Жұма, 22 Қараша 2024
Осы ғой енді... 6410 0 пікір 27 Қыркүйек, 2016 сағат 09:45

ҚАЙҒЫҒА ОРТАҚТАСЫП, ҚАРАЙЛАСЫП ЖАТЫР. АЛАЙДА...

Ұзынағашта қаза тапқан үш жігіттің отбасына материалдық көмек көрсетіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлады Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев.

Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

"Ағайынды жігіттердің өліміне байланысты материалдық көмек көрсетіледі" деген кейбір БАҚ-тардағы ақпарат дұрыс емес. Ресми түрде мәлімдеймін. Алдын ала біз ешқандай уәде бергеніміз жоқ. Тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер ұсталды. Сот өтсін, анықталсын. Бұл - қылмыстық оқиға. Қазақпыз ғой, аудан, ауыл әкімдеріне тапсырма бердік, барып, қайғыларына ортақтасып, қарайласу жағын тапсырдық. Аудан әкімі отын, суын түсіріп беріп қолдан келгенше көмегін көрсетіп жатыр. Әкімшілік шет қарап отырған жоқ. Мұсылманның парызы - көңіл айту. Жағдайды облыс әкімі бақылауында ұстап отыр. Бүгінгі аппарат жиынында сұрап, тапсырмаларын берді», - деді Бахтияр Өнербаев.

Облыс әкімінің орынбасарының сөзінен ұққанымыз, қаралы шаңыраққа айнала жұрт қайғыра көңіл айтып, қолынан келгенінше қарайласып жатқан көрінеді. Алайда, нақты материалдық көмек көрсетілмейді екен. Неге? Себебі, "бұл - қылмыстық оқиға" (Б. Өнербаевтың сөзі). Ал, қылмыстық оқиға кезінде қаза тапқандардың бәрі ерлік көрсете бермеуі мүмкін. Бірақ, қазаның аты - қаза. Шама шарқынша күнелтіп, отбасын асырап қана жүрген момын жандардың қазасы естіген жұрттың қабырғасын қайыстырды. Үш бірдей отбасы асыраушысынан айрылып, аңырап қалды. Бұндай жағдайда жергілікті өкімет "қарайласып" қана қоймай, нақты жәрдем жасағандары жөн болар еді. Кешегі Алматы оқиғасын еске алайықшы. "Террористің" қолынан қаза тапқан полиция қызметкерлеріне Алматы қаласы әкімдігінің тарапынан 15 000 000 теңге өтемақы, басқа да материалдық көмектер көрсетілген болатын. Сол кезде кәсіби заңгер Абзал Құспанұлы Жаңаөзен оқиғасын еске алып, полицейлер оғынан қаза тапқан жандардың отбасына 500 000 теңге көлемінде ғана жәрдемақы берілгенін еске алған-ды. Біз де сол екі оқиғаны қайыра еске түсіре келе, Мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамассыз ете алмайды екен, ендеше материалдық һәм рухани тұрғыда қол ұшын созуы тиіс дегенді айтамыз.

P.S. Кісі қолынан қаза тапқан жазықсыз жандардың артына қарайлап отырғанымызда мынандай бір ақпаратқа ұшырастық. Рател.кз  сайты 10 маусым күні Ақтөбедегі антитеррорлық операция кезінде қаза болған лаңкес Арман Айтуғанның заңсыз некедегі әйелі, 28 жастағы Айзада Үсікқалиеваның А. Айтуғаннан туған 8 айлық Әсия есімді қызы барын жазыпты. А. Үсікқалиева А. Айтуғанмен заңды некеде болмағанын, некелерін тек мешітте қидырғанын айтып, сот арқылы А. Айтуғанды сегіз айлық сәбидің әкесі деп тану туралы шешім шығартқан. Сол шешім негізінде енді Әсияға мемлекеттен асыраушысынан айырылуына байланысты 23 715 теңге көлеміндегі арнайы жәрдемақы төленетін болыпты. Жәрдемақыдан бөлек А. Айтуған мен А. Үсікқалиеваның қыздарына терроршының тегі де берілмек.  

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315