Сенбі, 23 Қараша 2024
Сүйінші! 8861 0 пікір 21 Желтоқсан, 2016 сағат 18:49

ТАРИХМЫЗДАН СЫР ШЕРТКЕН «АЛМАС ҚЫЛЫШ»

Қазақ киносы қоржыны  соңғы төрт жыл ішіндегі ірі жоба деп танылған тағы бір тарихи фильммен толықты.  Көпшілікке тырнақалды туындысы «Қаладан келген қыз», сондай- ақ, «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық», «Елбасы жолы» киноэпопеясының: «Балалық шағымның аспаны», «Тығырықтан жол тапқан», «Теміртау» атты фильмдерімен  киносүйер қауымға  кеңінен танылған режиссер Рүстем Әбдрашовтың тарихи драма «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері өтті.    

Фильм сюжетінің негізіне Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» трилогиясы алынған. Картинада Қазақ хандығының құрылу тарихы көрініс тапқан. Фильм XV ғасырдың орта тұсында Орда Еженнің ұпақтары — Керей мен Жәнібектің айналасына біріккен  жұрттың Әбілқайырдан бөлініп шығуынан басталады. Сұлтандар Моғолстанның билеуші Есенбұғадан қоныстайтын жер алып, екі жақ мәміле шартқа қол қояды. Аңызға айналған абыз Асанқайғы да көшке ілесіп, елдің айрылуына себеп болған оқиғаларды жырына қосады.

Өз ұлыстарын құруға бекінген Жәнібек пен Керей Әбілқайырдың хандығынан бөлініп шығады.  Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізіп, Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді. Фильмнің қысқаша мазмұны осындай.  

«Алмас қылыш» фильміндегі басты рөлдерді – Қайрат Кемалов (Керей), Еркебұлан Дайыров (Жәнібек), Аян Өтепбергенов (Бұрындық), Мейірғат Амангелдин (Қасым) және көрермендерге «Аманат», «А-ға оралу» фильмдерімен таныс Қарлығаш Мұхамеджанова (Рәбия бегім),  Досхан Жолжақсынов, Дінмұхамед Ақымов, Иісбек Әбілмәжінов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Кәмшат Жолдыбаева  және т.б. кино және театр актерлері   сомдайды.

Айта кетерлігі, бұл фильм – сериалдың кинонұсқасы. Яғни, он сериядан тұратын телехикаяның сығымдалған нұсқасы. О баста сериал болып жоспарланған бұл фильмнің сценарийінің бірнеше жобасы да жазылған. Оны жазуға шет елдік мамандар емес, өзіміздің жазушы,  драматург Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов есімді азамат пен фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашов бірлесе  жазып шыққан. Жалпы туындыны жасауға 500-ге жуық кино өндірісінің мамандары жұмылдырылған. Қоюшы -операторлары - Сапар Койчуманов, Александр Плотников және Андрей Маслов. Фильмнің суретшілері қазақ киносының үздік қоюшы суретшілері – Сәбит Құрманбеков, Өмірзақ Шманов сынды азаматтар.

Қазір кино тілінің заманы. Көпшілік барлық ақпаратты  телевизия немесе кино арқылы алып отыр. Осы орайда, тарихи туындыларды көптеп түсіру аса қажетті. Халқымыздың өткені мен бүгіні туралы, ұлт мақтанышына айналған тұлғалар туралы фильмдерді көрсету арқылы ғана кейінгі ұрпақ санасына тарихымызды сіңіре аламыз. Ұлттық рухты жаңғыртамыз.

Жалпы, «Алмас қылыш» фильмі жайлы ақпарат түсірілім жұмыстары басталмай жатып-ақ кеңінен таралып кеткен еді. Фильмнің барлық кезеңдерін  бұқаралық ақпарат құралдары жіті бақылап, фильм жайлы ақпарат таратып отырды. Бұл да қазақстандық көрерменнің соңғы жылдары қазақ киносына деген қызығушылығының артқандығын көрсетеді.

Рүстем Әбдірашовтың бұл жұмысы - тарихи драма жанрындағы алғашқы қадамы емес. Оның үстіне Рүстем Әбдірашов суретші. Ол өз фильмдерінде  сол заманның бейнесін айнытпай берудің шебері.

Фильмнің ұтымды жақтары баршылық. Мәселен,  басты кейіпкерлер мен жанама актерлердің костюмдері, жоңғар мен қазақ сарбаздарының  оқа-әшекейлері, қару-жарақтары, сауыт-саймандары мен ат-әбзелдері үлкен ыждағаттылықпен, асқан шеберлікпен жасалғаны, барлық актерлердің атқа жайдақ міну,  садақ ату, қару ұстауға   арнайы дағдыланғандары анық байқалады. 

«Алмас қылыш» фильмі – 2016 жылғы қазақ кинематограф саласындағы ең ірі, әрі бірегей жоба. Режиссер Рүстем Әбдірашов түсірген бұл фильм қаңтар айының 5-ші жұлдызынан бастап  көрермендер назарына ұсынылатын болады.

Сатыбалды Нарымбетов,

кинорежиссер, кинодраматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522