Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 7685 0 пікір 22 Желтоқсан, 2016 сағат 11:14

РУХТЫ АСҚАҚТАТҚАН ТҰЛҒА

А.Қ. Жұбанов атындағы мемориал кешен. Ақтөбе қаласы

Академик Ахмет ЖҰБАНОВТЫҢ туғанына 110 жыл толуына орай

Қазақтың ұлттық өнерін жаңа заман талабына сай жаңғыртқан, кәсіби деңгейге көтеріп, дамыту ісіне өлшеусіз зор еңбек сіңірген  мәдениет және өнер қайраткері, атақты композитор, қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, ұстаз, академик Ахмет Қуанұлы ЖҰБАНОВТЫҢ туғанына биыл 110  жүз жыл болды.   

Ахмет Қуанұлы Жұбанов


Ол патшалық Ресейдің отарына айналдырылған елімізде 1906 жылы дүниеге келген еді. Оның балалық шағы өткен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы онжылдықтарында отар қазақтың қоңырқай ауылдары түрлі сипатта тіршілік кешіп жүрген-тін. Ауылдардың жалпақ далада тек малдың басын санап, басқа рухани өмірден тыс жатқандары да, малы шағын, бірақ рухани тыныс-тіршілігі жағынан көзге ерекше түсетіндері де  болды. Мұндай ән шырқап, күй тарту, түрлі қисса, дастандарды таңды таңға ұрып жырлау қадірленетін ауылдардың, Ахаңның өзі еске алғандай, «кәрі-жасы бірдей «әңгүдік» атанды».

Құдайберген Қуанұлы Жұбанов

Бала Ахмет өскен ауылда жаз айларында Орынбордағы  «Хұсайыния» медресесінде оқып жүрген туған ағасы Құдайберген (кейіннен – белгілі лингвист-ғалым), Уфадағы «Ғалия» медресесінің шәкірті Жиенғали Тілепбергенов (кейіннен – жазушы), басқа ауыл мектебінде істейтін мұғалім Абдолла Беркінов, ел ішіндегі Талым, Науаш, Жұмабек, Тоғыс, Барлыбай сияқты күйші, әнші, жыршылар танымды әңгіме-дүкен құрып, өнер отын  қыздыратын. Ахмет пен Құдайбергеннің әкесі Қуан сауатты кісі еді, ол сол шақта жарық көріп жатқан қазақша кітап, газет, журналдардың бірсыпырасын алдырып тұрды. Оның үстіне, Ахметтің нағашысы Әлдеберген мен  жездесі Ырзағұл домбырашы болатын. Ахмет, міне, осындай өнер-білімге құмар, ойын-сауықшыл ауылда туып-өсті. Мұндай ахуалдың игі әсері көрінбей қалған жоқ, қысы-жазы өнердің қалың ортасында жүрген бала бес жасынан  қазақша хат таныды. Сол кезден домбыра тартып, ән айтты, тақпақ жаттады. Бұл реттегі оның алғашқы тәлімгер-ұстаздары, зерттеуші Жиенбек Рсалдиннің жазуынша – қарт домбырашы Талым мен өнерпаз, әнші жеңгесі Балбөпе болған еді. Яғни оның қаршадайынан татқан рухани азығы ұлттық өнер еді, оны көзін ашқаннан  ұлттық өнер мұхиты нәрлендірді.

А.Қ. Жұбановтың 100 жылдығына шығарылған 50 теңгелік монета мен пошта маркасы

 

Ресей империясы өз отарларында үкіметтік мектептер ашып, бұратаналардың балаларын өз тілдерінде емес, орысша оқытуды көптен қолға алған. Көзі ашық азаматтар ондай әрекеттің астарында  өзге тектілерді орыстандыру жатқанын аңғарған да, үкімет ұсынып отырған оқыту әдістерін залалды деп тапқан. Сөйтіп, 1907 жылы Екінші Мемлекеттік Дума мінбесінен оқу министрлігін қатты сынға алған-тын. Алайда империялық билік оған елең етпестен, ниетін жоспарлы түрде жүзеге асыра берді. Мектептер қазақ даласында да көптеп ашылып, алғашқы кездерде оларда оқуға тиіс балалар айрықша салық салғандай тәсілмен жинастырылып жүрді. Патша өкіметінің үстемдігіне жұрт біртіндеп үйренді де, енді «ұрпағымызды орыс қып жібереді» деген қорқыныштарын жиып тастап, балаларын мүмкіндігінше орысша оқытуға тырысты. 1913 жылы  Темір үйезінде екі орыс мектебі ашылатын болғанда, оның біреуі  бала Ахметтің әкесі Қуанның  сұрауы бойынша, Орғаш болысы аумағындағы балалары туып-өскен «Қосуақтам» деген жерден «Уркачевское одноклассное русско-киргизское училище» деген атпен ірге көтерді.  Мектептің басқарушысы және оқытушысы болып Шыңғырлаудан мұғалімдік семинария және екі жылдық педагогика курсын бітіріп келген Хұсайын Ашығалиев тағайындалды. Ол Қуанның үйінде жатты. Осы жәйт Ахмет Қуанұлының өмірлік кәсіби бағдар алуына шешуші әсер етті. Хұсайын бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын – домбыра  да, мандолин де, гитар да, балалайка да, скрипка да тартатын. Нотадан да хабары бар-ды. Өлең шығаратын, әңгіме жазатын. Міне осы жігіт сабақ таза орысша жүретін училищеде жеті жасар Ахметтің сауатын ашып қана қоймай, оның бойына табиғи түрде дарыған музыкаға деген сарқылмас сүйіспеншілікті баптап, үстемелете түскен ұстазына айналды. Ұстазы ойнаған аспаптардың бәрін  үйренуге, даусын қосып, тарта білуге  тырысатын. Ақыры Ахмет соларды түгел меңгеріп алды.  «Менің   музыкаға кетуіме бірінші себеп осы Хұсайын аға болды», –  деп жазды ол кейін естелігінде.  Аталған мектепті Ахмет 1916 жылы бітіріп, Жұрынның екі кластық мектебіне түсті. Оны бітірген соң  Орал реальдық училищесіне барып оқымақ ойы болған, бірақ онысы сол кезгі төңкеріс, азамат соғысы дүрбелеңдеріне байланысты жүзеге аспай қалды. 1919 жылы әкесі дүние салды. Сондықтан талапты жасөспірім оқуды жалғастыра алмады. Ауылында әр түрлі жұмыс істеді. 1921 жылы аз мезгіл ауылдық кеңесте қызмет атқарды. 1922 жылдан соқамен жер жыртып, шаруашылық жұмыстарда маңдай терін төкті. 1924 жылы ауылында ашылған «Шамшырақ» атты оқу үйінің меңгерушісі болды. 1925 жылы Ақтөбедегі мұғалімдер дайындайтын курсты бітіріп, өз ауылының мектебінде сабақ берді. Бұл жылдары ағарту қызметкерлерінің күшімен түрлі спектакльдер қойылатын, көркемөнерпаз үйірмелері жұмыс істейтін, соларға жас Ахмет те қатысты. «Бірақ мен музыканы үзбедім, –  дейді Ахаң естелігінде сол шақ жайында. – Москвадан нота үйренудің кітабын алдырып, мандолина сатып алып, тарта бердім. 1927–28 жылдарда Темірде, Ақтөбеде мұғалім болып тұрып, орыс халық оркестрінде ойнадым».

Александр Викторович Затаевич

Өзінің жазғанындай, Ахмет Қуанұлының «мамандық таңдауда ат басын ақырғы көмбеге тіреуі» қазақтың  музыкалық этнографиясының атасы Александр Викторович Затаевич есімімен тығыз байланысты болып шықты. Ал ол осынау даңқты ұстазымен әуелде сырттай танысқан еді. Былай болды.  1928 жылдың жазында Ахмет сол уақыттарда ағарту саласының «халық мұғалімі»  аталатын қызметкерлері қатарында, ауылдағы саяси және мәдени өмірдің белсенді мүшелерінің бірі есебінде, губерниялық комитеттің  төменгі партия активтерін даярлайтын Ақтөбе қаласындағы бір айлық курсына барды. Сол заманда, кәсіби театрлар мен концерттік мекемелердің жоқтығына қарамастан, губерния орталығының  мәдени тыныс-тіршілігі өзінше жанданып тұрған-ды. Ол кинотеатрлардың бірінен дыбыссыз фильм сүйемелдеушісін – экранға қарап тұрып, көптеген бейтаныс та таңсық әуенді шалқыта сызылтқан скрипкашыны кезіктірді. Бұл мұнан жиырма жыл бұрын Варшава консерваториясын бітірген, одан тағдырдың қилы бұралаң жолымен Ақтөбе қаласынан орын тепкен, сөйтіп, күнкөріс қамымен  мылқау киноның музыкалық иллюстраторы болып жүрген Чернюк деген музыкант еді. Кәсіби скрипкашыны Ахмет келесі күні пәтеріне іздеп барды. Өзінің музыкаға деген құмарлығын, түрлі аспапта ойнай алатынын мақтана айтты. Алдына келген жас жігіттің бөсіңкіреген «сөзіне ептеп езу тартқанмен, күліп отырғанын байқатпауға тырысып»,  музыкаға деген шексіз сүйіспеншілігін түйсінгендіктен, онымен жылы әңгімелесті.  Екеуінің таныстығы ұзамай жақсы жалғасын тапты. Ол кейін Ахметке жеке оқытушы болып, музыка теориясынан сабақ берді. Оған себеп – Затаевич еді. Өнерпаз ауыл мұғалімін музыка жанашырларының бірі ретінде жақын тұтып жүретін Ақтөбе губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Решетняк бірде оған Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағын сыйлаған-ды. Міне сол кітап пен өзі бұрынырақ орталықтан алдырып оқып жүрген музыкалық сауат жайындағы оқулықтарды көтеріп, Ахмет скрипкашы Чернюкке барады. Өйткені ол, іргелі музыкалық білім алмағандығы салдарынан, Затаевичтің «тышқанның ізіндей жыбырлаған» жазбалары түгіл, оқулықтардағы әндерді де оқып-ойнай алмайтын еді. Сонысы үшін өзіне өзі ыза болатын.  Ал Чернюк  Варшава консерваториясында   өзімен қатар оқыған Затаевичті біледі екен, Ахметке оны сырттай таныстырды. Оның қазақ еліндегі этнографиялық қызметіне таңғалды, қазір қайда екенін сұрастырды. Сол жерде-ақ Ахметті қайран қалдырып,  Затаевичтің кітабынан бірнеше туындыны бірден, тамылжыта ойнап шықты. Ахметтің музыкаға анық құмарлығына көзі жеткендіктен, оған жалпы музыкалық білімін көтеруі, скрипкадан, музыка теориясынан, сольфеджиодан сабақ алуы қажеттігін айтты. Бұл үшін Ақтөбеге көшіп келуге кеңес берді.

Маман музыканттың кеңесі көңіліне қонғандықтан, Ахмет сол жылдың тамызында губерниялық оқу бөлімінің рұқсатымен Ақтөбеге ауысып,  қазақ мектебіне оқытушы болып орналасады. Қызмет істей жүріп, жекелеген пәндер бойынша жоғары білімді орыс педагогтерінен дәріс алу арқылы өз білімін көтереді. Мектепте қазақ драма, қалалық клубта орыс халық аспаптары үйірмелеріне қатысады. Қилы сауық кештерінің музыкалық жағын жүргізеді. Сонымен қатар скрипкашы Чернюктен сабақ алады. Ал қолы босаған сәттерде ол Затаевичтің жинаған әндерін талдаумен шұғылданды. Бұл салада біршама табысқа да жетті: әрі ноталық сауатын ұштады, әрі Қазақстанның түрлі аймағының ғажайып ән-ырғақ-әуендерімен молынан сусындады. Бір кездерде «ән салатын әріптердің тілін білетін» ғажайып адам туралы  кездейсоқ естіген аңыз-әңгіме сөйтіп құпиясын аша түсті. Сөйтті де, артынша Ахметті де сондай сиқырлы арманға жетеледі. Оның Затаевич секілді кәсіби музыкант болсам деген арманын алғаш рет скрипкашы Чернюк естіді. Сонда ол музыка әлемінің өкілетті өкілі іспетті сұспен,  көшпенділер ауылынан европалық кәсіби өнер көкжиегіне қол созған жас қазақ жігітіне ақ тілегін білдіріп, ақ батасын берген еді. Қысқасы, Затаевич нотаға түсірген қазақ әндері арқылы онымен сырттай танысу – Ахмет  Қуанұлының болашаққа деген жоспарының, өзі айтқандай, тоқсан пайызын  айқындап тастаған болатын. Ол тағдырын Затаевич арқылы мәңгі-бақи музыкаға байлады. Сол себепті, бірінші кезекте, қабылдану мүмкіндігі туып тұрған малдәрігерлік-зоотехникалық техникумнан бас тартты. Сосын, 1929 жылдың басында, Шығыстану институтының аспирантурасына түсуге бара жатқан ағасы Құдайбергенмен бірге, Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербургке) сапар шекті. Сол сапар ол әуелі Ленинградтың М.И. Глинка атындағы музыка техникумына скрипка сыныбы бойынша оқуға қабылданды. Музыкалық білімін көтерудегі тынымсыз ізденісі мен қажырлы еңбегі арқасында, келесі жылы Н.А. Римский-Корсаков  атындағы консерваторияның гобой сыныбына түсті. Сонымен қоса, музыка тарихы және теориясы факультетінде оқыды. Консерватория профессорларының, белгілі музыка мамандары мен өнер қайраткерлерінің дәрістерін құмарта тыңдай жүріп, өзінің теориялық білімінің деңгейін тынбастан көтере берді.  Армандаған кәсіби мамандығының қыр-сырын жан-жақты зерттеді. Оқуға шөліркеп келген жас жігіт 1930–1931 жылдары консерваториямен бір мезгілде Тарих және лингвистика институтының тарихи-социологиялық факультетіндегі этнография бөлімінде де оқиды. Алайда сиқырлы дыбыстар әлемінің шетсіз-шексіз мұхиты шалқарынан еркін де қанып сусындау үшін басқа ешқайда алаңдамау қажеттігін ұғып, оны тастайды да,   біржолата профессионалдық  музыкаға бет бұрады. 

Сырттай танысып, өзіне сырттай ұстаз тұтқан Затаевичпен ол 1931 жылдың жазында кездесті. Маусым айының аяғына таман Ленинградтан жазғы каникулға елге қайтып келе жатқанында Москвада аялдаған. Сөйтіп сондағы Қазақ Республикасының тұрақты өкілдігінен  Затаевичтің адресін алып,  пәтеріне іздеп барған.  Ғұмырының елеулі кезеңін Қазақстанмен байланыстырған музыка этнографы  жас республиканың мәдени өміріндегі жаңалықтарды жіті қадағалап тұратын болса керек, содан шығар,   Ахметті бұрын көрмесе де, тани кетті.  «Александр Викторович алдын ала таныстырусыз-ақ құшағына алып, менің Жұбанов екенімді де біліп қойды, – деп жазды сол сәт жайында Ахаң. – Әкелік бір нұр төккен қамқор көңілмен оқуда қол жеткен табыстарымды сұрастырып, …балаша қуанды». Ол Затаевичке жазғы каникулда Ақтөбе губерниясын аралап, ел ішіндегі ән-күйлерді жазбақ ойы барын, бұл жұмысты КСРО Ғылым академиясының дыбыс жазу мұрағатының тапсырмасы бойынша орындауға тиіс екенін, сол мақсатта академиядан фонограф алып бара жатқанын әңгімеледі. Бұл хабарды Затаевич ерекше қызығушылық танытып тыңдады.  Халық  музыкасын фонографқа түсірудің маңызы туралы айтты. Әсіресе орындаушыларға өз дауыстарын өздері қайта естудің ынталандырғыш әсері болатынын, олар қызығып, өз репертуарларындағыны түгел түбіне дейін сарқып береді деп түсіндірді.

Сондай-ақ, Ахмет Қуанұлы өзімен бірге ұжымдық түрде орындалатын шығармаларды (бұл кездері бастауыш, жетіжылдық,   шаруа жастар мектептерінде бір дауысты хорлар пайда бола бастаған) жазып алатын үлкен рупор алып бара жатқанын айтқанда, тіпті қатты қуанды. «Бұлармен бірге Александр Викторович әрбір ән мен күйге ұқыпты паспортизация жүргізуге тиіс екеніме баса назар аударды». Ұстазының мұндай ақыл-кеңестері өзіне халық әндерін фонографқа жазған кездерінде көп көмегін тигізді, мұны Ахаң естелігінде жазып кетті. Ол әңгіме-дүкен барысында Ленинградтың «Жұмысшы және театр» журналына өзінің 1930 жылы қазақ музыкасы жайында мақала жариялағанын, жалпы, жазумен де шұғылданатынын  баян етті. «Ал Александр Викторовичке Республикалық Халық ағарту комиссариаты арқылы бастырармын деп үміттенген қазақ тіліндегі «Музыкалық әліппенің» қолжазбасын көрсеткенімде баладай қуанып, бетімнен қайта-қайта сүйді».  Бірақ Ахметтің пролетар музыканттары ассоциациясына кіріп атқарған қызметін мақтана әңгімелегеніне, сондай-ақ пролетариат әуендерін жинастырмақ ниетіне де теріс ыңғай танытты. Мұнысымен ол Жұбановқа музыкалық мәдениеттегі ұлттық мүддені дәл ажырата білудің мәніне ойлана қарау керектігін нұсқағандай еді. Кәсіби музыканы таңдап алған жас қазақ жігітінің оқудағы табыстары жөнінде, Ленинград консерваториясындағы түрлі пәндерден сабақ беретін профессорлар хақында Затаевич көп сұрады. Жақсы оқудың маңыздылығына екпін қойды. Музыкалық терең білімді ерінбей-жалықпай игеруіне, халық мұраларын жинау жұмыстарында табысқа жетуіне, жазған дүниелерінің  тезірек жарық көруіне тілектестігін білдірді. Ұстазымен қоштасып, екеуара сұхбат қанаттандырған студент Ахмет Жұбанов ауылына аттанып кетті.  Ол каникулын пайдаланып, ел ішінде үлкен жинаушылық жұмыс атқармақ болатын.

Ал бұл кезде ауыл кеңестік реформаның қайғылы белесінде тұрған-ды. Ахмет оқуға аттанар қарсаңда жүргізілген мал-мүлікті тәркілеу науқанының соңы оған қарсылық көрсеткен халық көтерілістеріне ұласқан. Одан өкімет әскері ереуіл ошақтарын  қатыгездікпен талқандаған. Барша бас көтергендерді сотқа тарту жолымен аяусыз жазалау жүріп жатқан. Ел ашаршылық сынды алапат ұлттық апат алдында тұрған.  Студент Ахмет сол кезеңде фонографқа Ақтөбе аймағы өнерпаздарының орындауында елу шақты ән-күй жазып алды. (Олардың бірқатары кейінірек КСРО Ғылым академиясының фонограмма мұрағаты қызметкерлері әзірлеген энциклопедиялық жинақтардың біріне енді).  Ахмет Қуанұлы каникулын өткізіп оқуына оралғаннан соң көп ұзамай, ел қалың қасіретке батты. Республиканы билеуге орталық эмиссары Федор Исаевич Голощекин келгелі қазақ ауылдарында борандатқан «Кіші Қазан» дауылы бір-екі-үш жылда шолақ белсенділердің  «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» сынды кекесін ұраны жетегімен жеке қолдардағы дәулетті тып-типыл еткен. Артынша жаппай өріс алған ашаршылықтың қызыл қырғыны «арқасында», тірі қалған азшылықты жаппай ұжымдастыру «даңғылына» алып шыққан. Ақыры, қазақ халқын ұлттық апатқа ұрындырған большевизм эмиссары 1933 жылдың басында қызметі жоғарылап, орталыққа кетті. Республиканың жаңа басшылығы күн тәртібіне жаңа екпінді міндеттер шығарды. Қатары селдіреп, еңсесі басылған елдің социализмге сенімін жаңғырту керек еді. Бұл үшін шын мәніндегі мәдени революция отын лаулатып, халықтың рухын көтеру қажет болды. Осы жұмысты Өзбекстаннан шақырылып, Қазақ Республикасының Халық ағарту комиссары лауазымына тағайындалған Темірбек Жүргенов басқарды. Ол қазақ еліндегі мәдени революцияның көрігін қыздыруды жан-жақта жүрген ұлт кадрларын жинаудан бастады. Сөйтіп, тоқырап қалған өлкедегі мәдениет құрылысын қайткенде жандандыруды көздеген жанкештілік қызметті жүйелі түрде жолға қойды. Сол орайда шақыру Ленинградта оқып жатқан Ахмет Жұбановқа да жіберілді. Ахмет Қуанұлы қазақ даласындағы ұлттық апат шегіне жеткен 1932 жылы Ленинград консерваториясын бітіріп, Театр өнері академиясына аспирант болып қабылданған еді. Бірақ ғылыми жұмыс соқпақтарын зерттеуді доғара тұруға тура келді. Ол туған республикасының шақыруына орай аспирантурадағы оқуынан  бір жылға демалыс алып, 1933 жылы Алматыға аттанды. Алайда сондағы бір жылдық «демалысы» республика астанасындағы қызығы мен қиындығы мол пионерлік-ізашарлық еңбектермен әрленіп, бүкіл ғұмыры бойына созылды.

Алдымен Жұбанов биліктегі партияның 1932 жылғы әйгілі «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысына сәйкес жаңадан ашылған музыкалық драма техникумының жұмысын жолға қоюға кірісті. Оқу бөлімін басқарды, музыка теориясынан сабақ берді. Сосын техникум дирекциясы атынан өтініш білдіруі нәтижесінде қабылданған  Қазақ Республикасы Халкомкеңесінің 1933 жылғы 29 сәуірдегі  қаулысына сай, қазақ халқының музыкасын жинайтын әрі зерттейтін ғылыми кабинет мен халық аспаптарын жасайтын және жетілдіретін  эксперименттік шеберхана   ашып, оларға өзі бағыт-бағдар беріп тұрды. Қазақстанның мәдени құрылысын жүргізісуге Ленинградтан арнайы шақырылған Евгений Григорьевич Брусиловский, ел ішінен келген  Лұқпан Мұхитов секілді халық таланттары еңбек еткен осы мекемелердің жұмыстары арқасында қазақ тарихында тұңғыш рет (әуелде он бір домбырашының ғана басын біріктірген)  халық аспаптары оркестрі құрылды. Оның да басты тұлғасы Ахметтің өзі болды. Домбырашылар ансамблі 1934 жылғы маусымда өткізілген Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының бірінші слетінде көпшілік пен төрешілер алдында алғаш рет өнер көрсетті. Жалпы, бұл слет шартараптан жиналған халық таланттарын іріктеп, көптеген өнерпаздың профессионал өнер биігіне шығуына жол ашатын  алғашқы баспалдақ болатын. Сондықтан да партердің бірінші қатарында қазылар алқасы – қолдарына  қойын дәптерлерін ұстаған он шақты маман отырды. Олар сахнаға шыққан әрбір халық шебері көрсеткен өнерді таразылап, сараптап жатты. Төрешілер қатарында Москвадан слетке арнайы шақырылған Александр Викторович Затаевич те болды. Слет жұмысы басталғанға дейін ол  астананың музыкалық өмірімен танысып, мұндағы жаңа құбылыстарға қатты қуанды. Музыкалық-драмалық техникумда оқып жатқан жастарды, жаңадан ашылған, кейін опера және балет театрына айналған музыка театрын көрді. Ондағы Али Файзулла Ибрагимов   (Али Ардобус) бастаған алғашқы балетмейстрлер техникум студенттерінің қатысуымен қойған – еңбекті, саятшылықты, тағы басқа тұрмыс көріністерін бейнелейтін билерге дән риза болды. Затаевичті, әрине, музыка аспаптары шеберханасы мен ғылыми-зерттеу кабинеті ерекше елеңдетті. Осылардың баршасын көрсете тұрып, Ахаң осынау қадірменді кісіге өздерінің халыққа сый етіп тартпақ басты жаңалығын  – домбыра ансамблін құрғандарын слеттің соңғы күніне дейін айтпаған болатын. Бертінде Ахмет Қуанұлы: «Он жеті орындаушыдан тұратын ансамбльдің сахнаға шығуы Затаевичке  қаншалықты қуаныш пен мақтаныш сезімін әкелгенін тілмен жеткізу мүмкін емес», –  деп сүйсіне еске алды. – Ол басқалардың баршасынан да ұзақ қол соқты. Оның жанарында жылтылдаған ұшқыннан ерекше толқып тұрғанын аңғару қиын емес еді, ол екі жағында тұрған төрешілерге алма-кезек әлдене айтумен болды». Ансамбльдегі Лұқпан Мұхитовтан өзге домбырашылардың бәрі студенттер еді. Соған қарамастан астана жұртшылығы да, слетке қатысушылар да ансамбльді жылы қарсы алды. Өйткені қазақ музыкасының тарихы мұншалықты аспаптың басын біріктіріп, күйді қосыла орындағанда тыңдаушыларға жаңаша әрі терең әсер етерін бұрын-соңды ешкім білмеген еді. Шебер қолдар сомдаған, дыбысы көркемөнерлік талаптарға толығымен жауап беретін, күмбір-күмбір  үн қатқан қазмойын домбыралар енді бұрынғы қапырық қараша үй ішінде жеке-дара қала алмайтынын әйгі еткеніне ансамбль жетекшісі сенімді болды. «Алдағы үзілісті күтпестен, Александр Викторович жас балаша жүгіріп жаныма келді де, құшағын жая құшақтап, кұшырлана ұзақ сүйді, – дейді Ахаң естелігінде. – Ол кісінің толқығаны соншалық, сол сәт аузына сөз түспеп еді. Терең білімді Александр Викторовичтің музыкаға қатал талап қоятынын білетін мен ала-құла киімдерім мен «жеңіл-желпі» оркестровкаға жүргізген дирижерлігім үшін қорқып та тұр едім, бірақ, абыройға қарай, олай болып шықпады. Қайта ол «мұндай болашағы мол музыка коллективі» арқылы халық творчествосын уағыздаудың маңызының зорлығын баса көрсетті. Затаевич халық музыкасын насихаттау үшін ансамбльді негізге ала отырып, қазақ музыкасы тобының турнесін құрудың қажеттігін Қазақстан Наркомпросына талай рет жазған болатын...» Затаевич ансамбль мүшелерінің бәрінің  қолын қысып,  «өжет әрекеттері» үшін рахмет айтты. Слет жұмысын қорытындылау кезінде ерекше көзге түскен әншілерді театрларға бөлу жүргізілді. Сондай-ақ ансамбльді домбырашылармен, қобызшылармен, сыбызғышылармен және басқа да таңдаулы орындаушылармен толықтыра отырып, қазақ  ұлт аспаптар оркестрін құру жайында шешім қабылданды. (Сосынғы мәжіліс Затаевичтің мерейтойына арналған-ды. Ол Қазақ өлкелік партия комитеті мен үкіметі мүшелері ортасында төралқа столында отырды. Кеште Ахаң ұстазының  өмірі  мен қызметі жайында баяндама жасады). Қазатком «Ұлт оркестрі ұйымдастырылсын» деп  қаулы етті. Қазақ Республикасының Ағарту халық комиссариаты 1934 жылғы 25 маусымдағы бұйрығында: «…техникумның домбыра оркестрінің және халық өнерпаздарының слетіне қатысқан таңдаулы домбырашылардың, қобызшылардың, сыбызғышылардың негізінде музыкалық драма техникумының жанынан КазЦИК атындағы қазақтың тұңғыш ұлт аспаптар оркестрі ұйымдастырылды деп есептелсін», – делінді. Орындаушылық өнері жетіле түскен ұлт аспаптар оркестрі шығармашылық ұжымының негізінде, үкімет қаулысымен, 1935 жылғы 15 қаңтарда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды. Филармонияның бірінші директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметіне Ахмет Қуанұлы Жұбанов тағайындалды.

Қазақстан астанасында музыкалық театр, филармония, орта және бастауыш өнер оқу орындары жұмыс істеді,  сондай-ақ орталықтағы өнер, театр, хореография институттары жанынан қазақ студиялары бірінен соң бірі ашылды. Соның бәрінде қазақ өнерін өркендететін болашақ мамандар тәрбиеленіп, өсіп жетіле бастады. Сәтімен дүр ете түскен мәдени революция нәтижесінде қазақ музыка өнері  аз уақытта биік профессионалдық деңгейге  көтеріле алды. Осындай ахуалда қазақ өнерінің Москвада өтетін  декадасына дайындық та аяқталды. 1936 жылғы мамыр айының басында өнер онкүндігіне арнайы поезбен  250 кісі жолға шықты. Сапар бойы екі вагон-клубта оркестр, хор, жеке әншілер, бишілер үзбей репетиция жасап тұрды. Мәскеуге келгеннен кейін Үлкен театрдың филиалында «Жалбыр» спектакліне ақтық репетиция жүргізілді. Спектакльді талқылау кезінде Ахаң Затаевичті кезіктіреді. Театрдан шыққан соң оған өзінің орыс тілінде жазған «Батыс Қазақстандағы домбыраның үш мектебі» атты жұмысының қолжазбасын көрсетеді. «Александр Викторович «1000» және «500» ән жинақтарындағы өз пікірлері мен менің айтқандарымның белгілі мөлшерде әлі де күйші-домбырашылардың ғадетінде сақталып, ...дамып отырғанына балаша қуанды. Ол жиырмасыншы жылдардың басында Құрманғазы шәкірттерімен кездесуге кедергі келтірген кейбір объективті жағдайларды сөз етті. Мен Александр Викторовичке Құрманғазы туралы жарық көрген брошюрамды көрсетіп, Қазақстан бойынша гастрольге шыққан кездегі ұлы күйшінің өмірін толықтыра түсетін тың материалдардың жиналғандығын айттым». Онкүндіктің қорытынды кешінің шымылдығын ашуға тиіс ұлт аспаптар оркестрінің соңғы репетициясында Затаевич Жұбановқа бірер  ескертпе жасап,  сабырлы саздағы бірнеше күй орындауға кеңес берді.  Үлкен театрдың кең залында өтетін қорытынды концертте спецификалық жағдайларды ескеру қажет, егер Құрманғазының «Адай» күйін қырық кісілік оркестрдің әлі толықтырылмаған осы құрамында (ол кезде контрабас әлі енгізілмеген болатын) өз екпінінде орындайтын болсақ, унисон дыбыстар басқа ырғақтарға үндесіп кетеді де, қажетті көркемдік әсер бермейді деп түсіндірді. Ал әншіні сүйемелдеу кезінде оркестрдің ойнауын бәсеңсітпеу қажеттігін, өйткені соңғысының табиғи үні  әнші даусынан басым түсе алмайтындығын, қайта оркестрдің белсенді түрде сүйемелдеуі әншінің орындау сенімін арттыруға жәрдемдесетінін айтты. Бұларға қоса, орындалатын күйлердің тәртібі туралы да бағалы кеңестер берді. Сонымен бірге ол концерттің екінші бөліміне онша риза еместігін білдірді. Затаевич өнерде бутафоршылардың қолдан жасаған жануарларымен фокус көрсетуді жақтырмайтын. Сондықтан да,  ә дегенде қызықты көрінгенмен, кейін өнердің қасиетін төмендетіп  тым  ұзақ секектей беретін  «ортекені» ұнатқан жоқ. Жалпы қазақ өнерінің әлі де балаңдығын, соның ішінде концерт бөлімінің көзге ұратын кемшіліктерін түсіндіріп, тұтастықты сақтау шараларына көп көмегін тигізді. «Ол маған сахнада қалай тағзым ету, қалай шығып кету, әншіні қай жерге тұрғызуға дейін тәтпіштеп айтып берді, – деп еске алды Ахаң, – ал әңгіме соңында жылы сөздерімен көңілдендіріп шығарып салды». 23 мамырда онкүндіктің қорытынды концерті ашылды. Өзінің ескертпелері жасытып тастар деп қауіптенген болса керек, кірер есіктен арнайы күтіп тұрған Затаевич «шынында да ұнжырғам түсіп тұрған маған бірнеше жылы сөздер айтып, табыс тілеп, залға кіріп кетті. ...Үлкен театрдың костюм цехынан таңдап алынған фракті киіп, сахна сыртында жан-жағыма жалтақтай қараймын. ...Міне, сахна шымылдығы да сырғып ашылды, ал жұртшылық ұлт киіміне малынған оркестрді шын ықыластарымен жылы қарсы алды. Концерт жүргізушінің хабарынан соң сахнаға шығып, Александр Викторовичтің айтқандарының бәрін қолымнан келгенше орындауға күш жұмсадым. Концерттің соңына таман батылданғаным соншалық, шектен шығып, Жамал Омарова орындаған халық әні «Қара торғайды» концерт жүргізушінің бір нөмірді екі рет айтқызуға қатаң тиым салған ескертпесіне қарамастан, жұртшылықтың шақыруымен қайта айтқыздым. Концерттен соң Александр Викторович тағы да келіп табысыммен құттықтап, бетімнен сүйді. Ол өзіне тән нағыз өнер қайраткері ретінде шынайылықпен – алғашқы  іргетасы совет халқының ауыр жылдарында қаланған социалистік қазақ халқының өнердегі жетістігіне шын жүректен қуанды». Бұл қазақ өнеріне шексіз еңбек сіңірген аяулы ұстазымен Ахаңның  ақырғы кездесуі еді. Ұстазы бастаған өнегелі істі болашақта музыка тарихшысы, музыка фольклоршысы, музыка этнографы ретінде атқару Ахмет Жұбановтың тағдырына бұйырылған-ды. Солақай реформа салдарынан ашаршылық апатына ұрынып, тоз-тоз болған халық мәдени революция нәтижесінде, Ахаңның да белсене атсалысуымен,  қайта түледі. Қасіретті кезеңнен соң екпінді түрде қалана бастаған мәдениет құрылысының жеңісті көрінісі қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігі еді. Салтанатты өнер шеруіне айналған сол онкүндікке қатысушылар қатарында Ахмет Қуанұлы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сол жылы күзде оған республиканың еңбек сіңірген артисі атағы берілді. Ал қыста, 5 желтоқсанда, әйгілі сталиндік Конституция қабылданып, Қазақ Республикасы Кеңестер Одағын құрайтын тәуелсіз социалистік мемлекеттердің бірі ретінде танылды. Сосын, Одақтық тәж киюдің артынша, үрейлі саяси қуғын-сүргін, жазықсыз жазалаулар науқаны келді.  1937 жылғы қарашада оның туған ағасы, республикадағы Ахмет Байтұрсынов ісін жаңаша жаңғыртушы, шынайы тілтану  ғылымының негізін салушы профессор Құдайберген Жұбанов тұтқындалды. 1938 жылғы ақпанда атып тасталды. Сол шақта Ахмет Жұбановқа өзінің төрт баласы бар отбасымен қоса, алты баласымен қалған жеңгесіне қамқорлық көрсетуге тура келген. Алайда, көп ұзамай, «халық жауының» інісі болғандықтан, оның өзі де нахақтан күйдіру, жазықсыз жазалау өрістеген шолақ белсенділік науқанының қармағына ілікті. Атқарып жүрген шығармашылық ұжым басшысы лауазымынан қуылып, партиядан шығарылды. Оған сол күндері құпия қызметтің «қара құзғын» деп аталатын қорапты мәшинесімен беймезгіл уақытта соғатын жаналғыштарын тосу ғана қалған-ды. Жанды қинай созылған қорқынышты жұмыссыздық шақтарда оған, мәдениеттің ірі майталманына,  дегенмен, бірер мезгіл дирижерлік қызмет істей беруіне пұрсат етіледі. Сонда Ахаң опера және балет театрында «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларына дирижерлік жасап, өз өнерінің жаңа бір қырын танытады. Бұл екі арада жау іздеу науқаны саябырсиды да, 1940 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті оны қайтадан Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияға көркемдік жетекші әрі ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері етіп жіберуді мүмкін деп табады.

1935 жылы ашылған Қазақ филармониясының алғашқы директоры болған Ахаң  1945 жылы шаңырақ көтерген Алматы консерваторияның да тұңғыш ректоры лауазымына тағайындалды.  Ол консерваторияда халық аспаптары кафедрасын ашты. 1961 жылға дейін сол кафедраның меңгерушісі болып, музыка тарихынан, дирижерлық өнер мен аспаптанудан сабақ берді. Өмірінің соңына дейін осы оқу орнының профессоры болып істеді. Сондай-ақ, сол 1945 жылы  КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиалында Өнертану секторын ашып, оны басқарды. Ал 1946 жылы  Қазақ КСР Ғылым академиясы отау тіккенде, оның алғашқы академиктерінің бірі болып сайланды. Академияның  музыка өнері  бөлімін басқарды.  Ол республикамыздың Ғылым академиясы тарихында – академияның өнертану  мамандығы бойынша жалғыз да ерек, дара толық мүшесі болып қалды.

Ахмет Қуанұлы студент шағынан өмірінің соңына дейін қазақ музыкасының тарихы мен теориясын зерттеумен айналысты. Қазақ халқының ән-күй шығармашылығының табиғаты мен ерекшелігі, Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап сынды ұлы күйшілердің өмірі мен қызметі жайындағы зерттеулері, 1942 жылы жарияланған «Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы»  деген монографиясы қазақ музыкасының ғылыми тарихын жасауға қомақты үлес болып қосылды.  Өнертану ғылымының докторы атағы берілген бұл еңбегінде ол  халқымыздың музыкалық мәдениеті тарихын елімізде тұңғыш рет жүйелеп шықты. Ахаң  шығармашылығын арнайы зерттеп, қазақ музыка тарихы төріндегі орнына сай дәріптеген, күйлерін оркестрге түсіріп көпке танытқан ұлы композитор Құрманғазының есімі 1944 жылы он жылдығы аталып өткен оркестрге берілді. Ұлт аспаптары оркестрінің негізін салушы және оны тұңғыш ұйымдастырушы Ахмет Қуанұлына қазақ музыка мәдениетіне сіңірген зор еңбегі үшін республика халық артисі атағы берілді. Ахмет Қуанұлы қазақтың қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қаласқан композиторлардың аға буыны қатарына жатады. Ол халық композиторларының көптеген ән-күйлерін ұлт аспаптары оркестріне лайықтап өңдеп, нотаға түсірді. Ал 1938 жылы халық композиторы өмірін арқау еткен «Сары» атты бір актілі музыкалық пьесамен өзінің төл туындыларын жаза бастады, өз сөзімен айтқанда, осы жылдан бастап композиторлық қызметпен шұғылданды.

Спектакльдерге («Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Исатай-Махамбет» – М.М. Иванов-Сокольскиймен бірге), киноға («Аманкелді» – М.Ф. Гнесинмен бірге) музыка жазды, әндер шығарды, қазақ музыкасын «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Вокальдық сюита», «Абай сюитасы» секілді күрделі симфониялық шығармалармен байытып, «Серт», «Қалғанынша қасық қан», «Майданнан хат», «Қарлығаш» сынды вокальдық шығармаларымен ұлттық музыка мәдениетіне тың өрнек қосты. Латиф Хамидимен бірге «Абай», «Төлеген Тоқтаров» деген  екі опера жазды, жеке поэмалар, хорлар, әндер, фортепианоға, қобызға, скрипкаға лайықталған пьесалар жазды. Ахаңның «Құрманғазы» атты радиооперасы (оны қызы Ғазиза Жұбанова аяқтады) қазақ музыкасындағы жаңа жанрдың бастауы болды.

Соғыстан кейінгі жылдары «Звезда», «Ленинград» журналдары, Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы одақтық орталық партия комитетінде қабылданған сыни қаулылардан бастау алған жаңа тұрпатты жау іздеу науқаны Қазақстанды да шарпыған-ды. Әсіре белсенділер «буржуазиялық ұлтшылдық» дертін тарихшылар Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, әдебиеттанушы Қажым Жұмалиев, жазушы Мұхтар Әуезов, тау-кен маманы Қаныш Сәтбаев секілді бірқатар интеллигенция өкілдерімен қатар өнертанушы Ахмет Жұбановтан да «тапты». Өнертану докторының қазақ музыкалық мәдениетінің бастауларын, оның ірі құбылыстарын қилы мұрағаттар мен ел ішін аралай жүріп жиған бай материалы негізінде жазған «Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы» деген іргелі  зерттеу еңбегін, кезінде ғылыми жұртшылық тарапынан жоғары бағаланғанына қарамастан, өзінің кейбір әріптестері  кітапқа жаңаша баға беретін сын мақалалар жазып, одан басқа астар іздей бастады. Соларды қорытқандай етіп, орталықтағы «Кеңес музыкасы» журналы да өзінің 1951 жылғы 12-санында: «Қазақ халық композиторлары» кітабы бірінші бетінен соңғысына дейін  буржуазиялық-ұлтшылдық рухта жазылған. ...Ұлтшылдық идеологияны өзегі еткен, феодалдық ескілік пен жабайы көшпелі тұрмысты еш жеріне шаң жуытпай қайткенде дәріптеу, орыс және қазақ халықтарының барып тұрған қас дұшпандары – сұлтандарды, байларды ұлықтауға бағытталған», –  деп тұжырымдады. Ал жергілікті жаңа тұрпатты музыка қайраткерлері: «Жұбановтың зиян келтіргіштік, реакциялық қызметінің күллі қалдықтарын тек қана тезірек және түбіріне шейін қазып алып тастау керек, жұбановтық «эпопеяның» елеулі сабақтарынан батылырақ қорытынды жасау қажет», – деп, қасіреті қалың Отыз жетінші жыл үлгісімен ұрандатты.  Мұндай айып тағулар арты қайда апаратынын «Үлкен террор» кезеңі көрсеткені белгілі. Әрі жаңадан тұтқынға алулар басталғаны қаһар төндіре түсті. Сонда Ахмет Қуанұлы астыртын түрде Алматыдан Мәскеуге кетуге мәжбүр болады. Билік 1951 жылғы қарашада оны Алматы консерваториясының ректоры қызметінен алып, ал 1952 жылғы сәуірде Ғылым академиясының академигі атағынан айырады. (Академия құрамынан оның толық мүшесін шығарып тастау – соған дейін тек фашистік Германияда ғана Гитлердің озбырлығымен көрініс берген,  яғни бір адам яки қасаң идеология билейтін тоталитарлық елде ғана болуы ықтимал өте келеңсіз оқиға еді). «Халықтар әкесі» дүние салып, қара дауыл құйыны басылған соң,  Ахмет Қуанұлы елге оралып, ғылыми-педагогтік жұмыспен шұғылданды. Академиктігі қалпына келтірілді. Консерватория профессоры, қазақ музыка аспаптары кафедрасының (дирижерлік жасау сыныбы бойынша) меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының әдебиет және өнер институтында музыка бөлімінің меңгерушісі қызметтерін қайтыс болғанға  дейін атқарды. 

85 жылдыққа арнайы шығарылған марка

Қазақ өнерінің 1958 жылғы Москвадағы онкүндігіне дайындықтың  көркемдік жағын басқару жұмысы академик Жұбановқа тапсырылған еді.  1936 жылғы алғашқы Декадаға  небары 250 адам қатысса, енді 1300 адам бармақ болатын. Онда екі  спектакль қойылып, бір қорытынды концерт берілген болса, бұл сапар операсы, драмасы, балеті бар 16 спектакль, филармония және мемлекеттік ән-би ансамблі 7 концерт, одан кейін барлық қатысушылардың күшімен Үлкен театрда қорытынды концерт қойылу жоспарланды. Онкүндік ойдағыдай өтіп, қазақ өнерінің шыққан биігін өз дәрежесінде көрсетті. Әйтсе де сол кезеңде Ахаңа тағы да қаһарлы айып тағу қаупі төнді. Оны орыс музыкасын жеткілікті дәрежеде құрметтемейді деп кінәлады.  Өйткені Жұбанов республика биік мекемелерінің жоспарын бұзған: «Руслан мен Людмила» операсын Мәскеудегі онкүндікке апармаған болатын. Алайда оның шын себебі Жұбановтың Глинканы «қадірлемегенінде» емес, труппада басты партияны орындауға даусы лайықты әншінің жоқтығында еді. Бірақ әлдеқандай іш есебі барлар әдетте мәселенің анық-қанығына бойламай, саясатшылданып, бұрмалауға құмар, ал биліктегілер сондайларға құлақ асқыш келеді.   Сондықтан да Жұбановтың декаданы ойдағыдай өткізу жолында атқарған жұмысына оң пікір айтыла қоймады.  Сонда өзінің азаматтық парызына адал академик Жұбанов ұстаздық және ғылыми қызметін одан әрі атқара берді. 30-шы жылдарғы қазақ жастарының музыкалық сауатын ашуға арналған «Музыкалық әліппе» атты оқулығы өз алдына, 50-ші жылдары ағартушылық сипаттағы «Музыка сауаты», 60-шы жылдары музыка әуесқойларының танымын кеңейтетін   «Музыкадағы алғашқы адым»  атты кітаптарын бастырды. Бірқатар іргелі еңбек жазып («Ғасырлар пернесі», 1958,  «Құрманғазы», 1960, «Замана бұлбұлдары», 1963, т.б.), жарыққа шығарды. Халықаралық этнографиялық жиындарда қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын танытып, насихаттады. Оның алдынан музыкалық білім алып, үлгі-тәрбиесін көрген көптеген шәкірттері белгілі өнер қайраткерлеріне айналды. Ол ондаған ғылым қуған жастан өнертану кандидаттарын тәрбиеледі. Және нағыз дарындардың ел ішінде екенін, соларды тұрақты түрде іздестіру, астанаға алдырып арнайы оқытып отыру қажеттігін ұдайы ұмытпаған Ахаң әлденеше мәрте тиісті орындарға ұсыныс түсіре жүріп, мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттың ашылуына мұрындық болды (мектеп бүгінде оның есімімен аталады). Композитор еңбегіне қарай Ленин орденімен де, республиканың Мемлекеттік сыйлығымен де марапатталды. Сонау алапат соғыс аяқталар қарсаңда Латиф Хамиди екеуі бірге жазған «Абай» операсымен күні бүгінге дейін Абай атындағы опера және балет театрының әр кезекті театрлық маусымы ашылып келеді.

Академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1968 жылы 62 жасында дүниеден қайтты.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы.

22.12.2016

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522