзіңіз ойлаңызшы, осы уақытқа дейін келген бір миллион қандасымыздың арасында 50 ғылым докторы, 13 мың жоғары білімді маман бар. Бір миллион қандасымыздың тек 4 пайызы ғана зейнет жасында», – дейді Уәлихан. Сөз арасында олардың демографияға елеулі үлес қосқанын, Қа­зақ­станда табиғи өсім 2006 жылдан бастап бай­қал­ғанын қуа­на жеткізді. Демографияға кесірін тигізетін жа­сан­ды түсік туралы қынжыла айтты. Мұны тоқтату керек­тігін алға тартты.

Ғалымның АҚШ-та Питер деген досы тұрады екен. Өзі қазақ тілінің маманы. Қазақстанды терең зерттеген көрнекті ғалым. Уәлихан сол зерттеушінің аузынан: «Әлемнің талай елін араладым. Бірақ өз­дерінің мемлекеттік тілін өркендету үшін, өзге­лерге үйрету үшін арнайы қаржы бөлетін жалғыз елді көр­дім. Ол – Қазақстан», – депті. Мұхиттың арғы бе­тін­дегі сырт көздің бұл сөзі Уәлиханды көп ойлан­дыр­ды. Ғалым тазалықты сүйеді. Шынайылықты жақсы көреді. Істің басы таза, адал болмаса, соңы да сұйы­лып кететінін айтады. «Әрбір мемлекеттік қызметкер өзіне жүктелген міндетті таза атқарса, ұлтын сүю деген сол», – дейді ол.

– Мәңгілік Ел деген не? Ол – философиялық ауқымы кең ұғым. Қазақ елі мәңгі жасаса деген ма­ғы­на береді. Елбасымыз Мәңгілік Ел идеясын қа­лыптастыру үшін қаншама еңбек сіңірді десеңізші. Ең бірінші шекарамызды шегендедік. Шекара туралы құ­жаттарды рәсімдеуге байланысты Елбасының: «Қа­зақтың бір метр жері сыртқа өтіп кетпесін. Мұ­қият қадағалаңдар», – деп айтқаны есімнен кетпейді. Елбасы шынында өте елжанды, ұлтын шексіз сүйетін жүрегі кең адам.

Уәлихан Қалижан әр елде жүріп жатқан идеоло­гиялық тасқыннан сескенеді. Ертеңгі күні дәлелі дүдәмал идеялар тұтас халықтың санасын өзгертіп, бір-біріне астамсып қаратып қоюы мүмкін. Көп елдің идеясы біздің ұлттық болмысымызға шабуылдайтын көрінеді. Тарихи көзқарастарға қатысты қазақ халқы тым жалтақ және идеология жүргізуге асықпайды. Көршілес Ресейді алсақ, қандай тарихи оқиғаны болмасын орыстандыруға, өздеріне еншілеуге тырысады. Ұлы Қытай қорғанын славяндар салды деп жарыса жазғаны, қазақ жеріне күмәнмен қарай­тын сан мың мақалалары – соның дәлелі. Ғалым осындай өз мәдениетіне телу идеологиясы жүріп жатқанда біздің халықтың самарқаулық танытатына іші күйеді. Іргеміздегі өзбек ағайын Алпамыс батырды өзбектендіріп алды. Ал біз түркі дүниесі деп өзімізден алшақтатады екенбіз. Әйтпесе, түркі дүниесіне ортақ мұраның бәрі өзгеден гөрі қазақтың өзіне жақын, қазақтың салтына ұқсас, тіліне сәйкес.

Филология ғылымдарының докторлығын қорғау кезінде ғалым талмай ізденген. «Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым» тақырыбында зерттеу жүргізген ол диссертациясын алты айдың ішінде аяқтайды. Академик Зейнолла Қабдолов таңғалады. «Рымғали Нұрғали қызметте жүрсем де маған: «Өл, тіріл, қорғауың керек!» – деп шегелеп айтты. Мен тәулігіне төрт сағат ұйықтап жүрдім. Жолдасым таңертең жұмысқа кетеді. Мен оған есікті сыртынан жапқыздырам. Өзім үйде ғылыми жұмыспен айналы­самын», – дейді ғалым. Оның қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілігін осыдан байқадық. Ізденуден талмай­тын Уәлихан Қалижан диссертациясын алты сағат қорғайды. Ескі партиялық, кеңестік көзқарастың сеңін бұзып, жаңашылдықпен діни ағым өкілдерін қайта тірілткендей болады.

Уәлихан Қалижанның айтуынша, әдебиетсіз болашақ жоқ. Жас ұрпаққа өткенімізді әдебиет ар­қы­лы өнеге етуге тиіспіз. Егер әдебиет болмаса, тари­ымыз жүйесіз тарыдай шашырап қалар еді. Ғалым «Бабалар сөзі» жүзтомдығының жарық көргеніне қуанады. Мұның ар жағында қазақтың, көшпен­ділердің, даланың мәдениеті менмұндалап тұрғанын жасырмайды.

– Лев Толстой «Соғыс және бейбітшілікті» жазбаса біз орыстар мен француздарың шайқасын тү­сінбес едік. Сол арқылы Франция халқының мә­дениетін білдік. Ілияс Есенберлин «Көш­пен­ділерді» өмірге әкелмесе, біз бүгінгі Қазақ хандығының 550 жыл­дығын тойлауымыз да неғайбыл. Ілиястың қо­лында «Тарихи и Рашиди» кітабы болды сол кездің өзінде. Ал Мұхтар Әуезов ше? «Хан Кенені» жазу ар­қылы болашақ ұрпаққа үлкен мұра қалдырды. Білесіз бе, «Абай жолында» ақынның болашақтан үміт күтіп, көкжиекке қарап, қиялға берілетін тұсы бар ғой. Сол жердегі Абайдың арманы бүгінгі тәуел­сіз­дік. Онда Абайдың ғана емес, М. Әуезовтің де ар­маны жатыр, – дейді қаламгер.

Ғалымның айтуынша, біз өткен ғасырдың орта шенінде бүкіл рухани мұрамыздан айырылып қала жаздаппыз. Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов Жазушылар одағында өткен пікірталаста қудаланып, халық мұрасын жақтағаны үшін айыпталды. Сөйтіп, бабаларымыз аманаттаған әдебиеттен қол үзуге даяр тұрған екенбіз. Отаршылдық сананың орныққаны сонша, мүйізі қарағайдай кеңестік жазушыларының бірде-бірі фольклордан айырылу ұлтынан айырылу екенін түсіне алмапты ғой. Ғалым соған күйінеді. Ұлтты ұйыстыратын идеяларды жандандыра беруді ұсынады. Ұлтшыл болу керектігін тілге тиек етеді.

Қайраткер қазақ журналистикасына қатысты да пікірін білдірді. Атап айтқанда, біржақты мақтау немесе біржақты қаралауға бой алдыратын баспа­сөз­дің болашағы бұлыңғыр болатынын әңгімеледі. Жур­налистика тәуелділіктен арылғаны абзал. Уә­лихан Қа­лижанның айтуынша, Қазақстанда ақты ақ, қара­ны қара деп тарататын ақпарат құралдарын қалып­тас­тыратын уақыт жеткен. «Кезінде жемқорлық тура­лы заңның 6 бабына: «Меншік түріне қарамастан бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ма­қа­лалар міндетті түрде мемлекеттік органдармен бірге қаралу керек», – деген тармақша енгізді. Елбасы қол қойған. Бірақ осы бап әлі күнге дейін жұмыс істемей тұр. Газет бетінде жемқорлық туралы мақала ба­сыл­са мемлекеттік мекеме де, халық та назарға алмай­тын дәрежеге жеткен. «Газет жаза береді» деген жа­лаң түсінік пайда болған», – дейді қайраткер қын­жылып.

Уәлихан Қалижан бүгінгі тілшіге журналисти­каны кәсіби түрде меңгере салу аздық ететінін кеңі­нен өрбітті. Бүгінгі заман салаға бейімделуді талап етеді. Ең әуелі, журналист бірнеше тілді меңгеруі қажет. Содан кейін заң мен экономиканы білуі шарт. Әйтпесе, қазақ журналистикасының әлемдік биік дәрежеге көтерілуі екіталай. Осы талаптар орын­далса ғана ағылшын тілін меңгеру арқылы ақпа­рат­тарды негізгі көздерден тікелей қазақша аудару қалыптасады. Нәтижесінде, шынайы ақпарат тарай­ды. Өткірлік, пәрменділік пайда болады.

Ғалым шешіле сөйлеп отыр. Өзі өмір сүріп отырған қоғамға бей-жай қарай алмайтын қайраткерде кемел ой көп. Аузынан шыққан әрбір сөз ойландырады. Бағытымызды көрсетеді. Болашағымызға жол сілтейді. Елбасы бір сөзінде: «Рухы күшті елде ғана мемлекет құрылады», – деп еді. Сол сөз Уәлихан Қалижанның да өмірлік қағидасына айналғандай. Ғалымның сөзіне сүйенсек, жетпіс жыл бойы маркстік, энгельстік, лениндік һәм сталиндік цитатаға толып кеткен қазақ ғылымын қайта тазалауға үлкен күш жұмсалыпты. Қағаз бетінде кеңестік идеология тазартылғанмен, халық арасында әлі де ескі көзқараспен күн кешіп жүргендер жеткілікті. Өкініштісі, олар тәуелсіздіктің қадірін сезінбейді де. Сондықтан, ұлт қайраткері бар салмақты, бар күш-жігерді жастарға артуды құп санайды. Жастар қоғамнан ажырамай тұрған кеңестік идеяны кетіріп, Мәңгілік Елдің міндеттерін одан ары гүлдендіретініне сенімді.

Қуаныш Тұнғатар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1504
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5745